08 Қазан, 2010

Қасиетті қаланың жылнамасын жазған “Түркістан” газетіне – 80 жыл

616 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Оңтүстік өңіріндегі аудан-қалалардың арасында алғаш­қылардың бірі болып сонау отызыншы жылдары ел басына күн туған аумалы-төкпелі заманда халықтың рухын көтеру мақсатымен Түркістан топырағында “Қызыл Түркістан” деген атпен ресми басылым жарық көрді. Газет сол әріптер қолмен теріліп, қорғасынмен балқытылып шыққан алғашқы сандарынан бастап, киелі жердің тыныс-тіршілігін жазып келеді. Социализм іргетасының қалануы, 37-нің нәубеті, 41-45-тің мылтықсыз майданы, соғыстан кейінгі халық ша­руашылығының қалпына келтірілуі, тың игеру, коммунизмге жетеміз деп ұрандатқан бесжылдықтар белестері, тоқырау, қайта құру кезеңдері сарғайған газет беттерінде сайрап тұр. Тәуелсіз Қазақстан тұсында түрленіп, көркейіп, гүл­ден­ген, өсіп, өркен жайып, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқандай, бүкіл түркі дүниесінің рухани орталығына айналған бүгінгі Түркістанның тыныс-тіршілігі де жергілікті басылым бетінде жарқырай көрініп келеді. Әр дәуірдің өз үні, өз дауысы болатынындай, әр жылдары басылым “Қызыл Түркістан”, “Коммунистік еңбек”, “Түркістан” деп аты өзгергенімен, Түркістан жылнамашысы болып қалып келеді. Ол бүгінде екі тілде – қазақ және өзбек тілдерінде жарық көреді. 80 жылдық тарихы бар газет редакциясы қолға қалам ұстаған талай жастың шеберлігін шыңдап, ұядан ұшырды. Басылым еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген журналистерді былай қойғанда, 1 мемлекеттік сыйлықтың лауреатын, 1 ғылым докторын, 2 ғылым кандидатын тәрбиелеп өсірді. Олар – қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек, заң ғылымдарының докторы, дінтанушы Нұралы Өсеров, “Айқын” газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, Қазақстанның Құрметті журналисі, филология ғылымдарының кандидаты Қуандық Оразбеков, оқытушы, филология ғылымдарының кандидаты Сәрсенкүл Тасымова “Түркістаннан” түлеп ұшқанын мақтан тұтады. Газет қызметкерлері қасиетті қала басылымының абыройын асқақтатып, оқырмандар жүрегіне жол табу жолында жемісті қызмет етіп келеді. Балтабай НҰРЖАНОВ, “Түркістан”, “Туркистон” газеттерінің редакторы.