Халық аузында “қысқы шанаңды жазда сайлап ал” деген жақсы мәтел бар. Яғни, әр нәрсенің мезгілі жеткенде дайын болмай қолбырап, божырап жүрме дегені ғой.
Қазір Оңтүстікте қоңыр күз. Көктемнің ала көбең бұлтты күндерімен келген жылымықты пайдаланып, егіс даласында жүрген диқандардың еңбегінің рәтін көретіндігі, отбасының аузы майланатын кезеңі.
Қоңыр күз Оңтүстікке қандай сыйымен келді?
Ауыл шаруашылығы саласына 2010 жылы респубикалық бюджеттен 7 647,4 млн. теңге, облыстық бюджеттен 696,9 млн. теңге бөлінген болатын.
Егін шаруашылығы туралы айтар болсақ, биылғы жылы дәнді дақылдар өткен жылмен салыстырғанда ( 2009 ж. 192,8 мың га) 20,0 мың гектарға (2010 ж. 212,8 мың га), оның ішінде бидай 17,2 мың гектарға , майлы дақыл (2009 ж. 74,8 мың га) 27,2 мың га (2010 жылы 102,0 мың га), картоп (2009 жылы 10,2 мың га) 2,1 мың (2010 ж. 12,3 мың га), бақша (2009 жылы 25,7 мың га) 10,4 мың (2010 ж. 36,1 мың га), мал азықтық дақылдардың егіс көлемі өткен жылдан (2009 ж. 162,7 мың га) 1,2 мың гектарға (2010 жылы 163,9) артып отыр. Жалпы барлық егіс көлемі, жүзім мен бауды қосқанда 722,0 мың га құрады.
Облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп 86 мың га жердің негізінен су жүйелерінің істен шығу себебінен айналымнан шығып қалғаны анықталды.
2009 жылы республикалық бюджеттен 2,6 млрд. теңге қаржы бөлініп 63 су шаруашылығы нысандары бойынша қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 44 мың га жер айналымға қосылды. 1196 шақырым арналардың су өткізу қабілеті жақсарды. Бұған қосымша облыстық бюджеттен 369 млн. қаржы бөлініп, 21 арна (430 шақырым) қалпына келтіріліп 5400 га жер іске қосылды.
2010 жылы жоспарланған 42 мың га жердің 32,5 мың га жер айналымға қосылып, қосымша 11 мың га дәнді дақыл, 4,3 мың га бақша, 2,9 мың га көкөніс, 4,0 мың мал азықтық дақылдар, 1,5 мың га дәндік жүгері, 3,7 мың га мақта т.б. дақылдар егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 70 мың тонна көкөніс, 70 мың тонна бақша, 28 мың тонна картоп, 14,2 мың тонна мақсары артық алынды.
Бүгінгі күнге астық ору жұмыстары аяқталып 268,0 мың тонна астық, оның ішінде 254,0 мың тонна бидай мен 13,8 мың тонна арпа, 464,0 мың тонна көкөніс, 453,0 мың тонна бақша, 130,0 мың тонна картоп, 32,0 мың тонна жеміс, 5,0 мың тонна жүзім жиналды және 2394,1 мың тонна мал азығы дайындалып, әлі дайындау жұмыстары жалғасуда.
Қазіргі республикадағы негізгі мәселенің бірі – республика халқын көкөніс-жеміс өнімдерінің барлық сапалы түрлерімен қамтамасыз ету болып отыр. Ерте пісетін көкөніс өнімінің көлемін ұлғайтуға жылыжайлардың қосатын үлесі мол.
2009 жылға дейін облыста жалпы жылыжайлардың көлемі 90 га ғана құраған болса, бүгінгі күні 2 еседен артып, 194 га жетті. Жыл соңына дейін 200 га артатын болады.
Бүгінгі таңда облыста 1753 жылыжай бар. Олардың жалпы егіс көлемі 194 га. Жалпы осы жылы 12,8 мың тонна өнім алынып, оның ішінде 8,8 мың тонна қызанақ (123,2 га), 3,8 мың тонна қияр (31,7 га), қалған 21,3 га басқа да өнімдер (көк сөк, пияз, көшет және т.б.) өндірілді.
2010 жылдың тапсырмасына сәйкес, тамшылатып суғару технологиясы бүгінгі күнге 4143,91 гектар жерге ендіріліп отыр.
