“KAZGOR” жобалау академиясының құрылғанына – 80 жыл
Қазан айының басында құрылғанына 80 жыл толатын Қазақ жеріндегі құрылыс-жобалау ісінің тұңғыш ұжымы KAZGOR жаңа қарқынмен қадамдарын нық басып келеді.
Басталған мыңжылдықтың алғашқы жылдары еліміздің өмірінде болған өзгерістер өзінің ауқымдылығымен әрі тереңдігімен ерекшеленеді. Бұл Қазақстанға толығымен ықпал еткен жаһандану үдерістерімен байланысты. Егер 90-жылдары республикаға өзіне де, бүтін әлемге де тәуелсіздік құқығын дәлелдей отырып, өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарынан өтуге тура келсе, XXІ ғасырда Қазақстан дүниежүзілік қауымдастықтың лайықты серіктесі ретінде қадамдар жасады.
Бұл үдерісте жобалау-құрылыс кешеніне қатысушылар үлкен рөл атқарады, солардың ішінде осы салада келешекке көз тіккен алдыңғы қатарлы кәсіпорын “KAZGOR” жобалау академиясы бар. Жаңа ғасырдың басында біздің академиямыз республикамыздың жетекші жобалау ұйымы ретінде өзінің беделін нығайта түсті. Кадрларын сақтап, өзінің шығармашылық әлеуетін дамытуға қол жеткізді. Сондықтан да академияның тәуелсіз жас мемлекетіміздің ең маңызды жобаларына, бас қаламыз Астананың құрылысына, республиканың қаржылық орталығы болып танылған Алматыны дамытуға, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында мұнай және газ кен орындарын игеруге байланысты нысандарды жобалауға, елімізде енді өркен жайып келе жатқан бизнес саласының жоспарларын жүзеге асыруға қатыса бастағаны таңғалдырмайды. Бұл үрдіс, әсіресе, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталатын биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттермен өрелес екені ақиқат.
Әрбір күн әр адам мен тұтастай бір қоғамның өміріне жаңалық әкеледі. Кеше ғана мүмкін болмаған дүниелер бүгін іс жүзіне асып жатады. KAZGOR-дың да жеткен табыстары мен беделі аяқ астынан болған жағдай емес. Ол – академияның көп жылдық жемісті еңбегінің, оның әрбір қызметкерінің үлесінің нәтижесі. Әрине, ұжым әр кезде бірдей емес, өзгерістер болып жатады, мамандар ауысады, алайда оның негізі, микроклиматы мен энергетикалық әлеуеті көп жылдар бойы сақталып келеді.
Сонау өзінің сексен жылдық бай тарихындағы әртүрлі кезеңдерінен өтіп, өте маңызды мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асырған ұжымымыз еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Саладағы жетекші жобалау ұйымы ретінде басқа да талай ұжымдардың отау құруына ықпал етті. Соңында ұжым “Казгорстройпроект” мемлекеттік бас жобалау институты деп аталды, оның жұмысына Үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлінді.
Республикамыздың басшысы Д.А.Қонаев 1975 жылы өзінің батагөй сөздерімен маған үлкен сенім білдіріп, осы институты басқара жүре, туындайтын мәселелерге ұқыпты көңіл аударуға жолдамасын берді. Әкелік қамқорлықпен айтылған тілектес, дана тәлімдері мен кеңестері кейінгі өміріме бағдар болды. Сонымен 70-ші жылдардың аяғында жұмыстың қарқыны күшейе түсті. Сол жылдардан бастап ірі нысандар мен кешендер жобаланып тұрғызылды, олардың ішінде АММК Мәдениет сарайы, Орталық мемлекеттік мұражай, Офицерлер үйі, Саяси ағарту үйі, “Алатау” шипажайы және т.б. сейсмикалық аудандарға арналған тұрғын үйлердің жаңа сериялары, қалалар мен кенттердің бас жоспарлары және басқа да көптеген жобалар бар. Қайта құрылғаннан кейінгі үш жылдан кейін-ақ институттағы қызу еңбек оң бағаланып, жоғары жақтан мойындалды – ұжым одақтық маңызы бар бірінші ауыспалы Қызыл тумен және КОКП ОК-нің, КСРО Министрлер Кеңесінің, КОБОК және БЛКЖО ОК-нің Туымен марапатталды.
