Тобыл бойынан ұзап, Торғай ойпатына кіреберістегі шөбі шүйгін далаға жерұйық іздеген Асанқайғы желмаясымен жеткен екен дейді аңыз. “Малға жайлы қоныс екен-ау, бірақ суы жетпей тұр екен” деп, бабамыз аса таяғымен жерді шұқып жібергенде сол жерден көл пайда болған екен. Сол көл де, жер де Қайғы атаныпты. Алдымен малының қамын ойлайтын қазақ үшін бұл өңір кезінде құтты қоныс болған. Жусанды далада аталарымыз мыңдап жылқы айдаған. Ертеден жеткен деректерге сүйенсек, Қайғы көлінің күншығыс бетінде 1832 жылдары алғашқы елді мекен пайда болыпты.
1840 жылы осы қоныста мешіт салынады. Мешітті тұрғызуға Мұртаза хазірет және Сүлеймен деген кісілер атсалысқан екен. Кейін келе мешіт жанынан медресе ашылып, халыққа діни білім беру ісі қолға алынады. Ал 1927 жылы осы елде аудан бойынша тұңғыш мектеп ашылады. Алғашқы мұғалімдер Жүсіп Темірбеков және Сәдуақас Жақанин деген кісілер болған. Айтқандай, Жүсіп Темірбековтің әйелі халқымыздың дарынды ұлдарының бірі Серке Қожамқұловтың туған қарындасы екен. Ал Жүсіптің өзі Тройцкіде Сұлтанмахмұт Торайғыровпен бірге оқыған көрінеді. Білімнің қадірін түсінгендіктен шығар, ол кісі өзінің баласы Ғазиз бен тағы бір жақын ағайынының Қарамерген деген баласын кейін өзі апарып оқуға түсіреді. Ғазиз ерте қайтыс болады да, Қарамерген Ыбыраев Ұлы Отан соғысы жылдарында Қостанай облыстық комсомол комитетін басқарып, кейін зейнет жасына келгенше Целиноград облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы болып 17 жыл қызмет атқарды. Айта берсек, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында атақты Орынбай ақынмен айтысып, жеңген Өтеулі ақын да осы жердің тумасы. Қайғы 1927 жылдан бастап аз уақыт аудан орталығы да болыпты. 1928 жылы Батпаққара ауданы құрылып, аудан орталығы сонда көшіріледі. Ауыл әуелде серіктестікке бірігіп, кейін 1930 жылдан бастап Жамбыл ұжымшары деген мәртебеге ие болады. Колхоздың алғашқы төрағасы Шайынғазы Мұхамеджанов деген кісі болған. Ал осы кісінің туған інісі, бүгінде Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың әкесі Байғоныс Мұхамеджанов соғыстан кейінгі жылдары Қостанай облыстық филармониясында директор болып, кейін Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген әртіс атағын алған Рақымжан Қасымов, Сейтім Жақыпов және ұзақ жылдар “Қайнар” баспасының директоры болған Хайдолла Тілемісов сияқты өнер иелерін тәрбиелеген. Сол жылдары филармонияда есімі Қостанай-Торғай өңіріне кеңінен танымал қобызшы Қазыбек Әбенов те еңбек еткен. Сөз реті келгенде айта кету керек, Сәбит Мұқановтың “Мөлдір махаббат” романында аталатын Қызбел тауы мен Амангелді Имановтың ақ патшаның әскерімен алғаш шайқасатын атақты “Күйік соғысы” өтетін жер де Қайғы, қазіргі Мереке ауылының аумағында орналасқан. Бүгінде кең-байтақ қазақ даласының бір шетінде ескерусіз, томаға тұйық өмір кешіп жатқан ауылдың өткен тарихы, қысқаша айтқанда, міне, осындай.
