29 Қыркүйек, 2010

Төрағалықтың тамаша табысы

915 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті: – Осы тарихи міндетті ел есінде қалатындай етіп жақсылап өткізу арқылы өзіміздің, Астананың, мемлекеттің сондай саммитті өткізу қабілеті бар екенін білдіру керек. Бұл тағы да біздің елдің дәрежесін көтереді, Қазақстанды дүние жүзіне таныта түседі. Жалпы,бұл тарихи шешім — бүгінде Қазақстанның ғаламдық қауіпсіздіктің ұйытқысына, татулық пен тұрақтылықтың кепіліне, бейбітшіліктің берекелі белдеуіне айналғанының айғағы. Турасын айтсақ, төрткүл дүниеге төрелік айтып келе жатқан Қазақ елі Азия және ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет беделді Ұйымның Саммитін өткізеді. Саммит өткізу қазақстандық төрағалықтың басты басымдығы болып табылады. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жетекшілік жасар алдында “Ұйымға реформа жасаймыз, таптаурын жолмен жүрмейміз, қолдан келгенше өзгерістер енгіземіз”, деп мәлімдеген еді. Ванкуверден бастап Владивостокқа дейінгі алып географиялық аймақтағы елдер кіретін ЕҚЫҰ Саммитін өткізу, ортақ келісімге келу оңай мәселе емес. Дегенмен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесі 3 тамызда тарихи шешім қабылдады. Енді біз осы үдеден шығуға тиіспіз.

Қап тауындағы жанжал қайдан шықты?

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға­лы­ғындағы батыл әрі шешімді қадам­дарының бірі – Қап тауындағы “со­зылмалы сырқат” деген атауға ие бол­ған этносаралық жанжалдардың рет­те­ліп, қарсыластарды келісімге кел­тіруге ық­пал етпек болған қадамдары. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мем­ле­кеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев осы мақ­сат­тар­мен жылдың басында-ақ Қап тауындағы елдерге сапар шеккен болатын. Грузия – Осетия “сырқатының” сыры Сол сырқаттардың бірі – Грузия аумағындағы грузин-осетин және грузин-абхаз арасындағы кикіл­жіңдер. Құқықтық тұрғыдан алғанда бір елдің аумағында болғанымен, іс жүзінде бұлар үш жақты тартыс болып отыр. Енді осы тартыстың тарихына тоқталып көрейік. Бұл жанжалдардың тамыры өте тереңде. Ол тіпті кешегі кеңестік ке­зеңде де емес, одан бірнеше ондаған ғасыр бұрынғы тереңге кеткен. Қап тауы малға да, жанға да жайлы, жұмсақ климатты, жайлы өңір болғандықтан, онда адамдар ежелден тығыз қоныстанған. Сондықтан түрлі халықтардың, соның ішінде әртүрлі діндерге сенетін, тілі басқа, ділі басқа адамдар арасында жерге, суға таласу мұнда ежелден қалыптасқан. Қап тауы азаматтарының ес біліп, етек жапқаннан қанжар тағынып жүруі де ежелден дәстүрге енген. Басқа тау халықтарындай емес, бұлар қызуқан­ды, шетінен ержүрек, намысшыл бо­лып келеді. Бала саны көп болса да, көршілерімен жиі қантөгіске түсетін бұлардың кейбірінің саны мүлде көбеймеген. Оның үстіне өзара, тай­пааралық тартыстар, қанды қанмен жуу сияқты келеңсіз салттар да Қап тауы халықтары санының өсуіне кедергі келтіріп келген факторлар. Қап тауының солтүстігін ежелден мекендеген халықтардың бірі – осе­тин­дер. Олар осы жерді мекендеген ежелгі абориген халықтар мен кейі­нірек келген скифтер, сарматтар (б.