Ұрпағына өнерімен өлмес мұра қалдырған арқалы ақын, майталман жыршы-жырау Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдық мерейтойы Ақтөбе өңірінде кеңінен аталып өтті
Облыс орталығында өткен “Нұрпейіс Байғанин шығармашылығы және қазіргі әдебиеттану мәселелері” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция және “Ұмытпас мені ғасырлар” атты әдеби-танымдық кездесу, “Ақтөбе жыр құшағында” атты облыстық балалар поэзиясының байқауы және ақынның зиратына барып тағзым ету сияқты әр түрлі мәдени-рухани шаралардан басталған қазақтың атақты ақыны, жыршы-жырауы Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдық мерейтойы өзінің туған жері Темір ауданында жарасты жалғасын тапты. Аудан орталығы Шұбарқұдық кентінің мерекелік сән-салтанаты көңілге қуаныш ұялатады. Қызылды-жасылды безендірілген көшелер, күрделі жөндеуден өткізіліп, алдындағы алаңға ақынның ескерткіші орнатылған аудандық Мәдениет үйі, кенттің батысында, Ойылға қарай шығар жолдың оң қол жағындағы жазықтыққа қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлер, “Хан шатыр” түріндегі далалық сахна той қонақтарын қарсы алуға дайын тұрды. Мұнымен бірге ақынның кіндік қаны тамған Сүлікті іргесіндегі Ақсай ауылы да той өткізу қамымен күбініп жатты. Нұрпейіс тек бір ауданның, облыстың емес, исі қазақтың ақыны. Екі заманды көрген жыршы-жырау қазіргі Темір, Байғанин аудандарының өңірін кең жайлағаны да белгілі. Тек бұл емес, Ақтөбенің барлық аймағы Сүліктінің сүлейіне шет болмаған. Ақынның тойына көрші Байғанин, Мұғалжар, Ойыл, Алға және басқа аудандардан да үлкен делегация келіп, арнайы киіз үй тігуінің, еліміздің оңтүстігі мен солтүстігінен, батысы мен шығысынан, Арқадан ірі өнер қайраткерлерінің, әдебиетші-ғалымдардың қатысуының өзі осыны айғақтайды. Оның үстіне мұнда екі күн бойы ақынның мерейтойы құрметіне “Арқалы жырау жырласын” атты екінші республикалық жыршы-жыраулар сайысын өткізу белгіленген болатын. Осы додаға Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қостанай, Алматы, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан бұған дейін жүйріктігімен елге танылған жыршы-жыраулар келді. Ақынның асында ат жарыстың барлық түрінен бәйге өтетінін естіген әйгілі атбегілер жүйріктерін жеткізді.
Осындай ұлы салтанат басталар алдында, ертеңгілік Шұбарқұдық кентіне облыс әкімі Елеусін Сағындықов арнайы келіп, аудандық Мәдениет үйінің алдындағы ақын ескерткішіне гүл шоғын қойды, даңқы шартарапқа тараған ақын атамыздың 150 жылдық мерейтойының шымылдығын ашты.
Облыс басшысы ақын атамыздың әр кезеңдегі мерейтойларының қалай аталып өткенін жақсы білетінін айта келіп, тойдың бұл жолы тіпті ерекше, табысты өтетініне сенім білдірді. Бұған дейін “Арқалы жырау жырласын” атты екінші республикалық жыршы-жыраулар сайысының жеңімпаздарын марапаттауға 1млн. теңге бөлінген-ді.Облыс басшысы сол жерде жыршы-жыраулар сайысының бас бәйгесіне екі жеңіл автокөлік берді. Елеусін Наурызбайұлы елдің дамуында, экономиканың өрлеуінде даңқты жерлес ақынымыздың мұралары арасында рухани байланыс барлығын айта келіп, облыстың, ауданның қол жеткен табыстарына тоқталды. Жаңа дәуірде елдің ертеңіне ие болатын жастарға бағытталған облыс көлеміндегі қамқорлықтардың, оларды еңбекке баулудағы жұмыстардың маңызын айрықша атап өтті.
Содан кейін ақын Нұрлыбек Қалауов мерейтой иесіне арнап жырдан шашу шашты. Тойға ақынның ұрпақтары, ұлы Момын Байғанин, келіні Манар, немере-шөбелері де келіп тұр еді. Той алдында ақынның немересі, Момынның ұлы Ерболат Нұрпейіс атындағы қор құрып, Түркиядан атасының әсем безендірілген “Нарқыз” атты кітабын шығарған болатын. Осы кітапты ақынның ұлы Момын алғыс айтып, облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа, аудан әкімі Бауыржан Қаниевке ескерткішке ұсынды. Ақынның немересі Ерболат Нұрпейістің Алматы қаласындағы атасы атындағы көшеге ескерткіш орнатуға мұрындық болып жүргені де осы шара барысында белгілі болды.
“Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі” акциясына қатысқан Шұбарқұдық гимназиясының оқушысы Гүлсана Абдуллина сөз алып, мектеп оқушыларын еңбекке тартудағы бұл шаралардың аса тиімді болғанын айта келіп, алда да жалғастырылса деген тілек білдірді. Облыс әкімі бұл ұсынысты мақұлдады десек, облыс аталған шараны республикада бірінші болып ұйымдастырған болса, облыстан 70 мың жас осы шара бойынша еңбекке тартылған болатын.
Иә, экономиканың дамуы жөнінен облыстың еліміз бойынша бірінші орында екенін таяудағы сапары кезінде Елбасы да айтқан болатын. Мұның көрінісі Темір ауданынан, оның орталығынан да аңғарылады. Облыс әкімі “Жол картасы” бағдарламасы бойынша өткен жылы күрделі жөнделген, Нұрпейіс атамызға арналған той салтанаты өткелі тұрған Нұрпейіс Байғанин атындағы аудандық Мәдениет үйін көрді. Қомақты қаржыға күрделі жөнделген бұл екі қабатты мәдениет ошағында аудандық мұражай, орталық кітапхана, теннис корты орналасқан.
Облыстың басшысы ауданның орталығындағы бірқатар жаңа нысандар мен әлеуметтік-мәдени орындарды аралап көрді. Олардың жұмысына, бүгінгі тыныс-тіршілігіне ықылас қойды, қызмет атқаратын адамдардың мұң-мұқтажын тыңдады, ұсыныс-пікірлерін білді.
Сондай-ақ, облыс басшысы “Қарлығаш” балабақшасында болды. Типтік үлгіде салынған құрылысқа бюджеттен 30 млн. теңге, демеушілік көмек арқылы түскен қаржыдан17 млн. теңге жұмсалған екен. Ол 75 балаға арналған. Балабақша әсем жиһаздармен, спорттық құрал-жабдықтармен, түрлі ойыншықтармен жарақтандырылған. Мұнда осы заманғы техникалық құралдар, теледидар, музыкалық орталық, компьютер де бар.
Елеусін Наурызбайұлы Шұбарқұдық кентінде осыдан 8 жыл бұрын ашылған отбасылық балалар үйінің тыныс-тіршілігімен де танысты. Ол 10 балаға арналған. Қазіргі уақытта олардың ішінен 5 бала өз ата-анасының қамқорлығына қайтарылған, ал 3 бала тәрбиеленіп шығып, өмірден өз орындарын тапқан. Олардың арасында отбасын құрғандары, жоғары, арнаулы орта оқу орындарында оқып жатқандары да бар. Мысалы, Елена Шихорина өткен жылы 11-сыныпты аяқтап, қазіргі уақытта аудан әкімдігінің қолдауымен, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің ақылы бөлімінде білім алуда. Облыс әкімі осы студентке арнайы сыйлық тапсырды. Бұл күні қазіргі таңда балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 6 тәрбиеленуші де облыс басшысының қолынан сыйлық алды.
Осында тәрбиеленушілермен кездесу кезінде облыс әкімі “Еуразияда” біздің облыстан оқитын балаларға 200 грант бөлінгенін хабарлап, егер жағдайы қиын балалар болса, барлық шаралар қарастырылатынын жеткізді. Әр баланың жеке-жеке жағдайларын сұрады.
Елеусін Сағындықов “Әлия жолдары” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғимаратына орналасқан “Дүние” гуманитарлық-техникалық колледжінің Темір аудандық оқу консультациялық орталығында, Темір аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу бөлмесінде, бокс үйірмесінде болған кезде де оқу-тәрбие жұмысына ықылас қойды. Облыстық мәслихаттың депутаты Жұмабек Куканов басқаратын серіктестік мұндай игілікті қадамдарды қолдап қана қоймай, өзі де ұдайы қайырымдылық жасауға бейім тұрады.
Шұбарқұдық гимназиясындағы кездесу де жылы шырайда өтті. Мұнда ауданның барлық аймақтарынан 272 бала оқиды. Оқу орнының басшысы Дидар Айтбайқызының айтуынша, гимназия 2001-2009 жылдары аудандық олимпиада қорытындысы бойынша “Жетекші мектеп”, 2004 жылы халықаралық “Әдемі мектеп” байқауының екінші орын жүлдегері, 2005 жылы облыстың ең үздік мектебі байқауының жеңімпазы, 2009, 2010 жылдары “Облыстың үздік инновациялық мектебі” атағын иеленген екен. Мұнда ұлттық өнердің түр-түрі дамыған. Осы бағытта түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Ағашқа өрнектеген мектеп оқушысының өнер туындысы осы кездесуде облыс әкіміне ескерткіш ретінде ұсынылды.
Қопа ауылында облыс әкімі ауылдық клуб үйін ашты. Бұл жаңа ғимарат 150 орындық. Айналасы қоршалып, көгалдандырылған. Облыстық мәдениет басқармасының демеушілігі арқылы орындықтар алынған. Материалдық техникалық базасын нығайтуға аудандық бюджеттен 540,0 мың теңге қаржы бөлініпті. Бұл қаржыға клубқа саз аспаптары, құрал-жабдықтары, керекті жиһаздар алыныпты. Таяуда осы ғимарат ішінен кітапхана ашу жоспарланып отыр. Оған аудандық орталықтандырылған кітапхана бөлімінен жиһаздар мен компьютер бөлініпті.