Институт Одақтың соңғы жылдарында 12 рет осы тулармен марапатталып отырды, ұжым сондай-ақ Еңбек Қызыл Ту орденін иеленді. Көптеген жетекші мамандар жоғары наградалар мен атақтарға ие болды. Бұл ұжымның, сондай-ақ мамандардың бірлескен жұмысының негізді және бірізді бағытының қалыптасуының, көптеген қызметкерлердің басқа жобалау институттарының басшылық құрамына ауыстырылуы институтымыздың беделінің биікке өскенінің айқын дәлелі болып табылады.
Тоқсаныншы жылдардың басында әлеуметтік және экономикалық жағдай күрт өзгерді. Осы жылдары қайта құру, экономикада құлдырау және тоқырау етек алды, соның салдарынан жобалау ісі мен құрылыстың етек-жеңі қырқыла бастады. Көптеген жобалау ұйымдары құрдымға кетіп, мамандары базарларға сауда жасауға шықты. Бұрынғы мемлекеттік ұйымдарды акционерлеп, мемлекет меншігін ғимараттар мен мүлікті жекешелендіру уақыты келді. Сол кезде жағдайды шұғыл бағдарлап, қажет құжаттарды заң жағынан мінсіз етіп дайындап, өзіміздің ұжымымызды толығымен тәуелсіз етіп алдық, сонымен қатар өз істеріне шын берілген қызметкерлермен бірігіп, негізгі тобымызды сақтап қалдық.
Институт қысқа әрі естірге жағымды “KAZGOR” жобалау академиясы” деген атаумен акционерлік қоғамға айналды. Әріптестер бірауыздан дауыс беріп, оның президенті етіп мені сайлады. Бұдан әрі өзіме де, өзгелерге де өзіндік шығармашылық жұмыс құқығына лайық екенін дәлелдеу керек болды, бәрінен бұрын жұмыс орнын сақтап қалу керек еді.
Тапсырыстар сирей бастағанда-ақ ғимараттарды жобалаумен ғана тірлік ету мүмкін еместігіне көз жеткізгеннен кейін әрі болашақта күрделі өзгерістер мен сұраныстардың болатынын ескеріп, ұжымның күшін үдерістерді толығымен компьютерлеуге жұмсадық, қажетті жабдықтарды сатып ала отырып, академия жұмысының жан-жақты дамуын жүзеге асырдық. Басқару жүйесін ауыстырып, жаңа орталықтар аштық, соның ішінде нормативтерді көбейтетін баспа орталығы да ашылды, оның шағын полиграфиялық “Басбақан” базасы кейіннен сәулет, қала құрылысы, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды шығару және тарату міндеттерін орындады.
Кейбір нормалардың Құрылыс істері комитетінің, қазіргі агенттіктің тапсырмасымен қайта жасалғанын, алайда бұрынғыларының да қолданыста болғанын айта кету керек, оларды сақтап қалуды талап еттім, кейін бұл ойым іске толық жарады. Ғимаратымыздың бөлмелерімен қатар, сырттан келетін тапсырыстар бойынша да жөндеу жұмыстары жүрді, қызметкерлер тамақтанатын кафе ашылып, кейін ол қала тұрғындарына да қызмет көрсете бастады. Жобалаушылар тобын жас кадрлармен толықтыруға жоғары оқу орындарының түлектері ішінен дарынды студенттерді қосымша оқыту ісі де ықпал етті. Кейінірек бұл жұмыс мамандарды қайта даярлауға арналған түрлі бағыттағы курстар мен тақырыптарға айналды.