з.б 8-1 ғғ.) және көбінесе аландардың (б.з. 1 ғ-нан бастап) араласуынан түзілген халық деп есептеледі. Орыс жылнамалары бойынша олар 15-18 ғасырларда дербес халық болып қа­лыптасқан. Осетиндердің арғы тегі Батыс Еуропа, шығыс деректеме­лерін­де аландар, грузин деректеме­ле­рін­де осалар, орыс деректемелерінде ястар деп аталған. Осетиндердің көпшілігі христиан, азшылығы ислам дінін тұтынады. Бірақ тілдері бір. Олардың жалпы саны жарты млн.-нан артық. Жер көлемі КСРО за­ма­нынан орыс пен грузин республи­ка­лары аумағына қарағандықтан, екіге бөлініп кеткен. Соның ішінде Грузин КСР аумағында қалған осетин жері 1922 жылдың 20 сәуірінде Оңтүстік Осетин Автономиялы облысы болып құрылды. Оның жер көлемі 3,9 мың шаршы шақырым, халқының саны 1990-жылдары 130 мыңдай адам бо­ла­тын. 1989 жылғы санақ бойынша об­лыс халқының 66 пайызы осетин­дер, 28,9 пайызы грузиндер болған. Қай күнде аз санды ұлттардың көп сандыларға өкпесі болып тұрады. Оның үстіне негізгі билік қолдарында тұрған көп сандылар азшылықтың талабына ішінара мұрнын шүйіре қараса, өкпе-наз үдей түседі. Соның ішінде ұлттық құндылықтар мен мүд­делердің жеткілікті дәрежеде қор­ғал­мағандығы да мұндағы араздыққа май құя түскен тәрізді. Осы себептермен осетиндер мен грузиндер арасында ұзақ жылдар бойы бітеу жараға ай­налған кикілжіңдердің қордаланып келгенін ешкім жасыра алмайды. Ал Ресей Федерациясы құрамында қал­ған аумақтағы осетиндер Солтүстік Осетия АКСР болып құрылған еді. Оның өкілеттігі көбірек болғандық­тан, Солтүстік Осетиядағы қандас­тары­ның ұлттық дүниедегі жағдайы біршама тәуір болған сияқты. Кеңестік тоталитарлық режімде өкіметтік тоқпақпен бұқтырылып келген кикілжіңдер горбачевтік демо­кратия кезеңінде жалт етіп, жарыққа шықты. 1989 жылғы қарашада Оңтүс­тік Осетия автомиялы облысының депутаттар кеңесі өздерін авто­но­миялық республика деп жариялады. Оны Грузин КСР-інің орталық билігі мойындамап еді, депутаттар кеңесі керісті одан әрі ұлғайтып, 1990 жыл­дың 20 қыркүйегінде өздерін Кеңестік Демократиялық Республика деп жа­риялап жіберді. Сонымен бірге, Ұлт­тық егемендік туралы декларация да қабылдады. Республиканың жоғары билігімен санаспай, халықтың бола­ша­ғына жауапкершілікпен қарау жағы кемшін болған бұл шешім өздерін тұтастай КСРО құрсауынан бөліп алуға бағыт алған грузин өкіметінің ша­мына қатты тиді. Сөйтіп, 1991 жыл­дың қаңтар айынан алғашқы гру­зин-осетин соғысы басталды. Цхин­валиге грузин милициясы мен қор­ға­ныс гвардиясы енгізілді. Үш аптаға со­зылған қырғын соғыстан соң, КСРО ішкі істер әскерінің ара­ла­суы­мен екіжақты келісім жасалып, грузиндер әскери күштерін Осе­тиядан шығарды, ал осетиндер өздігінен жа­риялаған демо­кратиялық республика дегеннен бас тартып, бұрынғыша ав­тономиялы облыс мәртебесіне қайта оралу туралы шешім қабылдады. Бірақ енді гру­зиндер илікпей қойды. Республи­каның Жоғары кеңесі Осетия авто­номиялы облысын мүлде таратып, оны Грузияның бір аймағы деп тану туралы шешім шығарды. З.