Редакцияға хат
Жасампаз еліміздің ордасы – Астана күн өткен сайын құлпырып, өзінің ерекше архитектуралық талғамымен ғана емес, түрлі қызмет көрсету сапасымен де адамдардың жүрегінен тез орын ала білді. Тәуелсіздіктің ақ таңының арқасында қазақ халқының маңдайына жазылған, кең пейіліне бұйырған Астананың қызығын, Аллаға шүкір, қазір бәріміз көріп жатырмыз. Елордада түрлі әсем құрылыстардың бой көтеруі, халықтың игілігіне арналып салынған нысандардың халыққа жақсы қызмет жасап жатқандары біздің ел перзенті ретінде сезінетін ең үлкен бақытымыздың бірі. Соның бірі әрі бірегейі Мемлекеттік жедел жәрдем орталығы дер едік.
Осы биыл 1 шілдеден бастап өз жұмыстарын бастап кеткен бұл мекемедегі ақ халатты абзал жандардың жанарларынан ерекше мейірім шуағы төгіліп тұратындай. Тәулік бойы сақадай сай отыратын медицина саласының түрлі мамандары күніне 100-ге тарта науқастарды қабылдайды. Ал олардың 90 пайызы 60 пен 90 жас аралығындағы қарт адамдар. Жақында ғана осы жедел жәрдем орталығының “А” блогындағы көз емдеу бөліміне түсіп едік. Жауапкершілігі жоғары кәсіби мамандарды көргенде тез арада сауығып кетуге деген үмітіміз күшейе түсті.
Әлмира Әбдүлхаққызының басқаруындағы бөлімінің барлық қызметкерлері өздерінің кәсіби шеберліктерімен, науқасқа деген ерекше жауапкершіліктерімен бізді тәнтті етті. Мұндағы 25 жылдық еңбек тәжірибесі бар, өте білікті әрі білімді дәрігерлер ғана емес, мейірімді, мықты, жігерлі Айжан Қалиева, Снежана Пучко, Ақмарал Агелеуова сынды жастарды да көргенде кәдімгідей қуанып қалдық.
Көз тамырларына операция жасау өте қиын, күрделі екенін жақсы білеміз. Дегенмен де, мұнда күніне 8-10 адамға операция жасалынады. Осының өзі дәрігерлер біліктілігінің көрінісі деп ойлаймыз. Әуелі көру қабілеті нашарлап қос жанарынан айырылған 86 жастағы В.Мұстафина есімді апамызға операция жасалып, түбегейлі ем жүргізілгеннің арқасында қазір ол кісі қайта көретін болды.
“Елге ел қосылға құт”, деген сөз осындайда айтылған болар. Астанамызға келген жаңа ұжымға ел құрметіне бөленіп, абыройлы болыңыздар деп тілегіміз келеді. Біз, Қазақстанның төрт бұрышынан келген зағип жандармыз. Әлі сіздерден үміт күтетін сырқаттар қаншама. Сондықтан осы алған беттеріңізден таймаңыздар. Еліміз, халқымызға ақ, адал еңбектеріңізді арнаңыздар. Сіздерге біздің алғысымыз шексіз, денсаулықтарыңыз мықты болып, отбасы бақытын көріңіздер.
Жаны жаралы зағип жандарға қол ұшын беріп, еңбек етіп жатқан бұл ұжымның әлі-ақ ел құрметіне бөленетіні сөзсіз. Алла тағала осындай денсаулық мамандарының елімізде көбейгенін нәсіп етсін!
Емделушілердің атынан: С.Оразалин, А.Бектемірова, Қ.ӘбдӘлиева, Р. Сайфуллина, т.б.
Астана.