Комиссияның кезекті мәжілісінде қаралды
Ақордада Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болды.
Күн тәртібінде төтенше жағдайлар мен қоршаған ортаны қорғау органдарының, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің мемлекеттік, өңірлік бағдарламаларын іске асыру бойынша Атырау, Қызылорда облыстарының әкімдіктері қызметтерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша атқарылған шараларды талқылау болды.
“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қоғам мен мемлекет қауіпсіздігінің маңызды факторы болуы заңды. Осы себепті Президентіміз оған баса назар аударып отыр” деді комиссия отырысында төраға.
Ал атқарылған жұмыс нәтижелері туралы Төтенше жағдайлар жөніндегі және Қоршаған ортаны қорғау министрлері В.Божко мен Н.Әшімов баяндамалар жасады. Атырау облысының әкімі Б.Рысқалиев, Қызылорда облысының әкімі Б.Қуандықов сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған өңірлік бағдарламаларын іске асыру жөнінде есептер берді.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия тиісті мемлекеттік органдарға өз қатарларында жемқорлықты болдырмау, кадрлармен тиісті және ашық жұмыс істеу, мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын мүлтіксіз сақтау мен оның сапасын көтеру жайы жан-жақты әңгіме арқауына айналып, 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік және өңірлік бағдарламаны, Елбасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуге ұсыным жасалды.
Сүлеймен МӘМЕТ.