Уақыт талабына сай болашағы бар және ең өткір жұмыс жаңа нарық жағдайларында бұрын зерттелмеген баға белгілеу жұмысы болды. Біз кеңес кезіндегі естілмеген тың шешімдерге бет қойып, республика үшін осындай жұмыстың қажеттігіне алдын-ала көңіл аударуды анық білдік. Нәтижесінде диалогтық режімдегі сметалық құжаттаманың есептері жөніндегі “SANA-2001” бағдарламалық жасақтамасы құрылды. Қазір жетілдіру жүргізілуде, бұл республикамызда баға белгілеудің жаңа жүйесіне көшу іс-шаралары шеңберінде жасалған элементтік нормативтердің базасын қамтиды.
90-жылдардың ортасына қарай инвестициялардың арқасында құрылыс саласы бірте-бірте көтеріле бастады. KAZGOR-да енгізілген алдыңғы қатарлы жобалау технологияларын шетелдік тапсырыс берушілер танып, үндістандық, түркиялық және басқа компаниялармен бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігі туды. Онжылдықтың соңына қарай болған елеулі оқиғалардың бірі “Теңізшевройл” және осы мұнай компаниясының бас офисі мен қызметкерлерінің кентін жобалайтын америкалық YGH, KPFF, Іnterface Eng. жобалау компанияларымен тығыз ынтымақтастықтың орнауы болды. Бұл ынтымақтастық құрылыс аяқталғанға дейін бірнеше жылдарға созылды. Портлендте де (Орегон), біздің офисімізде де бірігіп жобалар жасалды. YGH басшысы Иоахим Грубе мырзамен және оның әріптестерімен болған жылы қарым-қатынас осы күнге дейін жалғасып келеді. Жергілікті басқа компаниялармен және Англия, Оңтүстік Корея, Түркия және т.б. шетел компанияларымен іскерлік және шығармашылық байланыстар жолға қойылды.
Ел астанасы Ақмола қаласына көшкеннен кейін оның бас жоспарын әзірлеу міндеті бой көтерді, халықаралық конкурс жарияланып, оған көптеген елдердің белгілі компаниялары қатысты. Шетелдік сәулет саңылақтарын қатыстыра отырып, көрнекті қазылар алқасы сайланды, оның төрағасы ретінде мені ұсынды. Бәріңізге белгілі, конкурс өте табысты болды, аса лайықты жобалар таңдалып, ел Президенті қазылар алқасына алғысын білдірді.
Басталған ғасырдың алғашқы жылдарында біздің мамандарымыз орасан жұмыстар жасады. Еліміз бойынша түрлі мақсаттағы нысандар, шетелдік аса ірі инвесторлардың тапсырысы бойынша мұнай және газ компанияларының офистері мен өндірістік корпустары, вахталық кенттер мен үлкен тұрғын үй массивтері, әкімшілік ғимараттары, мәдениет және білім мекемелері жобаланды. Астана қаласының құрылысын салу үшін жасалған академияның ірі жобаларын атасақ та жеткілікті, олардың ішінде қаланың жаңа орталығындағы “Нұрсая”, “Триумфальный” тұрғын үй кешендері, “Көп функциялы орталық”, “2500 орындық киноконцерт залы” және басқа жобалар бар.
Ал Алматыда “Нұрлы тау” көп функциялы орталығының құрылысы қарқынмен жүріп жатыр. Оны пайдалануға бергеннен кейін оңтүстік астанамыз дамыған инфрақұрылымы бар ірі тұрғын массивіне ие болады.
“Нұрлы тау” кешенінің жобасы 2001-2003 жылдар бойынша республикалық конкурста Қазақстан Сәулетшілер одағының Гран-приі мен Алтын медалін және Тбилисиде өткен XІ Халықаралық конкурста Сәулетшілер одақтары халықаралық қауымдастығының Гран-приі мен Алтын медалін иеленді.
