02 Қазан, 2010

ПАРЛАМЕНТ "Егемен Қазақстанның" арнаулы беті

800 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қазақ театрына қамқорлық қажет

Мен көп жыл Ақмола облысында, кейін Парламентте өнердің, мәдениеттің жанашыры, қамқоршысы, осы саланың намысын жыртушы ретінде қал-қадерімше еңбектендім және еңбектеніп келемін деп ойлаймын. Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ашылуында  (1991 ж.) менің де үлесім бар. Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА, Сенат депутаты. Осы театр орыстанып бара жатқан Ақмолаға жаңа леп, жаңа бетбұрыс, өзгеріс әкеліп еді. Театрдың төңірегінде барлық намысы бар қазақтар жиналып, шоғырланып, бірі­ге­тінбіз. Театрдың әрбір пре­мьерасын  үлкен оқиға  ре­тін­де қабылдап, оны қы­зық­тап, қуанып, талқылап, ак­тер­лермен бірге болушы едік. Ак­терлерді ғана емес, жалпы сах­на қызметкерлерінің  бәрін біліп, танып, әртүрлі қамқор­лық көр­сетуші едік.  Қазақстанда бірін­ші рет “дала театры” ұғымы да осы Ақмолада басталып еді.  Қа­зақ­тың  талантты, ақ маңдайлы театр ре­жис­сері  Жақып Омаров Бөгенбай батырдың 300 жылдық тойында Ерейментаудың баурайын­да, ашық далада  спектакль қойып, ол кейін  басқа облыстарда да жалғасып кетіп еді. Ақмола же­ріндегі оң өзге­рістер, сол қазақ театрының  ашы­­луынан, қалаға Ақмола  атын қай­тарудан, бұрын болмаған зәулім мешіт са­лу­дан бас­талып еді. Кейін  осы өзге­ріс­тер Ақмо­ланың Астана болуына алып келді. Әрине, қазір қалада театр да, талантты өнер ұжымдары да көп. Бірақ қазақ  музыкалық-драма теа­тры­ның осы қалаға, жаңа Астанаға, Тәуелсіз Қазақстанға  жасаған еңбегі ерекше еді, менің ойымша, ол әлі лайықты бағаланбай келеді. Келесі жылы Тәуелсіздігімізге — 20 жыл, Астана  Қазақ  театрына  да — 20 жыл. Театр 20  жылда  ғимаратын өзгерте алмай, сол баяғы облыстық деңгейдегі қалпында тұр. Осы жылдары Аста­нада көптеген мәдениет ошақтары салынса да, Қазақ театрына кезек жетпей келеді. Не мәдениетті  дамыту, не қазақ тілін дамыту бағдарламаларында да театрдың  орны байқалмайды. Театрдың абыройына  нұқсан келтіретін тағы бір жағдай:  театр басшыларының тым жиі ауысып жатуы.  Осы театр­да бірінші күннен бастап еңбектеніп, көптеген спектакль­дерде  бас рөлдерді  талантты сом­дап, сүйікті актерлерімізге  айнал­ған, бірнеше театр фестиваль­дарының  жүлде иегерлері Болат Ыбыраев, Түймехан Атымтаева, Бақыт Исабекова, Гүлбаршын Қылышбаева осы күнге дейін бір де бір атақ ала  алған жоқ. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рымкеш Омарханова не 70 жылдығын дұрыс тойлай алмады, мемлекеттік марапатқа қолы жетер емес. Осы мәселелерді қорытын­ды­лай  келе, Үкіметке мынадай сауалдарды көлденең тартқан жөн ғой деп есептеймін: — Астана қазақ  театрының жаңа ғимараты қашан салынады? — Тәуелсіздігіміздің 20 жылды­ғында  20 жылға келіп отырған Қазақ  театрына өз деңгейінде қамқорлық  көрсетіле ме? — Осы театрда өнер жолының бірінші күнінен бастап жұмыс істеп, Астанаға үлкен еңбек сіңіріп келе жатқан актерлер елене ме,  лайықты атаққа,  марапатқа ұсыныла ма? Білім беруге қатысты заңнамалар таныстырылды Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйым­дастыруымен “Назарбаев Уни­вер­ситеті”, “Назарбаев Зият­кер­лік мектептері” және “На­зар­баев Қоры” мәртебесі