Қазақстан • 18 Қаңтар, 2017

Қытай Орталық Азияның көгілдір отынына көз тігеді

4699 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен 2016 жылдың қорытындысы бойынша, Қытай экономикасы үшін Орталық Азияның табиғи газының маңызы арта түсті. Қытайдың Түрікменстандағы елшісінің өткен аптада айтқан бірқатар сандық деректеріне көз жүгіртсек, Қытай түрікмен газының ең ірі импорттаушысына айналыпты.

Қытай Орталық Азияның көгілдір отынына көз тігеді

Елші Сунь Вэйдунь атап өткендей, соңғы жеті жыл ішінде Қытай Түрікменстаннан 160 миллиард текше метр көгілдір отын тасымалдаған. Ел экономикасының даму жоспарына байланысты Қытайдың Орталық Азияның энергия ресурстарына, бірінші кезекте, мұнай мен газына деген сұранысы үздіксіз өсетін болады. Алып мемлекетке газ экспорттау ісінде Орталық Азияның үш бірдей елі шешуші әріптес атануға тиіс.

Газ импорты Қытай-Түрік­менстан арасында­ғы әріп­­тестіктің басты саласы екені белгілі. Қазір­гі таңда «Түрікменстан – Қытай» газ құбырының үш тармағы жұ­мыс істейді, ал осы құбыр ар­қы­лы өткізілетін көгілдір отын кө­лемі жылына 30 млрд текше метр­­ді құрайды. Құбыр іске қо­сылғаннан бергі аралықта ай­тарлықтай мол көлемде та­биғи газ тасымалданды. Айта­лық, 2013 жылғы 31 тамызға дей­ін Түрікменстан ҚХР-ға 60 млрд текше метр газ жеткізсе, 2016 жылғы 19 мамырда экспорт­талған газдың жалпы көлемі 138,6 млрд текше метр болды.

Қытай экономикасының өсу қарқыны баяулағанына қарамастан, табиғи газды тұ­ты­ну көлемі үздіксіз өсу­де. «Natural Gas in China: a Regional Analysis» моно­гра­фия­­­­сының авторы, Оксфорд энер­­гетикалық зерттеулер инс­ти­тутының ғылыми қыз­мет­ке­рі Син Ли атап өткендей, таяудағы 5 жылда оның көлемі жылына 315 млрд текше метрді құ­рай­ды. Ішкі газ өндірісінің шек­теу­лі екендігін ескере отырып, Қы­тай билігі импортталатын газ көлемін ұлғайтудың жолда­рын іздестіруде.

Таяу онжылдықта Қытайда тұты­нылатын газ көлемі арта тү­сетіні анық. BMI Research зерттеуіне сәйкес, аталған елде газға деген сұраныс 2013 жылғы 171 млрд текше метр­ден 2020 жылға қарай 283 млрд текше метрге дейін арта түспек. Бір айта кетерлігі, тиісті деректер көрсеткендей, Қытай көмірсутегін құрлықтағы ба­ғыт­­тар арқылы импорттауға ба­сымдық беріп, құбыр жолы арқылы тасымалданатын газды көбірек сатып алуда. Энергия тасымалдаушылардың теңіз жолына қарағанда, құбыр жолымен келетін көгілдір отынға деген тәуелділігі арта түседі.

Табиғи газ импортында Түрік­менстанмен бәсекелесе ала­тын ешкім жоқ. Қазірдің өзін­де түрікмен газы Қытайдың жалпы импортының 50%-ын қамтып отыр. Бұл орайда, Бейжің Түрікменстанды негізгі әріптесі деп санайтынын жасырған емес. 2013 жыл­ғы қыркүйекте Қытай мен Түрікменстан басшыла­ры құбыр жолының 4-ші – D тармағын салу туралы келі­сім­ге қол жеткізген болатын. Алайда, бағыттың және оған қатысушылардың өз­геруіне байланысты жоба­ны жүзеге асыру кейінге қал­ды­рылды. Бастапқыда құбыр­дың 4-ші тармағын 2016 жыл­дың аяғында немесе 2017 жыл­дың басында іске қосу жос­пар­ланған-ды. Бірақ газ құ­бырының құрылысы бір­қатар объективті және субъективті себептерге байланысты кейін шегерілді.

