01 Қазан, 2010

Қарапайымдық

637 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Адамдық айнасы Тараз – талай жиһанкездерді тамсан­дырған, талай ғалымдардың атын төрткүл дүниеге танытқан, талай спорт саңлақ­тарын баптап, қияға ұшырған шаһар! Тараз – алтын құрсақты анадай талай таланттардың маңдайын жарқыратып, дүние жүзіне әлі де таныта беретін аруана шаһар! Ал қазақ халқының басы ноқтадан босағалы бері Тараз, тіпті, жасарып кет­кендей. Әл-Фараби бабамыздың “Қайы­рымды қала басшысы туралы” трактатын оқып туғандай өзін кілең кісілігі мен кішілігі мол басшылар басқарды тағы. Кісілік пен кішіліктен шығады, мы­салы, кейбір басшыларға қызмет бабымен телефон шала қалсаң, құлағына мақта тығып алғандай, қоңырауыңа былқ ет­пейді, ал зәуімен кездесе қалып, әлгі қы­­лығын бетіне бассаң, албастының алпыс алты айласына салып, “естімедім”, “біл­медімге” көшеді. Ірілі-ұсақты билік дә­ліздеріндегі “тоңмойындық” деп аталатын бұл емі жоқ ауру, абырой болғанда, Ер­тар­ғын Астаев мырзаға жұқпапты. Қашан көрсең елгезек, қашан көрсең қарапайым. Арада тоғыз ай өтсе де әсері әлі есте... Тараздықтар жаңа жылды қарсы алуға дайындалып жатқан. Достық алаңына орнатылған шырша маңы ығы-жығы халық. Үлкені де, кішісі де Аяз атаны асыға күтіп тұр. Әсіресе, бүлдіршіндерде тағат жоқ. Бір кезде қызыл бөрікті, ақ шапанды, ақ сақалды Аяз ата да жетті-ау қоржын-қосқолаңын арқалап! Жете сала өзін асыға күткен халықпен аңқылдай амандасып, саңқылдай сәлемдесіп, жаңа жыл түнінің думанын қыздырып жібер­гені. Сыйлық­тарында да қисап жоқ. Аяз атамен қол ұс­та­сып, шыршаны айнала ән салған бүл­­діршіндер, тіпті, бақытты. Бір кезде біреу құлағыма сыбырлады. – Аяз атаның кім екенін танып тұрсыз ба? – Театр әртістерінің бірі шығар. Жыл­да солар болушы еді ғой. – Жоқ, қаланың жаңа әкімі. – Рас па?!. Сыбыр еткен “дәл солай” дегенді кө­зімен айтып, қабағымен түсіндіріп, жы­лыстап кетті. Мен таңғалдым. Таңғалдым да, жаңа әкімнің халық жүрегіне жол табудың жаңа түрін ойлап тапқанына іштей риза болдым. Жақында тағы бір қырынан таныдым. Дастарқан басындағы кейбір басшы­лар­дың, әдетте, қарапайым халықтан көрінеу үркіп, көрінеу шеттей беретіні бар. Өз­дерінің “қара тобырдан” жоғары екенін жария түрде жарнамалағандай оқшаулана оша­рылып, темекі шегісерін қайтерсің тіпті. Ал елден оқшаулану, жұрттан жы­рылу деген жаман әдет ойы тұрмақ түсіне де кірмейтін Ерекең... Блоктың өлеңін жатқа оқиды. Бейімбеттің кім екенін білмейтіндер “Блок­тың, мысалы, достық, адалдық, сатқындық туралы мынандай өлеңі бар” деген кезде, айтарға сөз таппай сасады әуелі. Сол-ақ, бір қарағанда қарапайым, қасқалау келген маңдайына сұйықтау келген шашын жапсыра тараған қызыл шырайлы қағылез адам көпші­ліктің алдында рухани тұрғыдан биіктей бастайды. Қала “қоржынына” қан­ша қаржы түсіп, қанша қаржы шыққанын, тұрғындар кәсібі мен нәсібінің халі нешік боп жатқанын, бәрекелді, денсаулық пен білім, тазалық пен тәртіп деген сияқты бас­қа­ларын да бір өзі үйлестіріп, ұйым­дас­ты­рып, қадағалап отыратын басшының ақын­дардан, анау-мынау емес, поэзия аспанын­дағы жұлдыздардың жырларынан жатқа өлең оқып тұрса, қалай таңғал­майсың! Бір байқағаным, жақсы адамдар қа­рапайым болады екен. Ертарғын да қара­пайым. Бұрын қанша жұмыс істесе де байқала бермейтін, бірақ келе сала көп үміткер ішінен осы азаматты дәл танып, Тараз қаласының әкімі етіп тағайындаған Жамбыл облысының жас басшысы Қанат Бозымбаев болды. Көптеген салада қыз­мет атқарған, әсіресе, қала шаруашылы­ғын жүргізуде тәжірибесі мол