Гамсахур­дияның кезінде осы маңда өмір сүрген грузин князі Магабелидің құрметіне “самагайло” деп, ал Э.Ше­вар­днадзенің кезінен бастап “Цхи­нвал аймағы” деп аталды. Сол кезден бері екі жақ өзара иліккен емес. Кейбір Ресей дереккөздеріне қа­ра­ғанда, бұл жердегі осетиндер сол­түстіктегі (қазіргі Алания) жерлерінен көшіп келгендер. Мәселен, академик Н.Ду­бравин (1837-1894): “Малозе­мель­ность была причиной, что часть осетин переселились на южный склон гл. Хребта и добровольно отдала себя в кабалу грузинских помещиков. Заняв ущелья Большой и Малой Лиахви, Рехулы, Ксани и ее притоков, осетины стали крепостными князей Эриставо­вых и Мачабеловых. Эти переселенцы и составляют население так называе­мых южных осетин”, деп жазды. (Н.Дубравин, “История войны и владычества русских на Кавказе, т.1, с.187, Спб., 1871). Грузия президенті Михаил Саака­швили де Цхинвал аймағы мен Абха­зия туралы: “Это – наши люди, наша территория, которая называется Гру­зия, и никогда по-другому называться не будет”, деп мәлімдеді (2005 жылдың 11 наурызындағы брифинг). 1992 жылғы сәуірде КСРО ІІМ-нің ішкі әскерлері мемлекет тараған себепті Цхинвалдан әкетіліп, қару-жарақтары келісім бойынша оңтүстік осетиндерге берілді. Күш алған олар грузин тарабына мойын бұруды мүлде қойып, солтүстік қандастарымен бірі­гу туралы референдум өткізді. Өз мемлекетінің аумақтық тұтастығын сақтауды көздеген Грузия өкіметі бұл шешімі үшін Цхинвалиді артиллерия­дан атқылауға мәжбүр болды. Екі­жақты атыс 1992 жылдың 14 шілде­сіндегі Грузия мен Ресей арасындағы Дагомыс келісімінен кейін ғана тоқ­татылып, кикілжіңдер аймағына ресей­лік, грузиялық және осетиндік деп аталатын 3 батальоннан тұратын бітімгершілік әскерлері енгізілді. Олардың әрекеті Бірлескен бақылау комиссиясы (ББК) деген атау алған ұйымның басқаруымен жүргізіліп отырды. Осы жылдарда кикілжің аймағында 2-ден 4 мың аралығында адамдар қаза тауып, бірнеше мың адам босқындыққа ұшырады. Қазір Оңтүстік Осетияның, грузин жағының тілімен айтқанда, Цхинвал аймағының халқы ресейлік ақпарат құралдарының деректеріне қарағанда, 72 мың адам, орталығы Цхинвалидің тұрғындары 43 мың. Аймақ тұрғын­дарының 64 пайызы осетиндер, 25 пайыздайы грузиндер, қалғаны орыс, армян, еврей және т.б. ұлт өкілдері. 2006 жылы мұнда тәуелсіздік туралы референдум және президент сайлауы өткізіліп, Эдуард Кокойты пре­зидент болып қайта сайланды. Әри­не, Грузия жағы да, көптеген ха­лық­аралық ұйымдар да мұндай ре­ферендумның легитимді емес екенін жариялаған. Осы кезде облыстың Грузия жағы бақылайтын аумағында да президент сайлауы болып, онда Д.Санокоев жеңіп шықты. Осы Са­нокоевты Грузия президенті М.