02 Қазан, 2010

Жанға дәру дарытқан дәстүрлі әндер

1901 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Кеше “Қазақстан” Орталық концерт залында халқымыздың тұңғыш ұлттық антологиясы “Қазақтың дәстүрлі 1000 әні” жобасының тұсаукесер рәсімі өтті. Мәдени шараны Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов келіп тамашалап, өнерпаздарға өз атынан ықылас гүлін тарту етті. Халқымыздың мерей тұтып, мақ­та­ныш етер асыл мұрасы, рухани жәді­гер­ліктері ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі ұрпақтың еншісіне егжей-тегжейлі жеткен ән қазынасы қашан­нан дәстүрлі өнердің қаймағы сана­ла­ды. Дәстүрлі ән үлгілері ежелден ғұ­рып­тық әндер, халық әндері, кәсіби халық композиторлары шығармалары болып, баға жетпес құндылықты құ­ра­са, “Қазақтың дәстүрлі 1000 әні” біре­гей антологиясы ел Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген “Мәдени мұра” ұлттық жобасы аясындағы ең бір елеулі, ғасырлар бойы әсем әуезбен әрдайым әспеттеліп, әуелей шырқалған ең бір қымбат құндылыққа айналуда. Ән мұрасы, әр өңірдің өзегінен өзгеше өрнек төккен әуендік мектеп қазақ жанының ғасырлар көшінде шаң баспаған, түрлі қауіп-қатерлер мен қайшылықтарда қадір-қасиетін жоғалт­па­ған, ата-бабалар рухына дем бітіріп, ықылымнан ықыластана төгілген ме­рейлі шуақ іспетті тарихтың тірі куә­ге­ріне теңелуде. Сол куәгер тарих өзі­нің сырлы сандығынан небір шұрайлы, шуақты жырдың тұмаларын сыңғыр­лат­са, осының түбегейлі жарқын көрі­нісін қазіргі заман үлгісімен дүниеге келген мың әнді тоғыстырған бірегей жобадан айқын көруге болар еді. Тұсаукесердің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед сонау 1925 жылғы А.Затаевичтің кең даламызды шарлап, “Қазақтың 1000 әні” атты кітап қалдырғанын, онда қазақтың мың әні деп аталғаны болмаса, оның құрамында бірталай күйлер де болғанын, сондай-ақ бірталай әннің мәтіні қатар кезігіп отыратынын айтып, Шоқанның жақын досы Гри­горий Потаниннің: “Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді”, деген қанатты сөзінің бүгін шындыққа айналғанына көз жеткізді. Әннің тууына байланысты ел арасына кең тарап кеткен бір аңыз әңгімені тілге тиек ете келе, Арқадағы Біржан сал, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Мәди, Ес­тай сынды әрқайсысы өз алдына жеке тұрып та ән өнерінің ғажайып үлгі­лері саналуға лайық көшті, ал шы­ғысында Бүркітбайдан бастап Жәнібек Кәрменовке дейінгі аралықта бір-бірімен тұшымды тұтасқан сан мақам­ды ән мектебі, еліміздің батысында Мұхиттан өрбіп, бүгінгі Қатимолла мен Айгүл секілді дүлдүлдер легіне келіп жалғасатын дауылпаз үлгілерді, Сыр мен Жетісу өңірлерінің санқырлы сиқырлы саздарын тізсе, ұлан-ғайыр қазақ даласында шаттық жыры әуеле­гендей әсер ұялататынын ұғынықты әңгімеледі. Қазақтың дәстүрлі әндері тек осы мектептермен ғана түгесіліп, түгін тарт­са түбі көрінетін таяздыққа тақау деп тағы да айта алмайсыз. Себебі, соңғы кездері оның санатына атаме­кенге сағына оралған алыстағы қан­дас­тардың халық әндері мен әнші-ком­пози­торлардың туындылары түгелге жуық енгенін есепке алсақ, мұның кө­лемі одан да молая түсе­тінін мойындау керек. Анто­ло­гияға қазақтың тұр­мыс-салтына негіз­дел­ген ғұрыптық ән­дер­дің (бесік жыры, сыңсу, аужарлар, той­бастарлар, жарапа­зандар, дауыс-жоқ­таулар) небір қайта­ланбас үлгілері енгі­зілген. Қазақстанның Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Қос­танай, Шығыс Қа­зақ­стан облыс­та­рын­да және Моң­ғолия, Қы­тай, Ресей, Өзбекстан жерінде тұратын қан­дас­­тар­дың ғұрыптық ән­дері кірген. Жобаның тағы бір ай­рықша тұсы – оған халық көп жина­ла­тын жерде, мәселен, ду­ман-той­лар­да, дастарқан басында му­зыкалық ас­пап­тың сүйемелдеуінсіз, әншілік дайындығы жоқ кез келген қарапайым адам орындай беретін қара өлең жанры­ның кіргені. Жинаққа сондай-ақ әр өңір ерекшелігіне бейім­делген 500-ге жуық халық әндері топ­тастырылған. Антологиядағы домбыра, үш ішекті домбыра, қобыз, сырнай, күйсандықтың сүймелдеуімен орын­дал­ған әндерге құлақ түру өз алдына бір ғанибет. “Қазақтың дәстүрлі мың әні” бірегей жинағына негізінен