02 Қазан, 2010

Ақын рухына қызмет ету үлгісі

1024 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Алаштың ардақтысы Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұбан Молдағалиевті еске алу шаралары кезінде айқын көрінді “...Бар қазақ Жұбанына сенбеп пе еді, Ақынын пайғамбардай көрмеп пе еді. Есінен туған жердің шығар қалай, Жырымен жас ұрпағын тербеткені”.

Әбділда ТӘЖІБАЕВ.

Ақын рухына қызмет жасау деген не? Оның белгілі бір қалыптасқан үлгісі бола ма? Әрине, бұл сауалға әп дегенде, бірден жауап қайтару кім-кімге де оңай тимесе керек. Әйтсе де мұн­дай күр­­делі сауалдың жауабы сөзден емес, атқарылған нақ­ты істерден көрініс тауып жатса, бұл зор мәр­тебе, үлкен мерей. Ең басты олжа, туғанына тоқ­сан жыл толуымен тұспа-тұс келген Ақ­жай­ықтағы Жұбан Молдағалиевті еске алу шаралары осы сауалдың жауабындай көрінеді де тұрады. Әрі бұның өзі өзгелерге үлгі етіп ұсына алатындай тағылымы терең, мазмұны мол, ғибраты биік шаралар екендігімен де ерек­шелене алады. Биылғы жыл өңірде Жұбан жылы деп жа­рияланып, соған сай ақынның туып-өскен жері Сай­құдық, Жұбан ауылдары қайтадан жаңғыр­­ғандай күй кешті. Мұндағы әлеуметтік, тұрмыстық нысандарға күрделі жөндеулер жүргізілді. Әрі тұрғындарды көптен бері толғандырып жүрген ауыз су проблемалары да өз шешімін тапты. Биылғы жойқын қуаңшылықтың ізі барлық жердегідей, Жұбан ақынның туып-өскен топы­­рағында да айқын байқалады. Бұған дейінгі жыл­дарда шөбі шүйгін, от болып келетін алқаптар сар­жағалданып, тақырланып-ақ қалыпты. Айна­ладағы бұл сүреңсіз көріністі қыркүйектің қазанға ұласар шағындағы күз реңі одан әрі сұрғылт­тандыра түскендей әсер қалдырады. Соған қара­мас­тан, Жұбан еліндегі жаңғыру үрдістері, адам­дардың көңіл түкпіріндегі асқақ рух табиғаттың осынау бір сүреңсіз сәтін ұмыттырып жібергендей. Жұбан ақынның жары Софья Мәлікқызы айналасына риза кейіппен мейірлене қарайды. Өзін және ұл-қыздарын Орал әуежайынан күтіп алып, Жұбан ақынның топырағына тікелей өзі бастап алып келген облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовке деген ризашылығын сөзбен айтып жеткізе алмастай толқулы екені аңғарылады. Ақын жарының онсыз да мейірімге толы нұрлы жанары одан сайын нұрлана түскендей көрінді. Әңгіме басында айтылғандай, биылғы аптап ыстық Жұбан елінің топырағын да тілім-тілім жарықшаққа айналдырып жіберіпті. Жаз бойы аспаннан бір нәр тамбай-ақ қойғаны. Қыркүйек­тің өзінде де күннің ыстығы басылмай, адамдар­дың жаңбыр жаууды тілеген үміттері де үзіле бастағандай еді. Жұбан Молдағалиевті еске алу шараларына қатысуға келген мәртебелі меймандар ақынның туған топырағына аяқ басқан сәтте-ақ жаңбыр сіркіреп, төгіп ала жөнелді. Жұбан ақынды дүниеге келтірген, жаз бойы шөліркеп жатқан сайын дала бір сәтте аспаннан жауған нұрға бөкті де қалды. Жаңбыр ұзақ жауды. Халқымыз жаңбыр жауса оны қашан да нұрға, жақсылыққа балаған. Міне, осы құбылысты текті талант рухының кейінгі ұрпақтарын жебегені, қолдағаны десек жарасар. Ертеңіне ақын рухына арналған қызықтар, ат бәйгесі мен балуандар күресі басталар сәтте күн шайдай ашылып сала берді. Кеуделерді желпіген салқын самал, жаңбырдан кейінгі пайда болатын азон той қонақтарының көңілдерін одан әрі шалқытты. Жұбағаңның