Өзбекстанда осы жобаға бай­­ланысты соңғы ресми жа­ңа­лық 2016 жылдың сәуір айын­да жарияланған. «Узбек­нефтегаз» ұлттық холдингтік ком­­паниясының хабарлауынша, компания 2016 жылдың со­ңына қарай «Өзбекстан – Қытай» газ құбырының төртін­ші тармағының құрылыс жо­ба­сының алғашқы тех­никалық-эк­о­н­омикалық негіздемесін әзірлеп біту­ге тиіс болды. Яғни, әзір­ге құбырдың өзін тартпақ түгіл, оның техникалық-эко­номикалық негіздемесі дай­ын емес деген сөз. Құбыр жо­лы­ның 200 шақырымды құ­рай­тын ең қысқа бөлігі (өзбек­ст­андық учаскесі) 800 миллион долларға бағаланғаны бел­гілі. Бірақ көгілдір отын құ­бырының құрылысы әлі бас­тал­ған да жоқ.

Құбыр жолының Қыр­ғыз­стандағы учаскесін салу да кейінге қалдырылды. Өз­бек­стан­дағы сияқты, құ­быр­­дың бұл елдегі бөлігі де 2016 жыл­дың соңына дейін са­лы­ну­ға тиіс болатын. Алайда, ма­мыр айында Қырғыз Рес­пуб­ликасының экономика ми­нистрі А.Қожошев «Қыр­ғыз­стан – Қытай» құбыр жолын салу белгісіз мерзімге шегерілетіні туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру құны тағы да өсуі мүмкін. Соңғы рет ол 1,2 млрд долларға бағаланған еді.

Көршілерімізбен салыс­тыр­ғанда, Тәжікстанда газ құ­бы­рын салу мерзімінде басталды. 2014 жылдың күзінде-ақ CNPC пен «Таджиктрансгаз» ААҚ келісім жасасып, құры­лыс­ты бастап кеткен-ді. БАҚ-тардың хабарлауынша, Тәжік­стан аумағында құбыр же­лісі Өзбекстаннан басталып, Тұрсынзада ауданы, Гиссар, Шахринав, Рудаки, Вахдат, Файзабад, Нурабад, Рашт аудандары арқылы, Таджикабат пен Джиргитал арқылы өтіп, Қырғызстанмен шекараға дейін созылады. Ал Қырғызстаннан Қашғар қаласына (ҚХР ШҰАР) тартылады. Алайда, жоба аяқталған жоқ, газ құбырының құрылысы әлі жүріп жатыр.

Байқап отырғанымыздай, 1000 шақырымға жуықтайтын 4-ші тармақ жақын арада салынып бітпейді. Оның объективті және субъективті себептері бар. Қалай болғанда да, жаңа газ құбыры жуық арада іске қо­сыл­майтыны түсінікті бол­ды. Яғни, көгілдір отын та­сы­малының көлемі де жақын ара­да артпақ емес. Осы аталған проб­лемаларды ескере отырып, бірқатар маман құбыр жо­лының 4-ші тармағын бұрын са­лынған, тексерілген бағыт бойынша жүргізген абзал деген пікір білдіруде.

