28 Қыркүйек, 2010

Қазақстан мақсаты – әлемдік қауіпсіздік қоғамдастығын құру

672 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Өткен сенбіде БҰҰ Бас Ассамблеясы 65-ші сессиясының жұмысы әрі қарай жалғасты. Сессия басталғалы бері қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жолдары қарастырылып жатқан бұл күнгі жалпысаяси пікірсайыста Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сөз сөйлеп, қатысушылар назарын бірқатар өзекті мәселелерге аударды. Қырық жылға жуық қазақ жерін аса ауыр зардаптарға соқтырған Семей ядролық сынақ полигонын әлем жұртшылығы жақсы біледі. Қанат Саудабаев сөзін осыдан бастады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 29 тамызында өз Жарлығымен әлем­дегі ірі ядролық сынақ полиго­нын мәңгілікке жапты, деді Қа­зақ­стан сыртқы саясат ведомствосы­ның басшысы. БҰҰ Бас Ассам­блея­сының өткен сессиясында Қазақ­стан Прези­дентінің бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 29  тамызды Ядролық сынаққа қарсы халықара­л­ық іс-қимыл күні деп жариялау туралы қарар қабылдады. Бұл құжат Ұйымға мүше елдер тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Өткен жылдың сәуірінде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақ­станға сапармен келген болатын. Мемлекеттік хатшының атап өтке­ніндей, Бас хатшы сапарын бұ­рын­ғы Семей ядролық полигоны­нан бас­таған болатын. Ол Семей поли­гонынан “Граунд Зеро” арқылы әлемдік қоғамдастыққа ядролық қатерден арылып, бейбітшілікке қол жеткізу үшін күш біріктіруге шақырды. Ядролық сынақтың аса ауыр зардаптарын  басынан өт­кер­ген Қазақстан халқы үшін ядролық қатерден толықтай арылу ерекше маңызды болып табылады. Семей полигонында 40 жыл ішінде 490 ядролық жарылыс жасалды. Одан 1,5 миллионнан астам адам зардап шекті, Герма­нияның аумағына тең Қазақстан даласы бүлінді, эколо­гия­ға орасан зор мөлшерде зиян келді. Бүгінде бірқатар мемлекеттер Ядролық сынаққа жаппай тыйым салу туралы шартқа әлі қол қойған жоқ. Мемлекеттік хатшы – Сырт­қы істер министрі осыған байла­ныс­ты елдерді аталған шартқа қол қоюға және оны ратификация­лауға шақырды. Егер шарт күшіне енетін болса, аса маңызды құжат – Ядро­лық қаруды таратпау ту­ра­лы шарт­ты жүзеге асыра бастауға жол ашылар еді. Қазақстан сыртқы саясат ве­домствосының басшысы қазіргі кездегі маңызды мәселенің бірі – ядролық державалардың өзге елдер­дің қауіпсіздігіне кепілдік беру жайына да тоқталып өтті. Ядролық  державалардың ядролық қаруы жоқ мемлекеттердің қауіп­сіздігіне кепілдік беруді құқықтық негізде міндеттейтін халықаралық құжатты дайындауға кірісу ерекше маңызды деп есептейміз, деді Қанат Сауда­баев осы туралы. Осындай кепілдік қана жекелеген мемлекеттердің өз қауіпсіздіктері үшін ядролық қаруға ие болу ұмтылысын тудырмас еді. Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі бұдан кейін Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың Жалпыға ортақ ядросыз әлем декларациясын дайындау жөніндегі бастамасының өзекті­лі­гін ортаға салды. Қанат Сауда­баевтың атап өткеніндей, ядросыз жаңа ай­мақ құру, оның ішінде Таяу Шы­ғыста ядросыз әлем құруға қол жеткізуге жасалған тағы бір қадам болып табылады. Бұл бағыт осы өңірдегі көршілес елдер арасында сенімділік ұялатып, ұзақ жылдардан бері қызуы басылмаған өңірдегі жағдайды өзгертуге негіз қалайды. Осы биік мінберден Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев­тың Жалпыға ортақ ядросыз әлем декларациясын дайындау жөніндегі бастамасы аса маңызды екенін тағы бір атап өтпекпін, деді Қанат Саудабаев. Қазақстан Президенті­нің бұл баcта­масы барлық мемле­кеттерді ядросыз әлем құру жолымен жүруге бастар еді. Қанат Саудабаев, сондай-ақ ядролық энергетиканы бейбіт мақ­сатта пайдалануға байланысты ой­ын да білдірді. Оның атап өтуінше, Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа мүше әрбір мемлекеттің ядролық энергетиканы бейбіт мақсатта дамыту ұстаным­да­рын қолдайды. Бірақ ол МАГАТЭ-нің барлық талаптарын сақтау және оны қатаң бақылау арқылы жүзеге асырылуы қажет. Қазақстан әлемде ірі уран өндіруші ел болып табы­лады. Сон­дықтан өз аумағында МАГАТЭ аясында Халықаралық ядролық отын банкін орналас­ты­руға және оны сақтаудың қауіп­сіз­дігін өз міндетіне алуға дайын. Үстіміздегі жылдың желтоқ­са­нында ЕҚЫҰ Саммитінің Аста­на­да өтетінінен әлемдік қоғамдастық жақсы хабардар. Жоғары деңгей­дегі осы жиын 11 жыл үзілістен кейін қайта жалғасын тапқалы отыр. Астана Саммиті еурат­лан­тикалық және еуразиялық кеңіс­тік­тегі ЕҚЫҰ-ға қатысушы мем­лекет­тер­дің қауіпсіздікті қамтама­сыз ету шараларын нығайтуға ықпал ететіні анық. Қанат Саудабаев осыларды айта келіп, Ауғанстан мен Қыр­ғыз­стандағы жағдайды тұрақтандыруға арнайы тоқталды. Осыған байланысты ЕҚЫҰ-ның алдағы Саммитінде Ауған­стан­­ды тұрақтандыру және әлеуметтік-экономикалық оңалту мәселелері өңірлік, сондай-ақ жаһандық қауіп­сіздікті қамтамасыз етудің маңыз­дысы ретінде қарас­тырылады, деді Қанат Саудабаев. Ауған пробле­ма­сы әскер күшімен шешілмейтінін уақыт көрсетті. Ал Қазақстан Ауған­станның соғыстан кейінгі да­муына, бейімделуіне халықаралық қоғамдастықтың күш жұмылды­руын қолдайды. Осыған орай Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1000 ауған азаматын медициналық, ауыл шаруашылығы, құрылыс мамандықтары бойынша Қазақ­станның оқу орындарында дай­ындау бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Осы мақсатқа біздің тарапымыздан 50 миллион АҚШ доллары бөлінді. Шешеннің тоқталып өтке­нін­дей, бүгінде Қырғызстан саяси те­рең дағдарысқа тап болып отыр. Ол Орталық Азия өңіріне ғана емес, одан тысқары жерлерге де кері әсерін тигізуі мүмкін. Астана Сам­ми­тінде БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның, басқа да көп тарапты құры­лым­дар­дың зор мүмкіндіктерін пайдалану арқылы Қырғызстанды оңалтудың бірегей механизмін қарастыру қа­жет. Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі сондай-ақ лаңкестік пен есірткі трафигіне қарсы күресте Анти­террорлық конвенцияның және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қа­рарын Қазақстан  ерекше назар­да ұстап келе жатқанын, Халық­ара­лық лаңкестікпен күрес жөніндегі конвенцияның тезірек қабылдану­ын қалайтынын атап өтті. Есірткінің заңсыз айналы­мымен күрес – Қазақстанның негізгі басымдықтарының бірі. Сондықтан да еліміз Астанада орналасқан Есірт­кі құралдарының заңсыз айна­лымымен, психотроп­тық заттар және оның прекур­сор­ларымен кү­рес жөніндегі орта­азиялық өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының жұмысына ерекше маңыз береді. Өйткені, бұл орталық есірткіге қарсы өңірлік құрылымдар үшін тұғырнама болып табылады. Қанат Саудабаев сөзінің со­ңында Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың бастамасы­мен шақырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері дінаралық және конфес­сияаралық келісімді нығайтатын тиімді үнқатысу алаңына айналға­нын, Қазақстан басшысы жаңа қаржы архитек­турасын құру туралы бастама көтергенін, ол қаржы ры­ногын жаһандық жүйеде реттеудің және оған бақылау жасаудың ядро­сы бола алатындығын атады. Со­ны­мен қатар, Қазақстан 2012-2015 жылдары БҰҰ Адам құқығы жө­ніндегі кеңестің құрамына өзінің кандидатурасын ұсынғанын айта келіп, БҰҰ-ға мүше мемлекеттер­дің Қазақстан кандидатурасына қолдау көрсетеді деген үмітте екенін білдірді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.