Қазірдің өзінде Мемлекет басшысының Алматыдағы резиденциясының жанында қоршаған сәулет ансамблімен үйлесім тауып Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жұмыс істеп тұр, ол “Нұрлы таудың” бас бағытын жалғастырып қала ансамблінің үйлесіміне әдемі кіріккен.
Қазақстанды индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тағы бір маңызды нысан іске қосылды, ол – “Алатау кентіндегі Ақпараттық технологиялар паркінің” бірінші кезегі. Бұл технопарктің жасалуы шоғырландыру үдерісінің кешенді дамуына, ақпараттық технологиялар саласындағы дүние жүзіне белгілі көшбасшылармен ынтымақтасуына, өндіріске келешегі мол зерттеулерді жеделдетіп беру жолымен өндірістік әлеует пен сыртқы сауда айналымын арттыруға, сондай-ақ ғылыми және интеллектуалдық әлеуетін тиімді пайдалануға ықпал етеді.
Жобаны бейімдеу барысында біздің академиямыз “Қала құрылысын жобалау орталығы” ЖШС-мен бірігіп жүзеге асырған, оны әрі қарай детальдауға арналған жоспар құрылды. “АТП” ЕӘА-ның функционалдык инфрақұрылымының мазмұны әзірленді.
“Ақпараттық технологиялар паркі” жобасы үздік сәулет шығармаларының республикалық конкурсында Сәулетшілер одағының “Алтын медаліне”, сондай-ақ XІІ Халықаралық конкурс-байқауда Сәулетшілер одақтары халықаралық қауымдастығының “Ерекше сәулеттік шешім үшін” дипломына ие болды.
Ел халқын қолдаудың әлеуметтік саясатына жауап беретін тұрғын үйлердің жобалануына да үлкен көңіл аударылып отыр. Типтік жобалау әдістемесіне сәйкес Қазақстанның қарапайым геологиялық жағдайлардағы жекелеген аудандарына, сондай-ақ сейсмикалығы жоғары басқа аудандарға арналған 70 пәтерлік тұрғын үй мен 280 орындық балабақша жобалары әзірленді.
Шетелдік компаниялармен жемісті серіктестік байланыстар кеңеюде, солардың ішінде “SОМ”, “LERA” және “RAMSA” (АҚШ), “Foster+Partners”, “Вuro Наrrold”, “Аrup” (Ұлыбритания), “Desіgn Group” және “Мurat Sіvka” (Түркия), “Space Group” (Оңтүстік Корея) және “Есентай” көп функциялық кешені, “Алматы қаржы ауданы”, “Парквью Офис Тауэр” бизнес орталығы, “Меgа Resіdence”, “Ритц Карлтон Алматы” кешендері, “Аpple Valley” тұрғын үй кешені, “5 жұлдыз класты көп функциялы кешен”, “Тulebaeva Park”, Алматыдағы Фурманов көшесі бойындағы қонақ үй-тұрғын кешені, Алматы облысы Талғар ауданындағы Халықаралық логистикалық парк, Атыраудағы “Marrіot Executіve Apartments”, “Абу Даби Плаза-Астана” нысанының жобалық үдерісіне қолдау және тағы көптеген жобаларды ынтымақтастықта жүзеге асырып жатқан басқа компанияларды атауға болады.
Академиямыз республикада алғашқы болып салалық инвестициялық саясатты жүргізіп, қазіргі заманғы жоба ісіне жаңа нормативтік құжаттарды әзірлеп, енгізе бастады, соның ішінде құрылыста баға белгілеудің сметалық-нормалық базасын әзірлеуді жалғастыруда, құрылысқа арналған жобалау жұмыстары мен күрделі құрылысқа арналған іздестіру жұмыстарының бағалар жинақтары өңделіп жатыр.
Құрылыс саласын нормативтер жөніндегі үнемі жаңарып отыратын ақпаратпен қамтамасыз ету үшін және сәулет пен құрылыстың түрлі аспектілері бойынша жаңалықтармен таныстыру үшін 2003 жылдан бастап ай сайын “Экспресс-информ” журналы шығарылады, ол Құрылыс және ТКШ істері агенттігінің ресми басылымы болды.
