01 Қазан, 2010

Жасанды түсік түбімізге жетпей ме?

2242 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Толғандырар тақырып “Жасанды түсік жасауға заң жүзінде тыйым салу керек!”. Мәжіліс депутаты Ирак Елекеев осындай бастама көтеріп отыр. Шарана тағдырына жаны алаң депутат Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған болатын. Біз осы мәселе төңірегінде Ирак Елекеевті сөзге тартып, жасанды түсіктің зияны мен залалы туралы мамандармен тілдескен едік. “Ұлтқа қауіп төнбеу үшін тыйым салу керек” – Жыл сайын елімізде 300 мың­ға жуық жасанды түсік жасала­ды екен. Бұл — жүз пайыз туу көрсеткішінің 80 пайызы деген сөз. Жан ауыртарлық жағдай емес пе бұл? Ащы да болса, шындық: ұлт болашағы азғынданып барады. Себебі, баланы алдырту көп жағ­дай­да жасөспірімдерге тән. Мектеп оқушысы – бала. Дегенмен, әсі­ре­се, жоғары сынып оқушыларының бәрінің бірдей бойынан балалық байқалмайды: ерте есейіп кеткен. Мамандардың айтуынша, жасанды түсік жасатушылардың жас шамасы 14 жастан басталады, тіпті 12 жас­та­ғы оқушылардың да кездесе­тін­дігін айтады. Ең басты өкініш, міне, осы. Сондықтан, жасанды түсік жа­сатуға қазірден бастап заң бой­ынша тыйым салмасақ, ұлтқа қауіп төнеді. Ар тазалығы деген бар. Біз­дің келешегіміз осы құндылықтан ада болып жатқан жоқ па? Ал арын былғаған қызға қандай үміт артуға болады? Олар ертеңгі ұлт бола­ша­ғын қалай тәрбиелейді? “Ыстық сүтке аузы күйген салқын суды да үр­леп ішеді” деген бар. Алайда, мұн­дай сақтықты адами құнды­лықтардан айырылған пенденің ойлай қоюы екіталай. – Демек, жасанды түсік жаса­туға тыйым салудың қоғамдағы ке­лең­сіздік — жезөкшелікке жол бер­меу­ге де белгілі бір деңгейде ықпалы бар ғой? – Әрине, солай. Жасанды тү­сік­ке заң жүзінде тыйым салсақ, зи­нақорлықты да, жезөкшелікті де ауыздықтауға болады. Қыздар ерік­кеннің ермегі, қолжаулығы болмас еді. Әрі кейбір ер азаматтардың да санасы сілкініп, үйленгенде арлы қызды таңдар еді. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде жігіттердің тал­ғамы төмендеп кетті. “Өмірлік сері­гім” деп таңдаған жары ана болу ба­қытынан айырылған болып шы­ғады. Ал мұндай сор, яғни бедеулік көп жағдайда бірінші балаға түсік жасатудан болады. Бұдан шығатын қорытынды: жасанды түсік – отбасын ойран етеді. – Мүмкін, заң бойынша тыйым сал­мас бұрын темірқазық – тәрбиені санаға сіңіру керек шығар. Көргенді ұрпақ арсыздыққа бармайды емес пе? – Бұл сөзіңіздің жаны бар. Бір­ақ тәрбиелейміз, санаға сіңіреміз десек, уақытты “өлтіріп” аламыз ғой. Оның үстіне, ежелден қазақ­тың қай шаңырағы қызының қы­лықты болып өскенін қалайды. Әрине мектепте де тәрбие беріліп жа­тыр. Бүгінгі жас жеткіншек – ертең бір отбасының діңгегі. Сол діңгек әлсіз болса, ол қандай мәуе­лі ағаш болады? Сондықтан, кеш болмауы үшін заң бойынша тыйым салу керек. Заң – етек-жеңді жинауға негіз болады. – Заңмен тыйым салынса, шетелге барып түсік