29 Қыркүйек, 2010

Кешір мені, әке!

1089 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Ағайын аза­мат, аға тұтып жүрген Бақ­берген келді қиылып. – Әкем Құдас Жүнісбеков Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Со­ғыстан жараланып орал­ған. Ұзақ жылдар бейбіт еңбек май­данында жұмыс істеп қайтыс бол­ды. “Алек­сандр Невский” және “Қызыл Жұл­дыз” орденде­рімен ма­ра­пат­тал­ған. Әкем туралы рес­пуб­ли­ка­лық басылым бетінен сөй­лесеңіз екен. Міне, мате­риалы... – Мақұл. Ақсақалдың еңбегі бар екен, – деймін мен. Інім Жамбыл келді сұранып: – Өзіңіз “Егемен Қазақ­стан­ға” күнде жарияланып жатасыз. Менің әкемді де бір шы­ғар­са­ңызшы. Өзіңіз білесіз, ол кісі, яғни Талқа Әйменов Жеңіс пара­ды­на қатысқан қазақ. Бір ма­териал аттанып кетіп еді. Ана Жан­­болат ағаға айт­са­­ңызшы. Кезінде “Лениншіл жаста” бес жыл бірге жұмыс істепсіздер. – Тамаша, – деймін мен. – Екі қа­зақтың бірі Жеңіс парадына қатысып па?! – Қатысқан жоқ қой. Қырық жыл қырғында да адам бақыты деген болады. Бес жыл соғысып, одан аман шығып Жеңіс пара­дына қатысу, одан елге оралып жар сүйіп, біздің өмірге ке­луімізге себеп болу... Қалай дегенде де бақытты әкенің жолы. Де­реу телефон тұтқа­сын көтеремін. – Жәке, а, Жәке!... Батыр Боранбаев інім телефон­дай­ды. – Ағаңыз Ұлы Отан соғы­сы­ның 65 жылдығына аман жетті. Қала әкіміне айтып бір үй әпер­се­­­ңізші. Баспаналы болып қалайық... Айтып тұрғаны өз әкесінің жайы. Мен үнсіз қаламын. Не істейін енді? Үшеуінің де өтініші мен уәжі орынды. Орын­да­сам жарасарлық. Орындармын да. Бірақ, осы өтініштер мені ерік­сіз әкеме деген сағынышқа же­те­леді. Есіме өз әкем түсті. Әкем, яғни Ер­гө­бекұлы Сәрсен. Алты жа­сымда қай­тыс болған жан. Жан әкем! Мен тү­ріңнің өзін еміс-еміс қана елестете ала­мын. Тіпті елес­тете алмаймын десем де бо­ла­ды. Өйткені жасым кел­­ген са­йын елес бұлдырап са­ғым­ға айналып барады. Бала күнгідей анық та қанық сурет болып көрін­бей­ді. 1904 жылы туған болып сана­лады. Дәл қай жылғы екенін өзі де білмейтін шығар. Әкесі Ергөбектің қора-қопсысына от тиіп, тіпті бірер азаматы да жанып кеткен қаралы күндері нағашы­сының малын бағуға жалданған пақыр бала. Ергөбектің бірінші отбасына жай түсіп соқа басы сопайып қалғанда 56 жастағы сақалы сапсиған шалға Сейдін есімді 15 жасар қызын (Сәрсеннің шешесі) беріп, содан үзілген өрмек жалғанып, ұрпақ сабақталғанын да ұмытпақ емес. Ергөбек отбасын қа­йын­­жұртының бұл екінші құтқаруы. Нағашы­сы­ның малын бағып жүрген ақын­та­лап бала енді есімді жинадым ба деген сәтте туған ағасы, Қа­ра­тау­дың күнгейі мен теріскейіне түгел ақ­ындық, сал-серілік даңқы кең жа­йылған – Түкібай (Көпен Әмір­бек­тің атасы. – Қ.