30 қыркүйекте Варшавада соңғы 11 жылда бірінші рет өткелі отырған ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық шеңберінде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер өкілдерінің кездесуі басталды. Кездесуде олардың Ұйым шеңберінде алған міндеттемелерінің орындалу барыстары қаралуда.
Шолу жөніндегі он жетінші конференция қазан-қараша айларында Варшавада, Венада және ЕҚЫҰ-ға 2010 жылы төрағалық етуші ел – Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласында өтеді. Конференция шеңберінде 1-2 желтоқсанда Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық мәселелері қаралатын болады.
1975 жылы Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойылғаннан бергі кезеңде айтарлықтай прогреске қол жеткізілді, деп атап өтті Қазақстан Респбуликасы Сыртқы істер министрінің орынбасары және ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының арнайы елшісі Константин Жигалов пленарлық отырыстың ашылуында сөйлеген сөзінде. “ЕҚЫҰ өңіріндегі адамдар бүгінде ашық саяси және экономикалық жүйеде өмір сүруде, Хельсинки үдерісінің басында болғандағыдай, енді оларға әскери-саяси шиеленістер қысым жасамайды”, деді ол.
“Дегенмен, өкінішке қарай, Хельсинки Қорытынды актісінің принциптері мен ЕҚЫҰ-ның міндеттемелері бүгінде толық мәнінде сақталып, жүзеге асырыла бермейді. Күш қолдану бұрынғысынша дауларды реттеудің мүмкіндігі болып саналады, сондықтан мемлекеттер арасындағы дау-жанжалдар әлі күнге дейін жойылған жоқ. Трансұлттық қатерлер нақты қауіптер төндіруде, көптеген дау-жанжалдар болса шешілмеген күйі қалып отыр. Қарапайым қару-жараққа бақылау жасау үдерісі тұйыққа тірелді”.
Шолу жөніндегі конференцияның мақсаты “біздің үкіметтеріміз ЕҚЫҰ-ға мүше өзге мемлекеттерге және біздің бәрімізге – азаматтарға қатысты өздері қабылдаған міндеттемелерді сақтап отыр ма деген бір ғана мәселеге келіп тірелуі мүмкін”, деді ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті Петрос Эфтимиу.
Варашавада өткен шолу жөніндегі конференцияның бірінші бөлігі шеңберінде адам құқықтарының сақталуы, демократиялық басқару және толеранттылықты алға бастыру сияқты адамдық өлшемдер саласындағы міндеттемелер қаралатын болады. Ал 18-26 қазан аралығында конференцияға қатысушылар мөлдірлік пен қызметтестік деңгейлерін арттыру сияқты әскери-саяси өлшемдегі міндеттемелер мен экономикалық-экологиялық өлшемдегі саналы басқаруды алға бастыру тәрізді міндеттемелерді қарайтын болады. Конференцияның 26-28 қарашада Астанада өтетін бөлігінде тағы да адамдық өлшемдер мәселесіне айрықша көңіл бөлінбекші.
ЕҚЫҰ ұсынған басқару моделі табысты болып саналады, бірақ тұрақты назарда ұстауды талап етеді, деп атап өтті ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо. “Ұйым негізінде жатқан адал ниетті мақсаттарды жүзеге асыру ісінде ЕҚЫҰ әрбір мүше мемлекеттің белсенді атсалысуына және олардың еркін саяси ерік-жігерлеріне сенім артады. Бұл – теңдік принципі мен қауіпсіздік рухында үнемі жетіліп отыратын қызметтестікке негізделген жанды жоба”.
Шолу жөніндегі конференция кезінде атқарылуға тиіс жұмыстар Астанадағы Саммиттің “мемлекеттер арасындағы өзара сенімді қалпына келтіру үдерісінде, сол сияқты Ұйымның беделін нығайтып, оның қызметінің белсенділігін арттыруда” әлеуетке ие екендігін білдіреді, деп мәлімдеді Польша Мемлекеттік хатшысының орынбасары Гражина Бернатович.
Шолу жөніндегі конференция жұмысына 400-ге жуық үкіметтік емес ұйымдар қатысуда. Олардың жұмыс сессияларына қатысуға толық құқылары бар және көкейкесті проблемаларды үкімет өкілдерімен бірдей жағдайда талқылай алады.