жасатушылар көбейеді. Және елімізде заңсыз түсік жасау бизнесі қызады деген пікір айтушылар бар. Бұған не дейсіз? – Шетелге барып түсік жасатушылар көбеймейді. Себебі, әлгінде айттым, мұндай әрекетке көбіне жас қыздар барады. Мектеп жасындағы, болмаса, кеше ғана мектеп бітіріп, ауылдан арман қуып келген қыздар ұрынады. Ал олардың шетел асуға ақшалары жоқ. Заңсыз операция жасаушылар көбейеді деушілерге айтарым, дәрігердің бәрі иман­сыз емес. Заң бойынша қандай жаза ала­тынын біле тұра, олар бастарын қауіпке тікпейді. Себебі, “Ел құлағы – елу”, “Отыз тіс­тен шыққан сөз отыз рулы елге жайы­лады” деген бар. Тәуекелге барып, пайда тапқысы келе­тіндердің былығы түбінде әшкере болады. Айта кету керек, мен жасанды түсік жасаушылардың бәріне бірдей қарсы болып отырған жоқпын. Иә, әйелдің денсаулығын ескеру керек. Яғни, тек бір ғана жағдайда өміріне қауіп төндіретін болса, жасанды түсік жасатуға рұқсат беру керек. – Ал балабақшада кезектің көптігін сылтау етіп, тастандылардың көбейетіндігін алға тартушыларға қандай уәж айтасыз? – Мен депутаттық сауалымда біраз жайтты айтқан едім. Бәрі сайып келгенде, қоғамдағы әлсіз топ – балалар туралы болатын. Мысалы, таңнан кешке дейін кабинеттерде қамалып жұмыс істеп жатқан үйленбеген жігіт пен тұрмысқа шықпаған қыздарға алаңдаушылық білдірдім. Олар сонда кім үшін, не үшін еңбектеніп жатыр? Бізде бала – біздің болашағымыз деген ортақ түсінік жоқ. Жас сәбилі аналардың құқығы қорғалма­ған. Егер баласына қандай да бір жағдай болған әйел жұмыстан сұранса, жұмыс беру­ші оған қырын қарайды. Ал бала ертеңгісін тұмау тиіп ауырып тұрса қайтеді: балабақша алмайды, тастап кететін ата-әжесі, әпкесі жоқ. Мұндайда басшылық қызметкерге ба­ланы күтіп үйде отыруды, болмаса, жұмыс істелу керектігін ескертеді. Ал журналистер соның ішінде жасанды түсік жасауға заң бойынша тыйым салу керек­тігі туралы ұсынысымды іліп әкетіпті. Рас, балабақшаға бару үшін кезек күтіп жүрген бүлдіршіндер жетерлік. Тастанды сәбилердің де саны азаймай отыр. Бірақ мұны желеу еткендердің пікірлері – негізсіз. Сонда тірі жанды жатырда тұншықтыра беруіміз керек пе? Ислам дінінде құрсақтағы шарана Алланың үмбеті саналады. Оны алып тастау – күнә. Елбасы биылғы Жолдауында құзырлы органдарға “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Осы мемлекеттік бағдар­ламаның арқасында 2020 жылы елімізде ба­ла­бақшамен қамтылмаған балдырған бол­майды. Экономикасы мықты дамыған кейбір облыстарда балабақша мәселесі белгіленген межеден бұрын шешіледі. Елбасы Жолдауында ана мен бала өлімін мейлінше азайтуға күш салу керектігін тап­сыр­­ды. Ана мен баланың денсаулығын қор­ғау жөнінде арнайы бағдарлама да бар. 500 грам­дық шарананың өмірін арашалап қалу үшін дәрігерлер жұмылып еңбек етіп жатыр. Жыл сайын бала күтімі үшін берілетін жәр­дема­қы көлемі де артып келеді. Яғни, ана мен ба­л­а­ға мемлекет тарапынан көңіл бөлі­ніп