Елордадағы Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры өзінің биылғы 11-ші маусымын Дж. Пуччинидің “Богема” операсымен ашып, Бейбітшілік және келісім сарайындағы екінші көрсетілімде Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зәуірбек Райбаев қойған П.Чайковскийдің әйгілі “Аққу көлі” балетін ұсынды.
Қайсыбыр қойылымды алып қарасаңыз да, алдымен сахна декорациясы, суретшінің шығармашылық ізденісі мен бекзат өнердің бейнелі бедері тәнті етпей қоймайды. Мамыражай жаздың жайма-шуақ лебі сахнадан бер жаққа ептеп есіп, айдын көлде дөңгеленген ай келбеті періште сезімді әсерлі әлпештейді. Төңіректі әсем саз тербеп тұр. Сарай алдындағы алаңқайда жаз жамалын қызықтап, жастар сауық-сайран құруда. Өйткені, бүгін өзге күндерден ерекше, аспаннан айшуақ сезім молынан төгілген күн. Ханзада Зигфридтің кәмелеттік жасқа толған шағына Жаратқанның жақтастығы табиғаттың тап-таза қалпынан қатесіз көрініс тауып, мейірім оты маздауда. Осыған жүздері алабұртқан жастардың жарасымды билері қосылып, ар жақтағы алып картина мен бергі беттегі тіршіліктің үйлесімді қоңыр сазы боз шәлі бұлттар көшкен аспанды қол созым жерден көзге шалындырып, әне-міне дегенше, құдіретті әуен әуелей жөнелді. Тойдың қыза түсіп, шарықтаған шағында ханзаданың анасы ертеңгі болатын балда Зигфридке қалыңдық таңдалатынын хабарлайды. Бұл жас жігіттің өмірі үшін аса аяулы қымбат сәт болатын. Өмір атты кеменің дауылдан еріксіз шайқатылар, толқында толғақ қысқан құрсақтай құйынды үрейдің үңгірінен шыға алмай әуре-сарсаңға түсер әлегі боларын қайдан білсін жас қайың. Ол үшін бұл дүниедегі ең қимас, ең жарық сәуледей елестеген. Енді сол құдіреттің өзінің өн бойын қалай билемегін білмекке әуре. Осы хабардан соң ханзаданың көңілі қобалжып, үміт қанаты көпке дейін тыным таппады.
Арайлап тағы бір күн ұясына ұяла батып бара жатты... Кенет қараңғылық қою орманның тылсым тыныштығына ұқсап кетті. Бір топ аққу көл жағасында күміс қанаттарымен көкке сәуле шашты. Осы кезде Зигфрид бастаған бір топ аң аулаған өрендер сол маңайды үнсіз торып, алаңсыз арман қуған сәт еді. Осы әрекеттер бимен ұғынықты орындалып отырды. Бір оқиға мен келесі сахналық шешімнің арасында буынсыз қимылы бұлт тұтасқан биікте қалқып қалып қоярдай көрінген, қимыл-қозғалысы әсте әбжіл Сайқымазақ шыға келген кезде жұрт бір серпіліп қалды. Осы бейнені сомдаған халықаралық сыйлықтың лауреаты Элдар Сәрсенбаевтың өнеріне риясыз көңілмен қол соққан көрермен ықыласы толайым.
