Әділет министрлігінде өткен брифингте министрліктің ресми өкілі Е.Ерімбет жеке куәлік алу барысында қалыптасқан жағдай туралы баяндады.
Соңғы кездері азаматтардың жеке басын куәландыратын құжат дайындау барысында қалыптасқан жағдай көпшілік тарапынан орынды наразылық туғызуда. Осыған орай Е. Ерімбет мұндай жағдайдың неліктен орын алып отырғандығын түсіндіретін бірнеше себептерге тоқталды. Оның алғашқы себебі жеке идентификациялық нөмір алуға байланысты халықтың жаппай арыз беруі. Ел азаматтарына құжаттарын ЖИН бар жаңасымен ауыстыруға және алуға осыған дейін 3,5 жыл уақыт берілген болатын. Өкінішке орай, халықтың көпшілігі 3 жыл бойы жайбарақаттық танытып келіп, қалған аз уақыт ішінде асыға бастады. Статистикаға сүйенсек, ЖИН бар жаңа құжаттармен ауыстыру туралы заң қабылданған 2007 жылы 50 мың азамат өтініш білдірген, ал 2008 жылы – 144 мың, 2009 жылы 104 мың азамат жаңа ЖИН бар құжат ауыстыруға өтініш тапырған. Ал соңғы 6 ай ішінде бұл сан 900 мыңнан асып жығылған көрінеді.
Өткен жылдан бастап енгізілген пластикті электронды чипі бар жеке төлқұжат үлгісі көлемі тұрғысынан өте ыңғайлы және басқа да артықшылықтары бар. Ал үшінші себеп – Еуроодақтың визалық кодекс қабылдауы. Жаңа кодекске орай мерзімі 10 жылдан асып кеткен паспортқа Шенген визасы берілмейді. Соңғы жарты жылда құжат ауыстыруға берілген өтініштердің саны – 1 млн.600 мың. Қазіргі күні паспорт пен жеке төлқұжат берілген 640 мың өтініш өндірісте жатыр. Ал бүгінгі таңда күн сайын министрлікке 5,5 мың арыз түседі екен. Осы орайда айта кетер жәйт, еліміздегі жеке төлқұжат пен паспорт дайындайтын 2 зауыттың мүмкіндігі тәулігіне 6 мың төлқұжатқа және 3 мың паспортқа ғана жетеді.
Жоғарыда аталған себептер бойынша, паспорт пен жеке төлқұжатты тез арада дайындауға байланысты өтініштер уақытша тоқтатылды, сондай-ақ ол қолданыстағы заң бойынша белгіленген 2 ай ішінде дайын болмақ. Бұл амалсыздықтан туындап отырған уақытша шара. Келесі жылдан бастап куәлікті дайындауды жеделдетудің 3 категориясы да қалпына келтіріледі.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.