ту­ра­лы, “Қазақстан Республика­сы­ның кейбір заңнамалық акті­ле­ріне білім беру мәселелері бой­ынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы” заң жо­баларының таныстырылымы өтті. Заң жобалары бойынша “Назарбаев Университеті” АҚ президенті Аслан Сәрінжіпов баяндама жасады. “Назарбаев Университеті”, “Назарбаев Зияткерлік мектептері” және “Назарбаев Қоры” мәртебесі туралы” Қазақстан Респуб­ли­касы Заңының  жобасы  Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан На­зарбаевтың Қазақстан халқына 2006 жылғы 1 наурыздағы “Қазақстанның әлемдегі бә­секеге барынша қабілетті 50 ел­дің қатарына кіру страте­гия­сы” және 2010 жылғы 29 қаңтардағы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның  жаңа мүм­кіндіктері” атты Жолдауларына сәйкес әзірленді. Жолдауда  Мемлекет басшысы Астанада түлектерге ерекше қабылдау шарттары мен айрықша қойы­латын талаптары бар беделді инженерлік-ғылыми оқу орнын құру және тиісті заң жобасын Қазақстан Респуб­ли­касының Парламентіне енгізу міндетін алға қойған еді. Болашақта өзін заманауи жоғары зерттеу оқу орны және жоғары білімнің халықаралық стандарттарын іс-тәжірибеде қолданатын жоғары білім ордасы ретінде танытуы үшін әлемнің жетекші білім беру мекемелерімен ынтымақтастық құруды мақсат тұтқан. Заң жобалары бойынша депутаттар Р.Сәрпеков, Ш.Өте­місов, Б.Баймағамбе­то­ва, Қ.Бисенов, С.Темірболатов сұрақтар қойып, пікірлерін білдірді. Аталған құжат бойынша таныстырылымды жұмыс тобының  жетекшісі депутат Гүлмира Исімбаева жүргізіп отырды. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист. Ауыл мәдениетіне баса назар Сенатта Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің басшысы Ақан Бижановтың төрағалық етуімен болған депутаттардың Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедпен кездесуінде ауылдағы мәдениет нысандарын дамытуды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етудің мәселелері талқыланды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Кездесуді аша келіп А.Бижанов мәдениет саласын жан-жақты да­мытуға арналған ұлттық “Мәдени мұра” стратегиялық жобасын жү­зеге асыру мәселелеріне баса назар аударды. Сенатор “қазіргі кезде мәдениетті дамытуға және клас­си­калық және ұлттық өнердің үздік дәстүрлерін дамытуға, сақ­тауға, оның әлемдік мәдени кеңіс­тікке кірігуіне барлық жағдай жа­салған” деп атап өтті. Тек үстіміз­дегі жылы мәдениет ошақтарын жөндеу жұмыстарына 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазіргі кезде мәдениетті дамы­ту жөніндегі мемлекеттік саясат тиісті заңнамамен қамтамасыз еті­ліп отыр. Атап айтқанда, биылғы жылы “Мәдениет туралы” заңға өзгерістер мен толықтырулар ен­гізілді. Саланың инфрақұрылымын, материалдық-техникалық базасын нығайту үшін, А.Бижановтың ай­туынша, мәдениет саласындағы қызмет көрсетулермен ауыл хал­қын қамтамасыз етудің жүйесін кү­шейту қажет. “Бұл жұмыс Мә­де­ниет министрлігінің ауқымды үйлестіру істерімен жүзеге асуы және жергілікті атқарушы орган­дар­дың тұрақты бақылауында бо­луы тиіс”, – деп атап өтті сенатор. Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысының бастамасымен дүниеге келген ұлттық “Мәдени мұра” стратегия­лық жобасының жүзеге асқан екі кезеңінің негізгі қорытындылары  туралы хабардар етті. Кездесуде мәдениет саласын дамыту туралы егжей-тегжейлі айта келіп, М.