Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысындағы жұмыс сапарының екінші күнін Тараз қаласындағы әлеуметтік бағдарламалармен танысудан бастап, Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының Жамбыл облыстық филиалы мен Тараз қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесі орналасқан жаңа ғимараттың ашылу салтанатына қатысты.
Пайдалануға енді ғана беріліп отырған бұл заманауи ғимарат тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып салынған. Жалпы алаңы 482,6 шаршы метр болатын ғимаратта зейнеткерлік істер мен жәрдемақы құжаттарын сақтауға болады, сондай-ақ, мұнда “бір терезе” тәртібі бойынша бір мезгілде 28 адамға қызмет көрсетіледі. Мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай туғызу жағы да ойластырылған.
Аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлына тиесілі, бірақ КСРО әскери бюрократиясының кесірінен 50 жылға жуық уақыт арман болған Кеңес Одағының Батыры атағын Кремль басшыларынан қазақ халқының еңсесін көтеріп, елдігін асқақтату үшін алып берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені белгілі. Ендеше, халық жүрегіндегі сол қаһарман перзенттің 100 жылдығы аталып өткен өңір орталығының төрінде тұрған батыр ескерткішіне Елбасы тағзымы заңды деп білеміз. Абай және Төле би көшелерінің қиылысындағы облыстық драма театрының алдында ерлік пен өрліктің ұранындай болып, қасқайып тұрған еңселі ескерткішке келген Елбасы батыр рухына тағзым етіп, осында өзін күтіп тұрған қала тұрғындарымен, ардагерлермен емен-жарқын әңгімелесті.
Президенттің бұдан кейін атбасын бұрған нысаны “Жасыл ел” бағдарламасы шеңберінде қолға алынған көп пәтерлі үйдің ауласы болды. Мемлекет басшысы үйдің ауласын көріп, ондағы жаяулар үшін жасалған жол мен оның көмкермелерінің, асфальттың жаңадан істелгеніне, сондай-ақ, әткеншектерге, гүлзарларға, ойын кешендеріне назар аударды.
Күні бүгінге дейін облыста 42 аулалық аумақтың жұмысы аяқталып, 14 спорттық, 67 балалар, 62 шаруашылық және 17 теннис алаңы салынған. Оларға қажетті 15 733 метр көмкерме ауыстырылып, 77596 шаршы метр асфальт төселіп, 420 орындық қойылған. Үстіміздегі жылдың соңына дейін Тараз қаласында 65 аула тәртіпке келтіріледі. Сөйтіп, алдағы 3 жылда облыс орталығындағы барлық аулаларды заман көшіне лайық жаңалау жоспарланып отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа облыс әкімі Қанат Бозымбаев осы ауладағы балаларға арналған жасанды жасыл төсеніші Голландияда жасалған футбол алаңын көрсетті. Заман талабына сай жасалған шағын алаң аймақтағы футболды дамыту шеңберінде қолға алынған оныншы нысан болып табылады. Үстіміздегі жылы облыста балалар үшін осындай 20 алаң жасалатын болады. Сондай-ақ, аймақта 20 бокс залының құрылысы қолға алынған.
Мемлекет басшысы Жамбыл облысында халықты спорттың бұқаралық түрлеріне тарту жөніндегі тапсырмасына сай нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанына ризашылығын білдірді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ендігі бағыты “Инвестиция. Инновация. Даму.” деп аталатын бизнес-форум болатын. Облыс орталығындағы М.Х.Дулати атындағы мемлекеттік университетінің Жастар сарайында өткен бизнес-форум алдында облыс басшылары Елбасын ел дамуын жеделдете түсетін үдемелі индустриялық-инновациялық жобалармен таныстырды.
Шетел инвесторлары, даму институттары және Жамбыл облысының жеке кәсіпкерлері арасында іскерлік әріптестік, экономикалық алыс-беріс жөніндегі түсіністік жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мысалы, Жамбыл облысының экономикасын дамытуды жеделдету мақсатында және аймаққа инвестициялар тарту үшін ынтымақтастық туралы 5 келісімге, ынтымақтастық туралы 2 меморандумға, 1 экспорттық келісімге және 1 қарыз келісіміне қол қойылған. Қол қойылып, ресімделген мұндай құжаттар Италиядан, Франциядан, Испаниядан, Ресейден және Ираннан келген әріптестермен байланысты нығайтуға жағдай туғызды. Атап айтқанда, Жамбыл облысы әкімдігі мен Ресейдің “Русгидро” ААҚ арасында гидроэнергетиканы, жел энергиясын және жаңғырмалы энергияның басқа да түрлерін дамыту саласындағы ынтымақтастық нақты істерге ұласып отыр.