Кеңес Одағы кезінде “Кустанайский комсомолец” кеңшары мыңғырған мал өсірді, 17 мың гектар жерге егін екті. Мемлекеттің жоғары наградаларымен марапатталған еңбек адамдары да ауылдан көптеп шықты. Жалпы, Мереке ауылы Науырзым ауданындағы өзіндік ерекшелігі бар, ірі елді мекендердің бірі саналатын. Мұнда төрт жүздей түтін, үш жарым мыңнан астам халық болды. Кеңестік кезеңде осынау шағын ауылға өркениет белгілері келудей-ақ келді. Кеңшарда жаңа үлгідегі мәшине-трактор шеберханасы, екі қабатты балабақша, тұрмыстық қызмет көрсету үйі, учаскелік аурухана, клуб, кітапхана, заман талабына толық жауап беретіндей орта мектеп, пошта, кеңшар асханасы, бірнеше дүкен мен монша жұмыс істеп тұрды. Көшелерге құбыр тартылып, автоматты телефон стансасы орнатылды, кейбір көшелерге асфальт та төселді. Кеңшардан 30 шақырымдай қашықтықта өтетін Қостанай-Арқалық трассасынан ауылға дейін көтерме жол салынып, оның жартысына жуығы асфальтталды. Қостанайдан арнайы әуе бағыты ашылып, АН-2 ұшағы күн сайын келіп-кетіп тұратын, оның сыртында облыс орталығы мен аудан орталығынан автобустар қатынады. Осы ретте Қайғы ауылы халқының қайғы-мұңсыз өмір сүруіне кеңшардың алғашқы директоры Мырқайдар Қауқанов пен өткен ғасырдың 70-80-інші жылдары шаруашылықты басқарған Жақсылық Әубәкіров және Аманкелді Қалиевтердің айтарлықтай үлес қосқандарын да айта кету қажет. Жетпісінші жылдардың аяғынан бастап кеңшарда ірі панельді үйлер салына бастады. Соның арқасында бас-аяғы оншақты жылдың ішінде бұрынғыға қосымша 30-шақты екі пәтерлі үйден тұратын бүтіндей бір жаңа ауыл пайда болды.
Ал жоспарлы экономиканы нарық ауыстырғанда мемлекеттік дотацияға еті үйреніп кеткен қай ауылдың іргесі сөгілмеді дейсіз. Қайғы жерінде орналасқан шаруашылықтан да береке кетіп, ауылдағылар аңтарылды, көпшілік тұрғындар күнкөрісімді табармын-ау деген үмітпен жан-жақтарға үдере көшті. Оның үстіне сол уақыттарда жаппай орын алған “бартер” де елге ауыр соққы болып тиді. Кеңшардың қыруар малы мен техникасы, не үшін және не нәрсеге екені белгісіз, “айырбасталып” кете барды.
– 90-шы жылдары Мереке аулынан көшкендерді түгендеп отырсам, олар Қостанай облысы мен одан сырт жерлердегі 38 елді мекенге қоныс аударып, орналасқан екен, – дейді көп жыл осындағы орта мектептің директоры болған ардагер ұстаз Сұңқар Оспанов.
Қазір Мереке ауылында 70-шақты отбасы қалды. Жұртты бір тарының қауызына сыйдырып нарық келген жылдары көше алмағандар да, ауылды тастап кете алмағандар да осылар. Ауылдың қусырыла-қусырыла таз адамның басындағы шаштай сиреп қалғаны өз алдына, елдің қиян шет, алыстығын қайтерсіз. Ол аудан орталығынан – 180, темір жолдан – 200, ал облыс орталығынан 300 шақырым жерде жатыр. Бұл өңірдің қытымыр табиғаты да ешкімді есіркей қоймайды. Сарыарқаның бір пұшпағында жатқандықтан қысы ақ түтек боранды болса, жазы аңызақ ыстық. Бірақ Қайғыдан көшпей қалғандар осының ешқайсысын да елейтін емес. Неге? Біріншіден, туған жер, екіншіден, көше қойғанда оларды құшақ жая күтіп отырған да ешкім жоқ. Қайғы өзге де қазақ ауылдары сияқты өндіріс орнынан ада, өндіріс болмаған соң жұмыс та жоқ екені бесенеден белгілі. Жұмыс әркімнің өз үйінде – жұрт қорадағы малымен ғана күн көреді. Бұл күнде түкпірде қалған ауылдың қызығы да, шыжығы да осы мал.