Саака­швили өзінің жарлығымен Цхинвал аймағы уақытша әкімшілі­гінің басшысы етіп тағайындады. Бірақ ол артынан қастандық салда­рынан өлтірілді. Осы жылы Грузия парламенті Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан Ресейдің бітімгершілік күштерін шығару туралы қарар қабылдады. Бірақ ол орындалған жоқ. Күрделене түскен кикілжің Осынау шағын санды халықтың проблемасы қазір үлкен әлемдік мәселеге айналып отыр. Егер кикіл­жің тек грузиндер мен осетиндер арасында ғана болса, бәлки оған соншалықты мән берілмес еді. Бірақ қазір кикілжің ол шектен әлдеқайда асып, дүние жүзі қауымдастығын қатты алаңдатуда. Әсіресе, бұл проб­лемаға Ресей Федерациясы сияқты қолында ядролық арсеналы бар алып ел белсенді түрде араласып, тірескен екі жақтың бірін бөле-жара қолдап, кикілжіңнің тамырын тым тереңдетіп жібергені әлем қауымдастығы алдында күрделі сыбаға тартты. Ресейдің белсене араласуына себеп болған 2008 жылдың тамызын­дағы 5 күндік соғыстың тұтануына да бір жақты баға беруге болмайды. Оның бір ұшын Ресей мен Грузия арасындағы салқындықтан, әсіресе, соңғы жылдарда қатты бұзылып, қырғи-қабақтық деп айтуға болатын қатынастардан іздеген абзал. Шын мәнінде, көптеген көлденең көз мамандардың айтуына қарағанда, ресейлік офицерлер бұйрық беретін осетин әскерлері тарапынан шілде айының аяғында-ақ арандатушылық әрекеттер үнемі болып тұрған. Мә­селен, АҚШ Мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары Мэттью Брайзе Грузия соғыс әрекеттерін бастаған жоқ, керісінше, оған оң­түстік-осетиялықтардың кесірінен тартылды дегенді айтты. “Конфликт начался не 7 августа с удара Грузии по Цхинвали, который мы действи­тельно считаем ошибкой, но это на­чалось гораздо раньше из-за про­вакаций югоосетинских вооруженных отрядов, находившихся, между про­чим, под командованием российских офицеров” деп жазды ол. Осындай пікірлерді айтқандар көп болды. 2008 жылы “бір оқ шығармай” Аджарияда орталық өкіметтің билігін қалпына келтірген, одан кейін бақылауға бағынбай жүрген Сванетия аймағында тәртіп орнатқан Грузия президенті М.Саакашвили ендігі кезек Ресеймен шекаралас Абхазия мен Осетия жерінде орталық биліктің үстемдігін орнатуды көздегісі келгені аян. Алдымен ол түн мезгілдерінде үнемі түрлі атыстардың болуына жол беріп, адам шығындарын тыя алмаған БКК әрекетінің тиімсіздігін қатты сынға алды және сол күні оның құ­рамынан Цхинвалидегі өз өкіметінің өкілдерін кері шақыртып алды. Және дәл сол 2008 жылдың 7 тамызы күні заң жүзінде өз аумағы деп саналатын Оңтүстік Осетияда немесе Цхинвал аймағында конституциялық тәртіпті қалпына келтіруді көздейтіндігін жариялап, әскер кіргізді. Оған осетин жағы қарулы қарсылық көрсетті. Қанды қырғын басталып кетіп, Осе­тия жағы көмек сұраған соң, әрі он­дағы “өз азаматтарын қорғау мақса­ты­мен” Ресей әскерлері де мемлекет­тік шекарадан өтіп, Грузия аумағында “бес күндік” деп аталған соғыс жүргізді. Қазір ресейлік БАҚ “бес күндік” соғысқа толығымен грузин жағы кінәлі екендігін дәлелдеумен келеді. Біздің мақсат олардың пікірінің қан­шалықты дәйекті екендігін айыруды көздемегендіктен, тек Грузияның осы аймағында және ішкі аумағындағы “бес күндік” деп аталған соғысты негізінен Ресейдің 58-ші армиясы жүр­гізгенін еске саламыз. Бұл армия­ның әрекеттері Осетия аймағынан асып, Грузияның орталық аудандары­на дейін жетті. Соның ішінде Гори қаласы мен оның төңірегі басып алын­ды. Ал Тбилиси, Манеули, Поти қалаларына әуе­ден