Бұл жерлердің өткен тарихы облыс әкіміне бұрыннан аян. Осында кездесу кезінде әңгімелегеніндей, оқу орнында оқып жүрген кезінде тап осы ауылда тәжірибеден өткен. Комбайн жүргізіп, еңбектің дәмін татқан ол өзі оқыған оқу орны мен ауылдың арасындағы 6 шақырымды талай жүгіріп өткенін еске алды. Ол кездегі өмір мен қазіргі жағдай жер мен көктей еді. Ауылға газ жеткізілді. Клуб үйі сынды тәуір құрылыстар салынды. Ауыз су үшін құбыр тарту сияқты ұсақ-түйек мәселелер де шешіледі деді облыс әкімі. Бұл жердегі тұрғындар өздеріне облыс әкімі тарапынан жасалған қамқорлыққа дән риза. Соның көрінісі болу керек, осы жерде ауыл ақсақалдары облыс әкіміне шапан жауып, ат мінгізді. Бұған Елеусін Наурызбайұлы ризашылығын білдіріп, сол бойда шапанды ауылдың үлкен ақсақалына, атты ауылдың әкіміне “аз қамтылған отбасына берерсің”, — деп тапсырды.
Облыс әкімі аралап көрген игілікті істер — топырағына өнер дамыған, Нұрпейіс сынды атақтылар шыққан Темір ауданының бүгінгі еңбек майданында, мәдениет пен экономиканың дамуында да биік екенін дәлелдегендей болды.
Мерейтой иесінің қаншалықты заңғар екеніне тойдың бірінші күні аудандық Мәдениет үйінде, екінші күні кенттің сыртындағы дала сахнасында жалғасқан екінші республикалық жыршы-жыраулар сайысында тағы бір көзіміз жетті. Республиканың барлық өңірінен келген 15 жырау Нұрпейіс ақынның жыраулық мұрасын ақтара жырлады. Бұл додаға қатысқандардың үлкені жетпістің үстіндегі ақсақал болса, ең кішісі он екі жастағы бала болды. Жүйріктер әрқайсысы жарты сағаттан ақын шығарған немесе жырлаған жырлардан үзінділер орындады. Бұл жерде олардың жырды меңгеруі ғана емес, орындау шеберліктері де сынға түсті. Жыршы-жыраулар сайысын жүргізген белгілі ақын Баянғали Әлімжановтың өзі де “Манас” жырынан үзінді орындап, көрермендерді тәнті етті.
Осылай басталған жыршы-жыраулар додасы екінші күні мәреге жетті. Ақтөбелік Демеубай Жолымбетовке, Қызылорда облысынан келген Күнсұлу Түрікпеноваға бас бәйге беріліп олар екі жеңіл көлікті иемденді. Бірінші орынға семейлік Дүйсенғазы Нығметжанов ие болса, Маңғыстау облысының жырауы Аманбек Сәуірбаев екінші орын алды. Үшінші орын ақтөбелік Жетес Жәмеков пен Батыс Қазақстаннан қатысқан Сұңғат Жанаевқа бұйырды. Ең жас қатысушы, 12 жасар Ақкенже Құлымоваға және алматылық Жеңіс Елемесовке ең жас жыршы, ақтөбелік Өмірхан Жетесовке “Үкілі үміт” сыйлығы тапсырылды.
Мерейтойдың екінші күні ауыл сыртындағы арнайы дайындалған алаңда ат жарыс өтті. Аламан бәйге, құнан жарыс, тоқ бәйге, тай жарысқа қатысып, озып келген сәйгүлік иелеріне жүлделері таратылды. Аламан бәйгеге тігілген жеңіл автокөлік артына ат ілестірмей келген Қостанайдың қара атына бұйырды. Осымен бір мезетте спорт жарыстары да қызды. Мұнда ауданның өзінен 16 және Байғанин, Ойыл, Мұғалжар, Алға аудандарынан, барлығы 20 киіз үй тігілген еді. Осы үйлерде қонақтарға және Шұбарқұдық кентінен тойға қатысқандарға ас берілді. Ақтөбеден және аудандардан барған өнерпаздар, жергілікті көркемөнерпаздар қауымы екі күн бойы өз өнерлерін көрсетті.
Нұрпейіс Байғанин тойы Ақсай ауылында қатар жүрді. Мұнда ақынның ұрпақтары көп тұрады десек, ауылдағы ақын ескерткішіне гүл шоғы қойылды. Оған ақынның ұлы Момын мен келіні Манар, немерелері, шөберелері қатысты. Осы салтанат ауылдың мәдениет үйінде жалғасты. Кездесу кезінде ақсайлықтар ақынның ұлына шапан жауып, құрмет көрсетті. Белгілі домбырашы Момын Байғанин жерлестеріне әкесі туралы естеліктер айтып, әкесінің және өзінің күйлерін орындады. Нұрпейіс ауылының ақсақалдары батасын берді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Аманғос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ, журналист.
Ақтөбе облысы.