отыр. Қазақта: “Қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады” деген нақыл бар. Сондық­тан, әлеуметтік жағдайға байланысты бала­ны алдырту – бекершілік. Қандай қиын жағ­дай болса да, ана бауыр еті – баласынан безінбеуі тиіс. Ал тастандылар көбейеді деп дабыл қағу – кертартпалық. Себебі, біз бұл жерде тірі жанның өмірін арашалау туралы әңгіме қозғап отырмыз. Ал тастандылар тағ­дыры – бөлек мәселе. Бұл проблеманы пат­ронат отбасылардың санын көбейту арқылы шешуге болады. Мұндай отбасыларға қаржы аударуға, сөйтіп, жетім балалар проблема­сын шешуге еліміздің әлеуеті жетеді. Әрине, түсік жасатуға заңмен тыйым салмасақ, демографияға да кеселі тиеді. 70-ші жылдары Қазақстан мен Өзбек­станда халық саны бірдей еді. Қазір оларда 25 млн. адам бар. Ал біз 16 миллионның айналасында жүрміз. Жасанды түсікке заң бойынша тыйым салуды адамның жеке құқығына қол сұғу деп емес, ұлт қауіпсіздігін сақтау үшін істел­ген әрекет деп түсінуіміз керек. “Тыйым салмасақ, көбеймейміз!” Мақаш ТӘТІМОВ, демограф: – Жасанды түсік жасатуға заң бойынша тыйым салатын мезгіл жетті. Бұдан әрі созуға болмайды. Себебі, “ауру” асқынып ба­рады. Ал асқынған дертке дауа жоқ. Тыйым салуға байланысты қоғамдағы адам­дардың әртүрлі пікірде болуының өзі осы – аурудың асқынып бара жатқанының көрі­нісі. Әйтпесе, кері тартпаушылықтар болмауы керек-ті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұдан 5-6 жыл бұрын жасанды түсік жасатуға халық қарсы болса, өзі де қолдау білдіріп, осыған қатысты үкім шығаратындығын айтқан еді. Расында, жасанды түсікке тыйым салмасақ, қазақтың саны өспейді. Мұсылмандары басым ел біз түгілі, Португалия мен Польша сынды католик дінін­дегі елдер алғашқылардың бірі болып түсік жасатуға тыйым салды. Мұның бәрі сайып келгенде, аталған мемлекеттер аза­маттарын қорғауды жан-жақты қарастыруда деген сөз. Деректерге сүйенсек, біздің елде жасан­ды түсік жасатушылардың дені – жас қыз­дар. Балауса арманының орындалатынына сенім артып, ауылдан қалаға келген қыз­дар­дың көпшілігі сол ізгі мақсаттарын өздері күл-талқан етеді. Әйел бақыты – бауы­рын­дағы сәби. Өкінішке орай, қыз-келіншек­тердің бәріне бірдей бұл бақ бұйырмайды. Мұның себебін дәрігерлер түрліше тү­сін­діреді. Ал ең бастысы, осы бақытсыз­дық­та­ры үшін әйелдің өздері кінәлі: көбіне бі­рін­ші шарананы алдыртып тастағандар балалы бола алмайды. Аяғы ауыр болып қалған қыз некесіз балалы болуды ар санайды. Қызы­ның екіқабат екенін анасы білсе, ұят деп тү­сінеді. Екі жақ та дереу баладан құтылудың қамын жасайды. Мұндай әрекетке бастай­тын – төмен түсінік, сананың жоқтығы, рухтың жұтаңдығы. Себебі, шын аршыл – ұятты арсыздыққа бармастан бұрын ой­лайды. Арды аттағаннан кейінгі “қысылу” – жалған намыс. Сол себепті, некесіз туыла­тын бала болса да бейкүнә, періштенің жарық дүниеге келуіне қысастық жасамау керек. Әкесі немесе шешесінің ағаттығы