02 Қазан, 2010

Театр! Театр? Театр...

989 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Толғандырар тақырып Алматыда Т.Жүргенов атындағы Қа­зақ ұлттық өнер академиясы және Театр қайраткерлері одағының ұйым­дас­тыруымен “Қазақстан өнерінің стра­тегиялық бағыттары мен даму перс­пективалары” деген тақырыпта халықаралық форум өтті. Өткен ғасырдың 60-80 жылда­рын қазақ театр өнерінің алтын кезеңі болды десек, бұл сөзімізге ешкім дау айта қоймайтыны анық. Өйткені, шындығы да осы. Тіпті сол жылдардың дақпырты мұндаға дейін театрларға азық болды. Өгіз өлмес, арба сынбас жағдаймен ілбіп келе жатты. Алайда, бүгінгі уақыттың талабы одан әрі бұлай болмайтынын, тың ізденіс, соны тыныс жетпей жатқанын айқын көрсетіп берді. Сондықтан да қи­ын-қыстау кезеңдердің өзінде де әр театрдың шаңырағын шайқалт­пай сақтап қалумен қатар, жаңа театр­лардың ашылуына ықпал етіп, қамқорлық жасаған Елбасы қа­зақ театр өнеріне де рухани сіл­кініс қажеттігіне жете мән беріп, бұл өнер саласының бәсекеге қа­білеттілігін арттырудың жолдарын іздестіріп, театр өнеріне тың сер­пін беруді тапсырған болатын. Т.Жүргенов ат­ындағы Қазақ ұлт­тық өнер ака­де­миясы және Театр қайраткерлері одағы бірлесіп ұй­ымдастырған “Қа­зақстан өнерінің стратегиялық ба­ғыттары мен даму перспек­ти­ва­лары (театр өнері мысалында)” ат­ты халықаралық форум жұмысы­ның арқауы да осы мәселеге арналды. Форумда жиналған қауым ал­дында сөз сөйлеген өнер қайрат­­кер­лері сан-салалы өзекті мәселе­лерді ортаға салды. Алғашқы сөз ке­зегін алған Парламент Мәжі­лісінің депутаты Мұрат Ахмадиев “Заң аясындағы театр өнерінің мә­­селелері” деген тақырыпта ба­ян­дама жасады. Ол бірқатар тол­ғақты мәселелерге тоқтала келіп, қандай жағдайда да театрға мем­лекет қамқорлығы қажет екендігін, онсыз тірнектеп жинаған рухани байлықтан айрылып қалуымыздың әбден мүмкіндігін тілге тиек етті. Депутаттың сөзін тірілте сөйлеу­шілер қатары бұдан кейін мейлін­ше мол болды. Солардың бірқа­та­рына тоқтала кетсек, Ә.Сығай “Қазақ кәсіби өнерінің кейбір мә­селелері”, А.Әшімов “Қазақстан­ның театр әлемі қазіргі заманның даму сатысында”, Р.Андриасян “Қазақстандағы театр өнерінің про­блемалары мен дамуы”, Е.Обаев “Қазіргі қазақ театр өне­рінің өзекті мәселелері”, деген тақырыптарда баяндама жасады. Әрине, олардың қай қайсысы болса да театр өнерінің кегежесін ке­рі тартып тұрған жәйттерді ор­таға салды. Рас, әрқайсысы театр өнерін жақсартудың жолдарын әр тұрғыдан қарастыруды ұсынғаны­мен, бұл ойларды өзара үндестіріп тұрған бірқатар мәселелер нақты айқындалды десе де болады. Ең алдымен олар өнердің бұл саласын жаңа сатыға көтерудің бір жолы ретінде барша театрларды басқа­руды әрі оларды қаржыландыруды орталықтандыру мәселесін баса айтты. Яғни, барша театрлардың тізгінін салалық министрліктің құзырына беру қажеттігіне тоқ­талды. Бұл ауызекі айтыла салған жәй пікір ғана емес, театр өнеріне жанашыр жандардың жанайқайы десе де болғандай. Неге десеңіз, об­лыстық театрлардың жағдайы бү­гінде адам аяғандай жағдайда еке­ні дәлелдеуді қажет етпейтін жәйт. Егер белгілі бір облыстық театр­дың бағына қарай аймақ әкімі өнерге бүйрегі бұратын адам болып келсе, онда мейманасы та­сымағанымен өнер адамдарының қабағы жадыраңқы келеді. Ал әкі­мі өнерден мүлдем мақұрым біреу болса, сол аймақтағы әртістердің жағдайы жұмыссыздармен шама­лас десек те болады. Және мұндай аймақтарда театрға облыс әкімінен бастап, сол өңірдегі ірі шенеунік­тердің бәрі қожа. “Қәне, бәрін тастаңдар. Пәленшекеңнің пәлен жылын тойламақпыз. Соған театр­ланған көрініс керек”. “Ойбай, сонау жақтан мықты қонақтар келе жатыр. Сол кісілердің көңілін көтеруге дайын болыңдар” дейді олар шетінен. Мықты болсаң, бұл сөзге қарсылық білдіріп көр. Онда болмашы күнкөрісің көзіңнен бұл-бұл ұшуы әбден мүмкін. Біз өнер тарландары ашына айтқан өзек­жарды ойларды тыңдай отырып, облыстық театр директорының бірі әңгімелеген осы жәйттерді де еске алғанбыз. Бұл сөздің қаны сорғалаған шындық екенін көп жылдар бойы бірқатар облыстық театрларда қызмет атқарған белгілі режиссер Мұрат Ахмановтың әң­гімесі де одан әрі айқындай