Елімізде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің (ТҚЖ) жұмыс істеп жатқанына жеті жыл. “Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ – баспана жағдайын жақсартуды мақсат тұтқан республика тұрғындарына төмен пайыздармен заем беру арқылы көмекке келетін еліміздегі ТҚЖ жүйесіндегі жалғыз банк. Аз ғана уақыт ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің республикамыздың барлық аймағында филиалдары ашылғанын да айта кету керек. Бүгінгі таңда Банктің тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы келісім-шарт жасасқан 200 мыңдай салымшысы бар. Ал шарттық сома 300 млрд. теңгеден асады.
Аталмыш банктің басқарушы директоры Сәуле ЕГЕУБАЕВАНЫҢ айтуынша, Еуропада жүз жылдан астам уақыт бойы қолданылып келе жатқан ТҚЖ жүйесінің тиімділігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жеті жылдық тәжірибесінен де айқын байқалып отыр. Мәселен, тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесінің несие берудің жеке саласы ретінде негізі қаланған Германия сияқты елде халықтың 35 пайыздан астамы жинақтау жөніндегі келісім-шарттарға ие.
– Сәуле Асқарқызы, неліктен еуропалықтардың арасында тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі өте танымал?
– Еуропа елдерінде ТҚЖ жүйесінің танымалдығы мен оған деген сенім – оның қызметінің табыстылығына негізделеді. Германиядағы алғашқы құрылыс жинақ банкі 1885 жылы жасақталған. Қазіргі таңда бұл – қаржылық математика қағидатына құрылған, ақшаның келуі мен кетуінің түрлі маңыздылығын қамтамасыз ететін, несиелеу ісінің жеке саласына айналды. Германия тәжірибесі –қаржыландырудың осы үлгісінің дағдарысқа төтеп бере алатын, барынша тұрақты екендігін көрсетті. Құрылыс жинақ банктері өз клиенттері алдындағы міндеттемелерін толық орындайды, ал тұрғын үй заемдары бойынша тіркелген сыйақы мөлшерлемелерінің тұрақтылығы ТҚЖ жүйесінің басты артықшылығы болып табылады.
Германияда біз айтып отырған жүйе қарқынды дамыған, 80 миллионнан астам халқы бар елдің 35 пайызы құрылыс жинағы туралы келісім-шарттарға ие, ал салынып жатқан құрылыстың 43 пайызы құрылысжинақкассаларының қаражатымен қаржыландырылады.
Қазіргі күні халықаралық сарапшылар дәл осындай келісім-шарттардың қажеттілігі мен жалпы құрылысжинақкассаларына сенім көрсету мәселесін талқылаудың өзін артық санайды. Себебі, Германияда бұл жүйе осы күні келісім-шартқа отырып жатқан жастардың әке-шешелеріне, ата-әжелеріне де қызмет еткен. Яғни, бұл уақытпен тексерілген, сенімге ие жүйе. Сондықтан Германия – ТҚЖ жүйесінің табысты дамуының жарқын мысалы бола алады. Сондай-ақ, бұл жүйе Франция, Люксембург, Чехия, Словакия, Венгрия, Қытай елдерінде де сәтті қолданылуда.
– Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің салымшысы атанған еуропалық қандай мүмкіндікке ие?
– Жекеменшік құрылысжинақкассалары одағының мәліметтері бойынша, 2010 жылдың басында Германиядағы құрылысжинақкассалары жасаған келісім-шарттар саны 30,1 миллионға, оның жалпы сомасы 763,4 миллиард евроға жеткен. Бұл сандардан әрбір орташа келісім-шарттың сомасы 25 мың евроны құрайтыны байқалады.
Мұндай сомаға 7-8 жылға келісім -шартқа отырған салымшы тарифтік бағдарламаға орай, орта есеппен айына 125 евро салым салса, ай сайынғы тұрғын үй заемы төлемдерін төлеу сомасы – 150 евро болады.
Германия туралы сөз қозғай отырып, ТҚЖ жүйесі заемы ипотекалық заемдармен бірге баспананы жақсартуға жиі пайдаланатындығын айта кеткен жөн. Статистика бойынша тұрғын үй сатып алуға немесе салуға қажетті соманың 20-дан бастап 30 пайызға дейіні – клиенттің жеке қаражаты, тағы 20-30 пайызы – құрылысжинақкассаларының заемы, 40-тан бастап 60 пайызға дейіні – ипотекалық заем болып келеді.
