01 Қазан, 2010

Жасын

1204 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Есімі елдің есінде Жұбанағамыз бала кезінен-ақ байсал­ды, бейне бір көсем, көшбасшы болуға жа­ра­тылғандай көрінетін. Сүйегіне ана сүті­мен енген салмақтылығы, сабырлы қал­пы, қуанышта асып-төгілмей, қиын­дықта асып-саспай, төңірегін ұлағат­тылар­мен қор­­­­шауға тырысып, тұрлаулы тұлғаға айналды. Жұбанның келбеті тартымды, бас қон­дырысы үйлесімді, маңдайы кереқарыс, жарқын жүзді, жанары өткір, көзілдірігі ажарын аша түсетін тұңғиық ойының пер­десі тәрізді. Бойы биік, тіп-тік, еңкіш емес, жауырыны жалпақ, иықтары еңселі, сұсы бөлекше, сесі ерекше. Отырысы хан та­ғын­­дағы бекзада секілді. Әдемі бет пердесі, күндей күркіреген, құлақты ашып, сергек­тікке жетелейтін дауысы, қатал үні, желпін­ді, лепті сөз саптауы, аңқылдаған күлкісі, өз сезімін үнемі еркін ұстауы, әділдігі, жо­март, дарқандығы ішкі-сыртқы дүниесі, бүкіл он екі мүшесі оннан-мұннан құрас­тыр­май, тұтас бір материалдан қашап жа­сал­ған монумент іспеттес, тұла бойы тұн­ған күш-қуат, жүргеннің өзінде жай жүр­мейді, басын тұқыртып алып, тротуарды жарып бара жатқандай, сол екпін, сол қуат­пен алдағы бір дуалға, не болмаса қа­быр­ғаға қойып кететіндей көрінетін. Таби­ғатынан тарихи ірі оқиғалардың қалың ортасында жүру үшін жаратылған осы бір дарынды тұлға өзіне жүктелген аса үлкен шаруаларды түгелдей тындыруға жаралған жан екендігін сезінесің. Оның тәкаппарлығы мен шандоздығы өзіне ғана тән еді. Жоқтан өзгеге шыр-пыр бола қалуы, мазасыздануы, тарпаңдық та, маңғаздық та Жұбан мінезіне қонымды, жара­сымды еді. Осы бір қасиеттеріне бай­ла­ныстырып, батырлық пен ақындығына сүйсініп, халық оны өз заманының Махам­беті іспетті таныды, бағалады. Жұбан – жиын-тойдың ақыны емес, қоғамдық өмірдің көшіне басшылыққа, көсемдікке жаралған қайраткер. Оның ақындық ерекшелігі – ұлттық биіктігі. Ол үкілеп жыр жазып, ұлағатты ойлар айтты. Ақын өз өлеңдерімен мінездес. Жұбан жырдариясының қайнар көзі – шығар бұлағы бар. Ол туған топырақ – Ақ-жайық өңірі. Жылдар адам жүзіне әжім түсірсе де асыл поэзияға әжім түсіре ал­май­­­­ды. Ол адамға қажетті ождан мен жігер, қайрат пен ерлікті, намысты өз шығар­малары арқылы адами құнды қасиеттерді ұстанды. Жұбан ақынның сөздері най­зағайдай жарқылдап, күндей күркіреді, кектендірді, ыза қайсарлыққа шақырды. Жұбан – қазақ поэзиясындағы санау­лы шыңдардың бірі. Шұрайлы тілді ақын. Ол Ақын деген атақтың асқақ абыройы мен ауыр салмағын бірдей сезінді. Жұрт­шы­лықты поэзия дариясының эпикалық мазмұнды туындыларымен сусындатты. Оның өлең жолдарында басы артық сөздер жоқ, ой жұмырланып, санаға тез енеді. Әр сөзін абайлап, әр ойын өлшеп, әр сөзін нарықтауға дағдыланып, қазақ тілінің бай қазынасын ұқыпты, ұтымды пайдаланды. Оқырмандарына өзінің ақындық талантын мойындатқан Жұбан қазақтың ұлттық сөз өнеріне елу жылдан астам өмірін арнады. Лирик және эпик ақын есебінде, жалынды публицист, әдебиет ісінің көрнекті ұйым­дас­тырушысы қатарында кең танылды. Оның өлең-поэмалары 60-қа жуық кітап болып басылды. Мұның бәрі – Жұбанның абыройлы өмірінің айғағы. Жұбан сөздерінің қуаты күшті. Сөз кестесі, айбыны Құрманғазының төкпе күй­лері “Адайы” мен “Сарыарқасы” тәріз­ді сезімді тербеп жібереді, үздіксіз тебірен­теді, бойды