Ауылда Абзал Омаров есімді жігіт басқаратын жалғыз ғана шаруа қожалығы бар. Ол мал шаруашылығымен, оған қоса соңғы кездері егін егумен де айналысады. Биыл 3 мың гектарға бидай егіп, нәпақасын жинаған болып жатыр. Бірақ бір кездері тек қой санының өзі ғана 22 мыңға жеткен Мереке ауылының бүкіл халқын жалғыз шаруа қожалығы жұмыспен қамтамасыз етіп, жарылқай алмайды.
– Тұрмысы төмен деген үйде 4-5 сиыр, оншақты уақ мал бар. Шаруаның жайын білетіндер 100-200 ірі қараға дейін ұстайды. Ең бастысы, ауылдағылардың ешқайсысы аш емес, мал болған соң ет те, сүт те, май да бар, – дейді Мереке ауылдық округінің әкімі Ермекбай Нұрманов.
Ауылдасының қорадағы малын сұқ саусағын шошайтып, ешкім санамайды. Қайғылықтар шамамен ғана айтады. Шаруаға ұсынықты дегендердің алдындағы сиыры 200 бастай, жылқылары да 100 қаралы дейді әңгіме ретінде. Әрине, 2-3 сиыр мен оншақты қой-ешкіні талғажау қылып отырғандар да жоқ емес. Жоғарыда айтып өткеніміздей, халықтың басты күнкөрісі де осы малға тіреліп тұр. Абырой болғанда, өздерін “коммерсантпыз” деп атайтын пысықай жігіттер жылма-жыл келіп малдарды сатып алып тұрады. Беретін ақшалары онша көп те емес, бірақ өз беттерімен алысқа апарып сататындай жағдайлары жоқ ауылдықтар соған да риза. Мал сатудан түскен азын-аулақ ақшаға тамақ пен киім-кешек алады. Өркениеттен қол үзіп қалған ауылдағылар бұл өмірде одан өзге дүние, одан өткен қызық бар деп те ойлай бермейтіндей.
Бірақ малды ұстау, оның табысын көру оңай шаруа емес. Алты айға созылатын қыс айларында сиыр мен уақ мал қорада тұрады. Сондықтан шалғайдағы Мереке ауылында жаз бойы қыстың қамы жасалады. Шөп ораққа ілінісімен пішен дайындау науқаны басталады. Бір жақсысы, Қайғы жерінің байлығы да осы шөбі. Баяғыда осы өңірден облыстағы 22 кеңшар малына пішен дайындайтын. Тіпті 70-ші жылдары қуаңшылық болғанда шөп іздегендер сонау Маңғыстаудан келген екен. Қандай жаңбырсыз жаз болса да, Қайғы өңірі шөпсіз болмайды. Тіпті Үлкен Дәмді мен Кіші Дәмді, Мойылды өзендері тасығанда қалың шөптен аттың жалы ғана көрініп қалады. Биылғыдай қуаңшылық жылдары қау ұстаған қардың өзі даланы шөпсіз етпеді. Бірақ оны шауып алу айтуға ғана оңай. Бұрынғыдай қаптаған техника жоқ, қолда бар ескі техниканы ілдәлдалап пайдалануға тура келеді. Оның жанар-жағармайы тағы бар. Оған да сол баяғы малдан түскен азын-аулақ табыс жұмсалады. Әйтеуір, бір жағынан табиғи шабындықтың молдығынан, екіншіден, ауылдағылардың қымбат бағаны көтеретіндей қауқарлары да жоқ болғандықтан әзірге бұл елде шөп бағасы қымбат емес.
– Ауылда бір тонна шөп 3,5 мың теңге тұрады. Бұл облыс бойынша ең төменгі баға, – дейді ауыл әкімі Ермекбай Нұрманов. – Ал Тобыл бойындағы басқа аудандарда биыл бір тонна пішеннің бағасы 15-20 мың теңгеге дейін жетті.