туып-өскен топырағы Сайқұдық ауылындағы орта мектепке оның есімі берілген. Жұбан мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, республика білім беру ісінің үздігі Үзілдік Елеубайқызы ел көлемінде тұңғыш рет жұбантану курсының өмірге келуіне бастамашы бола біліпті. Әрі бір жағынан Үзілдік – жазба ақындық пен айтыскерлік дәстүрді бір бойына тоғыстыра білген талант. Сондықтан да оның өткізген авторлық дәрістері жас таланттарды шыңдап, оларға жол сілтеуге ықпалының молдығымен ерекшеленеді. Жұбан Молдағалиевтің ақындық жолына қатысты мектеп мұғалімдерінің бірі Гүлсім Ғафур өмірге әкелген әдістеме де ешкімді селқос қал­ды­ра алмайды. Бұл жайтты оқырмандарға қойыл­ған төте сұрақтан бастаған жөн шығар. Физика мен лириканың арасында байланыс бар ма? Ойланып қалдыңыз ба? Ойланатын ештеңесі жоқ. Мұндай байланыстың бар екенін белгілі ғалым, аудармашы, әдебиеттанушы, Қарағанды универ­ситетінің тұңғыш ректоры Евней Бөкетов шы­ғармашылығына қатысты тұңғыш айтып кеткен қазақ сөз өнері пайғамбарларының бірі, марқұм Зейнолла Қабдолов болатын. Физика мен лириканың арасындағы бұл жолғы байланыс пен үндестіктің ерекшелігі – жаңа ақпараттық технологияға арқа сүйеуінде. Осы арқылы жаңашыл ұстаз Жұбан жырларын физика сабағында жан-жақты пайдалана алыпты. Бұл еңбек “Жұбан Молдағалиев өлеңдерін физика сабағында қолдану” деп аталады. Қайтып, қалай? Бұл жерде оның бәрін тізбелеп жатпай-ақ атал­­мыш еңбек жөніндегі мақаланы “Егемен” арқылы республикадағы барша ұстаздар қауымының назарына беретінімізді де айта кеткіміз келеді. Осындай өміршең, жасампаз ұстаздар мен талапты да талантты шәкірттер оқып жатқан мектепке де биыл күрделі жөндеулер жүргізіліпті. Несін айтасыз, сыңғырлап-ақ тұр. – Алайда бізді бұл жағдайдың өзі де қана­ғат­тандырып отырған жоқ. Жұбағаңның атындағы мектеп оның өзіндей еңселі, биік, бүгінгі заман талабына сай болуы керек. Сондықтан да біз алдағы жылы дәл осы жерден жаңа үлгідегі мек­­теп ғимаратын тұрғызу жөнінде ұйғарымға келіп отырмыз, – деп мәлімдеді ақын ауылында өткен кездесу кезінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. Міне, әңгіме басында айтылғандай, ақын рухын асқақтатудың, осы өшпес рухқа қызмет жасаудың бір мысалы осы. Ақжайықта өткізілген “Жұбаным деші, Жайы­ғым...” атты еске алу кешінде Жұбан Мол­­даға­ли­евтің батыл да берік азаматтық ұстанымы жө­нін­дегі тың деректі мемлекет және қоғам қайрат­кері, Жұбанның үзеңгілес досы, еліміздің қадірлі ақсақалдарының бірі Бисен Жұмағалиев жеткізді. – 1987 жылдың көктемінде Жұбанның Кол­бинге қасқая қарсы тұрып айтқан әйгілі сөзінен кейін мен Алматыға оны арнайы іздеп барып қайттым. Осы сапарда екеуміз біраз отырып әң­гімелесіп, сыр бөлістік. Сонда екеуара әңгіме ке­зін­­­де ол маған төмендегідей жайтты айтып беріп еді. “Айтылған сөз – атылған оқ. Жүрегімді тіліп өткен ащы шындықты оған айтып тындым. Мұ­­ным қандай жақсы болған, ар алдында бір жеңіл­деп қалғандай сезіндім өзімді. Сондай күндердің бірінде телефон шылдырлады. Ар жақтағы дауыс өзін бірінші хатшының көмекшісі екенін айтты. Құрметті Жұбан Молдағалиевич, уақытыңыз бо­лып жатса, Геннадий Васильевич сізді қабылда­ғы­сы келеді. Соған келіп кете аласыз ба? – деді ол. Не