балқытады, қанды бекітеді, жанды серпілтеді, арманды шалқытады. Жұбан ағаның өлеңді сондай табиғи түрде төгіп сала беретіндігіне мысал ретінде бізге сыйлаған кітаптарына қалдырған бірер қолтаңбасын ғана келтірейін. Кім білген алдағы өмір, ай сандарын, Бір жанмын соқсам – дауыл, жансам – жалын. Батам сол-бақытты бол, қоса ағарсын, Төріңде төбе бидей Жайсаң жарың! МұныЖұбағаң біздің үйдегі Қапия қарындасына жазған еді. Тағы бір кітаптағы қолтаңбасы мынан­дай: Жайықты қалайша мен жай сағынам, Жүрегін жерлестерім жайса ағынан? Күреңдей көкіректе күмбірлетіп, Жыр мініп қайтам талай Жайсаңынан. Осындай шымыр шумақтар, балтала­сып бұзылмайтын ұйқастар “Жұбаға, мына кітапқа қолтаңба қойыңызшы”, деп қолына ұстата салғанда сау етіп төгіле кететініне таңқалатынбыз. Ақынның қай шығармасы да қазақ тілі­нің небір інжу-маржанын шебер қолдана білгендігімен ерекшеленеді. Жұбанды аспандатып ақын жасаған – қазақ тілі. Ол өмір бойы қазақ тілін жырларының өзегі, тиегі, сарқылмас бұлағы етіп қолданып, оны ардақтады, асқақтатты. Жұбан – қазақ тілін қорғап, оның тағ­дырына байланысты мәселені саяси дең­гей­де көтеріп, ресми басшылық алдында ба­тыл үн қатқан азамат, ұлт қайраткері. 1953 жылы “Қазақ әдебиеті” газетінде жұ­мыс істеп жүргенде қазақ тілі мәселесін көтергені үшін Сырбай Мәуленов екеуі қызметтен айырылды. 1966 жылы Жұбан орталыққа әдейі хат жолдап, жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдерін көптеп ашу жайлы мәселе көтерді. Ақын өмір бойы қазақ үнін талайлар ес­тісін, қазақ жырының бұлағы – қазақ тілі­нің тірегі таудай берік болсын, оның те­рең тұнығы лайланбасын, қазақшадан ауда­рылған Абайдың, Шоқанның, Мұхтар­дың дана ойларын, жырларын әлем сімір­сін, сусындасын, дүние халықтары қазақ елі бар, қазақ тілі бар екенін біліп жүрсін деп армандады. Жұбанның тіршілік-тынысы кеңестік қоғамның тіршілік тынысымен өзектес. Ол – кеңес мектебінің түлегі. Бәрі де пенде: ақын да пенде. Аулады ақындар түлкі-жырды қансонарда, О, болашақ, әділ бол! Біздей болма! – деп өлең жолдарының арасына еркіндік ар­ма­нын бөлеп, шындықты араластырды. Жа­ңыл­майтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ дегендей, Жұбан кеңестік заман ағымына ілесіп, хандарымыз бен сұлтандарымызға, ұлт-азаттық туын көтерген Алаш қайрат­керлеріне сын айтқан кездері де болды. Бірақ оларды балағаттамады. Шындық дерті Жұбанның ішінде өсіп-жетіп, бөсірге айналып сыртқа шықты. Жұбан көзінің тірісінде үлкен лауазым­ға ие болды. Қазақстан Жазушылар ода­ғы­на басшылық етті. КСРО Жазушылар ода­ғының хатшысы деген атағы да болды. Қазақ ақындарының арасынан КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болған да бір өзі. Халықаралық жазушылар қоғамдастық­тарының көрнекті қайраткері санатына да иегер. Одақтық мемлекеттік заң билігіне сай­ланып, Жоғарғы Кеңестің депутаты бол­ды, бірнеше жоғарғы дәрежедегі мемле­кеттік наградалармен марапатталды. Қа­зақ­станның халық жазушысы атағымен республикалық Мемлекеттік сыйлықпен әспеттелді. Қазақ халқының асылдары атанған жазушылар: Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Хамза Есен­жанов, Тайыр Жароков, Қасым Аман­жолов, Әбу Сәрсенбаев, Әбділда Тәжібаев Жұбанды өздеріне жақын тұтып, ағалық ілтипат жасап, жақсы көрді. Талантын жоғары