Жақында Бас Прокурор Қайрат Мәми азаматтарды қабылдады, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Келушілердің шағымдары негізінен зейнеткерлік заңнамаларға, тұрғын үйге меншік құқығына, жалақыны, берешек сомаларын өндіріп алуға және т.б. мәселелер бойынша сот актілеріне қатысты болды.
Әрбір шағымданушының мәселелері бойынша Бас Прокурор прокуратураның жауапты қызметкерлеріне арызданушылардың дәйектерін мұқият зерделеуді, заңдылықтың бұзылуы анықталған жағдайда бұзылған құқықтарды қалпына келтіру бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды, кінәлі адамдарды заңмен белгіленген жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Үш шағым бойынша Бас Прокурор заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы наразылыққа қол қойды, олар Жоғарғы Соттың қарауына жолданатын болады.
Атап айтқанда, прокуратура органдары іс жүзінде Астана қаласының барлық тұрғындарының мүдделерін қозғайтын “Қалалық электр желілері” АҚ пен “Астанаэнергосбыт” ЖШС арасындағы дау бойынша сот актілерінің күшін жою туралы мәселе қойды. Сот шешімдері іс жүзінде “Қалалық электр желілері” АҚ-тың басқа адамдар тұтынған электр энергиясының құнын тұтынушылардың есебіне қосу туралы әрекетін заңдастырып берген. Бұл көп пәтерлі тұрғын үй қоры бойынша олардың берген және бөлген электр энергиясының нақты көлемінің баланстық тиесілі шекте емес, трансформаторлық подстансаларда орналастырылған коммерциялық есепке алу аспаптары бойынша айқындалуы нәтижесінде туындаған. Соның салдарынан “Қалалық электр желілері” АҚ және “Астанаэнергосбыт” ЖШС ұсынған деректер бойынша электр энергиясы көлемі арасында іс жүзінде болмауы керек айырмашылық пайда болған. Ал бұл көп пәтерлі үй тұрғындарының іс жүзінде өздері тұтынбаған электр энергиясының артық көлемі үшін өз қалталарынан төлегендігін көрсетеді.