Мерекеліктер қысқа дайындықты жолдан бастайды. Себебі, лайсаңды келетін күз, көктем маусымында ауылға әкелетін көтерме жолдың асфальтталмаған 18 шақырымы езіліп, көліктің жүруіне қиындық туғызады. Жол салудан қымбат құрылыс жоқ. Әзірге “Жол картасы” бұл жолға жете қойған жоқ. Оған ауылдың “перспективасыз елді мекендер” тізіміне ілінуі де себепкер болған сыңайлы. Бірақ ауылдастар тығырықтан шығар амал да тауып отыр. Биыл қыстайғы пештен шыққан күлдің барлығын осы көтерме жолдың ойылған жерлеріне шығарып төкті. Бұдан мерекеліктер бір оқпен екі қоян атты–әрі ауылдың іші тазарып қалды, әрі жолдың жыртығы жамалды.
– Күздің ортасына жетпей біздің өңірдің жаңбыры құйып, желі ұйтқытып, ызғақтата бастайды. Сондықтан қысқа әлден-ақ дайындығымыз жақсы, сай отырмыз. Көмір тасып алдық. Өткен жылы “Ауыз су” бағдарламасы шеңберінде біздің ауылға да үш құдық қазып берген. Қыста судан да тапшылық көре қоймаймыз, – дейді Ерекең.
Шынын айту керек, ауылға “Ауыз су” бағдарламасының шапағаты тиюі де осы елден шыққан бір азаматтардың ықпал жасауының нәтижесі. Болмаса, Мереке деген ауыл бар екенін жоғары жақта отырған басшылар онша біле де бермейді. Оларға өкпелеудің де еш қисыны жоқ. Өйткені, әркім өз күшімен күнелтуі керек болып тұрған қазіргідей заманда қазақ жерінде көзден таса қалған ауыл бір ғана Қайғы емес...
Бұрын тек Науырзым ауданы ғана емес, бүкіл облыс бойынша ең үлкен қазақ мектептерінің бірінен саналған білім ұясындағы оқушының саны 600-ге жуықтайтын. Қазір мұнда 89 бала оқиды. Бүгінгі өлшеммен алғанда облыстың ауылды жерлеріндегі мектеп үшін бұл аз да сан емес сияқты. Мектептің іші заңғырап тұр, жоғары жақтан анау айтқандай көмек бола қоймайтынын білген соң жыл сайын мерекеліктер асарлатып, мұнда жөндеу жұмыстарын да өздері жасап алады. Баланың қамы бәрі де. Биыл осы мектептен түлеп ұшқан үш түлек педагогика институты мен колледждерден білім алып, маман болып оралды. Біраз жылдардан бері ауылға келу емес, кетуге көздері үйреніп қалған ағайын үшін бұл бір қуаныш болды. Бірақ ол жастардың қандай қызмет істейтіні, ауылда қанша тұрақтары әзірге беймәлімдеу...
Сонау 50-інші, 60-ыншы жылдары Мереке орта мектебі осы төңіректегі бірден-бір орта білім беретін оқу орны болып, жақын маңайдағы кеңшар-ұжымшарлардың балалары жоғары сыныптарды осында келіп оқитын болыпты. Осы мектептен тәлім-тәрбие алған талай азаматтар облыстық, тіпті республикалық деңгейлерде де түрлі қызметтер істеді, ол сияқтылар әлі де баршылық. Өкінішке қарай, ондай жетістікті күндер бүгінгі жастар үшін ертегі іспеттес. Ауылдарында бір жылдары қыз-қыз қайнаған өмір болғанына тіпті сенгілері де келмейтін тәрізді. Жастар демекші, ауылда жастар жоқ емес, бар, бірақ олар да екі қолдарын қайда қоярларын білмейді. Ара-тұра ауыл клубына барып, би билеп көңіл көтерген болады. Бірақ ХХІ ғасырдың жастарының өскелең талаптарын қанағаттандыруға шағын ғана ауыл клубының мүмкіндігі қайдан жете берсін. Бірқатар жастардың “ақаңды” алданыш қылатындықтарының сыры да, сірә, осында, яғни барар жер, басар таудың жоқтығында жатса керек.