Екінші көрініс өте әсерлі, аққу қыздар айдында алаңсыз жүзуде. Ормандағы көлдің жағасын қоюшы-суретші Владимир Кошелев өте нанымды бейнелеген. Ескі, сырты қарақошқыл тартып, қаңырап бос қалған тас қорғанның сұлбасы көзге тез ілігеді. Бұл – сиқырлы Зұлым данышпанның мекені. Зұлымдық пен қатыгездікті қапысыз өрнектеуде сахнадағы әрбір детальдің көркемдік маңызына айрықша мән берілген. Автордың айтайын деген ойының едәуір бөлігін осындай ұтымды ұғымдармен дәл тауып жеткізгені құптарлық. Абайламаса жазатайым жар қабақтан құлап кетуге болатын шың ұшындағы мұнаралы қамал қалшиып қатып қалған. Бұл жерге түн жамыла аққулардың ұшып келгені қауіпті көрінді. Артынша арбалет асынған аңшы жігіттер жетті асығып. Зигфридтің көз алдында әлгі аққудың бірі сымбатты көл аруына айналып шыға келген. Мұны көрген жігіт аң-таң қалып, көк періштелеріне пейілдене көз тігеді. Ару-аққу өзінің және құрбыларының басындағы қайғыға толы құпияны күйіне тарқатады. Өйткені олар да өздеріндей кәдімгі ет пен сүйектен жаралған жандар. Тек әлгі Зұлым данышпанның қаһарынан осындай ауыр жазаға ұшыраған. Ол бұларды дұғалап құсқа айналдырып жіберген. Дүниені қатерлі апаттан, жамандықтан, зұлымдықтан құтқаратын адам махаббатынан асқан құдіретті ештеңе жоқ. Сондықтан аққулар аялы сезімге іңкәр еді. Және жай ғашықтықтың дұғаға күші жете қоймайды. Ғашықтық сезімін бұрын ешбір жанға ашпаған жас жігіт қана аққу-қызды қайта адам қалпына қайтара алуы мүмкін екен. Ал мұндай кіршіксіз ақ қардай таза жүректің болуы мүмкін бе? Шығарма идеясының мәңгі жасап келе жату себебі дәл осы тұсында. Жүрек деген жұдырықтай құтыңды мейлінше адал да ақ ұста деген адамгершілік идеясын алға тартады. Жүрегі тап осындай махаббаттың алауына бөленген Зигфрид Одеттаға мәңгі жар болуға ант берумен екінші көрініс тиянақталады. Осы ретте Зигфрид рөлін орындаған Жандос Әубәкіровтің өз кейіпкерінің жан-дүниесіне етене енуге барынша талпынып бағуы, Одетта мен Зұлым данышпанның қызы Одиллияның бейнелерін қатар сомдаған, халықаралық фестивальдің лауреаты Әсел Шайкенованың әдетте тек тәжірибелі әртіске сеніп жүктелер рөлді нәзіктігімен жас та болса мінсіз орындап шыққаны қуантты. Үшінші көрініс басталғанда сахна төріндегі салтанатты сарай әдемі қаншайымдарға толып кетті. Алайда ханзаданың санасын билеген көрікті Одетта бейнесі көз алдынан көлбеп кетпей қояды. Кенет осы жиынның үстінен шақырылмаған қонақтар сау етіп түседі. Бұлар – Зұлым данышпан мен оның қызы Одиллия еді. Зұлым данышпан қызына Зигфридтің жүрегіне қалайда жол тауып, өзіне ғашық етуді бұйырады. Қасарысқан зұлымның амалына айла табылған ба? Қыз әке талабын орындайды. Одетта бейнесіне енген Одиллияға үйленетіндігін жігіт анасына айтады. Сиқыршының қуанышында шек жоқ. Зұлым рөлін сомдаған Рүстем Сейітбековтің жемтігіне шүйліккен құзғындай бірде Зигфридке, енді бірде Одеттаға алма-кезек қанатын қомдай ұмтылуы ширақ қимыл, сұсты кейіп арқылы шынайы бейнеленді. Аққу-қыздарды енді құрсаудан шықпайтындай еткен олар өз мақсаттарына жеткен соң көзден ғайып болады. Зигфрид алданғанын сезіп, аққу көліне жетуге асығады.
