Кеше Бас Прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болды, онда сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы күрес, Сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік туралы Еуропа Кеңесінің тұжырымдамасына Қазақстанның қосылуы, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және құқық қорғау қызметін ғылыми жағынан қамтамасыз ету, браконьерлікке қарсы күрес мәселелері қаралды.
Үйлестіру кеңесі талқылау нәтижелері бойынша Қоршаған ортаны қорғау және Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктер қызметіндегі сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуға және олардың жолын кесуге бағытталған қосымша тиімді шаралар қабылдау қажеттігі туралы шешім қабылдады.
Қолданыстағы заңнамаларды жетілдіру шеңберінде осы салада Қазақстанның Сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершілік туралы Еуропа Кеңесінің тұжырымдамасына қосылуының орынды екендігі атап өтілді.
Қызметкерлердің біліктілігін, құқық қорғау қызметін ғылыми жағынан қамтамасыз етудің тиімділігін арттыру мәселелерінде құқық қорғау органдарының өзара әрекетін жақсарту үшін Үйлестіру кеңесі жанынан Құқық қорғау органдары қызметін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету орталығын құру ұсынылды.
Сондай-ақ, Үйлестіру кеңесі Орал-Каспий бассейніндегі броконьерлікке қарсы күрестің тиімділігін одан әрі арттыруға және құқық қорғау органдарының осы саладағы әрекеттерін үйлестіру жөніндегі шараларды күшейтуге бағытталған шараларды белгіледі.
“Егемен-ақпарат”.