Құл-Мұхаммед таяу арада шешілуі тиіс көкейкесті мәселелерді атап өтті. Талқылау барысында сөз алған депутаттар мәдениет саласындағы инфрақұрылымды одан әрі көркейту, ауылдық жерлердегі мәдени-демалыс ошақтарын қалпына келтіру және құрылысын салу жөніндегі жұмыстарды белсенділендіру жайында ойларын ортаға салды. Мақсат – кәсіпкерлік туралы заңнаманы жетілдіру Сенаттағы Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің депутаттары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ғылыми инновациялар және интернационалдық жобалар саласы бойынша ресми консультанты, Кемнитц қаласындағы (ГФР) техникалық университеттің профессоры Вольфрам Шарффпен кездесуінде шағын және орта бизнес жөніндегі заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды. Кездесуді аша келіп, комитет төрағасы Нұрлығайым Жолдасбае­ва ұлттық экономиканы жаңғырту, индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру міндеттері тұрғысында кез­десудің маңыздылығын атап өтті. Сенатор инновациялық даму саласы, экономиканың басым сек­торын индустрияландырудағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жөніндегі  ұлттық заңнамаға ен­гізіл­ген соңғы өзгерістер туралы В.Шарффты хабардар етті. Кездесуде сөз алған В.Шарфф ГФР-дағы кәсіпкерлікті мемле­кеттік қолдау тәжірибесі туралы әң­гімеледі, шағын және орта биз­нес секторын нығайтуға,  инфра­құрылымды дамыту және құрамдас инновацияны енгізуге арналған заңнамаларға тоқталды. В.Шарфф Қазақстан экономи­ка­сын жаңғырту саласындағы Президент Н.Назарбаевтың саяса­тын жоғары бағалады және шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін мамандар даярлауда неміс тарапының тәжірибе алмасуға, бизнес орталарына жастарды тартуға әзірлігін айтты. Бұл мақсатты жүзеге асыруға ықпал ететін шаралар қатарында шағын және орта кәсіпорындарды қолдау, ғылыми-зерттеу әлеуетті, кәсіби және техникалық білім беру жүйесін белсендірек іске қосу жөніндегі мемлекеттік бағ­дарламаны әзірлеу және қабылдау қажеттігі аталып өтті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Халықаралық стандарттарға сәйкеспейді Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Мәжіліс депутаты. “...Қостанай қаласында об­лыс­тық техникалық реттеу және ме­т­о­рология комитетінің қызмет­кер­лері Қытайда шығарылған ба­лалар денсаулығына қауіпті ой­ын­шықтардың бір партиясын тәр­кі­леді...”, “...Оңтүстік Қазақстан облысының прокурорлары тек­серілген 267 ойыншықтың 22-сін балалар денсаулығына қауіпті деп тапты...”. Соңғы кездері осындай елді елең еткізерлік, үрей туғызарлық хабарлар жиілеп кетті. Бірақ жур­налистердің жанайқайына құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Қайда бар­саң да, Қытайдан жеткізілген қауіпті ойыншықтардан аяқ алып жүре алмайсыз. Ал олардың қауіп-қатерге толы, құрамында адам ағза­сына зиянды улы химиялық заттардың бар екенін айтып, бүкіл әлем дабыл қағуда. Дабыл қағып қана жатқан жоқ, оған қарсы ша­ралар қолдануда. Мәселен, бүгінде Аспанасты елінде шығарылған ойыншықтарды Солтүстік Амери­ка мен Австралияның дүкендерінде сатуға тыйым салынған. Сол сияқ­ты, Ресей Қытай ойыншықтарын зерттеу нәтижесінде оның құ­рамында улы химиялық заттардың