Қаржыландыру институттары мен аудан, қала әкімдіктерінен алынған нақты мәліметтерге қарағанда, ағымдағы жылы облыс бойынша тамшылатып суғару технологиясын өндіріске ендіру тапсырмасын орындау мақсатында, қалған 5 856,09 гектар жерге тамшылатып суғару әдісін ендіру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Нан бағасы қымбаттамайды
Қазір облыс үшін өзекті мәселелердің бірі – нан өнімдерінің бағасының қымбаттамауына тұсау салу болып тұр. Облыс әкімдігінде штаб құрылған. Күлтөбенің басындағы күнде жиынға ұқсағанымен қазір қауырт кезең болып тұрғаны рас. Оңтүстік Қазақстан облысы – орналасуы жағынан транзиттік дәліз, қақпа. Солтүстікте өндірілген бидай, ұнның Өзбекстаннан тартып, Ауғанстанға дейін шығатын жері осы. Оңтүстіктің өз бидайы жұмсақ. Сапасы төмен. Нан жапсаң ортасы бірікпей, сулы болып ылжырап тұрады. Өзбекстанда да солай. Олар да Қазақстанның солтүстігінің асыл бидайына ынтық. Өзбекстаннан әрі қарай Азия мемлекеттері ұядағы балапан секілді аузын ашып және отыр.
Олардың ындынын толтыру үшін орта есеппен Азияға Оңтүстік арқылы күніге 50 мың тоннаға дейін ұн өтеді делінеді. Әрине, астық өсірген ағайынның экспортқа өнімін шығару еркі. Пайдасын тапсын.
Бірақ, ол елдің мүддесі тұрғысынан болмау керек. Нан – өмір. Нан болса ән де болады. Үкімет осыған байланысты қаулы қабылдады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚазАГРО ұлттық холдингі, Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы, Астық өндірушілер одағы және облыс әкімдігі алқақотан отырып, меморандумға қол қойған. Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы тоннасын 26 мың 500 теңгеге алған астығын Оңтүстікке кезең-кезеңімен жіберіп отырады. Сол бидайдың бір дәні шашау шықпай наубайханадан халыққа арзан нан түрінде дастарқанына баруы керек.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қанатбек Оспанбековке барғанбыз. Бойы екі метр алпамсадай ағамыз алдындағы қағаздардан басы қалқиып зорға көрініп отыр десек те болады. Науқан өрттей жанып тұр.
Еңбек жолын ауыл шаруашылығынан бастаған Қанекең есепке жүйрік.
Мәселен, облысқа 314 мың тонна астық керек болса, соның 164 мыңы Оңтүстіктің өз бидайы. Сырттан 150 мын тоннаға дейін астық сатып алыну керек. Қаласаң да, қаламасаң да. Ауылдық жерлерде 1 млн. 700 мыңдай халық тұрады десек, 3-4 гектар жеріне астық еккен диқандар 400 мың халыққа нан тауып берер ме екен. Ал, ірі агроқұрылымдардың еншісінде 114 мың тонна астық бар.
Солтүстікте астықтың бағасы соңғы екі айда көтеріліп тоннасы 34-37 мыңға дейін жетті.
Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы астық өндірушілермен бұрыннан түзілген келісім-шарт бойынша 25 мың 500 теңгеден алып, облыстарға жөнелтіліп жатыр.
Оңтүстік қыркүйекке тиесілі 5 мың тонна астығының құнын төлеп, Ақмола облысы Макин ауданындағы элеватордан алуда, Қараша айында 28 мың тонна алу керек болса, соның 21 тоннасының қаржысын төлеп қойған.
Енді құны алтынмен тең осы астық сыртқа шығып кетпей операторлар арқылы тікелей наубайханаларға жөнелтілуде. Ауыл шаруашылығы басқармасының басты назарда ұстап отырғаны 1 сұрыпты ұн. Оның келісі 50 теңгеден аспауы керек. Осы есеппен наубайханадан бөлке нан 26-28 теңге аралығында дайын болады. Оны дүкендерге тасымалдау мен сату бағасын қосқанда 32-34 теңгеден аспауға тиіс. Алайда, қу бастан қуырдақтық ет алып үйренгендер қай жерде де табылады ғой. Әкімдік сәл қырағылықты азайтса, 34-40 теңгеге дейін көтеріп жіберетін делдалдар жетеді.
Басқарма Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесіп 1740 дүкеннің есебін алған. Қырық екі наубайхана нанды осы тізім бойынша босатады. Ауыл, аудандардағы жағдайда осы.
Облыс әкімдігінің негізі мақсаты – келісім-шарт арқылы арзан бағамен операторға берілген астықтың сыртқа шығып кетпеуін қадағалап, нан бағасының қымбаттамауына ықпал жасау. Пайдаға қызығып, мемлекет бөлген астықты қымбат бағаға сатқан операторлар үлкен жауапкершілікке тартылады. Заңдық, құқықтық жолмен.
Биылғы қуаңшылық осындай қадамдарға барғызып жатыр. Әрине, мұны Қазақстанның басындағы жағдай ғана деп түсінуге болмайды. Көрші Ресейдің кейбір қалаларында аз қамтамасыз етілген отбасылар қат, арзан азық-түлікті карточкамен алу жүйесіне көшті. Ондай күндер халқымыздың басына түспей-ақ қойсын. “Бір аштықтың бір тоқтығы болады” дегендей, бұл күндер де тез өтер.
Оңтүстікте облыс әкімдігінің жұмыс нәтижесі көрініп жатыр. Нан бағасы қымбаттаған жоқ. Алда да солай боларына халық сенеді.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.