Е.) 26 жасында жүйрік аттан құлап мертігіп, үзілген жұлын жалғанбай аз-маз күн жатып көз жұмған соң ақ­­ындық талаппен біржолата қошт­а­сып, шаруаға айналған-ақ екен. Қарт әке, аңы­раған ана, мерт бол­ған қыршын аға Түкібайдың от­басы, жесірін ала жүріп, өзі де тү­тін түтетіп, Гүлбар­шын есімді сұлу сүйіп, енді ба­қыт­ты бо­лармын де­ген сәтте соғыс оты бұрқ ете қалыпты. Соғыс! Аты ғана зілді емес, заты да ауыр-ақ. Қырғын. Кісі өлтіру, мүм­­кін өзі өлу. “Өзі сұран­баған” секіл­ді. “Отан қорғау ке­рек”. Соғысқа алып кет­кен. Со­ңы­на алаң­дай-алаңдай кетіпті, мар­құм! Әке Ергөбек қартайып, мұң­дық ана – Сейдін күйіктен өлген. Кенже інісі – Оразбек жас, қарын­дасы – Қа­лампыр бойжетіп келеді. Тетелес інісі – Дүйсен шойын жол­да. “Броны” бар. Соңына сол Дүйсен қарайлар! Қан майданға Отырардан аттанып бара жатқан Сәрсен ойындағы бар медет – осы! Бірақ... Бірақ, аға медеті – Дүйсен де ұза­май: “Ел басына күн туғанда шо­йын жолда отыра алмаймын қа­тын-қалашқа бастық болып...” – деп соғысқа аттаныпты өзі сұра­нып! Содан хабарсыз кетті. Ал, әкей май­данда қан кеше жүріп Еділ бо­йында ерлік көрсетіп “Ста­лин­град­ты жаудан азат еткені үшін” медалін өңіріне тағыпты. Жау қолына түсіп, аза­бын көріп, атуға алып бара жат­қанд­а, қыр асып, түн жамылып, орман паналап аман қалыпты. Құдайдың қаққаны. Кенигсберг түбінде түнгі барлауға шығып, совет жауын­герлерін жайпауға арналып құрылып жатқан дзоттың айналып қыр жел­кесінен түсіп гранатасын лақты­рыпты. Келе­сі­сіне өзі авто­матымен қойып кет­кен айқай салып. Жау да қарап жат­сын ба, жастығын ала өлген. Дзот құртылды. Сәрсен жауын­гер­ді ауыр жараланып, өлі мен тірі ара­сында та­лық­сып жатқан же­рі­нен жо­рық­тас­тары тауып алып, санитарлық бө­лімде дәрігер­лер оны жарық дү­ниеге қайта әкеліпті. Ай жатып, жыл жатып, сүйретіліп ауыл­ға қайтыпты. Біздің көрер жары­ғы­мыз бар шығар... “Әй, соғыс әді­лет­сіз ғой, әйтпесе маған геройлық соңымнан іздеп келсе керек...” – деп отырады екен. Со­ңы­нан “Қызыл Жұлдыз” ордені жі­беріліпті. Анамыз Би­бі­ғайшаға үй­леніпті. Үйелмен-сү­йелмен бір ұл, бір қызы үй айналып жүре бастап шетіней береді екен. “Құдай бізді құрамауға айналды ма?” – деп жылап жүріп көрген 1950 жылы жарық дүниеге келген ұлына 90 жасқа келіп алжып өз атын ұмытып қалып отырған аңшы-саяткер Бе­р­сін­бектің (Ол қазір “Егемен Қа­зақ­стан” газетінің фото суретшісі. – Қ.Е.) есімін беріпті. Со­дан үш жыл өтіп, анамның үш күн, үш түндік ауыр да азапты толғағынан кейін жел­тоқ­сан­ның долы бораны азынап жылаған 26-ы күні Сайрам ауда­ны­ның озат шо­паны отбасында жарық дүниеге мен келіппін. Ме­нен кейін Сайран, Сапар де­ген­дей... Әкей кенже ініміз Сапар­бек­тің алты айлық кезінде 1959 жылы о дүниелік болды. Соғыс зардабы алып тынды ақыры. “Жеті жерінде ойылған жара бар еді. Қара­қо­тырланып келе жатып, қайта су­ланып жамаған жері іріп жүре беретін...”–деп еске алады 92 жастағы анам Бибіғайша! ...