түсті. Ол өз сөзінде әріптестері айтқан театр­ды басқаруды да, қаржылан­дыруды да бір орталықтандыру қажеттігі жайлы ойларды одан әрі қаузай келе, күнкөріс қамымен аймақ әкімдерінің қабағын бағып жүрген театрларда мүлдем ізденіс­тің жоқтығын, тіпті қайсыбірінің бұрынғы халық театрларының деңгейіне түсіп кеткенін, театр­дағы жас әртістердің айлығы бар болғаны 23 мың теңге ғана екенін айтқан. Рас-ау, осыдан кейін жастар облыстық театрларға бар­майды, кадр тұрақтамайды деуге аузың бара ма? Бұдан кейін театрдың бас ре­жиссерлігіне жаны таза, қолы таза, шығармашылық мүмкіндігі мол адамды салалық министрлік та­ғайындайтын болса деген пікірдің театр қайраткерлері тарапынан ай­тылуы да жайдан-жай емес си­яқты. Ашылып айтылмағанымен, астарында талай ой жатқаны да анық­. Демек, бұл сөз сала адам­дарының моралдық бет-бейнесіне көңіл бөлуді меңзеп тұрған ой деп білеміз. Сөзіміз негізсіз болмасы үшін ойымызды сәл-пәл тарқата айтып кеткеніміз де артық болмас. Жасыратыны жоқ, көптеген та­лантты әртістердің тағдыры театр басшылығына, оның ішінде бас режиссерге байланысты. Құдай сақ­тасын, бас режиссердің кө­ңілінен шықпау – актердің ке­ле­шегі кері кетті деген сөз. Әсіресе, бетінің қызылы бар қыз-келін­шектерге обал-ақ... Бұл өмір шын­ды­ғы. Ал осындай ортадан, ос­ындай адамдардан қандай тазалық, қан­дай адалдық күтуге болады?! Тіпті, мұндай адамдар өзгеге жан тазалығы, ар тазалығы жайлы ай­туға құқы бар ма деген де ой ке­леді. Ендеше, театр өмірін жаңа тұр­ғыдан дамыту барысында бұл да бір ойланатын мәселе болуға тиісті. Театр өмірінде репертуар ең маңызды мәселе. Осы тұрғыда ой қаузаған драматургтер Д.Исабеков пен С.Балғабаевтың ойлары да бүгінгі театр тынысын басқаша құру қажеттігін айқын байқатты десек те болады. Ойдан ой туады де­ген ғой, басқосу барысында бұ­рынғы репертуарлық коллегияны жаңғырту, театр өнерін тың тұр­ғыдан қайта құру жолдарын зерт­теу бағытында арнайы комиссия құру сияқты бірқатар толғақты мә­селелер де кеңінен сөз болды. Осы жиынға арнайы қатысқан Президент Әкімшілігі мәдениет секторының жетекшісі Қуат Бо­раш өз сөзінде Президент тап­сыр­­масына сәйкес театр өнерін алға оздыруға бағыт-бағдар беретін шаралардың басталып кеткенін, бүгінгі жиында айтылған өзекті ұсыныстардың да назардан тыс қалмайтынын айтты. Театр өнерінің толғақты мәсе­лелерін ортаға салу үшін осындай үлкен форум өткізуге бастамашы болған Т.Жүргенов атындағы Қ­а­зақ ұлттық өнер академиясының бұл қадамы әрине, ең алдымен өнерге жанашырлықтан туғаны анық. Сонымен бірге оқу орны­ның барша ұстаздары мен сту­дент­тері қатысқан жиында білім ордасына қатысты жәйттерді де сырт көз сыншылар тарапынан нақтылап алу ұжым үшін де артық болмаған сияқты. Академия ректоры А.Мұхамедиұлы бізбен әңгімесінде де бұл жиынның өз әріптестері үшін мейлінше маңыз­­ды болғанын айтты. Бұл форумды өткізудегі басты мақсат – театр өнерін алға оздырмай жүрген жәйттерді ан­ықтап, ой-пікірлерді жинақтау еді десем, бұл ойымыз ойдағыдай шық­ты – деген ол одан әрі өнерге бау­литын оқу орындарына қатыс­­­ты бірқатар мәселелерді ортаға салған. Академия ректоры театр мамандарын, атап айтқанда актер, режиссер жетіспейтінін, барының өзі көп жағдайда әттеген-ай дегізіп жүргізуінің себеп-салдарына тоқ­таған. – Өзіңізге белгілі, басқа ел­дердегі сияқты біздің елімізде де му­зыка, бейнелеу өнері, балет мек­­тептері бар. Онда бүлдіршін­дер­ді бала жастан өнерге баулиды. Өнердің қыр-сырын жеткіншектер жастайынан санаға сіңіреді. Сондықтан бұл салаларда айтулы тұлғалар мол. Олардың өз елімізді айтпағанда, әлемдік ареналарды бағындырып жүргенін де көзіміз көріп жүр десем, драма әртістерін даярлайтын осындай мектептер қажет. Неге десеңіз, академия қа­бырғасында білім алатын уақыт тым аз. Айналдырған 4 жылда жас дарын өнердің тереңіне бойлап та үлгермейді. Сондықтан да әрбір театрдың жанынан студиялар ашы­­­­лып, базалық білім беру жүйе­­­сін қалыптастыру керек. Яғни, теа­­тр өнері мамандарын да мек­теп қабырғасынан бастап оқыту­ды қол­­­ға алу бүгінгі өмір та­ла­­­бы, деді ол. Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.