шабуыл жасалды. Екінші жағы­нан Батыстағы Абхазияға да әскер ен­гі­зіліп, Грузияның Қара теңіз фло­ты­ның біршама бөлігі суға батырылды. Халықаралық құқықтық норма­ларға сәйкес екі жақ әрекеттерінің бағасын ЕҚЫҰ да берген. Онда Гру­зияның біршама тұрақты режімде тұрған аймаққа үлкен күшпен басып кіргендігі заң­сыз деп табылды. Ал Ресей тарапы­ның “өз азаматтары мен осетиндерді қорғаймын” деп Осетия аумағынан шығып кеткен әрекеттері, әсіресе, азаматтық нысандарды бом­балағаны, сонымен бірге, Батыс Гру­зиядағы әс­кери әрекеттері толығымен айыпталды. Грузин-абхаз кикілжіңі туралы аз сөз Енді грузин-абхаз кикілжіңіне де біршама тоқтала кетелік. ХІХ ғасырдың басында Ресей империясы христиан дініндегі халық­тарды түріктердің құлдығынан құтқа­рамыз деген желеумен Қап тауына сұғына енген сәттерінде ислам дінін тұтынатын Абхазия князьдігі Осман империясының “езгісінен” қашып, орыстармен одақтас болуды еш ойла­ған емес болатын. Керісінше, онда өздерін басып алған орыс патша­лы­ғына қарсы 1866 және 1877 жылдары көтерілістер ұйымдастырды. Аса қатал, тағылық шаралармен басылған бұл көтерілістерден кейін абхаз хал­қының едәуір бөлігі (кейбір дерек­терде 60 пайызға жуығы) Түркияға қоныс аударуға мәжбүр болған. Сөй­тіп, Абхазия жері Кутаиси губерния­сы делінетін әкімшілікке бағынды­рылды. Табиғаты барынша әсем, бос қалған көрікті өлкеге орыстар, армян­дар, грузиндер қоныстандырылды. Осында қалған абхаздарды күштеп шоқындыру шаралары да жүргізілді. Абхазияға, әсіресе, Грузияның көрші орналасқан Менгрель, Картли аудандарынан қоныс аударушылар көптеп келді. 1918 жылы Абхазия Грузия Демократиялық Республикасының құрамында деп танылды. Кейін Абха­зия Кеңестік Социалистік Респуб­ликасы мәртебесіне қол жеткізді, бірақ Сталин 1931 жылы оны Грузия КСР-і құрамындағы автономиялы республика мәртебесіне түсіртіп тастады. Абхазия халқы Кеңес Одағы жылдарында-ақ Грузияның құрамы­нан шығуға бірнеше рет талпыныс жасады. “Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар” демекші, Грузия құрамында болу жәйлі болса, халық көтерілмес еді ғой. Абхаздар өздерінің ұлттық мүдде­лерінің Грузияның орталық өкіметі тарапынан аяққа басылып отырғанына наразылықтар білдірген еді. Соңғы наразылық 1978 жылдың мамыр-қыр­күйек айларында болған. Ал гор­бачевтік демократия басталған жылдар­дан бұл үдеріс тіпті үдеп, Абхазия Грузияның құрамынан күшпен шығуға бет алды. Сол 90-шы жылдардың басынан басталып, ұзаққа созылған кикілжіңнің, оның ара­сында 1992-93, 1998 және 2001-жыл­дардағы қарулы қақтығыстарды ескер­сек, бұл аймақта екі жақтың өзара түсінісуі болмағанын көруге бо­лады. Солардың салдарынан Абхазия іс жүзінде Грузияға бағынбай, дербес аймақ болып келді. Ал 2008 жылғы “бес күндік” соғыстың нәтижесінде ол тіпті бел алды. 2008 жылғы 26 тамызда Ресей басшылығы Оңтүстік Осетия мен Аб­ха­зияны тәуелсіз ел деп таныды. Сон­дай-ақ оларды Никарагуа Республи­касы, Венесуэла мен Науру Респуб­ликасы танитындығын жариялады. Қазір Абхазияның халқы 216 мың, грузин деректері бойынша, 178 мың адам. Мемлекеттік тілі абхаз тілі бол­ғанымен, орыс тілі онымен тең дәре­же­де қолданылады. Сауда-экономи­ка­лық айналысында Ресей рублі қол­данылады. Халқының көпшілігі хрис­тиан, азшылығы ислам дінін ұстана­ды. Гагра, Пицунда, Жаңа Афон, Сухум сияқты курорттық қалалары мен ондағы ем орындарының даңқы алысқа кеткен. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен алғашқы күнінен ұйымның жауапкершілік аумағындағы осы тә­різдес созылмалы сырқаттарды рет­теуге тырысудан бұғып қалмай, кері­сін­ше, бұрынғы төрағалықтарға қара­ғанда осы бағыттағы жұмыстарды бел­сенді жүргізе бастады. Үстіміздегі жылдың көктемінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын атқарудағы алғашқы қорытындыларын қарастыр­ған Мәскеуде болған халықаралық дөңгелек үстелде жаңа төрағаның осы бағыттағы жұмыстарына жоғары баға берілді. Мәселен, отырыста МГИМО-ның посткеңестік зерттеу орталы­ғының директоры С.Чернявский созылмалы сырқаттарды шешу бары­сында еуропалық қауіпсіздік жүйесін еуразиялық жүйемен ұштастыра қарау керек. Ал бұл бағытта қазақстандық ұсыныстар өте тиімді сияқты, дей келіп, осыған орай ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстан­дық төрағалық ұйымға жаңа тыныс, жаңа серпін беруге ұмтылады деген сөзін ауызға алды. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев созылмалы сырқаттар мәселесін қарастыру бойынша өзінің арнаулы өкілін тағайындаған болатын. Қазір ол мүдделес жақтармен белсенді диалогтар жүргізуде. Төрағаның өзі ЕҚЫҰ-ның созылмалы сырқаттарды шешуге нақты әсер ететін тетіктері жоқ консультативті орган болғандық­тан, қандай да бір нақтылы нәтижеге қол жеткізуінің қиын екенін үнемі айтып келеді. Сонымен бірге, ол созылмалы сырқаттарды реттеудің жал­ғыз рецепті – келіссөздер ғана екенін атап көрсеткен. Кез келген күш қолданудың мәселені тұйыққа тірегеннен басқа еш пайдасы жоқ, дейді Іс басындағы төраға. Жақсыбай САМРАТ. Қасықтап жиналған беделдің қайтарымы Желтоқсан айында Астанада өтетін Еуропа одағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Мемлекет басшыла­ры­ның саммитін үлкен үмітпен күтіп отырмыз. Оншақты жыл­дан бері бас қоспаған елдер бас­шылары үшін кеңесіп шешетін мәселелер де қордаланып қал­ған­дай. Ал жұмыр жердің бетінде “ыстық нүктелер” де, эколо­гия­лық то­сын жайлар да жиілеп тұр. Тіпті, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер ара­сында да келісімі табылмай жүр­ген түйінді мәселелер бар­шылық. Солардың барлығын жібек жіп­тей тарқатуға ұмтылыс Қазақ­станның бастамасымен өтетін Саммиттің еншісіне тиіп отыр. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төр­аға­лық міндетін атқару Қазақ­станға берілген үлкен баға мен сенімнің көрінісі. Кеңес Одағы құрамында болғанда жер жүзінің барлығы да үлкен державаны Ресей және орыстар деп қана білді. Еліміз тәуелсіздігін алған кезде де Қазақстанды дүние жүзі бірден тани қойған жоқ. Халық­аралық қауым алды­мен елімізді емес, Елбасымызды таныды. Нұрсұлтан Назар­баевтың сұңғы­ла саясаткер екенін қазір азуын айға білеген елдер басшы­лары­ның