айтпақ ол сонда маған? Сәл ойланып, не де болса барып көрейін деп шештім. Бардым. Даңғарадай кабинетіне кірдім. Ол мені көрген бойда орнынан ұшып түрегеліп, маған қарсы жедел басып, жақындай түсті. Тек қолымды ал­ғанды місе тұтпағандай, тіпті қапсыра құшақ­тағысы келгендей рай танытты. Бұл қылығына ыңғай бермедім. – Жұбан Молдағалиевич, жазушылармен кездесуде маған айтқан сөзіңізді мүмкін сіз қызбалықпен, эмоцияға бой алдырумен оқыста айтып қалған шығарсыз. Мен өзім солай деп ой­лаймын. Оны түсінуге де, кешіруге де болады. Мен сізді ол райыңыздан қайтады деп сенгім келеді. Екінші бір айтайын дегенім, сізді ауырып жүр деп естіп едім. Олай болса, Мәскеудегі ең мық­ты білікті деген дәрігерге қаралуыңызға жәр­демдесейін, – деп жәдігөйсіді ол. – Замандас, – дедім мен оның аты-жөнін айтудың өзін өзіме ар санап. – Сол айтқаным айтқан. Айтқанымнан қайтпан. Бұл пікірімді енді ешуақытта әрі қандай жағдайда да өзгерте ал­маймын, – дедім де, кабинетінен шығып жүре бердім. Ол үнсіз бұқшиып отырып қала берді”. – Міне, мұны Жұбанның тағы бір ерлігі деп айтуға болады, – деп аяқтады өз сөзін Бисен Жұмағалиев. Бұдан әрі Жұбағаңның ақындық қыры мен қоғамдық қызметі жөнінде облысқа танымал сөз зергері, белгілі әдебиеттанушы Тілеш Жазықбай тартымды да тағлымды, мәнді де мағыналы, қысқа да нұсқа баяндама жасады. Келесі кезекте Жұбан Молдағалиевтің азамат­­тық жолы мен ақындық ерекшелігі жөнінде бүгінгі қазақ поэзиясының белгілі өкілі, Алаш сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева ақын­­ның туған күні болғанмен, өлген күні болмай­тыны жөнінде тебірене, толғана тұрып айтты. Өйткені, поэзияның ғұмыры – қашан да ұзақ. Ол қашан да өміршең. Жұбан жырлары да әрқашан өз халқының жадында. Ақынның өлген күні бол­майтыны да сондықтан. Кешегі күні жүз жыл­ды­ғы кеңінен тойланған аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлымен бүгінгі еске алу кешінің иесі, арқалы ақын, текті талант Жұбан Мол­да­ға­лиев кірген, сөз сөйлеген залдарда тылсым да таң­ға­жайып бір құдіретті күш пайда болатыны жө­нінде әдемі ой сабақтады. Бұдан әрі ол 1986 жылы Алматыда желтоқсанда болған оқиға емес, ол шын мәнінде көтеріліс деңгейіне көтерілген ғасыр шындығы екенін айтатын уақыт жетті, – деді ол. Осы бір күндерде Жұбан Молдағалиев туып-өскен аудан орталығы Чапаев кентінде биіктігі төрт метр, жалпы биіктігі жеті метр еңселі ескерткіш ашылды. Ол темір-бетоннан құйылған. Мүсін өнері туындысының авторы белгілі батыс­­қазақстандық мүсінші Рафаэль Шамсутдинов. Бұл үшін бюджеттен көк тиын қаражат жұмсалмаған. Ол жергілікті кәсіпкерлер мен ауыл тұрғын­да­рының қаржылай көмегі арқылы тұрғызылған. Осындай бастама көтерген Ақжайық ауданының әкімі Абай Иманғалиевтің ісіне ел дән риза. Бұл Жұбан елінде қалыптасқан ауызбіршілік пен тату-тәтті қарым-қатынастардың үлгісі екендігін Ақұш­­тап Бақтыгереева ризашылық сезіммен жеткізді. Ақынның қырық бір жыл отасқан жан жары Софья Мәлікқызының сөзі де шараға қатысу­шы­ларды тебірентпей, толқытпай қала алмады. – Қобалжып тұрмын, толқып тұрмын. Көңілде бәрі сайрап тұр. Алайда аузыма сөз түсе­тін емес. Бұл өздеріңізге деген ризашылықтан ту­ған жан тебіренісі деп қабылдаңыздар. Бұдан ал­пыс үш жыл бұрын