28 Қыркүйек, 2010

Ауылына оралған жылқышы

892 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Қаракөлдің лидері “Мына кең далаға, біздің Қа­ракөлге жер жетпейді ғой. Қырда өскен немістің ауыл дегенде жаны бөлек екенін осы жердегі ағайын-туыс, көрші-қолаң, елдің іші болмаса, алыстағы ағайын қай­дан түсінсін. Сол жаққа бар­ға­лы көңілім алай-дүлей күй кеш­ті, ақыры, қой, бұл маған қол болмайтын іс екен, деп жолға шық­тым. Қайда жүрсем де, туып-өскен жерім – Қаракөлім есім­нен кетпей қойды. Өзге жер­де ішқұса болғанша, өз еліме көмектесейін, ауылыма қолғабыс жасайын, шаруашылық ашайын, мал бағуға, егін егуге, көкөніс өсі­руге сұранып тұрған жерлер бар­шылық қой деп көп ойландым. Бәрінен бұрын тастай таза мөл­дір суын сағын­дым. Біздің Қа­ра­көлдің суынан шәй ішіп көріңіз, керемет! Содан, менен кейін сол жаққа көшіп кеткен шешей де қайта оралды, қанша шыдар екен деп жүргенмін, – дейді Сергей рақаттана күліп. Сонан соң, бізге “Қараң­дар­шы, мына далаға өздерің” деген­дей айналаны қолымен нұсқай береді. Күзгі жазық дала, қа­рау­ытқан  ешнәрсе байқалар емес. Мәшинеміз даланың тақтайдай тегіс жолымен шаңдатып жүйт­кіп келеді. Қазақ тілін қалай жетік біледі десеңізші, жаныңда отырған түр-түсі бөлек неміс жігіті емес, ауылдың кәдімгі бір қара баласы әңгіме соғып отырғандай әсер аласың. Біздің қазақтардың “мына ғана тұрған жер” деген ауылдық дағдысына салып, “Міне, қазір, қазір жетеміз...”, деп қояды. Біз бұл мақаламызға арқау еткелі отырған кейіпкеріміздің аты-жөні – Сергей Лидер болғанымен, оны жұрттың бәрі, ауылдастары, тамыр-таныстары Қаракөлдің Лидері деп атайды. Ол қазір облыстағы Павлодар ауданына қарасты Қаракөл ауылында тұрады. Қымбат деген әйелі, ұл мен қызы бар. Өзі “Лидер” деген шаруа қожалығын басқарады, үйір-үйір жылқы бағады. Ал бізді қызықтырғаны былайғы жұрттың ауыздарының суы құрып айта беретін алыстағы Германияны тастап, ауылына қайта оралған неміс жігітінің өмірі мен тыныс-тіршілігі еді. Сөйтіп, Сергейдің ауылы – Қаракөл қайдасың деп аудандық газеттің редакторы Роза Мұстафина екеуміздің жолға шыққан бетіміз-тін. Сөйтсек, оның жылқы шаруашылығы бөлек, осыдан 30 шақырымдай жердегі Қараит деп аталатын жерде екен. Біздің бағытымыз – сол шаруашылық. Таңғалдырған шаруашылық Жаңа үлгіде жасалған Сергейдің “Нива” жеңіл көлігі ұшақ сияқты ұшып келді ме, дала жолымен қалай жылдам жетіп қалғанымызды білмей де қалдық. “Лидер” шаруа қожалығы кең жазық далаға луноход келіп қонып тұрған секілді кешендер жиынтығынан тұрады екен. Шағын көлдің маңында үйір-үйір жылқы, көзбен санап көрсеңіз кемінде 500-600-дей. Ара-арасындағы ақ түстілері, сымбаты сұлу торылары көзге ерекше әдемі көрінеді. Біздің келгенімізден үрікті ме, бір топ тырна тыраулап ұша жөнелді. – Бұл маңда үйрек-қаз деген жетеді, тіпті, аққу да бар. Біз оларды ешкімге атқызбаймыз, бұл жаққа құс атушыларды емін-еркін жіберіп қоя алмаймыз, тырналар да өзіміздікі, ақсақалдар айтқандай, құстардың киесі бар, мына көл де қасиетті, құстар бізге өзім деп сенетіндей көрінеді, оларды қорғауға дайынбыз, – деді Сергей көк жүзінде тыраулап ұшып жүрген тырналарға қарап. Шаруа қожалығының кең аумақты алып кешені кәдімгі қаладағы сауда үйлері сияқты жарқырап тұр. Көзге бірден түсетіні – айнала тап-таза, бір бұрау қыл-қыбыр, қоқыс байқалмай­ды, тіпті, бұл жер жылқы, қой баға­тын шаруашылыққа мүлдем ұқсамай­ды. Кең аула ішіндегі ашық аспан астындағы кешен қысқа дайындық үстінде. Мая-мая шөп үйіліп тұр.