Алайда, Қытай тарапы жаңа тармақ­ты салу туралы жоспарынан айнымайтын тәрізді. Бұл екі фактормен байланысты. Бір жағынан, Қытай экономикасы газ көлемін арттыруға мүдделі, Бейжің жаңа тармақты салуды ұзақ уақытқа шегеріп қоя алмайды. Екінші жағынан, осы жобаны жүзеге асыру арқылы Бейжіңнің энергетикалық мақ­саттардан бөлек, басқа да көз­де­ген мүдделері бар. Атап айт­қанда, жаңа бағыт бойынша құбыр салу арқылы Қытай би­лігі Орталық Азияның төрт мемлекетін бір-бірімен бай­ла­­ныстыруды, сол арқылы олар­дың өзара күрделі қа­рым-қатынастарында модератор болуды көздейді. Қытайлық са­рап­шылар атап өткендей, мұн­­дай ортақ ірі жоба болған жағ­дайда Бішкек, Ташкент және Душанбе үшеуі бір-бірімен сындарлы сұхбат құруға мәж­бүр болады.

Дегенмен, Қытай тарапын алаң­­да­тып отырған мәселелер де бар. Айта­лық, бірқатар са­рапшының пайымдауынша, Бейжің Өзбекстанның құ­быр жолы арқылы өзбек газын тасымалдауды тоқтатқан әре­­кетіне алаңдаулы. 2016 жы­лы Өзбекстан тарапы өзінің кө­­гілдір отынын Қытайға экс­порт­тауды тоқтатқан еді. Сон­­дай-ақ, Қытай тарапы Қа­зақстанның көгілдір отын кө­ле­мінің азаюына да алаң­дау­шылық танытып отыр.

Жалпы алғанда, энер­ге­тикалық сектордағы әріп­тес­тік Түрікменстан мен Қы­тайдың басқа салалардағы бай­ланысын нығайта түскенін айта кету керек. Түрікменстандық БАҚ-тардың хабарлауынша, бүгінде қы­тайлық 30 кәсіпорынның 2 мыңға жуық адамы Түрік­менстан­да экономикалық мәсе­ле­лермен айналысады екен. Дип­ломатиялық қатынастар орна­ған 25 жыл ішінде екі­жақты тауар айналымы ай­тарлықтай өскен. 1992 жылы тауар айналымының көлемі 4,5 миллион АҚШ долларын құраса, 2013 жылы ол 10 миллиард АҚШ долларынан асып түскен. Соңғы 5 жылда Қытай Түрікменстанның аса ірі сауда әріптесі болып табылады.

Осылайша, Түрікменстан Қазақстан­мен қатар, Орталық Азия елдерінің арасында Қы­тай инвестициясын алушы бас­ты елдердің біріне айналды. Энергетикалық байланыстарды, атап айтқанда, түрікмен га­зын ірі көлемде тасымалдау арқылы Қытай бұл елдің басты сауда-экономикалық әріптесі болды.

Бүгінде Қытай капита­лы­ның Түрікмен­стан эконо­ми­ка­сындағы орны ұл­ғая түс­кені байқалады. Энер­ге­тика­ға са­­лынған инвес­ти­цияның ар­­­тын­ша қытайлық ком­па­ния­­лар шикізаттық емес сек­тор­лардағы жобаларды қар­жы­­лан­дыруға қатыса бастады. Алай­да, екі ел арасындағы қа­тынастар тереңдеген сайын, Ашғабадта ҚХР-ға мықты тәуелділікке ұшырау туралы объективті қорқыныштар пайда бола бастады. Қытаймен ше­караласатын басқа да Орта­лық Азия елдері сияқты, Түрік­мен­стан да алып елдің қуат­ты ықпалын сезіне бастады. Осы­­ны ескеріп, Түрікменстан би­­лігі өзінің энергетикалық ре­сурстарын өткізу жолдарын әртараптандыру мен сатып алу­шылар тізімін кеңейту шара­ларын қолға алуда.

Атап айтқанда, түрікмен газын Еуропа мен Оңтүстік Азияға экспорттаудың түрлі нұс­қалары қарастырылуда. Алайда, олар әзірге қажетті нәтиже берер емес. Ал Қытай­дың Түрікменстан эконо­ми­касының стратегиялық сала­сын­дағы үлесі уақыт өткен сайын артып барады.

Руслан ІЗІМОВ,

саясаттанушы