29 Қыркүйек, 2010

Полигон

836 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Оның зардабы бүгін және болашақтағы уақытпен бітпейді Семей полигоны. Ол осыдан 19 жыл бұрын жабылса да зардабы әлі де талай адамды шырмауына батырып, қауіп әлі алыстап кете қойған жоқ. Қырық жылдан аса уақыт Семей халқының санасын улап, жанын жаралаған бұл тақсіреттің сызы күні бүгінге дейін сезілуде. Бүгінде әлем ғалымдары: “Семей поли­гонының жарылыс қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған бомбаның қуа­тынан 2,5 есеге асып түседі”, деген тұжырымдама жасауда. Ауада және жер астында 500-ден аса ядролық жарылыс жүргізілгені ақиқат. Оның зардабының құрбаны болған халықтың жарым көңілі әлі де күпті. Мүгедек бала, өрімдей жастардың белгісіз өлімі қабырғаны қайыстырып-ақ тұр. Мысалға, мен өзім солардың бірімін. Екі құлақтан ауыр естимін. Он жасымнан бері оның зардабын тартып келемін. Жасым ұлғайған сайын, мәселем қиындап, емдеу орта­лықтарына тексеріліп, төртінші деңгейге дейінгі сатыда болсам да, үшінші топтағы мүгедектікті ала алмай жүрмін. Сол аймақтағы ел Үкімет тарапынан бөлінетін болмашы жәрдемақыны қанағат тұтып, тіршілік кешуде. Онда дүрілдеп тұрған өндіріс орындары жоқ, ірі көлемді инвестиция тарту кемшін, мал шаруашылығы тұралаған, халықтың денсаулығы нашар. Әр күні күдік пен күмәнға толы жұрт ұрпағының болашағына алаңдаулы. Тәуелсіз мемлекет болғалы бері полигон аймақта­рында тұратын және сонда туып-өскен, сол уақыттарда тұрып, өмірлік мұқтаждықпен еліміздің басқа өңіріне қоныс тепкен халық­қа дұрыс көмек жасалмай келеді. Ол 1992 жылғы 18 жел­тоқсанда шыққан Заңда 6-тараудағы 20-бапты көптеген меке­мелер өрескел бұзып орындамай отыр. Әлеуметтік қорғауы жоқты, кім елейді? Өмір талабымен, полигон жабылғаннан кейін, сол аумақтарға көшіп келген халық кезінде оның зардабын тартпаса да, өздеріне берілетін жылдық еңбек дема­лысына қосымша үстемелер алады екен. Ал полигонның зардабын шегіп, бертін келе басқа жерге көшкендер ше? Олар бірде алып, бірде алмайды. Мысалға мен, Аякөз қаласында 1954 жылы дүние­ге келіп, 1974 жылы басқа жаққа қоныс аударғандықтан, жоғарғы радиациялық қауіпті аймаққа байланысты, яғни 20 жылға 1200 теңгеден көбейткенде бір-ақ рет 24000 теңге көмек алдым да қойдым. Алда-жалда басқа қалаға қоныс аударып жатсақ, ол жәрдемақыны бермеу үшін белгілі орындар түрлі сылтау айтып, шөміштен қағады. Осы жайттарға көңілдері толмаған семейліктер: “Жарылқанып жатқанымыз ша­малы”, – деген базына айтады. Семей полигоны – бұл жүз­деген Хиросима және Нагасакимен тең, Чернобыльден 120 есе артық. Мыңдаған отандастарымыздың өмірін қор қылған, туған жерімізді табиғи апатқа алып келген зобалаң. Ол үлкен масштабтағы экология­лық апат аймағы. Себебі, оның кейбір бөліктерінде са­ғатына 3-5 микрорентген сәуле бөлінеді. Жапон­дық ғалымдар Семей елінің төзімділігіне, хал­қының жанының сірі­лігіне бас шайқауға мәжбүр бол­ғаны әлі есте. Ғалымдар: “Аймақтың радиациялық қауіптілігі 1000 жылға созылады” деген тұжы­рымдама жа­сауда. Соңғы кезде рес­публика­мыз­дағы Ядро­лық физика инсти­ту­тының дирек­торы Қай­рат Қадыр­жанов, поли­гон аймақ­тарын архи­пелагқа ай­нал­д­ы­рып, халық ша­руа­шы­лығының қажетіне жара­туға бола­тынын жиі қау­зап жүр. Өз басым оған қарсы­мын. Себебі біз халыққа жарылыс зар­дап­тары мен зерттеу нәтижелерін әлі де ашық көрсете алмай жүрміз. ... Қалай десек те, жарылыс сарқыншағы ХХІ ғасырға дейін жетті. Мамандар: “Халықтың әлеу­меттік жағдайын үйлестіріп алмай, полигон аймақтарын қолданысқа беру қажет емес”, – дейді. Осы бүгінгі таңға дейін, басқалай іс-әрекеттер байқалмаған соң, Астана қаласында тұрып жатқан, полигон­ның зардабын тартқан азамат­тардың мәселесіне жанашыр болу үшін: “Семей-ЯП” қоғам­дық қорын ашуға тура келді. Биыл екі жылға аяқ басса да, аталмыш қордың өзіндік қара­жаты, кеңсесі, құрал-жабдық­тары, өзіндік көлігі болмаса да, біраз мәселені шешуге талпынып едік, бар­лығы қара­жатқа келіп тірелді. Осы полигонның зар­дабын тарт­қан, Астана қала­сында тұрып жатқан белді кәсіп­керлер, банктер осыған жәр­­дем­дессе дейміз. “Семей-ЯП” қоғамдық қорының нақты­лы алынған тізімі бойын­ша, Астана қаласында по­ли­гонға қа­тысты бес мыңға жуық адам тұрып жатыр. Үкімет тарапынан оларды соғыс мүгедек­терінің гос­пи­таліне тір­кеген. Ондағы емдеу орта­лығының мүм­кін­діктері шектеулі. Сон­дықтан елор­дада арнайы емдеу орталығын ашса жақсы болар еді. Болатбек ӘБДІКӘРІМ, Астана қаласындағы  “Семей-ЯП” қоғамдық қорының төрағасы.