Сондай-ақ, облыстық әкімдік пен ирандық “Диба Сан” компаниясы басшылығы қой шаруашылығын дамыту және агроөнеркәсіп секторында бірлескен жобаларды жүзеге асырмақшы. Мал бордақылау алаңы мен жем-шөп базасын жасау жөнінде Малайзияның ұлттық ірі қара шаруашылығы корпорациясымен де жұмыстар жүргізіліп отыр.
“Тараз” ӘӨК пен испандық “Контракта Техникал Ресорсес” компаниясы арасындағы ынтымақтастық бірегей мамандандырылған шетелдік техникалар мен қондырғыларды әкелуге ұйытқы болуда. Дилерлік орталық ашу және кейін оны мамандандырылған коммуналдық техникаларды құрастыру жөніндегі кәсіпорынға айналдыру туралы “Тараз” ӘӨК пен Ресейдің “Автомобильдер және “Урал” моторлары” ЖАҚ арасында келісімге де қол жетіпті. Италияның “Сефита” компаниясының өкілдері “Фабрика ПОШ-Тараз” ЖШС басшылығымен жіп иіру өндірісін дамытпақшы. Иранның “Диба Сан” компаниясы мен “Казах биф компани” ЖШС арасында ет жөнелту жөнінде келісім де жұмыс істеуге дайын.
Ақпараттық технология саласында ақпараттық технология колледжін ұйымдастыру және инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жөнінде “Зерде” Ұлттық инфокоммуникациялық холдингі мен “Әулиеата” атындағы Жамбыл гуманитарлық-технологиялық университеті белсене жұмыс істеп отыр.
Француздардың “Vіcat” компаниясы мен Жамбыл өндірістік цемент компаниясы арасындағы өзара келісімнің нәтижесін көретін де уақыт алыс емес сияқты.
Жалпы, облыста үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынып, ресімделген құжаттардың жалпы құны 15 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайды. Тең әріптестік негізінде ойластырылған келісімдер аймақтың бәсекелестік әлеуетін өсіріп қана қоймайды, сонымен бірге, өңір өндірісін әлемдік рынокқа шығаруға жол ашады.
Форумға жиналған компания басшылары, іскер азаматтар мен азаматшалар Елбасын өз жобаларымен таныстырды.
Одан кейін Елбасы Жастар сарайы фойесінде тұрып Жаңатас қаласындағы темір қорыту өндірісі компаниясы жұмысшыларымен “телекөпір” арқылы байланысқа шықты.
– Аса құрметті Президент мырза! Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында облысымызда биыл іске асырылатын 9 жобаның ішінде – Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласындағы металлургия комбинаты да бар. Жобаның жалпы құны – 450 миллион теңге. Комбинат қара металл сынықтарын өңдеп, арматура шығаратын болады және жаңадан 60 жұмыс орны ашылады. Өндіріс орны толық қуатында жұмыс істегенде жылына 12 мың тонна арматура өнімдерін беріп, республика көлеміндегі құрылыс жұмыстарына пайдаланылатын болады. Мұндай жобалардың жүзеге асуы шалғайдағы аудандар мен шағын қалалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартудағы маңызы зор, – деген Сарысу ауданының әкімі Бекболат Орынбеков Елбасынан “Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, өндірісті іске қосуға рұқсат етіңіз” деп сұраған.
Елбасы рұқсат берген сәтте экраннан зауыт цехындағы жұмысшылар мен балқыған темір, одан арматура болып шығып жатқан өнімдер көрінді.