үшін, бәл­кім, ортаның ортақ кінәсі үшін ең әлсіз, ең қорғансыз жан жазаланбауы тиіс. Сондықтан, әсіресе, бірінші баланы алды­ртуға жол бермеуіміз керек. Жасанды түсік жасауға құлшынып тұра­тын хирургтер де жоқ емес. Ақша жасауды мақсат тұтқан олар құрсақтағы бала үшін, ана­ның денсаулығы үшін жаны ауырмайды. Ме­ніңше, жалған диагноз қою арқылы пайда жасайтын дәрігерлерге қатаң жаза қолдану керек. Қазір елімізде бала туу көрсеткіші жақсы. Бірақ бұл өсім 2015 жылы шарықтау шегіне жетеді, азаяды. Себебі, елімізде 90-шы жыл­дың аяғында дүниеге келген балалар аз. Сон­дықтан, көрсеткіш төмендеу болады. Қазір көп болатыны, демографиялық тасқынның кезінде дүниеге келген балалардың есебінен болып тұр. Бүгінгі көрсеткішке тоқмейіл­сімей, жасанды түсік жасатуға заң бойынша қатты талап қою керек. “Ислам діні бұған түбегейлі қарсы” Бауыржан ЕСМАХАН, Ақтөбе облыстық “Нұр ғасыр” мешітінің бас имамы: – Қасиетті Құран Кәрімде (“Шура” сүресі, 49-50): “Алла қалаған пендесіне қыз береді, қалаған пендесіне ұл береді. Қалаған пендесіне ұлды да, қызды да нәсіп етеді. Сондай-ақ қалаған пендесін бедеу қылады”, – деп айтылған. Яғни, бала сүю – Алланың сыйы. Тағы да Қасиетті Құран Кәрімнен мы­сал келтірейін: “Расында біз адамды на­ғыз балшықтан жараттық. Содан кейін оны жатырда тұратын тамшы су қылдық. Сол тамшыдан ұйыған қан жасадық. Ұйыған қан­нан кесек ет жасап, кесек еттен сүйек жаса­дық та, сүйектерге етті қаптадық. Сонан кейін оны басқа бір жаратылыс қылып, жан салдық. Алла шебер жаратушы”, – деген аят бар. Ислам ғұламалары осы аятқа берген түсініктемесі бойынша, 120 күннен кейін жан беріледі. Бір ғана жағдайда баланы алу ха­рам болмайды. Егер баланы босану әйел­дің өміріне айтарлықтай қауіп төндірілетін болса, онда да 120 күнге дейін алынуы тиіс. Одан кейінгісі, яғни жан берілгеннен кейін – адам өлтірумен тең болады. Ал ислам дінін­де адам өлтіру кешірілмес күнә. Пайғам­бары­мыздың хадисінде: “Алладан қорқың­дар және пер­зенттеріңнің бәріне бірдей мейір­­бан болың­дар!” – делінген. Және пайғамбары­мыз: “Неке қидырып үйле­нің­дер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине, мен сендердің көптік­теріңді қиямет күні бас­қа үмбетімнің алдында мақтаныш етемін”, – деп өсиет еткен. Қорыта айтқанда, ислам діні жасанды түсік жасатуға түбегейлі қарсы. Жасанды түсік – ана өміріне қауіпті” Дәметкен ҚОЖАНОВА,  Адам репродукциясы мен отбасын жоспарлау орталығының бас дәрігері: – Жасанды түсік – тірі жанды өлтіру де­ген сөз. Дегенмен, әйелдің өз еркімен тү­сікті жасауына біздің елде еш кедергі жоқ. Ба­ласынан безінген әйелдер медициналық тәсілмен шарананы алдыртып құтылғаны­мен, айықпас дерт жамайды. Тіпті, өміріне қауіпті, – дейді Дәметкен Мұқанқызы. Ол жасанды түсіктен кейін қабыну процесі басталатындығын айтады. Қабыну аурулары әйелдің жыныс мүшелерінде түсік жасатқанға дейін анықталмаса, түсіктен кейін өршелене түседі