Ана жылы, Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдары жұрттың бәрі Ел деп емініп, Жер деп тебініп, айқасып, болмағанда айқайласып жатқан бір алакөбең тұста пысы­қай­лар атасының атына ауыл, әкесінің атына көше, қора-қоп­сы­сына шеше атын дегендей қойып, қойғызып жатты емес пе?! Кластас досым Әметбекұлы Бақыт­тың қолында да билік тұрды сол жылдары. Ол маған телефон шал­сын. “Осылай да, осылай, көлденең көк ат­тының бәрі әкесінің атына көше қойғызып жатыр. Шалға да бір көше берсек. Сен біздің әкімге телефон шала салсаң. Қалғанын өзім бітіремін”. Бізді ойлай жүрген кластас досқа риза болдым. Алайда, ыр­қында кетпедім. “Рахмет, Бәке! Ізгі ниет екен. Бірақ, керегі жоқ. Менің әкемнің аудан­ға бәлендей еңбегі сіңді деп ой­ла­маймын. Сен ол кісіні көрген жоқ­сың. Білмейсің. Сен түгілі мен өзім де білмеймін әкемді. Озат шопан бо­лыпты. “Сәрсен қора”, “Сәр­сен асуы”, “Сәрсен құдығы” ата­­­латын жер­лер бар. Оларды көр­генмін. Ха­лықтың әкеме берген атауы, тартқан сыйы, қойған ес­керт­кіші. Сол жетеді. Керек болса ба­­сына ескерткіш те соға алмай ке­лемін. Енді өз қолым өз аузыма жетті ме деген тұста замана былай құ­­былып кетті. Есесіне тәуел­сіз­дігімізді алдық. Түп атам – Құр­ман, арғы бабам – Баянды көрме­ген, атам – Ергөбек, әкем – Сәр­сен көрмеген тәуелсіздік. Сол Тә­уел­сіз­дігімізді баянды етейік. Әкені ойлай­тын уақыт емес қазір, Бәке!” Ақымақ ұлдың өз пайдасын білмейтін ақымақ сөзін естіген досым телефон тұтқасын орнына қойды...Не ойлады өзі біледі. Ал, менің ол кезгі сөзім альтруизмнен аулақ шынайы патриоттық сезім болатын. Эгоистік пиғыл отаншыл­дық ойды басып, жаншып өтіп алға шығып кетерін ол кезде, оллахи-биллахи, білгенім жоқ! Енді ойлаймын ғой баяғы. Бақ­берген, Жамбыл, Батыр інілерімнің өз әкелері туралы өтініштері әлг­ін­дей. Олардың әрекеті дұрыс, әрине. Бірақ, бірақ менің бір кезгі ше­шімім ше? Жұрттың әкесі – әке де, менің әкем – кім сонда? “Со­ғыс­ты” деген дақпырт, қантөгіс аты­мен қанша адам марапатталып жатыр. Бір-бір көшеде аттары те­мірге шегеленіп қой­­­ылған. Осы ме­нің шешімім – соғыс көрмеген буынның психо­ло­ги­я­сы болып жүр­­­месін? Иә, біз со­ғыс­ты көрмедік. Дулат Иса­бе­ков­тің “Біз со­ғысты көрмедік” пове­сін оқы­ғанда да Ду­лат буынын іштей аяп: “Олар соғысты көрген екен, біз соғыс­ты көрмедік”, – деп түй­генмін. Ж­а­қында досым Дидахмет Әшім­­ха­новтың “Жет­піс апа” аталатын тамаша әң­гімесін оқып шыққан соң нілдей бұ­зыл­дым. Әңгімені оқып шыққан соң Ди­дахметтің со­ғыс­ты көргеніне еш күдіктенбедім. Ал, тамаша әңгі­менің авторы – Ди­­дах­мет көрген соғысты онымен қа­тар­лас, қарай­лас мен қалай көр­ме­генмін?! Ди­дахмет со­ғысты көрсе – менің со­ғыс көр­меуім мүмкін емес. Тіпті ме­нің қа­ным­да Ұлы Отан соғысы жауын­ге­рінің қаны ағып жатқан жоқ па?! Соғысқа қатыспаса, денесі күл­парша болып талқан­да­лып кетпесе, әкем менің ұзақ жасар ма еді, қайтер еді?! Ол кісі бәл­кім соғысқа ерлік жасау үшін бармаған болар. Алайда, жаудың екі дзотын қатар қиратып, өз жорықтастарын сақтап, әрі оятып, жорыққа бас­тауы аз ерлік пе бір кісіге?! Соғыс зар­да­бынан ерте өлген жоқ па ме­нің әкем?! Соғыс болмаса, әкем со­ғысқа қатыспаса, соғыс зар­дабынан ерте көз жұм­баса, бал­ды балалық шағым зарлы да