Қиян шеттегі ауыл тұрғындарының тамағы тоқ дегенімізбен бұл жердің проблемасы да өзгеден бөлек. Ауыл өркениеттің жетістігінің барлығынан мақұрым қалып отыр. Мұнда тұрғындар, спутниктік теледидардың “тарелкаларын” орнатып алғандар болмаса, теледидар көре алмайды. Ал спутниктік телеарналардың қазақстандық бағдарламаларды, яғни “Қазақстан” мен “Хабарды” көрсетпейтіні белгілі. Поштаның келуі де ауылдан біреудің ауданға қатынауына тікелей тәуелді. Кеңес Одағы жылдарында орнатылған жабдықтың барлығы ескіріп, жарамсыз болып қалған. Өзге ауылдарда еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін қалтасынан тастамайтын ұялы телефон бұл ауылға әлі келе қойған жоқ, келетін де түрі байқалмайды. Ал Мереке ауылы үшін интернет туралы сөз қозғаудың өзі артықтау.
– Ауылда телефонның 4-5 нөмірлі бір ғана нүктесі бар. Онымен ауылдың ішінде дұрыс сөйлесе алмаймыз. Осы байланыс жағы бізге өте ауыр болып тұр,–дейді ауыл әкімі Ермекбай Нұрманов.
Телефон байланысы ғана емес, аудан, облыс орталықтарына қатынау да қияметтің нағыз өзі. Қыстағы қарлы борандарда жолдардың мүлде жабылып қалатын да кездері болады. Әсіресе ауырып-сырқағандар үшін өте қиын. Жазда қала жаққа баратындар Амангелді-Қостанай автобусын күтіп, соған ілігіп барар жерлеріне жетеді. Бірақ сол автобусқа отыру үшін де 30 шақырым жол жүру керек. Кейде, басқа түскенде осы аралықты қыс демей, жаз демей жаяу жүріп өтетін кездер де болып жатады.
Жұрт қазір Қайғы жеріндегі Мереке ауылының өрісте жүрген малына қарап сүйінеді, ауыл еш жаққа кетпейді деп ішінен тоқ санайды. Бірақ бірыңғай малға арқа сүйеп өмір сүретін заманның әлдеқашан келмеске кеткенін жасырудың да еш қисыны жоқ. Өркениетті елдердің халқы мұхит астынан қала салып, демалыстарын ғарышта өткізуге дайындалып жатыр. Ал біздің қазақ болса, әлі күнге мал бар, көштен қалып, аштан өліп жатқан жоқпыз деумен келеді. Бірақ өмірдің мәні мен сәні тамақтың тоқтығымен ғана өлшене ме өзі? Оның үстіне қара уылдырық пен қызыл балықты былай қойғанда, денсаулыққа пайдалы дейтін жеміс-жидек пен көкөнісіңнің өзі де бұл ауылда қат тағамдардың қатарынан саналады. Көкөністі қолдан өсіруге су тапшы, мойын да жар бермейді, дүкеннен сатып алайын десе жер арасы қашық. Сондықтан мұндағы тоқшылық көзі негізінен алғанда ет пен нан ғана.
Қазіргі “көңілшек емес” заманның беталысын ескере келгенде, өркениет жетістіктерінен кенже қалып отырған ауылдың пұшайман қалпына қарап, түбінде жыл сайын Қазақстан картасының бетінен жойылып кетіп жатқан елді мекендердің қатарына қосыласың-ау деп долбар жасауға мәжбүр боласың. Қашаннан қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл ұлтымыз тілінің, салт-дәстүрінің, ділінің, дінінің кішкентай ғана көрігі іспеттес еді. Әзірге, жасы үлкен замандасынан әлімжеттік көріп қуысқа тығылған баладай, түкпірде қалған шағын ауылдардың назары сұсты нарыққа қарсы қояр амал-айлалары болмай тұр...
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай облысы, Наурызым ауданы, Мереке ауылы.