екен. – Осы жағдайдан соң алдын ала емдеу жүр­гізгеннің өзінде нәтижесі аз. Ең өкініш­тісі, қабынудың салдарынан әйел бала сүю ба­қытынан айырылуы әбден мүмкін. Соны­мен қатар, созылмалы ауруларға ұшырайды. Ауру­лардың емі нәтижесіз болса, біраздан кейін жатырда, аналық бездерде ісік пайда болады. Түсіктен кейін әйелдің жүйке жүйесінде айтарлықтай өзгерістер байқалады. Әйелдің ағзасы жүктілікке дайын болған кезде про­цес­ті тоқтатып тастау күйзеліске ұшыратады. Жасанды түсіру – хирургиялық әдіс болғандықтан, жыныс мүшесінің зақым­дануы мүмкін. Соның салдарынан, жатыр тесілуі, оның мойнының жыртылуы және тарылуы мүмкін, – дейді бас дәрігер. Дә­мет­кен Мұқанқызының айтуынша, жасанды түсіктен кейінгі жүктілік қалыпты, қиын­дықсыз өткеннің өзінде босанатын уақытта асқынулар көбейіп кетеді. – Әйелдердің емшек безі рагіне ұшырауының ең басты себебі – жасанды түсік. Жасанды түсік әдетте 12 аптаға дейін жасалады. Ал әйелдердің денсаулығы бала көтеруге жарамаған жағдайда ол 22 аптаға дейін созылады. Операция неғұрлым кеш жасалса, соғұрлым зардабы көп. Жасанды түсік жасатқаннан кейінгі жүктілік ана жатырындағы баланың өсуін 3,7 есеге дейін азайтып жібереді. Ондай бала­лардың әрбір үшіншісі жеңіл салмақ­пен дүниеге келіп, нәрестелердің 77 пайызы қаназдық және экссудативтік диотез дертіне шалдығады, — дейді Дәметкен Қожанова. Елімізде соңғы жылдары “медикаментоз­ды аборт” тәсілі енгізіліп отыр. Хирур­гия­лық түсікке қарағанда оның асқынуы төмен. Бірақ Дәметкен Мұқанқызы әйелдердің бұл тәсілді де қолдануын құптамайды: – Дұрысы, қыз-келіншектер баланы қаламаса, бала көтермеу үшін сақтану керек. “Медикаментозды аборттан” соң ауруханадағы гинекологиялық бөлімшелерге түсіп, қан кеткен әйелдердің саны аз емес. Себебі, кейбір әйелдер бұл әдісті дәрігердің бақылауынан тыс, өздері жасайды. Бала түсіретін дәрілерді базардан сатып алады. Ал ол дәрілердің талапқа сай келетініне, келмейтіндігіне, қайда жасалғанына мән бермейді. Ақырында оның жанама әсері – қан кетіп, қабыну процесінің сепсиске дейін өршуі мүмкін. Сепсисті емдеу нәтижесіз болса, әйел жатырдан айырылады. Міне, жасанды түсіктің салдары осындай. Білікті дәрігер жасанды түсік жастаушы мектеп оқушыларының, әсіресе, 14-15 жастағы қыздардың көп екендігін айтады. – Қыздар көбіне құрбыларымен келеді. Аналарымен келетіндері де бар. Бірақ, әйелдер ана болып қызының денсаулығына бас ауыртып жатпайды. Олардың санасында бір ғана түсінік: “Баланы қалайда алдыртып тастау керек!” Мұндай анаға жасанды түсіктің зиянды екендігін түсіндіру қиынға соғады. Олар: “Елден ұят” деп шыж-быж болады. Ұят­ты ұятты іс істегенге дейін ойлау керек. Қыз бала 13 жасқа толған соң әр ана бала­сы­мен ашық әңгімелесіп, сырласуы қажет, – дейді ол. Дәрігер жас қыздардан бөлек, жасы үлкен әйелдердің де баласын алдыртып тастауға келетіндігін айтады. – Кейде, тіпті жасы 40-тан асқан әйелдер келеді. Біз оларға да жасанды түсіктің зиянды екендігін егжей-тегжейлі түсіндіреміз. Операция кезінде шарана жанталасып пышақтан қашады. Расында, құрсақтағы бала – кәдімгі баладан өзгеше емес. Ерекшелігі: ол әлі жарық дүниеге келген жоқ. Бірақ, он екі мүшесі қалыптасқан. Негізі, ұрық 7-8 аптада жетіліп, адам кейпіне келеді. Сол кезде ультрадыбыстық құ­ралмен баланың жүрек соғысын анық­тауға болады. 