көптігін анықтаған соң, дайын өнімдерді кері қайтарып, тіпті осыған байланысты арнайы заң қа­былдаған. Өкінішке қарай, бас­қаларға керексіз болып қалған осы ойыншықтар біздің елімізге еш кедергісіз, тексерусіз ағылып жа­тыр. Қолда бар деректерге сүйен­сек, сауда нүктелеріне шығатын ойыншықтардың 80-90 пайызы Қытайдікі көрінеді. Мамандардың айтуынша, Қы­тай­дан келген ойыншықтар ха­лық­аралық стандарттарға сәйкес келмейді, олардың құрамында сәбилердің денсаулығына, өмірі мен келешегіне қатер төндіретін улы заттар, мәселен, формаль­де­гид әдеттегіден 10-15 есеге дейін көп екен. Және бояудың құ­рамын­да фенол, қорғасын эле­мент­терімен қатар, химиялық ин­гредиенттер де кездесетін көрінеді. Өйткені, ойыншықтар негізінен химиялық өндірістің қалдықтары­нан жасалады. Ал бұл баланың миын зақымдап, көру қабілетін тө­мендетіп, кемтарлыққа ұшы­ратуы мүмкін. Бүлдіршіндердің қолына тиген кез келген затты аузына салып, иіскей бастайтыны белгілі. Осылай зиянды, улы заттар бала ағзасына түсіп, түрлі ауруға ұшыратады. Қы­тайлық ойыншықтар шыға­ратын дыбыстардың да нормадан асып түсетіні анықталып отыр. Бұл баланың есту қабілетінің тө­мендеуіне, тіпті саңырау болып қалуына әкеліп соқтырады. Осы­дан оншақты жыл бұрын Еуро­одақ елдерінде тісі шығайын деп жүрген сәбилерге арналған әртүрлі дыбыс шығаратын ойыншықтарды поливинилхлоридтен жасауға тыйым салынған болатын. Алайда, Қытайдан әкелінген ойыншық­тар­дың барлығы осы материалдан жа­салған. Жұмсақ резеңке ойын­шық­тарын бояйтын заттар құ­рамын­дағы кадмий мен қорғасын мөлшерінің қалыпты деңгейден әлдеқайда жоғары болуы да алаң­даушылық туғызады. Мұндай улы ойыншықтарды пайдаланған бала­лардың иммунитеті әлсіреп, ал­лер­гиялық ауруға сондай-ақ, асқазан, ішек дерттеріне жиі ұшырайды. Талдаулар көрсетіп отырғанын­дай, азық-түлік, сусын, бояғыш зат­тарға қарағанда, бала ойын­шық­тарының қауіпсіздігі 7-8 пай­ыз жоғары. Өйткені, ойыншықтар көбіне-көп аз мөлшерде, кішігірім сөмкелермен әкелінетіндіктен, оларды ешкім де ұстап, тексер­мейді. Еліміздің “Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы” Заңының 7-бабында ойыншықтардың сыр­тын­да өнімді дайындаушы, тауар белгісі, ойыншық атауы, дайын­дал­ған күні мен өндірген мемле­кет­тің аты, тауар белгісі, қол­да­ны­лу шарттары, пайдалану жөніндегі нұсқаулықтары көрсетілуі тиіс екені айтылған. Ал базардағы ойыншықтарда мұндай мәліметтер мүлдем кездеспейді. Ойыншық мәселесіне жеңіл-желпі қарауға болмайды.Оның аяғы үлкен өкініштерге әкеліп соқ­тыруы мүмкін. Өйткені, ойын­шық – баланың ермегі ғана емес, қолынан түспейтін, ұйықтаса құ­шақтап жататын серігі де. Ойын­шық арқылы баланың ойлау қабі­леті артады, сол арқылы өмірге бейімделеді. Сондықтан ұлт бола­мын деген, ұрпағын ойлаған ел ба­лалар ойыншығына, әсіресе, сырт­тан әкелінетін ойыншықтың сапа­сына, қауіпсіздігіне айрықша кө­ңіл бөлуге, қатердің алдын алуға тиіс. Алакөлдің жағалауы алаңдатады Ерболат ӘПСӘЛЯМОВ, Мәжіліс депутаты. Шығыс Қазақстанның тұмса табиғаты талай адамды тамсандыратыны жасырын емес. Елі­міздің сұлу өңірлерінің бірі – Алакөл. Алайда, кейінгі жылдары Алакөл жағалауының үлкен қар­қынмен бұзылуы көл маңайында орна­ласқан елді мекен тұрғындары мен жыл сайын көл жағалауына келіп дем алушы адамдар