жарлы балалық шақ болып өтер ме еді?! Жо-жоқ, біздің буын да соғыс көріпті... “Әкемнің еңбегі ауданға сіңген жоқ” деп кісімситін мен кіммін сонша? Өзімнің бір­деңе ши­май­лап атым шық­қанын әлде­қандай қылғаным-ау бұл? О, астамшы­лық, сен қайдан келдің менің бойыма? Қайдан ғана ұя салдың ойыма, атың өш­кір мен­мендік! Егер жақ­сылы-жа­манды қолға қалам ұстап жүрсем сенің арқаң емес пе, әке­­тайым?! Ауыр тұр­мыс­қа бай­ланысты, соғыс зардабына қарай сенің бойыңда бүр жарып тұ­рып, көктей алмай қалған да­рын емес пе мені алға сүйреп әде­биет атты киелі әлемге әкел­ген?! “Еңбегі жоқ!” Аста­пы­рал­ла! Мен бұл сөзді қалай айттым екен? Төрт жыл герман соғысына жа­нын беріп, жарымжан тәні сүй­ре­тіліп қайтқан кісіден қандай “еңбек” талап етіп отырмын, мен? 1945-1959 жыл­дары Отырар, Түр­кістан, Сайрам атты үш аудан­ның малын баққанда алдына шопан түсір­меген жан­пи­далығын қайда қойдым, құ­дай-ау?! Асыл тұқымды қошқар баққысы келіп сөз салған, пара жүгірткен жандарға “Сәрсен өлмей асыл тұқымды қошқар отарын ешкімге сеніп тапсыра алмаймыз” дейді екен колхоз­дың орыс нә­сілді басшы­лары. Бұл атақ емес пе, даңқ емес пе? Бәлкім жо­ғарыдағы “Сәрсен асуы”, “Сәр­сен қора”, “Сәрсен жай­лауы”, “Сәрсен құ­дығы” сияқ­ты сұрап алмаған жер атау­лары әкемнің осындай ақ-адал еңбегіне берілген шығар. “Ауыс­па­лы Қызыл Ту” мен “Мақтау қағаз­дары” әкемнің абыройлы еңбе­гінің көрсеткіші емес пе?! Осының бәрін көре-біле тұра “әкемнің еңбегі сіңбеген” дегенім не қылғаным?! Әкемнің біздің алдымызда жал­ғыз “кінәсі” болса – ол өмір­ден ерте кеткені. Бірақ, өмір де, өлім де – кісінің өз қолында ма екен?! Олай емес қой. Ал­ла­ның қолында! Рас, әкеден жас­тай қалып, ардақты әке бейнесін көзге елес­тете алмай­тын шы­ғар­мыз. Оның үстіне жалғыз ғана сурет сақталып қалыпты. Жас болдық буыны бе­кімеген. Ор­ден, медаль кітапша­ла­рын сақ­тай алмадық. Анамыз қан­шама ақылды бола тұра хат таны­май­тын кісі. Оның үстіне са­ры­ауыз ба­лапан кезімізде басымызға қаншама қара бұлт үйірілді?! Төрт бірдей балапанын “қа­нат­тыға қақтырмаймын, тұмсық­тыға шоқтырмаймын” деп Би­біғайша ана бізді Арыс қала­сындағы төркініне ала қашты. ... Шоқша сақал сары шал әне, мал санап тұр. Міне мені көтеріп атқа мінгізді. Төлдерге ие бола ал­мағаным үшін бопсалап шыбық­пен бір тартты. Малға қасқыр тиді деп атып шығып атқа мінді. “Мына ит адам емес ұры екен ғой. Қазына малына қол сұқ­қаны несі?” Ол әлдекімге ренжіп отыр. Ақ көйлек, ақ дамбал сары тап­танған күйінде сұлық жатыр. Не­шеме күн? Інісі Әмірбек ау­данға шапқылап ерулі атпен дәрігер алып келді. Ол ине салды. Әкем терең дем алды да жүріп кет­ті. Анамның дауыс салғаны, інісі Әмірбектің егіліп тұрғаны. Міне, әкем жайлы бар елес осы ғана! Жо-жоқ, болмайды екен. Ер­тең­нен бастап Москва маңындағы Подольскідегі әскери ар­хивке хат жазып ерлігіңді куәландыратын құжат жинаймын. Ер­лігіңді елге паш етермін, жан әке! Кешір мені, әруақ! Құлбек ЕРГӨБЕК, Түркістан.