барлығы да мойындайды. Соның арқасында Қазақстанның да мерейі үстем болып келеді. Ол тіп­ті саясаткерлер арасында ғана емес, өмірдің басқа сала­сы­нан да білінеді. Америка, Англия, Фран­­ция, Италия, Жа­пония, Қытай, Ресей сияқты мойны озық елдердің барлығы да Қазақ­станға болашағы зор мемлекет деп қарап отыр. Кең бай­тақ же­рі­міз, табиғи мол байлығымыз бар екенін танытудың арқа­сында сырттан қаншама инвестиция тартылды. Қазір ел­дің эконо­ми­касы жақсы деңгейге көтеріліп келеді. Дегенмен, байлығымызды шикізат күйінше пайдаланбай, сыртқа арта бермей, оны өңдеуге басымдық беру мақсатында Прези­дентіміз бен Үкіметіміз бар мүмкіндікті жасап жатыр. Елде өн­дірістік-инновациялық бағдар­ла­малар жасалды. Ішкі жалпы өнімнің көлемі артты. Шикізат өңдеуге басымдық беру үшін кадрлар мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Қазір дүниенің түкпір-түкпірінде “Болашақ” бағдарла­ма­сымен үш мыңдай жастары­мыз білім алуда. Сонымен қатар, жақында қабылданған білім бе­ру, денсаулық сақтау салаларын­дағы ұзақ мерзімді бағдар­лама­лар жобаларында да кадр мәсе­лесіне көп көңіл бөлінген. Ауыл ша­руашылығы мен ауылды көтеру үшін де инвес­ти­ция­лық жобалар жүзеге асырылып келе­ді. Жас мамандардың ауыл­ға баруы үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Халық­ара­лық бедел­ді ұйымға басшылық жасап отырған Қазақ­станның өз ішінде де осындай толымды жұмыстар атқарылуда. Ал ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мем­лекет басшылары саммиті­нің Қазақстанда өтуі елімізге әлі де дүние жүзіне таныла түсу мүмкіндігін береді. Қазақстанды, оның бейбітшілікті темірқазық етіп ұстанған саясатын таныған сайын еліміздің беделі артады. Ал бедел алу – бұл еліміздің ер­тең­гі зор болашағы, асатын асу­ла­ры деген сөз. Оның жақсы қай­тарымы да болады. Қазақ­станды таныған, оған оң көз­қара­сы бар алпауыт елдер еліміз экономикасының көтерілуіне инвестиция құяды. Экономика көтерілген кезде әлеуметтік сала да дамиды, халқымыздың тұр­мыс-тіршілігі жақсара түседі. Қазақстанның танылуына Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтара­лық, дінаралық татулыққа, тө­зім­ділікке үндейтін саясаты ерек­ше ықпал етті. Қазір жер жүзінде бақуатты елдерде де, Қырғызстан сияқты терең дағдарысқа ұшы­ра­ған елдерде де дәл осы төзімділік пен татулық жетпей жатыр. Ел­ба­сымыз бес саусақтай жұмылу­ды, бірігуді әр кездесуінде, ха­лықтың арасында болғанда айтып отырады. Қазақ “бір күн береке кеткен үйдің қырық күн несібесі кемиді” дейді. Аштық­тан да, жаугершіліктен де, со­ғыстан да халқымыз бірігіп қана аман қалған. Желтоқсан айында өтетін халықаралық саммитте өзгелер біздің жас мемлекеті­міз­дің даму, өмір сүру тәжіри­белерімен таныс болады. Тұлға сияқты мемлекет беделі де жақсы істерімен, еңбекпен келеді. Қазақстан осындай тұғырға көтерілді, саммит оны тағы да белгілеп, бекітіп айтатын болады. Кең байтақ жері бар Қазақстан үшін қажеттің бірі де осы. Сәбит ЕСМҰРАТОВ, М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор. Қостанай. Бәріміз үшін