Заманауи компьютерлік технологиялар тынысын алға тартып америкалық SNІP Regіster Іnc. (Чикаго, АҚШ) және “СSoft” (Мәскеу) компаниясымен өзара ынтымақтастықта нормативтік құқықтық және техникалық құжаттардың электронды базасын әзірлеп шығару шешімі сәтті болды. Еліміздің аумағында құрылыс, мұнай және газ, энергетикалық кешендердің, байланыс және коммуникация мекемелерінің қызметін, СЭС, өрт, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік нормаларын, өнімдерді стандарттау және сертификаттау, құрылыстағы баға белгілеуді реттейтін 40 000-дай құжат атаулары мен мәтіндерінен тұратын “Автоматтандырылған ақпараттық-іздеу жүйесі” (ZERDE-ІNFO, DЕRЕК-ІNFO) бағдарламалық өнімдері жасалды. Аталған базадағы республикада қолданыстағы нормативтік құжаттардың мониторингі бойынша жұмыстар жалғасуда.
Шетелдік компаниялармен тығыз ынтымақтастықты ескере отырып, 2002 жылдың басынан бері академияда ІSО 9001-2000 халықаралық стандартының талаптарына сәйкес жобалау және ақпараттык-нормативтік қызметіне халықаралық сертификат алынды. Қазіргі күні ТUF NORD ұйымының сыртқы аудитімен ықпалдастырылған сапа менеджменті жүйесінің қызметі ұйымдастырылды. Бұдан басқа академия лицензияланушы нысандардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жұмыстарды жүзеге асыруға құқықтарын сараптау және техникалық аудит жүргізуге арналған сараптама орталығы ретінде аккредиттелген.
Ұжымымыздың мамандары Халықаралық құрылыс нормаларын әзірлеу жөніндегі халықаралык кеңеспен (ІСС) келісім жасау нәтижесінде 2006 жылдың наурызынан бастап KAZGOR оның корпоративтік мүшесі болып табылады, республикада құрылыс нормаларын жетілдіру жөнінде меморандум жасалып, шығармашылық ынтымақтастық бағдарламасы әзірленді.
Нормалау жөніндегі жинақталған тәжірибені, құрылыс саласының қазіргі жағдайын және оны дамыту болашағын ескеріп, құрылыстағы стандарттау мәселелерін шешу үшін академия негізінде стандарттау жөніндегі “Сәулет, қала құрылысы және құрылыс” техникалық комитеті (ТК-55) құрылды. Мақсаты ақпараттық технологиялардың ғылыми-техникалық әлеуеті мен заманға сай құралдарын тиімді пайдалану, ақпараттық және әдістемелік қорды қалыптастыру және жүргізу, еліміздің құрылыс кешені нысандарын нормативтік құжаттамамен қамтамасыз ету, мемлекетаралық және халықаралық стандарттау жұмыстарына қатысу болып табылады. Төрағалық ету міндеттері академия президентіне жүктелген. Осы мақсаттарды шешу үшін ұжымымыз негізінде құрылған Құрылыстағы нормалау және стандарттау жөніндегі ақпараттық-әдістемелік орталық та өз жұмысын жүргізеді.
Сол сияқты алда нормативтік құжаттардың қолданыстағыларын өңдеу, жаңаларын әзірлеу және құрылыс саласында норма жасау мен техникалық реттеу жүйесін негізді реформалау үдерістерінің қарқындылығын арттыру қажеттігін өткір сезініп, 2007 жылғы шілдеде жаңа құрылымдық бөлімше – Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтік реттеу жөніндегі ғылыми-зерттеу, инжирингтік, сертификаттау және аудит орталығы құрылды, кейінірек ол Ғылыми зерттеулер, ақпараттық және нормативтік әзірлемелер орталығы болып қайта құрылды. Соңғы жарты жыл ішінде агенттіктің тапсырысымен еліміздегі нормативтік жұмыстарды халықаралық техникалық реттеу жүйесіне келтіру мақсатында ұжымымызда шетелдік әріптестерімізбен бірге жаңа тұжырымдама құрылды.