Жаңатас металлургиялық зауыты қара металдың сынықтарын қайта өңдеу арқылы металл прокатын шығаруға бағытталған. Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы ішкі рынокты металл прокатымен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі. Оның өндірістік қуаты жылына 36 млн. тонна болмақ. Жобаның құны – 450 миллион теңге. Диаметрі 10,12,14 және 16 см. болатын арматуралар мен басқа да өнімдер сұранысқа көптеп ие болуға тиіс деп күтілуде. Зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталып, технологиялық қондырғылар дер кезінде орнатылды. Жаңатастықтармен “телекөпір” арқылы тілдескен Елбасы, оларға табыс тілеп, аймақта темір қорыту зауытынан басқа да шағын өндіріс орындарын көбейтіп, халықты жұмысқа көптеп тарту керектігіне назар аударды. Өйткені, оңтүстік өңірде халық санының көптігінен жұмыссыздар мәселесі болатынын, ал оны тек қана шағын бизнес арқылы жеңу мүмкін екенін айтты.
Облыс әкімі Қанат Бозымбаев бизнес-форумда Елбасына 2011-2015 жылдары Жамбыл өңірін дамытуға арналған бағдарлама жобаларын айтып берді. Жамбыл облысында ең басты басымдықтар химия өнеркәсібіне, агро азық-түлік секторына және жеңіл өнеркәсіпке беріледі. Мысалға, агро азық-түлік секторын алатын болсақ, мұнда негізгі стратегиялық ынта сервистік дайындау орталықтарын құру мен дамытуға, тұқым шаруашылықтарын, көкөніс сақтау орындарын құруға, санитарлық-ветеринарлық қызметті жақсартуға, бордақылау алаңдары жүйесін көбейтуге, дайындау жөніндегі инфрақұрылымдарға, мал өнімдерін алғашқы өңдеу мен сақтауға, қайта өңдеу қуаттарын модернизациялауға, сондай-ақ, суландыру жүйесін пайдалану сапасын арттыру мен реконструкциялауға, тамшылатып суарудың озық әдістерін ендіруге аударылады. Бұл шараларды жүзеге асыру бүгінгі дәстүрлі ауыл шаруашылығын және ауыл шаруашылығы өнімдерін алғашқы қайта өңдеуден 2015 жылға дейін қазіргі заманғы инновациялық ауыл шаруашылығына және ауыл шаруашылық өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуге жол ашады.
Химия өнеркәсібінің әлеуеті де орасан мол. Елбасы бұл жөнінде осыдан бес жыл бұрын облысқа келген сапарында өңір байлығын “Жамбыл – фосфордың отаны” деп бағалаған болатын. Сондықтан алдағы уақытта жылына 650 тонна өнім шығаратын күкірт қышқылы цехының құрылысын жүзеге асыру (жоба құны – 12 млрд. теңге) және жылына 2 млн. тонна өнім шығаратын байыту фабрикасы (жоба құны – 25,5 млрд. теңге) жоспарлануда.
Бұдан басқа “ЕвроХимУдобрения” ресейлік компаниясы Қаратау қаласында (жоба құны – 394,5 млрд. теңге) азоттық, фосфорлық және кешенді минералды тынайтқыштар шығару жобасын жүзеге асыруды жоспарлауда. Бұл жоба аймақ үшін жүйе құраушы болып табылады, шығарылатын өнімнің көлемі жылына 150 млрд. теңгеден асып, бюджетке жылына салық пен басқа да төлемдерді қосқанда 15 млрд. теңгедей түсіреді.
Жамбыл облысындағы жеңіл өнеркәсіп көтеретін жүк те көп. Бұл сектор аймақ экономикасына айтарлықтай үлес қоса алмағанымен, өнім шығарудың 0,14%, экспорттың 1,1% және жұмысқа тартылғандардың 0,5% құрайды да, олар, негізінен жүн және тері өнеркәсібіне қамтылады.
Сонымен қатар, облыста биязы жүнді қой өсіруге қолайлы жағдайдың тууы, салаға мемлекет тарапынан қолдау көрсету, халық табысының өсу шамасының өрлей түсуі және өндірістік қуаттардың өсуі (мысалы, “Фабрика ПОШ – Тараз” және “Таразкожобувь”) облысымызда топс, яғни шүйке өндіруді, аяқ киім және теріден тігілген аксессуарлар өндіруге жағдай жасай бастады. “Фабрика ПОШ – Тараз” ЖШС-нің бұйымдары жүн өнімдерінен жасалады. Бұл саланы дамытудағы стратегиялық ынта болып табылатын – жүн бұйымдарын өндіруді дамыту, биязы жүнді қой басын арттыру, ірі шаруашылықтарды дамыту, тұтынушылар аяқ киімін, теріден жасалатын аксессуарлар өндірісін бәсекеге қабілетті етіп құру, өнім сатудың орындары мен технологиясын дамыту, өндірістік қуаттарды жаңартуға назар аудару болып табылмақ.
Бұдан басқа, алдағы жылдардың стратегиялық бағыттары ретінде барлық елді мекендермен көліктік қатынас орнатуды қамтамасыз ету, жүк тасымалдаушылар паркін жаңарту, жол жамылғыларын жақсарту, автосервистер құру және дамыту, көлік-логистикалық орталықтарын, қойма ғимараттарын салуды атап айтуға болады.
Облыста баламалы электр қуатын дамыту ісі де қолға алынбақ. Өйткені, облыс желдік және гидроэлектростансаларды дамыту бойынша үлкен әлеуетке ие. Бұдан басқа тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, халық арасында қуат сақтағыш технологияларды енгізу жұмыстары жүзеге асырылады деп күтілуде.
Үстіміздегі жылы облыста “Энерджи-Тараз” ЖШС қуат сақтауға ыңғайлы шамдар шығаруды бастады, олар бұрынғыларға қарағанда 60% үнемді деп есептелуде.
Облыс әкімі Елбасы назарын өңір экономикасының өзекті проблемаларының бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сумен, газбен жабдықтау болып табылатынына да аударды. Тұрғын үй қорының негізгі бөлігі қанағаттанғысыз жағдайда және жөндеуді қажет етеді. Сондықтан облыстың тұрғын үй-коммуналдық секторында бүгінгі апатты жағдайдан 2020 жылға шығынсыз, энерготиімді және 2015 жылға қолжетімді, үмітті ақтайтын, қауіпсіз кезеңге өтетін негізгі шаралар жүйесі белгіленген.
Оқуды дамытудың негізгі бағыты жеке ынта есебінен мектепке дейінгі оқуды жеткілікті қамтамасыз ету, бәсекелестікке төзімді жоғары білімге, сапалы мектептік дайындыққа, икемді және тиімді еңбек рыногын жасау негізінде кадрларды тәрбиелеу жүйесіне бағытталған.
Денсаулық сақтау саласының негізгі міндеттері болып перинетальды және балалар медицинасының қолжетімділігі, емдеу ұйымдарының кадрлық, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуі, саламатты өмір салтын күшейту болып табылады.
2015 жылға арналған стратегияны жүзеге асыру нәтижесінде мынадай жағдайларға қол жеткен: 2009 жылға қарағанда халықтың жан басына шаққандағы өсімі 2 есеге жуық, экономика саласында еңбек ететіндер 630 мың адамға жеткен немесе 16%, өмірдің ұзақтығы – 70 жас, жеке инвестициялар көлемі – 350-380 млрд. теңге, шетелдік инвестициялар жан басына шаққанда 5,5-5,7 мың теңгені, экспорт 1,4 млрд. АҚШ долларын құрайды.
Қанат Бозымбаев сөзінің қорытындысында осындай күш жұмсаудың нәтижесінде халықтың тұрмыс деңгейі өсетінін, сөйтіп бизнестің халықаралық бәсекелестік рейтингінде жоғары орындардан көрініп, еліміздің оңтүстік аймағының дамуында көшбасшы болуға мүмкіндік бар екендігін атап көрсетті.
Бизнес-форум тізгінін қолына алған Елбасы облыста іске асырылған жобалармен бірге түрлі кедергілерге тап болып, екі жылдан бері жүзеге аспай келе жатқан жобаларға да ерекше тоқталды. Соның бірі – ресейлік “ЕвроХимУдобрения” компаниясына байланысты мәселе. Шынында ә дегенде тау қопарардай болып келген “ЕвроХимУдобрениенің” екпіні әртүрлі деңгейдегі, әртүрлі мемлекеттік дәліздердегі кедергілерден кейін бәсеңсіп қалған болатын. Бірақ экономикалық әлеуеті зор, жүйесі дүние жүзін шырмап алған алып компания кедергі жасалып жатыр екен деп “көшке берген тайлағын” сұраған жоқ. Тиісті министрліктермен, жергілікті билікпен тіл табыса отырып, жұмыс жүргізуді жалғастыра берді. Міне, Елбасы елге керек осындай инвесторларды кеудесінен итергендей болып отырған жоғары лауазымды шенеуніктерге қарата ондай басшылармен жұмыс істесе алмайтынын ашық айтты. Сөйтіп, “ЕвроХимУдобрения” мәселесін бір ай ішінде шешіп, оның ел экономикасын көтеру үшін жасамақ болған жобасына кедергі жасамауды қатаң талап етті.