үшін үлкен қауіп төндіруде. Су толқындары мен қыс­қы уақыттағы мұз құрсауынан бұзылып жатқан жағалау осы күні көл маңайында орналасқан елді мекендерге мейлінше жақындай түсті. Жағалаудың су екпініне шыдамаған шығыс беткейі 300 метрге дейін жылжыған. Жыл сайын жағалаудың 20-30 метрі бұзылады. Соның салдарынан көл маңында орналасқан Қабанбай ауылы арқылы өтетін ұзындығы 1800 метрлік тас жолды су шайып кеткен. Бүгінде көл суы “Дорожник” демалыс үйі мен басқа да демалыс орталықтарына жақындап қалды. Ал жыл сайын көл жағасына келіп демалып, ем қабылдаушы­лардың саны жылына 60 мың адамнан асады. Жағалау алдағы уақытта да мұндай қарқынмен бұзылатын болса, таяу орналасқан елді мекендерді су басу қаупі туындап тұр. Көл жағалауының қарқынды бұзылуын тоқтату мақсатында 2007 жылы жағалауды нығайту жобасы қолға алынған болатын. Жоба бойынша көл жағалауына су толқындарына қарсы арнайы тосқауылдар тұрғызылуы керек. Аталған құрылыстың бірінші кезегінің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалып, ол мемлекеттік сараптама­дан өткізілді. Бірінші кезекте көл жағасына ұзындығы 175 метрді құрайтын айлақ және 162 метрлік тосқауыл тұрғызу жоспарланған. Жоба бойынша бұл жұмыстардың құны 594 млн. 987 мың теңгені құрады. Бас мердігер – “Семмелиорация” заңды тұлғалар бірлестігі. Мердігер жоба аясында бірінші кезекті тұрғызу жұмыстарын жүзеге асырды. Алайда, Төтенше жағдайлар министрлігі аталған бірінші кезек құрылысының толық аяқталуына қажетті қаражатты бөлмей отыр. Сол себепті құрылыс жұмыстары 2010 жылы уақытша тоқтатылған. Бүгінде қарыз қалдығы 57 млн. 737 мың теңгені құрайды. Қаржыландыру жалғастырылмайтын болса, бірінші кезектің құрылысына жұмсалған қаражат зая кетуі мүмкін, ал екінші кезектің құрылысы мүлде басталмауы ықтимал. Өйткені, көл жағасына салынған айлақ су ішінде қалып қою қаупі бар. Сөйтіп, аталған жоба мүлде аяқсыз қалуы мүмкін. Бұл мәселе қазір аудан, облыс басшылығын да толғандырып тұр. Аталған өңірдің тұрғындары Мәжіліс депутаттарына қиын жағдайдың оң шешілуіне ықпал етуін өтінді. Осы орайда Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдап, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы Қабанбай ауылының жанында Алакөл көлінің жағалауын нығайту жұмыстарының бірінші кезегінің құрылысын аяқтау үшін 57 млн. 737 мың теңге қаражат бөлу жөніндегі мәселеге назар аударуын сұрадым. Алакөл мәселесінің оң шешілуіне Үкімет басшысы да, тиісті министрліктер де оң көзқарас танытады деген сенімдемін. Байланыстарды өрістету жолында Түркияның Қазақстан Рес­пуб­­ли­касындағы Төтенше және өкі­летті елшісі Лале Үлкер ха­ным мен еліміз Парламенті Мә­жі­лі­сі­нің Ха­лықаралық істер, қор­ғаныс және қауіпсіздік коми­тетінің мү­шесі, Қа­зақстан-Түр­кия парла­мент­­ара­лық ын­ты­мақ­тастық то­бы­ның жетекшісі Уә­ли­хан Қо­ңыр­баевтың кездесуі болып өтті. Кездесуде Қазақстанның тәуел­­сіздігін Түркияның әлем ел­дері ішінде алғаш болып та­нып, қолдау біл­­діргені, екі мем­лекет арасын­дағы саяси-эконо­ми­калық, рухани-мәдени, білім мен ғылым салала­рындағы ын­ты­мақтастық қарым-қатынас­тың қарқынды дамып келе жат­қаны туралы әңгіме қоз­ғалды. Тарап­тар парламентаралық бай­ла­нысты өрістете түсудің келешегі жайлы да пікір алмасты. “Егемен-ақпарат”.