28 Қыркүйек, 2010

Әлем өткен аптада

434 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Басшылық өзгермек КХДР ақпарат агенттігі 28 қыр­күйекте елдің билігіндегі Еңбек пар­тиясы басшылығының мәжілі­сін­де партияның жаңа басшылығы сайланатынын хабарлады. Қисынға қарағанда, Ким Чен Ир кететінге ұқсайды. Әйтпесе бұлай хабарлап жатпас еді. Орнын кім басады дегенде, әр­түрлі болжам айтылады. Басым пікір – корейлер көсемінің кіші ұлы 26 жасар Ким Чен Ун. Бірақ Ким Чен Ирдің жақында Қытайға сапары кезінде мұны Батыстың өсегі дегені бар. Кім біледі, бұл жай алдарқатқан сөз шығар. Парламент таратылады Молдавияның конституциялық соты ел парламентін таратуға то­лық негіз бар деп шешті. 2008 жыл­дан бері парламент ел прези­дентін сайлай алмай әлек. Ол үшін депутаттардың бестен үшінен ар­тығы ұсынылған кандидатты қол­дауы керек. Оған қол жетпеді. Сон­да ел басшысының міндетін атқарушы Михай Гимпу прези­дент­ті қандай жолмен сайлау жө­нінде референдум өткізіп еді, дауыс беруге халық аз қатысқандықтан, ол өкілеттік ала алмады. Енді жаңа парламент сайлауы өтеді. Сонда бір партия не блок басым көпшілік мандатқа ие болмаса, билік дағдарысы әрі қарай созыла бермек. Лукашенконың бәсекелестері Белоруссиядағы президент сайлауының сұлбасы айқындалып келеді. Орталық сайлау комиссия­сына үміткерлерден өтініш түсе бастады. Кәсіпкер Владимир Про­бальс­кий, ақын Владимир Нек­ляев, санитарка Наталья Старикова және экономист Виктор Терещен­ко ел басшысы болуға үміт етеді. Сондай-ақ біраз партиялардың басшылары да өз кандидатура­ларын ұсынбақ ойларын білдірді. Сарапшылардың пікірінше, жеке шауып осылардың ешқайсы­сы президент Александр Лука­шенкоға нағыз бәсекелес бола алмайды. Кулов Кремльге кірді Қырғызстандағы парламент сайлауы қарсаңында ондағы жетекші партиялардың басшылары тек өз елінде ғана емес, сырттан да қолдау іздеп жүр. “Ар-намыс” партиясының кө­се­мі, экс-премьер Феликс Кулов Мәскеуге барып, онда “Единая Рос­сия” партиясының басшылы­ғы­мен келіссөз жүргізіп, келісімге қол қойғаннан кейін, президент Дмитрий Медведевтің қабылдауын­да да болған. Президент әкім­шілігінде Кулов партиясы жеңіске жетсе, Қырғызстан президенттік билікке қайта оралады деген әңгіме айтылып жатқан көрінеді. Кезінде қырғызша білмейді деп сыналған Куловтың орысшыл қай­раткер екені белгілі. Оның партия­сының жеңіске жетуі де күмәнді. Көршіңнен қорық Парсы шығанағындағы біраз елдер АҚШ-тан қыруар қаржыға қару сатып алып жатқан көрінеді. 123 миллиард долларлық қару сау­дасы, сірә, бұрын бола қоймаған шығар. Бұл маңдағы елдердің көпшілігі бай – мұнайы көп. Сауд Арабиясы 67 миллиард долларға сауда жасапты. Сарапшылардың айтуынша, бұл қарулану дүрмегінің сыры Иран жағынан болады деген қауіпке қарсы шара екен. Иммигранттарға қарсы Шведия – жоғары дамыған ел. Оны ұзақ мерзімде билікте болған социал-демократиялық партияның жүргізген саясатының жемісі деген пікір қалыптасқан. Бірақ, міне, соңғы парламент сайлауында оң­шыл центристік коалиция жеңіске жетті. Оны жұрт елдегі иммиграция жағдайына қатыстырып отыр. Со­циалистер келімсектерге шекараны ашып қойса, центристер шектеу жөн дегенді айтады. Қазір елдегі 9,4 миллион ха­лық­тың 14 пайызы – иммигрант­тар, яғни 1 316 мың. Көбі – көрші Финляндиядан. Қалғандары Ирак­тан, бұрынғы Югославиядан және Польшадан келгендер. Зейнеткерлікке асығады Француздар зейнеткерлік ре­фор­маға қарсы. Үкіметтің зейнет­керлікке 60 жастың орнына 62 жастан шығу жөніндегі шешіміне қарсылық білдіріп, шеруге шыққан халықтың саны кәсіподақтардың айтуынша, 3 миллион, ал үкіметтің мәліметі бойынша – 1 миллион. Қалай болғанда да, елге одан орасан зор зиян келіп отыр. Ірі қалаларда көлік тоқтаған. Пойыз, ұшақтардың өзінде жолаушылар жартылай ғана толған. Сөйтсе де үкіметтің қарсылардың талабын орындай қоюы қиын. Тіпті, жоға­рылатылды деген 62 жастың өзі Еуропада ғана емес, әлемдегі ең төменгі зейнеткерлікке шығу жасының бірі. Әзірлеген  Мамадияр ЖАҚЫП.