Ертарғын Астаев оған дейін орынбасар болып жүрді. Жазу­шы, журналист Әзілхан Нұршайы­қовтың “Редактор жиналыста жүреді, ор­ынбасар қиналыста жүреді” дейтін әдемі әзілі бар еді, орынбасар кезінде, несін ай­тасыз, Та­раз қаласының “отымен кіріп, кү­лімен шық­ты”. Ол “қызметінен” әкім бол­ған кез­де де құтылған жоқ. Бұл, әрине, бейнелі сөз. Оны растау үшін, қаланың эконо­­­ми­ка­­сы мен әлеуметтік жағдайын көз алды­мыз­ға әкелетін есепке де ептеп жүгініп қоялық. Мысалға, ағымдағы жылдың сегіз ай­ын алып қараңыз. Біреуге көп, біреуге аз болар, бірақ Тараз қаласында 40 миллиард 965 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліпті. Бұл шындық. “Таразко­жо­бувь” ЖШС тері және былғары аяқ киім өндіруді дамыту үшін италиялық техно­логиямен жабдықталып, жұмыс істеп жа­тыр. Сөйтіп, көп жылдан бері тоқтап тұр­ған комбинат (80-жылдың соңында, 90-жылдың басында болар, бір туфли ал­ғаным есімде) іске қосылды. Нәтижесінде 150 тараздық жұмысты болды. Жақында ғана облыс орталығына Ел­басы келіп кетті. Елдің индустриялық-ин­но­вациялық дамуына баса назар аударды. Облыс, қала басшыларының өңір мен өн­еркәсіпті, дала мен қаланы өркендетіп жатқанына риза болды. Тараз қаласының индустриялық-инновациялық даму бағ­дарламасы шеңберінде биыл үш жоба: “Хим­­пром-2030” ЖШС мен “Запчасть” АҚ аумағында жаңа металлургиялық өн­дірісті іске қосу, “Фабрика ПОШ-Тараз” ЖШС-да топс өндіру (жүнді шүйкелеу) жүзеге асырыла бастады. Бұл игілікті іс барысында 2643 жұмыс орны ашылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, әсіресе, “Фабрика ПОШ-Тараз” ЖШС-ның топс өндіру ісін көріп, іс басындағы іскер азаматтарға сәттілік тіледі. Даму бағдарламасы бұлармен шектел­мес. Оны толық жазу үшін көп көлем керек. Сондықтан, Елбасы тапсырмасына сәйкес, шағын бизнестің саны мен сапасы өскенін және қазіргі таңда олардың ұзын саны 1068 болғанын айтып, әңгімені осымен тоқтата тұралық. Айтпақшы, Тараз қаласының халқы мен аумағы да ұлғайып келеді. “Астана”, “Бәйтерек” шағын аудандары қала сәу­летін аша түскен. Мұнда қазір көп пәтерлі тұрғын үй құрылыстары жоғары қарқын­мен жүргізіліп жатыр. Қаланың бас жос­парына сәйкес алдағы уақытта қала келбеті бұрынғыдан да түрлене түспек. Сөз соңында Ерекеңнің ақынжан­ды­лы­ғы тағы да еске түсіп отыр. Неге? Ел журна­листеріне сұхбат берген сайын Ел­басы Нұр­сұл­тан Назарбаевқа қойылатын дәстүрлі сауалдардың бірі “Қандай кітап­тар оқисыз?” деген тұрғыда болып келеді. Сонда Нұр­сұлтан Әбішұлы: “Стоик”, “Финансист”, “Титан” (Теодор Драйзер) ро­мандарын оқыдым деп бастап, журна­лис­тердің өздері естіп-білмеген классик­тердің аты-жөндерін тізе жөнелетіні бар. Әріптес ағайымыз Сей­іт­қазы Матаев тоқсаныншы жылдары баспасөз хатшысы болып жүргенде Прези­­денттің “Абай жолын” сұратып алдырғанын айтып қал­ғаны және бар. Сондықтан, уақытының тапшылығына қарамастан Елба­сының әлемдік арғы-бергі саясаткерлердің еңбектерімен бірге көркем әдебиетті де құмарта оқитынына риза болып, ал кейбір үлкенді-кішілі әкімдердің мұрындарына осы дүниелердің иісі де бармайтынына қат­ты қынжылушы ем. Ал Ерекең, айт­тым ғой, Абай, Мұқағалимен бастайды да, Есенинмен аяқтайды. Әрине, Пушкинді де ұмытпайды... Бәрін айт та, бірін айт, “әкім бол, халқыңа жақын бол” деген жақсы тілекті айтқанда, төрде отырған төренің үлде мен бүлдесін ғана емес, адамгершілік қасиет­­­тері мен рухани байлығын да ғибарт етуді ұмытпасақ екен, ағайын. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. Суретте: Тараз қаласының әкімі Ертар­ғын Астаев.