Ғимараттар мен олардың кешендерінің жобаларын, нормативтік құжаттарды әзірлеу бойынша жүргізілетін негізгі қызметтерден басқа, жоғарыда айтылып кеткендей, академияда бірнеше орысша-қазақша сөздік шығарылды, жоғары оқу орындарының студенттері мен мамандарына арналған оқу құралдарын жасау жұмыстары жалғасуда. Соңғы кездері қазақ тілінде көп томдық “Архитектура мен жобалау негіздері”, соның ішінде “Дүниежүзілік сәулет өнері”, “Қазақстан сәулет өнері”, “Сәулеттік жобалау”, “Ғимараттардың құрылымдары”, сондай-ақ “KAZGOR ХХ-ХХІ век” кітаптары жарық көрді. “Архитектура мен жобалау негіздерінің” алғашқы екі томы сәулет өнері туралы үздік кітап ретінде Сәулетшілер одақтары халықаралық қауымдастығының І дәрежелі дипломын иеленді.
Өмірден озған сәулетшілер, ғалымдар мен бұрынғы қызметтестері туралы естеліктерді сақтау жөніндегі KAZGOR-дың ауқымды қызметі – ұрпақтар жалғастығы мен сабақтастығына деген көңілінің асқақтығы мен шынайы қамқорлығының көрінісі. Конференциялар мен кездесулер ұйымдастырылып, Т.Қ. Бәсенов пен Н.И. Рипинский, М.М. Меңдіқұлов пен Ю.Г. Ратушный, тағы да басқалар туралы естеліктер жинақтары мен кітаптар жазылды.
Ұжымның жемісті қызметі мен тынымсыз еңбегінің арқасында алған беделі лайықты бағаланып жүр. 2007 жылы ТМД құрылысы саласында ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық кеңес құрылыстағы жоғарғы тиімділігі мен бәсекелестікке қабілеттіліктегі жетістігі үшін үздік құрылыс және жобалау ұйымына, құрылыс материалдары мен құрылыс индустриясы кәсіпорнына жарияланған ІІ Халықаралык конкурстың жеңімпазына берілетін дипломмен марапатталдық. Жоғары марапаттарымыздың ішінде Қоғамдық құрылысшылар бірлестігінің сыйлығы – “Хрустальная пирамида” конкурсы лауреатының дипломы, республиканың ең беделді наградасы – Қазақстан Республикасы Президентінің “Сапа саласындағы жетістіктері үшін” сыйлығының лауреаты атағы бар.
KAZGOR шығармашылық даму мен тұтастай жоба-құрылыс кешенін жетілдіру бағытын ұстанып келеді. Оның ұстанымы мен міндеті – қазіргі заманның сынынан мүдірмей өту үшін әрқашан өсіп отыру, барлық кезде прогрестің алдыңғы шебінде болу.
Бүгінде ұжымымыздың құрылыс саласының жетекшісі, азаматтық тұрғын үй құрылысындағы жобалау ісінің көшбасшысы, ірі кешенді жобалау компаниясы атануы әбден орынды. Академия көптеген жобалаушы буындардың оң дәстүрлерін жалғастырып, Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруға атсалыса отырып, тұрғын үй бағдарламасын, қалалар мен кенттерді одан әрі дамыту және басқа міндеттерді іске асыруда барлық шығармашылық күшін жұмсап, еліміздің болашағын гүлдендіруді мақсат етіп келеді.
Әбдісағит ТӘТІҒҰЛОВ, “KAZGOR” жобалау академиясының президенті, Халықаралық сәулет академиясының, Халықаралық және ҚР Ұлттық инженерлік академияларының академигі.