Оның қасында асыл тұқымды жылқылар бағылатын екінші бір жабық кешен бар екен. Бұрыштағы шығаберіс есік алдында саңқылдап, ән мен жырды төгілтіп, қазақ радиосы сөйлеп тұр. Кешен іші кең әрі жарық. Осыдан-ақ Сергей Лидердің жылқы малына деген ерекше ықыласы, құрметі, бала кезден ат құлағында ойнап өскен атқұмарлығы байқалады. Мал екеш мал да тазалықты, жинақылықты ұнатады емес пе. Кешендердің айналасына түгелдей шырша көшеттері отырғызылып, олары қазірдің өзінде биікке бойлап, айналаны жап-жасыл желекке орап үлгеріпті. Көкөніс, қияр, қызанақ, қырыққабат, картоп деймісіз, бәрі-бәрі жайқалып өсіп тұр. Жылқышы­ларға арналған үш-төрт пәтерлі жаңа үйлердің есігін аштық. Біз келгенде олар түскі астарын ішіп, өзара қауқылдасып әңгімелесіп отыр екен. Дәм ауыз тидік. Мұнда қарлығаштар көптеп ұя салыпты ... – Сіздерді көріп жатырқап жатыр ғой, әдетте бөтен адамдар келгенде қарлығаштар осылай топтасып ұша бастайды, – деді жылқышы жігіттің бірі. – Әрі бұл жерде олардың бала­пан­дарын қорғауға, ұяларын жасауға керекті аттың қылы бар ғой. Күні бойы олар да бір тыным таппайды, біз де солай тіршілік қамы мен жыл­қыларды баптап, күтіп еңбектенеміз. “Айлық ақшаларың қанша?” – деп сұрап едік: “Жылқы баққанның табысы аз болушы ма еді?”, – деген жауап естідік. Мәшине түтіні толы қаладан қарлығаш көрмегелі не заман, қызықтап қарап біраз тұрып қалдық. Ағаштан салынған моншаның да құрылысы аяқталып қалыпты. – Бұл неміс моншасы болар, – деп күліп жатырмыз. Жас ағаштың иісі мұрын жарады. “Жылқышылар үшін жағдай жасауым керек қой. Су деген сөз емес, 10-15 метр жерді қазып жіберсең, су бұрқ ете түседі. Ерінбеген адамға бәрін де жасауға болады. Әлі бұл араға салатын құрылыстарым көп, қиялымдағы жылқы зауыты кешенін толық салып бітірсем деймін. Әлі-ақ бізге келіп бильярд, теннис ойнап қайтасыздар”, – дейді Сергей. Ауылды өркендету үшін Сергейдің өзі сондай әңгімешіл екен, сондықтан біз мақаланы басынан аяғына дейін оның өзі айтқан ойларымен жазып шыққанды жөн көрдік. Кішкене күнімізде біздің ауылдың шалдары айтатын деп алады да, өткендерді қызыға есіне түсіреді. Ауылдың шетіндегі Лидердің үйінде отырып, әңгімеміз одан әрі жалғасты. Әйелі Қымбат өзіміздің сіңліміз, домбыра тартып, ән салады екен. – Бұл Германияға бізбен бірге барып, қайтадан қайтып келген домбыра ғой,–деп күлді Сергей. – Қымбат та, балалар да қандай қиындық болсын шыдады, әрине, жақын жер емес, олай-былай көшіп-қонып жүрген кімге жақсы дейсіз. Содан кейін ол келе сала осы үйді салуды қолға алғанын әңгімеледі. “Кей-кейде ойлаймын, ауылдың сол шалдар барындағы нағыз қазақы дәстүр, салты қазір жоғалып бара жатқандай. Біз бұрын, бала кезімізде шалдарды көрсек, қол беріп амандасып, олар өтіп кеткенше орнымыздан тапжылмай тұратынбыз. Қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Балалар өзіңмен жағаласып жол бермейді... Мен биыл Еділбай тұқымдас 50-60 қой сатып әкелдім, қой өсірген соң, арық-тұрық емес, қоңды, етті, майлы да жайлы қой өсіру керек деп ойладым. Мал бағудың, қойды қалай жаюдың