13 аптада шарананың басы, қолы, аяғы, саусақтары мен ішкі мүшелері, тіпті тіс төмпешіктері де болады. 16-28 аптада салмағы артып, кірпік, қас, тырнағы да өседі. Іштегі нәресте 7,5 айлығында әке-шешесінің даусын ажырата алады. Тіпті, өлең мен әуенді есте сақтайтындай жағдайда болады. Дегенмен, баланы алдыртуға келген әйелдердің ішінде мұның бәрін түсініп, жанына жақын қабылдайтындар аз, – дейді Дәметкен Қожанова. Ол әр әйелге кон­трацептивтік дәрі-дәрмектерді пайдалануға кеңес береді. Былтыр облыстық бюджеттен жүктіліктен сақтанатын дәрілер алу үшін 8 млн. теңгеден астам қаржы бөлініпті. – Облыста бала тууға қабілетті жастағы 250 мыңнан астам әйел бар. Біздің орта­лық­қа көмек сұрап келген әйелдерге дәрігерлер жоспарсыз жүктіліктен сақтандыру үшін кеңес береді. Жүктілікті болдырмаудың тә­сіл­дері жетерлік. Бірақ бұл тұрғыдан әйел­дердің сауаты аз. Сондықтан да, жасанды түсік жасатушылар көп. Біздің мамандар АХАЖ-ға барып, жас жұбайларға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мектепте семинар өткізеді. Дегенмен, бәрібір жоспарланбаған жүктілік азаймай отыр. Соның салдарынан қаншама бейкүнә нәрестелер шейіт болып жатыр. Былтыр облыс бойынша 10 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Ал жасанды түсік жасат­қан­дардың саны – 4026. Оның 2696-сы қалада жасатқан. 1808 түсік жеке ем­ха­наларда өткізілген. Жеке емханаларда түсік жаса­ту­шылар неге көп? Себебі, жасан­ды түсік — кіріс көзі. Барлық дәрі­герлер жұмы­лып жа­санды түсікті жасатпауға кірісуі ке­рек. Әйелге жасанды түсіктің зиян екендігін маман ретінде түсіндіру әр дәрі­гердің міндеті, — дейді Дәметкен Мұқанқызы. Ақтөбе қаласындағы жеке емханаларда “медикаментозды аборттың” құны — 12 мың теңге. Бұл тәсілді жасауға арналған дәрі­лер­дің бағасы 3 мың теңге тұратынын ескерсек, “кәсіпкердің” қанша пайда табатынын есептей беріңіз. Сонымен, Елекеевтің дабыл қағуының жөні бар. Расында, заң бойынша жасанды түсікке тыйым салынбаса, ұлтқа қауіп. Онда ана мен баланың денсаулығын қорғау мақсатындағы мемлекеттік бағдарламаның өз деңгейінде орындалмауы әбден мүмкін. Ана мен бала өлімін мейлінше төмендету межесіне қол жеткізуіміз арман болып қала бермек. Себебі түсінікті, жасанды түсік бизнесі қызып тұрғанда шарана шейіт бо­лады, ал анасы айықпас дертке шалдығады. Ертең кеш болмауы үшін құрсақтағы сәбидің бәріне бірдей жарық дүние есігін ашуына мүмкіндік беретін заң керек. Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ, Ақтөбе.