Төртінші көріністе тағы да көлдің жағасы мен аққу-қыздар биі әсемдігімен көңіл баурайды. Өксіктен жүрегі құса болған Одеттаның өмірге ыза-кегі қайнап, құрбыларына сыр ақтаруда. Сенім артқан Зигфриді жоқ, алдамшы сезімнің жетегінде желмен бірге қаңбақша байыз таппас өткінші бір пендеге жорыды. Бірақ сол замат асығып Зигфрид те жеткен еді. Ғашықтардың табысуы сахнада көркем иірімдермен бедерленді. Қос жүректің лүпілін сезіп қойған Зұлым данышпан қайта айналып соғады. Екі жастың махаббат алауын жеңуге дәті шыдамаған ол енді табиғаттың дүлей қара күшін көмекке шақыруға мәжбүр болады. Махаббат пен зұлымдықтың шайқасынан аспан асты шатынап кетті. Өзінің арманы мен аруы үшін жанын беруге дайын батыл жігіттің ерлігі Зұлым ойын іске асырмай тастайды. Қос ғашық мақсатына жеткен тұстағы шаттық күйі өте шабыттана тартылды. Музыканың оқиғамен жақын үйлесіп, біртұтас дүниеге айналуы үшін қоюшы-дирижер Абзал Мұхитдиновтің көп тер төккенін айта кеткен абзал. Сонымен бірге Мәдина Басбаева, Ксения Толмачева, Әсел Оспанбаева, Инна Чуткова, Тайыр Гатауов, Ғалия Мажағұлова сынды тағы да басқа қосалқы бейнелерді орындаған жас әртістердің келешегінен көп үміт күтуге болады.
Жас театр репертуарында өзіндік орны бар “Аққу көлі” балетінің жетістігі туралы мұнан әрмен қарай да ойымызды жалғастыра беруімізге болар еді. Алайда әңгімемізді өнер адамдарының өз лебізімен аяқтағанды жөн көріп отырмыз. Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаев Чайковскийдің “Аққу көлі”, “Ұйқыдағы ару”, “Щелкунчик” балеттері әлемнің айтулы театрлары репертуарынан берік орын алатын классикалық інжу-маржандар болып саналса, бұл ретте Астана театры балет труппасының табыстары қуанарлық жағдайда екенін тілге тиек еткен. Биылғы маусымның жылдағыға қарағанда өзгешерек екені, мысалы, жыл аяғына дейін Әділ Бестібаевтың “Бәйтерек” жаңа балеті сахналанғалы жатқанын айтқан. Ал “Ұлттық опералар мен балет туындыларын қоюда қандай жетістіктер бар?” деген сұраққа: “Қазақ композиторлары шығармаларына айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Мәселен, Балнұр Қыдырбектің “Қалқаман-Мамыр”, Серік Еркінбековтің “Мәңгілік алау” сынды балеттері, басқа да осындай сүбелі бес ұлттық дүние көрерменмен жақын күндерде қауышатын болады. Мұнымен бірге ұлттық опералардың да саны жылдан-жылға артпаса кемімейді” деп жауап берді. К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының директоры Төлеубек Әлпиевтің айтуынша, Мариус Петипа мен Лев Иванов қойған “Аққу көлі” балеті әлемнің кемінде бір мезгілде елуден астам елінің сахнасында үздіксіз жүріп отырады екен. Бір ғажабы, оны әр ел тек өздеріне тән бояумен жеткізуге тырысады. Мәселен, қытайлар қойған үлгі мен елорда театрының “Аққу көлі” бір-біріне мүлде ұқсамайды, сол секілді Алматы мен Астана театрлары да бір-бірін қайталамайды. Мысалы, Алматыда “Аққу көлі” үш актілі болса, елордалық театрда ол төрт актіден тұрады. Елорда театрының балет труппасы өндірдей жастардан құралған. Еуропаның әйгілі театрларында тәжірибеден өтіп келген жастар көп. Қысқасы, жас балет труппасы әлі талай биік шыңдарды бағындырарына илантады.
Суреттерде: “Аққу көлі” балетінен көріністер.