Тұрғын үй заемы бойынша Германия тұрғындары үшін жылдық сыйақы мөлшері 2,5-тен 5 пайыз көлемінде белгіленген. Осы тұста “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің” тұрғын үй заемын жылдық сыйақы көлемі 3,5-5 пайыз аралығында 7 жылдан 25 жылға дейінгі мерзімге беретінін айта кеткен жөн.
– Бұл жүйе немістердің өміріне әбден дендеп енген, сан мыңдаған адамдар осы елде құрылысжинақкассаларының клиенттеріне айналып отыр. Сіздіңше мұның сыры неде?
– Германияда ТҚЖ жүйесінің дамуында мемлекет үлкен рөл ойнайды. Неміс заңнамалары салымшыларға мемлекеттік сыйлықақы ретінде, сондай-ақ жұмыс берушілер тарапынан да қосымша қаражат беруді қарастырады, салықтық жеңілдіктері тағы бар. Салымдарды жинақтау барысында жинақ шоттарына жыл бойында жинақталған қаражатқа 8,8 пайыз көлемінде сыйлықақы қосылады, дегенмен, сыйақының максималды сомасы отбасылы азаматтар үшін 1024 евродан, бойдақтар үшін 512 евродан аспайды. Және тұрғын үй сатып алуға әрекеттенген жұмысшының жинақ шотына жұмыс беруші де жылына 480 евродан аспайтын қосымша қаражат құяды. Егер жұмысшының жылдық жалақысы отбасылыларда 40 мың, бойдақтарда 20 мың евродан аспайтын болса, онда қосымша төлемге мемлекет тағы да сыйақылық үстеме ретінде 9 пайыз қаражат береді. Тағы бір ескеретін жайт, мемлекеттің сыйлықақысы жинақтардағы салымдардың мерзімі 7 жылдан кем болмаған жағдайда төленеді. Яғни, тұрғын үй саласы салымшыларын қолдауда мемлекеттік сыйлықақы түріндегі төлемдердің болуы өте маңызды. Мәселен, 1987 жылы Германия мемлекетінің ТҚЖ жүйесіне қатысушыларды қолдауға шығарған шығыны 2,1 миллиард неміс маркасын құраса, 6 жылдан кейін құрылысжинақкассаларының елдің тұрғын үй саласына салған қаржысы 61 миллиард неміс маркасына жеткен. Бұл салымшыларға жұмсалған мемлекет қаржысының тұрғын үй саласына салым түрінде бірнеше еселеп қайтқанын көрсетеді.
– Бұл ТҚЖ жүйесінің мүмкіншіліктері ұлттық тұрғын үй нарығын дамытуға септігін тигізе алады деген сөз ғой?
– Халықты сапалы да қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – кез-келген мемлекет үшін түйткілді мәселе. Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінің талаптары адамдардың көпшілігіне қолжетімді болғандықтын, ЖҚЖ жүйесі жұрттың жеке меншік баспана мәселесін мемлекеттің қолдауын сезіне отырып, өзі шешуге деген құлшынысын арттырады. Осылайша, тұрғын үй мәселесін шешудегі мемлекетке жүктелген жауапкершілікті айтарлықтай жеңілдетеді. Сонымен қатар ТҚЖ жүйесі тұрғын үйлердің құрылысын тұрақты дамытуға әсер етеді. Осылайша, бұл жүйе нарықта жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен жинақтау мен тұтыну үдерістерін теңестірудің арқасында, тұрғын үй бағасының тұрақты болуына ықпал етеді.
Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ.
Қосымша ақпараттарды “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ төмендегі телефондар бойынша білуге болады:
Алматы қ. – 279-25-55, 377-18-45, Қызылорда қ. – 26-26-64, Көкшетау қ. –25-63-04, Талдықорған қ. – 24-79- 72, Тараз қ. – 42-58-60, Шымкент қ. – 21-33-62, Павлодар қ. – 34-08-99, Өскемен қ. – 47-54-72, Қарағанды қ. – 43-62-52, Қостанай қ. – 53-38-20, Орал қ. – 54-36-36, Атырау қ. – 32-04-00, Актау қ. – 43-96-91, Астана қ. – 40-72-77, 36-19-07, Ақтөбе қ. – 55-72-21, Петропавл қ. 42-79-94, Семей қ. 52-22-90, немесе www.hcsbk.kz сайтында