бағалады. Қосшыдан басшыға дейінгі дәрежеге жеткізіп таныды. Жұбанның сол кездегі жүйе басшы­ла­рына ұнамай, талай соққы жегені де бар. Бұл жөнінде ақынның ауылдасы, досы, белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Бисен Жұ­мағалиевтің естелігінен үзінді кел­тірейік. “Жұбан 70-ші жылдары “Хатшыға хат” деген бірнеше шумақтан тұратын өлең жаз­ды. ... Бұл өлеңін “Жұлдыз” журналына бер­ген. Сол өлең жарияланған журнал но­мерін әдейі ұстап, Жұбанға шүбә келтіруді ойлағандар ... ертемен партияның Орталық Комитетінің бюро мүшелерінің, Қонаевтан бастап, үйлерінің пошта жәшігіне салып кетіпті. “Жұбанның өлеңіне көңіл аудар­саңыз” деген жапырақ қағаз бар. “Көңіл­дестер” бұл өлең партияның басшыларын даттап, өзін мақтап отыр” деген ұғым тудыруға мықтап-ақ тырысыпты. ...Жұбан өзін олардан артық санайды, өйткені “мен қаламын ақын боп өлгенде де” деп сайрап отырған жоқ па деп даурығыпты. Өлең журнал бетінен сыпырылып тасталды. ... “Мен – қазақпын” поэмасы шық­қанда, Жұбанның соңына түсушілер бол­ған. “Бұл шығарма ұлтшылдықты уағыз­дайды” дегендер де болды”. “Мен қазақпынды” партиялық цензура 6 ай бойы әр жолын ежіктеп оқып, ақы­рында ұлтшылдық сарынға негізделген еш­теңе таба алмай, Мәскеумен кеңесіп, әрең деп жарық­қа шығуына рұқсат етеді. Сөз жоқ, бұл деректер Жұбанның партиялық бақылау астында болғандығын дәлелдейді. “Сел” поэмасы төңірегінде де біраз жа­ғым­сыз әңгіме орын алды. Енді күншілдер поэманың “басшы” деген геройына жар­масып, “Шығарма Қонаевқа арналған, Жұбан баяғы “Хатшыға хаттағысындағы” партия басшысын сынағанын жуып-шайып, Қонаевтан кешірім сұрап, тізе бү­гіп отыр”, деп шуласты. Жұбан жасы­мады, қайсарлығын танытты. “Мен – Қазақпынның” жарыққа шы­ғуына не негіз болды, Жұбанға қандай жағдай бұл туындыны жазуға әсер етті? Большевиктік империяның қол астын­да қазақ елі бар да, еркі жоқ, ұйысқан ұлты бар да, дербестік дәрежеде тұрған мемле­кеті жоқ, ұлан байтақ жері келімсектердің қонысына айналды. Енді не істейміз, атымызды, тілімізді жоғалтып, қазақ ұлты болып тарихи деңгейде тұра аламыз ба? Ұлтымыздың еңсесі түсті, жымысқы сая­сатқа қарсы тұрар қайрат көрсете ал­май, жігері жасыды. Ұлтымыз саяси әлім­жеттіліктен қорғансыздың күнін кешті, ұлтсыздандыру саясатына ызаланды, налыды. 1960 жылы 26 желтоқсанда тың игеру деген желеумен Қазақстанның солтүстік аймағындағы жері құнарлы облыстардың басы біріктіріліп, орталық тың өлкесі – “Целинный край” деген аймақ құрылды. Бұл жер иесі – қазақ хал­қы­ның ықтиярынан тыс істелді. Қазақстан үш өлкеге бөлінді де, тұтастығына балта шабылды. Ақмоланың аты Целиноград болып өзгерді. Далада мал өрісі қысқарды. Қазақ малдың орнына таяқ ұстады. Құла түз қалтырады. Дінін, ділін жоғалтты қазақ. Мектептер тек орыс тілінде оқытып, қазақ тілі тек дастарқан, үй-жай төнірегінде қолданыста қалып, мешеулікке ұшырады. Кеңестік үстемдік рұқсат еткен пышақ­тың қырындай оқулықты оқып, шындық­тың ауылынан мүлде алыс жасалған қазақ тарихын тұтындық. Тыңгерлер деп жіберді масылдарды, асылдарды емес, Абақтыдан босатып ап. Билеуінше биледі, бөсті де, иесі жоқ тәрізді бұл Даланың. Осындай хал­қының басына түскен қауіпті сезінген Жұбан қазақ ұлты туралы өз атынан “Мен – қазақпын” деп дастан жазып, халқын шыңыраудан алып шығу үшін