қыр-сырын ауылдың шалдарынан естіп өстік қой, қазір, міне, пайдасы тиді... Айттым ғой, Германияда жүргенде Қаракөл ауылымды ойлап ұйықтай алмадым деп. Сол ұйықтатпаған ойларымды енді іске асыратын кез жетті. Еңбек етемін деген адамға біздің елде толық мүмкіндік бар”, деді үй иесі. Сергей Лидер 1990 жылдардың басында туысқандарымен Германияға көшкенімен, ауылын қимай жаз айларында Қаракөлге келіп-кетіп жүріпті. “Кеңес өкіметі кезінде салынған біраз құрылыстар талан-таражға түсіп кетті. Сол кезде ауылдар үшін сақтап қалғанда, қазір оңай болар еді.Әлі де бос жатқан жерлер бар, сатып алып қояды да жүреді, не оны іске жаратпайды, не оны жалға бермейді, соған ішім ашиды. Әйтеуір, жерім бар, қымбаттағанда бір-ақ сатармын деп жүргендер де жоқ емес. Мына біздің Қаракөлдің айналасында да сондай жерлер бос жатыр. Жаңа көрдіңіздер, біз қазір қыста жеуге сақтайтын көкөніс қоймасын салып жатырмыз.Ол жаман ба?.. Әрине, жоқ, халыққа керек нәрсені жасағаннан рахмет аласың. Президент Назарбаевқа рахмет. Ылғи теледидардан сөйлеген сөздерін мұқият тыңдап, қарап отырамын. Бізге осындай Президент керек. Бәрін де дұрыс айтады және дұрыс жасайды. Ауыл шаруашылығын, мал шаруашылығын жолға қойыңдар, ауылда тұрдың ба, мал ұста, егін ек, жеміс-жидек, бау-бақша сал, шаруашылық аш, өсіп-өркендет, дейді, Елбасы. Аллаға шүкір дейік, бұдан артық не керек енді. Мен Президентке ризамын.Ол кісіні қолдаймын. Маған ештеңе керек емес, бізде масылдық, Үкіметтің мойнына отыру, сұраншақтық деген атымен жоқ. Біз қайта демеушілік жасап, ауылға көмектескіміз келеді, елдің тірлігін жақсартқымыз келеді, осы бағыт-бағдарымызды аудан-ауыл әкімдері дұрыс түсініп қабылдаса болды. Аудан әкімі Төлеген Бәстенов ағамыз қолы тигенде, жолы түскенде бір келіп қалар, сонда шаруашылық, жалпы, ауылдың жағдайы туралы ойларыммен бөліссем деймін. Жылқышыларым еңбекақыларын алып, бала-шағасын асырап, отбасын қуанта берсін. Басқа не керек?.. Тек біздің жұмысымызға ешкім бөгет болмаса екен”, деп қалды Сергей. Роза әріптесім: “Алла дейсіз бе? Сонда сіз...”, дей беріп еді, Сергей күліп: “Бала кезден үйренген бісмәл­ла­мыз әлі аузымыздан түскен жоқ, қиналған кезде осы сөз өзінен-өзі шы­ғып кетеді, жаратылыстың бір құ­пия­сы болар”, деді. “Бөгет болып жүр­гендер дейсіз бе? Бар ғой. Ұрып-со­ғып қоқан-лоқы көрсететіндер, жала жауып күйелейтіндер де бар. Құ­қық қорғаушыларға адам ғой деп сенесің. Өмір болған соң, түрлі жағдай кездеседі. Әркімге ұнай бермеуің де мү­м­кін. Менің өзіндік “менім”, қа­зақы тәрбием, ауылдың шалдарынан алған “таудай бол, Сергей!” деген батам бар. Менің алдымда сол тауға жетемін деген мақсат тұр. Жалпы, өзім бір ғана нәрсені жадымда ұстай­мын. “Мен елімнің, жерімнің пат­рио­тымын, осы ұстанымымды бала­ла­рыма да айтып отырамын”, дейді Лидер. Кеш бата Сергейдің отбасымен қоштасып қалаға қарай бет алдық. Кең даланың таза ауасымен еркін тыныстап, бір жасап қалдық. Ауылым үшін еңбек етсем, сол жердің жағдайын жақсартсам деп жүрген жігерлі, елдік сезімге бай неміс жігітінің әсерлі әңгімесіне іштей риза болдық. Арамызда еліміздің өркендеп өсуі үшін барын бергісі келетін Лидер сияқты жандар көп болса екен деп тіледік. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы,  Павлодар ауданы.