осы Ақжайық еліне келін болып түскенімде Жұбағаң өз өлеңінде жазғандай, “Мен ұяң қыз, ол майдангер” еді. Содан бері осы топырақтың келіні ретінде алдарыңызды кесіп өткен жерім болмағанын сезінгенімде, өзімді бақыттырақ санағандай күй кешемін, – дей келе, адал жар, асыл ана көзіне жас үйірді. – Жұбағаң жетпісіне жете алмай, алпыс сегіз жасында өмірден озды. Екі жылдан кейін Оралда жетпіс жылдығы аталып өтті. 1980 жылы көзі тірісінде ол елге келіп, мерейтойын өз жерлес­те­рінің арасында өткізді. Не нәрсенің де бағасы мен қадір-қасиетіне салыстыру арқылы көз жеткізуге болады ғой. Сол сексенінші, тоқсаныншы жыл мен бүгінгі күннің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Кеңес кезінде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сұрғылт тартып тұратын ауылдар бүгінде адам танымастай өзгерген. Әсіресе, Жұбан елінің жасарып, көркейе түскеніне куә болу мені шексіз ризашылыққа кенелтеді. Бұл ең алдымен Жұбағаң көре алмай арманда кеткен тәуелсіздіктің арқасы. Сол тәуелсіздіктің нығая беруі үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген ел азаматтарының ерен еңбегінің нәтижесі. Осындай ұлан-ғайыр өзгерістерге бас­тамашы бола білген Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Ақжайық ауданының әкімі Абай Иманғалиевтерге ақ қырау шалған басымды иемін. Рахмет, қарақтарым, бәріңізге! Тәуелсіздігіміз бұдан әрі нығайып, еліміз көркейе берсін! Жұбан ағаларыңыздың рухы мен аруағы бәріңізді желеп-жебеп, қолдап жүрсін деп аналық ақ тілегімді білдіремін. Сондай-ақ облыста Жұбан Молдағалиевті еске алу шаралары аясында жыр мүшайрасы мәреге жетті. Оның жеңімпаздары Әйгерім Ділмағам­бетова, Талғат Мықи, Шынар Шахина, Жансая Мусина және Назгүл Кәрімовалар кеше облыстық қазақ драма театрында өткізілген “Жыр қыраны” атты поэзиялық кештің мәнін ашып, мазмұнын байыта түсті. Ия, Жұбағаңдай кесек, текті де мәрт ақынды өмірге әкелген киелі топырақ еш уақытта таланттарға кенделік қылмаса керек-ті. Поэзия кешіне жиналғандар осындай балғын жас таланттардың дүбірін сезгендей күй кешті. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұбан Молдағалиевті еске алуға арналған “Ақын мәртебесі – ел мерейі” атты ғылыми-практикалық конференция да өзінің алға қойған мақсатын толық орындап шықты деп айта аламыз. Конференцияда баяндама жасаған филолог ғалымдар мен әдебиет жанашырлары тұжырымдағандай, республикада бүгінгі күні жұбантану бағыты байыпты жолға түсіп келеді. Сондай-ақ, жұбантану егемендікті нығайтуға, оның қадір-қасиетін сезіне білуге, бүгінгі қа­­­зақстандық жастардың бойына туған жерге деген құрметті тұтас отаншылдық сезімге ұластыруға қызмет жасайтынына да күмән келтіруге болмайды. Бұл бағыттың өміршеңдігі де осында. Ең бастысы, Ақжайық өңірінде өткізілген Жұбан тойы елдік мақсат-мүдделерді тереңдете түсуге, ауызбіршілік пен елдің тұтастығын одан әрі нығайтуға жол аша білді. Текті талант туып өс­кен Ақжайық ауданы аумағын бүгінде тұр­ғын­дар Жұбан елі деп атап жүр. Мұның өзі де елдің қыран текті талантына деген шексіз махаббатын айғақтаса керек. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы. Суреттерде: Жұбан Молдағалиевті еске алу шараларынан көріністер. Суреттерді түсірген Рафхат Халелов.