“Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және
қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы
21 қыркүйектегі №1063 Жарлығына
ТҮСІНІКТЕМЕ
2010 жылғы 21 қыркүйекте Мемлекет басшысы қол қойған “Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттінің мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекіту туралы” №1063 Жарлықпен Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) көрсететін мемлекеттік қызметтердің мынадай түрлері бойынша стандарттар бекітілді: 1) “Банктің құрылтай құжаттарына енгізі-летін өзгерістер мен толықтыруларды келісу”; 2) “Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының құрылтай құжаттарына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды келісу”; 3) “Жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы ережелерін келісу”; 4) “Орталық депозитарийдің ережелер жинағын келісу”; 5) “Сауда-саттықты ұйымдастырушының ережелерін келісу”; 6) “Қаржы ұйымының басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) келісім беру”; 7) “Мүлікті (зияткерлік меншік объектілерін, материалдық емес активтердің құнын қоспағанда) бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлғаны аккредиттеу”; 8) “Банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингінің мәртебесін иеленуге келісім беру”; 9) “Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім беру”; 10) “Ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім беру”; 11) “Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу”; 12) “Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу”; 13) “Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу”; 14) “Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі құрған банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға қаржы агенттігі мәртебесін беру”; 15) “Акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есепті бекіту туралы хабарлама беру”; 16) “Облигацияларды орналастыру қорытындылары туралы есепті бекіту туралы хабарлама беру”; 17) “Актуарийлерден біліктілік емтиханын қабылдау”; 18) “Кредиттік бюроның пайдалануына кредиттік тарихтардың деректер базасын басқару жүйесін енгізу актісін беру”; 19) “Заңды тұлғаға өзін-өзі реттейтін ұйым мәртебесін беру”; 20) “Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есепті бекіту туралы хабарлама беру”; 21) “Жинақтаушы зейнетақы қорларының құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеуге рұқсат беру”. Аталған Жарлық “Әкімшілік рәсімдер туралы” 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабын, “Қазақстан Республикасының Бюджет кодексін іске асыру жөніндегі шаралар туралы” Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2008 жылғы 29 желтоқсандағы №292-ө Өкімінің 52-тармағын іске асыру мақсатында қабылданды. Стандарттарды қабылдау жеке және заңды тұлғалардың Агенттік көрсететін мемлекеттік қызметтердің сапасына қанағатын арттыруға ықпал ететін болады. Қазіргі уақытта рұқсат беру рәсімдері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен, атап айтқанда, “Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы” 1995 жылғы 31 тамыздағы, “Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы” 1997 жылғы 20 маусымдағы, “Сақтандыру қызметі туралы” 2000 жылғы 18 желтоқсандағы, “Бағалы қағаздар рыногы туралы” 2003 жылғы 2 шілдедегі, “Лицензиялау туралы” 2007 жылғы 11 қаңтардағы Қазақстан Республикасының заңдарымен регламенттелген. Стандарттардың толық мәтіні Агенттіктің интернет-ресурсының: www.afn.kz “Заңнама” бөлімінде орналастырылатын болады. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік- экономикалық мониторинг бөлімі.