поэзия күшін қолданды. “Мен – қазақпын” деп айту бүгінде оңай. Ал сонау 1964 жылы бар дауыспен айбынды, астарлы ұлт туралы дастанды жазу үшін үлкен жүрек, асқан ерлік қажет еді. Ол Жұбанның еншісіне тиді. Ақынның қайсарлығы мен өжеттігін айдай танытқан: “Бұратана емеспін, Отаным бар” деп үн қатуы халқын биіктетті. “Мен – Қазақ­пын”поэмасын әрбір сөзі, әрбір жолы ұлт­тық идеяны арқау етіп, ұлттың тағдырын бірінші орынға қойды. Ақын өзінің осы асқақ туындысын еліне, туған жұртына тас­қындатып төгіп, асқан шабытпен халқы­ның мәртебесін асқақтатты, ұлттық сананы жаңа сапалық сатыға көтерді. “Мен – қазақпын” – кең тынысты, айдын теңіз дастан. Бұл поэма қазақ жас­тарын нағыз қазақ болуға шақырды. Ұлт­тың азаттығын аңсаған, оны көрегендікпен жырлаған Жұбанның өз рухы да “мың тіріліп”, артында арға толы жалынды дастан-жыр қалдырды. Жұбан Молдағалиев өзінің ақындық даңқын көтеріп, есімін әлемге паш еткен шығармасы – “Мен – қазақпын” поэма­сында лирикалық, публицистикалық стиль­де қазақ халқының өткен өмірі, тағ­дыры жайлы үлкен толғаныс жасады. Қазақтың ұлттық характерінің қалыптасу жолы, оның ерлік дәстүрі рухының жо­ғары­лығы, елі мен жері, оның байлығы, адамдары жайлы бейнелік пафосты жыр етті. Ұлттық белгілерге, ерекшеліктерге мән бермей, большевиктік үстемдік “біртұтас кеңес халқы” деген ұғым туғызып жатқан кезде, өзінің қазақ екенін ағынан жарыла, төгіле жырлаған Жұбанның ақындық ерлігінің өзі айта қаларлықтай. “Мен – қазақпын, мың өліп, мың тіріл­г­ен” қазір афоризмге айналып, иісі қазақтың аузынан түспей жүрген сөз. Осы алты сөздің Жұбан ақын құрастырған тіркесі алты алаштың тарихының бір түйіні, түп-түбірі болып, санаға орнықты. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының көтерілісі қаһары мен ызғары бетіне теуіп тұратын әміршіл-әкімшіл кеңестік жүйе мен енді ғана тәй-тәй басқан демократияның алғашқы беттесуі еді. Алматыдағы қазақ жастарының көтері­лісін Мәскеу басқа жерден, қалалардан ұшақпен әскери күштер жеткізіп, жаншып, тұншықтырды. Партияға, кеңестік билікке бағынышты ақпарат құралдары арқылы қазақты күстәналап, көтеріліске қатынас­қандарды “өңшең бұзақылар, арамтамақ­тар, маскүнемдер, қоғамға жат элементтер, ұлтшылдар” деп кінәлады. Көтеріліске қатысқандарды қатаң жаза­лап, бас бостандығынан айырып, оқудан қуып, оларды арашалағандарды жұмыстан босатып, “қазақ ұлтшылдығы” деп зәбір­леп жатқанда ара түскен, қорғаған Жұбан ақын болды. Бірде жол түсіп Алматыға барғанымда, Жұбан ағаның желтоқсандықтарды қор­ғап сөйлеуі жөнінде сыр шерткені бар. Жаңа жыл (1987) қарсаңында Мәскеу таға­йындаған Қазақстан басшысы Колбинмен жазушылар қауымы өкілдерімен кездесу болады, соған шақырыласыз және сөй­леуіңізді қалаймыз деген жоғарыдан ұсы­ныс болады. Жұбағаң әзірленеді, ойын қа­ғазға түсіреді. Таңғы 4-те айтарын дайын­дап бітіреді де, қайта оқыған соң екі бүктеп жыртып тастайды. Азырақ ойға түсіп, қайтадан жазғанына үңіліп, қосатындарын қосып, ақиқатын айтамын, тек айтпаймын, батыл айтамын, үстемдік құрып тұрған жүйеге, идеологияға сын айтамын, хал­қыма ара түсемін деген шешімге тоқтайды. ... Жазушылар одағы үйіне Колбин нөкерлерін ілестіріп келеді. Қабағы қатың­қы. Желтоқсандықтарды қанға батырған, қазақтың ұл мен қызына дүре соғып, ит қосқан жендеттілігі