Назарбаев университеті өзінің жаңа оқу жылын салтанатты түрде бастады. 500 студентке арналған оқу жылының алғашқы күнінен бастап ағылшын тілі мен бейімдік пәндердің теориясы бойынша сабақтар жүргізілді.
Еліміз бойынша оқу үрдісі тек қана ағылшын тілінде жүретін жоғары оқу орындарының бірі әрі бірегейі болып саналатын аталмыш университетке АҚШ-тан, Ұлыбританиядан, Жаңа Зеландиядан, Канададан 55 педагог таңдап алынған болса, олардың бәрі қазірдің өзінде Астанаға келіп, оқытушыларға арналған “бағдарлаушы аптадан” өтіп үлгерген көрінеді.
Осыған дейін мәлім болғандай, 22 қыркүйек күні Назарбаев университетінің студенттеріне арналған “бағдарлаушы апта” өткізілген болатын. Сабақ басталғаннан бері бірнеше күн ішінде студенттер тіркеуден өтіп, жатақханаға орналасты. Оқулықтарын алып, оқытушылармен танысты. Бағдарлаушы апта кезінде ата-аналардың сұрақтарына оқытушылар да, университеттің басшылығы да тұшымды жауаптар қайтарды.
Студенттерге Foundatіon бағдарламасын соңғы әлемдік рейтинг бойынша төртінші орынды иемденген Unіversіty College London оқу орны ұсынғаны белгілі. Осыған байланысты университеттің академиялық күнтізбеден бастап, өтілетін бағдарламасының толық жүйесі соған сай болады. Сол себепті де, бірінші курсқа түскен студенттер лекцияны қалай дұрыс тыңдау керектігін, негізгі сөздерді дәл танып, белгілеп алу қажеттігін үйренеді.
Назарбаев университеті оқу жылының басталуына орай өткен салтанатқа Халықаралық консультациялық кеңестің мүшелері, сондай-ақ аталмыш білім ордасымен әріптес жоғары оқу орындарының шетелдік профессорлары қатысты. Оқу орны басшылары мен оқытушылар студенттерді жаңа оқу жылымен құттықтай келе, студенттердің университеттегі негізгі міндеттерін, жауапкершіліктерін айқындап берді.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.