үлкен сын Астанада Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мы аясында саммит өтетіндігі ха­лық арасында мемлекетіміздің қол жеткізген жетістігі ретінде ба­ғаланып жүр. Бұған дейін 11 жыл өтпеген саммитті ұйым­дас­тыру Қазақстандай бейбітшілік сүйгіш мемлекет үшін зор мәртебе екендігі анық. Мұндай аса ірі халықаралық жиын өткізу мемлекетіміз үшін не береді дегеннен гөрі, әлемдегі күрмеуі тарқатылмай жүрген проблемалардың шешілуіне жағ­дай жасалатындығын айтқан орын­ды болар. Халықаралық ұйым­дар, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшылары отырып ке­ңесетін мәселелер аз емес. Мә­селен, қазақпен төскейде төсі, етекте малы қосылып жатқан қырғыз мемлекетіндегі жағдай алаңдатпай қоймайды. Қазірдің өзінде ел ішінде іріткі салушы­лар­дың қолдан ұйымдастырған осы жанжалын ұлтаралық ерегіс, қантөгіске жеткізуге ынталылар көбейіп тұр. Мысалы, Ауған­стан­дағы қарумен мұздай қару­лан­ған өзбек радикал күштерінің бас­шысы бітімгершілікті ағайын­шы­лықпен емес, автоматпен ше­шуге даяр екендіктерін мәлім­деді. Қауіпсіздік – әлем үшін өте шетін мәселе. Экономикалық-экологиялық және әскери-саяси мәселелер де жалпы еуропалық ұйымның араласуын қажетсінеді. Дүние жүзі дағдарыстың құр­сауы­нан толық құтылған жоқ. “Жы­ғылғанға – жұдырық” де­ген­дей, көптеген мемлекеттер зілзала, тасқын су сияқты апат­тардан ауыр зардап шегіп жатыр. Миллиондаған отбасылар әрі қарай қалай өмір сүрерлерін біл­мей, әлемдік қоғамдастыққа жал­тақтайды. Осындай жағдайда маңызы, беделі жөнінен БҰҰ-дан кейін тұратын Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымына зор сенім артады. Ал, сол төрде Қазақстан отыр. Саммит осы күрделі мәсе­лелерді түгелдей шешіп тастама­ғанымен, жағдайды жақсартуға септесетіндігі сөзсіз. Мұндай жақсы мысалдар бар. Қазақстан Тау­лы Қарабақ мәселесінің жү­гін жеңілдетіп, армян мен әзір­бай­жан бауырлардың арасы­на дә­некер болды. АҚШ пен Ауған­стан президенттерімен же­ке-жеке кездесіп, американ әс­кер­лерінің ауған территория­сы­нан шығары­луына ұйытқы болуда. Ауғанстан адам баласына өлім рухын себетін есірткінің отанына айналып отырғаны жасырын емес. Азып-тозған елге оны жойып, ауыл шаруашы­лығын көтеру ұсынылды. Жалаң сөз айтпай, ауған экономикасын көтеруге белсенді талантты жас­тарды Қазақстанда оқыту үшін 1 мың грант бөлінді. Әрине, грант өз жастарымызға да қажет. Бірақ, тіршілігі шайқалған, даму бағы­тын айқындай алмай отыр­ған елге көмектесу – адамзат алдын­дағы қасиетті борыш. Қазақстан қанша қиын болса да осындай қадамдарға барды. Дүние жүзі сарапшылары Елба­сы­мыздың тәуекелшілдігіне, алғырлығына, бітімгершілігіне, сарабдал саясатына сүйсінеді. Бұл халқымыз үшін де мақтаныш болса керек. Жалпы, мемлекеті­міз ТМД елдері ішінен тұңғыш рет осындай іс-шараны өткізіп отыр. Саммит – барша қазақ­стан­дықтар үшін үлкен сын болмақ. Оның жауапкершілігін бәріміз түсінуіміз керек. Лесбек ТАШИМОВ, А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің президенті, академик. Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы.