Осы тақырыпта Жалағаш аудандық мәдени-сауықтыру кешенінде облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Сыр аймағындағы ауыл жастарының слеті өткізілді. Жыл сайынғы дәстүрге айналған жастар слетіне үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық қозғалыстың көшбасшыларынан жасақталған 200-ге жуық жас қатысты.
Жиналған жастар қоғамның қозғаушы күшінің әлеуметтік-саяси белсенділігі мен азаматтық, патриоттық сезімдерін арттыру, ауылдың гүлденуі мен дамуындағы жастардың үлес салмағы және “Дипломмен – ауылға” жобасын жүзеге асырудың тиімді жолдары сынды үш бағытта секцияларға бөлініп, жұмыстар жүргізілді. Үш бағыттағы секцияларда жоғарыдағыдай белгіленген тақырыпта баяндамалар жасалып, жастар күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты өз ойларын бүкпесіз баян етті.
– Қазақстанның кемел келешегі жас ұрпақтың қолында, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Руслан Рүстемов. – Елбасымыз жыл сайынғы жолдауларында тәуелсіз еліміздің ертеңі – жас өркендерге ерекше назар аударып, олардың өзекті мәселелерін мемлекеттің қолдауы арқылы шешуге баса көңіл бөлуде. Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы 2011 жылды “Жастар жылы” деп жариялады. Халықаралық деңгейдегі ұсынысқа үн қосуды мұрат тұтқан Сыр аймағы жастары осы слетті өткізіп отыр.
Слетке қатысушылар Сыр аймағында атқарылып жатқан жұмыстармен егжей-тегжейлі таныстырылып, алда тұрған асқаралы міндеттерден хабардар етілді. Слетте ауылдың мәдениеті, ауыл шаруашылығы, спорт, денсаулық сақтау және білім беру үздіктері марапатталды.
Слет барысында сөз алған жастар өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ашық айтып, облыс жастарының ортақ мүддесін көздейтін үндеу қабылдады.
Еркін ӘБІЛ,
Қызылорда облысы,
Жалағаш кенті.