Бизнес-форумды қорытындылаған Елбасы, Жамбыл облысындағы жағдайға тоқтала келіп, негізінен, облыстағы атқарылып жатқан жұмыстарға жақсы баға берді. Тараз қаласының тазалығына, көшелер мен аулалардың жаңара бастағанына ризашылығын айта келіп:
– Істеліп жатқан жұмыс көп, ал істейтін жұмыс одан да көп. Жамбыл облысында қант қызылшасы алқабының көлемі бір кездерде 16 мың гектарға дейін жеткен. Бүгінде ол 2 мың гектар ғана. Ал бұл өңірде қант қызылшасы мен жүгері өсірудің ең тәжірибелі мамандары болған. Біз осыны қайта қалпына келтіруіміз керек. Қазір біз қантты да, қант өндіретін шикізатты да сырттан сатып алып отырмыз. Біз сүтті сатып алмайық деп елде сиырларды көбейтіп жатырмыз, етті сатып алмайық деп мал бордақылайтын кешендер жүйесін салып жатырмыз, ал бұрын көкөністің 30 пайызын шығаратын болсақ, қазір соңғы 3 жылдың ішінде 70 пайызын шығаратын болдық. Демек, халыққа қажетті нәрсенің бәрін өз елімізде қолға алуға болады. Сондықтан, осының барлығын облыстағы 9 үдемелі индустриялық-инновациялық жоба шеңберінде қарастыру керек. Егер осының барлығы іске асатын болса, яғни Жамбыл облысының өнімі 2 есеге артатын болса, өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайы да жақсы жаққа қарай бет бұратын болады.
Ендігі жылы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлаймыз. Бұл – қазақтың тарихында ешуақытта болып көрмеген той. Ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің 20 жылдығы барлығымыз үшін өте зор, ең үлкен қуаныш болуы керек. Бірақ оған құр қуанып қана қоймай, “қандай тартулармен келуіміз керек?” деп ойланып, іске кірісу қажет. Менің ойымша, барлық облыс орталықтарын, қалаларды, аудандарды, ауылдарды ретке келтіру керек. Жастарды солай қарай тартып, баулу керек. Әр ауыл өзінше жаңару жағдайын ойласын. Бұған ауыз су, мектеп, аурухана, көше, үй тазалығы мен сол үй төңірегіне жасыл желек өсіруге дейін кіреді. Әйтпесе, неміс пен орыстардың ауылдары жап-жасыл, тап-таза болып тұрады да, қазақтардың ауылдары тоқал таммен отырады. Қашанғы жиырмасыншы ғасырда жүреміз? Кейбіреулер айтады дейді, “ана ағашты шауып тастаңдар, шыбын үймелейді” деп. Сондықтан, бәріміз жұмыс істеуіміз керек, 20 жылдықты жақсылап қарсы алуымыз керек.
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты Елбасы тапсырмасы Жамбыл өңірінде айтылғанмен, оны жалпы қазақстандықтарға арналды деп түсіну керек. Жалпы, Жамбыл облысын ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына зор тартулармен келуге мүмкіндігі мол деуге болады. Биылғы жылдың алғашқы жартысында құрылыс материалдары мен гранит бұйымдарын шығару өндірісі мен өндірістік негізде гүл өсіру сияқты екі ірі жоба жүзеге асты. Енді үстіміздегі жылға жоспарланған сегіз жоба бар. Оның төртеуі Елбасы назарына ұсынылды. Олар: “Мыңарал Тас Компаниясы” ЖШС-ның цемент зауыты, “Тараз металлургиялық зауыты” ЖШС-ның темір қорыту өндірісі, “Запчасть” АҚ электр-металлургиялық шағын-зауыт құрылысы және “Амангелді ГПЗ” ЖШС-ның шикі мұнайды қайта өңдеу зауытының құрылысы.
Жалпы, Жамбыл облысында алдағы уақытта 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болса, оның ішінде елімізді индустрияландыру картасына облыс әкімдігі 3 жобаны ұсынып отыр. Қала мен ауылды көріктендіру, көгалдандыру жұмыстары да осындай үлкен істерден бастау алса керек.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.