Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
К.Мәсімов Президентті Үкіметтің ағымдағы жұмысы және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы хабардар етті.
Премьер-Министр астық жинау науқаны іс жүзінде аяқталғанын баяндады. Он үш миллион тоннадан астам астық жиналды. Бұл азық-түлік қауіпсіздігінің барлық мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Қазақстандағы астықтың қоры 2011 жылдың 1 қазанына дейін жеткілікті.
– Егер келесі жылы астық түсімі төмен болған жағдайда да бізде барлық облыстарды қазіргі бар баға бойынша астықпен қамтамасыз ету үшін қажетті қор болады, – деп атап өтті К.Мәсімов.
Президент Үкіметтің алдына Қазақстанның барлық өңірлерін астықпен қамтамасыз ету және астық жинау науқанын оңтайлы мерзімде аяқтау міндетін қойды.
– Қалыптасқан жағдайдан қорытынды шығару маңызды. Осы ретте, қуаңшылықта осындай астық жинау мемлекеттің ауыл шаруашылығына зор көмек бергендігінің арқасында мүмкін болды. Жаңа технологияны кеңінен қолдану керек. Ауыл шаруашылығын жаңа техникамен жарақтандыру, ылғалды сақтау технологиясын қолдану олардың келешегі зор екенін көрсетті, – деді Президент.
Премьер-Министр астық экспортын реттеу туралы баян етті. Үкімет қазақстандық астықты өткізуге байланысты барлық мәселені пысықтап шықты.
К.Мәсімов Мемлекет басшысын Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы да хабардар етті. Атап өтілгендей, ағымдағы жылы бағдарлама аясында қазірдің өзінде 72 ірі жоба табысты жұмыс істеуде, ал жылдың аяғына дейін тағы 72 жоба іске асатын болады.
– Барлық 72 нысан Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға берілетініне сендіргім келеді, – деп атап көрсетті Премьер-Министр.
Кездесу барысында шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі іс-шаралар туралы, құқық қорғау органдарындағы реформалар барысы да, сондай-ақ алдағы уақытта мемлекеттік қызметтегі аппаратты қысқарту туралы сөз болды.
* * *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Қ.Саудабаев Президентті БҰҰ Бас Ассамблеясының жұмысына қатысуының қорытындылары туралы хабардар етті. Ол БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун БҰҰ Бас Ассамблеясының аясындағы екі ірі шарада Нұрсұлтан Назарбаевқа жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, әлемде ядролық қауіп-қатерді төмендетуге қосқан зор үлесі үшін үлкен алғысы мен ризашылығын білдіргенін атап өтті. БҰҰ Бас хатшысы жаппай қырып-жоятын қару-жарақты әзірлеумен айналысатын ядролық мемлекеттер мен елдерді Қазақстаннан үлгі алуға шақырды.
Сонымен қатар мен Президенттің тапсырмасы бойынша бірқатар мемлекеттердің көшбасшыларына он бір жылдық үзілістен кейін Астанада 1-2 желтоқсанда өтетін ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Саммитіне шақыруды тапсырдым. Шақыру алғыс сезіммен қабылданды, еуропалық елдер көшбасшыларының көпшілігі осы жоғары халықаралық форумға өздерінің қатысатындықтарын қуаттады. АҚШ Президенті Барак Обама біздің Мемлекетіміздің басшысына өзінің игі тілегін білдіріп, біздің елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту және кеңейту жолын берік ұстанатынын жеткізді, – деді Қ.Саудабаев.
* * *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Ар-Намыс” (Қырғыз Республикасы) саяси партиясының төрағасы Феликс Куловты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Кездесу кезінде Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру мәселесі және ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздікті нығайту саласындағы рөлі талқыланды.
Кездесу аяқталғаннан кейін журналистерге арналған брифингте Ф.Кулов ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының Қырғызстандағы жағдайды реттеуге қосқан маңызды үлесін айта келіп, Қазақстан Президентінің туыстас республикаға гуманитарлық және экономикалық көмек көрсетудегі рөлін ерекше атап көрсетті.