бет бедерінен, тарпаң­дап аяқ басқанынан, қаңқылдаған үнінен сезіледі. Алғы сөйлегендер жалпаңдап бақты. Тіпті бір қартаң жазушы: “Біз сізді жиырма бес жыл күттік”, деп мүләйімсіді, енді біреуі бұрын батылсынып, алқынып сөйлейтін қасиеттерін жоғалтып, басшыға бас иіп, қуанышын білдіріп жатты, Колбиннің істегендерін қуаттап жатты. Біреулер қара басының қамы үшін халқын қаралап, өзгелердің рушылдығын әшкере­ле­генсіп өз рушылдығын қоздырып жатты. Жұбанға сөз берілгенде жұрт тым-тырыс, шыбынның ұшқаны білінеді. Намыс пен кек түнеріп, мұң аралас жас тұнып қабағында, мінбеге көтеріледі Жұбан ақын. Қасқиып тұрып қайсар Жұбан ең алды­мен идеологияны, оның стереотиптілігін, пәрменсіздігін, шындықтан алыстығын, пәтуасыздығын сынады, биліктің халықтың толғанысы мен қиналысынан қол үзген­дігін айта келіп: “Мен – қазақпын. Өз хал­қымды мақтан етемін, маған оның көп қатпарлы тарихы қымбат, ал бүгінгі күні онан да қымбат. Халқым – жомарт, өршіл, аңқау. Ұлттық шектеулік оған мүлде жат”, дей келіп, “Когда я узнал о том постырном событии и последствиях его, я не скрою, очень сожалел, что дожил до такого дня”, деп ашық кетті. Осы тұста ақынның даусы діріл қақты, жанары жасқа толды... Жиынға қатысқан ақын Ақұштаптың естелігіне жүгінсек: “Жұбан желтоқсандықтарды қолдады, халқының намысын қорғап, ел алдында арқадан жүгін түсірді, ар алдында тазарды. Сөзін аяқтап, залға бет алғанда, жұрт күбір­сіз, жанары жабыңқы, 37-жылдың сұмдығын көрген, естіген сорлылар қол соғуға да қорықты. Жұбан – “бөрі”, өзге­лері “қояндай” көрінді. Тыныштық бұзы­лып, бір кезде ес жинаған қауым гуіл­деп, қол соғып, бірін-бірі арсыз ұйқыдан оятты. “Айтқан сөз – атылған оқ” дегендей, Колбинді қайсар ақынның кекке толы лебі өртке бөледі. Жұбанның да сол күні сызат түсті жүрегіне”. Қызыл империяның күмбезінің ас­тында тоталитарлық жүйенің адам бостан­дығын, құқығын аяққа басып тұрған ке­зеңінде өз ұлтының мұң-мұқтажын айтып, халқын құр­меттеуді, оның ары мен намы­сынан аулақ жүруді талап ету тек Жұбан Мол­дағалиевтың қолынан келді. Ол халқы­ның абыройы үшін айқасқа шығып, ер­жүрек, шыншыл адам ретінде өз халқына жан дүниесіндегі арға толы қасиетін сый­ла­ды. “Мен – қазақпын” толғауын балалар бақша­сынан бастап, мың қайталап, мың серпініп оқып, миына тоқы­ған, кеуделері намысқа толы, саналы, сергек қазақ жас­тарын арашалады. Оларға бағыт­талған бәлекет Жұбан ағаның жүрегіне соғылып, тас-талқаны шықты. Мәселе не тағдырға көну бар, не ерлікпен өлу бар деген тұжы­рымға тірелгенде, Жұбан екіншісін қалап алды. Сын сағатта ол халық мүддесі үшін айтаты­нын айтып, нағыз ерлік көрсетті. Қазақ халқының арына, намысына ұрын­ғандарға қарсы тұрғаны Жұбағаң үшін жайлы аяқтал­мады, жүрегіне сыз түсірді, ғұмырын қысқартты. 1988 жылы 6 қазанда таңғы сағат 4-те Жұбан ақын көз жұмды. Асылымыздан айы­рылдық. Асқар тауымыз құлады. Ерте­мен, сағат 7.30-да алдымен келіп, отбасына көңіл айтқан бүгінгі Елбасы, сол кездегі Қазақ КСР-інің Үкімет басшысы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев болды. Жасын­дай жарқырап өткен Жұбан-жырдың нұр-шуағы ғасырлар биігінен халқына сәулесін түсіре бермек. Жайсаң АҚБАЙ, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан  мемлекеттік универ­ситетінің құрметті профессоры.