Кеше Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда “Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне адвокатура жөніндегі өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы талқыға салынды.
Адвокатура институтының базасы құрылғанымен, оның әрі қарай дамуы заңдық тұрғыдан әлсіз еді. Енді оның орны толықтырылатын болды. Әділет министрлігі тарапынан әзірленген заңдық құжат осы салаға қатысы бар деген мамандар тарапынан талқыға түсті. Отырысқа үш түрлі тарап өкілдері – адвокаттар, танымал құқықтанушы ғалымдар, халықаралық және отандық үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішев Конституцияның 13-ші бабына сәйкес Қазақстанның әрбір азаматы білікті заңгер көмегін алуға құқылы екендігін айта келіп, алайда адвокатура институты халықаралық стандарттарға сәйкес еместігін ерекше атап өтті. Оның үстіне адвокаттар саны да аз болып тұр. Сондықтан заң жобасымен халыққа заңдық көмек көрсету қызметін арттыру, адвокаттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық және азаматтық істерді қарағанда тепе-теңдік пен бәсекелестік қағидатын сақтау көзделуде. Ең бастысы – адвокаттар заңмен қорғалуы тиіс. Болашақ заңнамалық құжатта осы мәселелер нақты көрініс табулары керек.
Сөйтіп, сараптамалық кеңестің ұсынымдық шешімдері Мемлекет басшысы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелерінің назарына ұсынылып, соңынан Парламент пен Үкімет қарауына жолданатын болады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.