Арқа, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жетісу, Сыр, Шығыс өңірлерінің әндері қам­тылды. Мәселен, Арқада кейінгі ұр­пақ­қа Әміре Қашаубаев, Қали Бай­жа­нов, Игібай Әлібаев, Байғабыл Жыл­қыбаев, Қосымжан Бабақов, Жабай Тоғандықовтар арқылы жеткен асыл мұраны Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Жаңыл Қартабаева, Ләззат Сүйіндікова, Мәдениет Ешекеев, Жә­ні­бек Кәрменов, Қайрат Байбосынов сияқты белгілі әншілер дәстүрлі әннің бү­гінгі буынына еш бұзбай, бұлақ көзін қыспай жеткізгеніне тәнтіміз. Ал Батыстың кәсіби ән мектебі негізінен эпикалық дәстүр уызында дамығанын көпшілік жақсы біледі. Бұл ретте Ахмет Жұбановтың “Қазақтың халықтық музыка мәдениетінде, оның ішінде әннің дамуында жыршылар үлкен рөл ойнайды” деген сөзі қай кез­ден де ән мен жырды бір-бірінен бөле-жармаған өлкеге ғана қатысты ай­тылғаны сезіледі. Жинаққа Бала Ораз, Қиса, Аманғали, Ауқат, Сары, Қы­зыл, Молдабай, Өтеғали, Дәуке, Білек және тағы да басқа әнші-ком­позиторлардың бүгінгі күнге жеткен туындылары енгізілсе, Маңғыстау әндері де осындай сирек есімдердің еңбектерінен құралады. Жетісу әншілік дәстүрі мен Сыр өңірінің, Алтай, Тарбағатай, Іле қазақтарының дәстүрлі әндері де тұсаукесер кеште тұшымды орындалып, халқымыздың ән қазы­насы құс қанатындай әуелеп, көрер­мен­ді таза леппен тыныстатты. Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты Бек­болат Тілеухан Доспамбеттің жырын қобызбен орындағанда байырғы баба­лар сарыны сарқыла төгіліп, көне әуен­ге көп назары тігілді. Мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығының лауреа­ты Жамбылдың “Қазақстанның тойы­на” арнауын орындаған соң, Ержан Қосбармақов бастаған Қарақат Әбіл­дина, Нұржан Жанпейісов, Шолпан Дәржанов, Перизат Тұрарова сынды Же­тісу ән мектебінің түлектері түрлен­те ән шырқады. Алмас Алматов сынды көмекеймен көрікті әуез төгетін Сыр елінің жампозы Тоқжанның “Гөй-гөйін” айтқан соң, артынша Елмұра Жа­ңа­бергенова бастаған Баян Мұсае­ва, Әлихан Дүйсенбай, Бидас Рүстем­беков, Азылхан Мақсатбаев сияқты жыр жұртының жаһұт әншілері әнмен шашу шашты. Мемлекеттік “Дарын” жас­тар сыйлығының лауреаты Айгүл Қосанова Мұхиттың “Айнамкөзін” өзінің сыбызғыдай сыңғырлақ үнімен мінсіз орындағаны көпшілікті сүйсінт­ті. Іле-шала Сәуле Жанпейісоваға ер­ген Қайрат Кәкімов, Мая Исмайы­ло­ва, Ақмарал Ерімбетова, Серік Аб­драх­манұлы Батыстың байсалды мақамы­мен маржан жырларды төкті. Респуб­ликалық байқаулардың лауреаты Ерлан Рысқали орындаған Әсеттің “Қыс­меті” жаңа сахнаны қыздырып жібер­гендей еді. Оған Берік Омаров, Бағлан Бә­біжан, Гүлдана Ноғайбаева, Төлеу­тай Серіков, Аллажар Қайбар қо­сыл­ғанда шығыс әндерінің шынайы бей­несі нұрланып шыға келді. Қазақ­станның халық әртісі Қайрат Бай­бо­сынов Үкілі Ыбырайдың “Қызыл асық” әнін орындағанда жұрт көне әннің көсіле шырқалған ырғағына тебіреніп кетті. Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева “Сазген сазы” фольклорлық-этнографиялық ансамблімен “Қуана­мын”, “Гәкку” әндерін наздана айт­қан­да, дәстүрлі ән­дердің классикалық үлгіге жақындығы аңғарылған. Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов халық әні “Алқоңырды” орындаса, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамед­қызы халық әні “Гүлдерайымды” байытылған жаңа үлгіде жеткізді. Республикаға еңбек сіңірген әртіс Кенжеғали Мыржықбай Абайдың “Көзімнің қарасы” әнін, ал КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова Сегіз Серінің “Гауһартасын” тамылжыта шыр­қап, тәмам жұртты тамсантты. Кеш соңы Бекболат Тілеуханның орын­дауындағы “Елім менің” әнімен қорытындыланды. Әрине, бір ғана жобамен дәстүрлі әндердің мәселесі толық шешіліп бітті деп айта алмас­пыз. Рухани мұраны түгендеудегі мақ­сат – ел ішінде сақталған саф алтын­дай кәусар дүниелерді мұқалтпай мұқым жұрттың мұратты игілігіне ай­налдыру. Осы ретте бүгінгі бас-аяғы жинақталып, байтақ даланың байлығына айналған анто­логияны мәдени өміріміздің мәңгілік оқиғасы ретінде қабылдауымызға әбден болады. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Суреттерді түсірген  Советбек МАҒЗҰМОВ