Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі пленарлық отырысының күн тәртібінде алты мәселе қаралып, әдеттегі депутаттық сауалдар барысында Денсаулық сақтау министрінің комотоздық жағдайда ауруханаға түсіп қалуына орай депутаттар өз аландаушылықтарын білдірді.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты болған Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің қаржы полициясы тергеу барысында инсульт (миына қан құйылу) алғаны анықталып отыр.
Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданындағы Тарбағатай, Бидайық, Мәдениет және Қосағаш ауылдарының су құбырлары жүйесін салу барысында көптеген кемшіліктерге орын берілгендігі Нұртай Сабильяновтың сауалына арқау болды. Мысалы, Қосағаш, Мәдениет және Бидайық ауылдарына су тарату жүйесін жаңартуға 2006-2009 жылдары республикалық бюджеттен 514 миллион теңге жұмсалса, ал Аягөз және Тарбағатай елді мекендеріне осы мақсатқа 2007-2010 жылдары 174 миллион теңге шығындалғаны белгілі болып отыр. Депутат осы қаржылардың мақсатты жұмсалғандығын тексеруді сұрайды.
Заң жобаларының ішінен депутаттардың қызығушылығын тудырған Орталық Азиядағы бес ел үкіметтерінің арасындағы Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) және оның ұйымдарының мәртебесі туралы келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасы болды. Депутаттар сұрақтарына жауап берген Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаевтың мәліметіне қарағанда, аталған қордың Атқарушы комитетін Алматы қаласына көшіргеннен бері республикалық бюджеттен 2009-2010 жылдарға жыл сайын 249 миллион 401 мың теңге және филиалын ұстап тұруға 136 миллион теңге бөлініп отыр. Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалуға, Сырдария өзенінің сағасын күшейту жөніндегі жобаның бірінші деңгейіне еліміз тарапынан 21 миллион 290 мың доллар бөлінгені белгілі болды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.