08 Қазан, 2010

Еңсеңді көтеретін ел бірлігі

635 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың ел бірлігі жөнінде айтып келе жатқан идеясын сөзбен емес, іспен дәйектеген әдемі басқосуға куә болдық. Ол Алматы облысы, Райымбек ауданы, Тоғызбұлақ ауылында болды. “Отан тарихындағы ел бірлігі дәстүрі” атты ғылыми-практикалық конференция өтіп, ол “Ел бірлігі” монументінің ашылуына ұласты. Бұл монумент сол ел бірлігінің ұйытқысы болған Сары би мен Шобал бабаға арналғанын айта кеткеніміз абзал. Қазақ халқын 300 жыл бойы бодан­дықтың қасіреті халықтық үрдісінен айы­ры­лып қалуға дейін апарғаны арғы-бергі тарихтан мәлім. Елдігімізді алып, еңсе­мізді тіктеудің басты жолы – ел бірлігі еке­нін қалың жұрт түсінді. Енді сол игі­лікті істі орнықтыруға күш салып келеді. Жоғарыдағы іс-шараның басты ұйытқысы ауыл азамат­тары болса, қолдаушылары сыртта жүрген бауырлары екен. Ғылыми-практика­лық конферен­цияда белгілі тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелдінің “Отан тари­хындағы ел бірлігі дәстүрі және оның сабақ­тас­тығы” атты баян­дамасы ұсынылып, онда еліміздің қилы кезеңдеріндегі сын сағаттар алға тар­тыл­­ды. Сол секілді заңгер, тарихшы Сайлау Ағыбаевтың 1916 жылғы ұлт-азаттық кө­терілісте патша жендеттерінің тарапы­нан болған қызыл қырғын кезінде елім мен жерім деп қарсы келген қайсар бауы­ры­мызды жер жастандырып, бір ай бойы ас­пан астында тастап, енді кім қимылдаса осындай күйге түсесің деп қыр көрсеткен озбырлықты тайға таңба басқан­дай мұра­ғат дерек­терімен алға тартқанда, қабырға­сы қайыс­паған жұрт қалмады. Ол мұндай зұлымдық әрекет­терді сол құжат­тарға сүйе­не отырып, Нарынқол өңіріндегі Қос­төбе мен Сүмбеге белгілі қаламгер ғалым Са­ғат­бек Медеубекұлы, Тоқтар Әлібек, Дүй­сенбай Сығай экспедиция ұйымдас­тыр­ғандарын, бұл туралы алдағы уақытта деректі дүние әзірлемек ниет­терін, Қыр­ғын­­төбе аталған сол жерге белгі қою жұ­мы­сымен айна­лысып жат­қандарын тілге тиек етті. Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін ғалым келтірген мына бір деректі алға тарта кетсек дейміз. Куәгер Коровин: “... Өткен айдың аяғында Шәл­көде пос­тысында, Иван Пше­нич­ный­дың бұйры­ғымен Ылайлы қыстауына бардық. Онда 42 ер адам, 62 әйел, 56 бала болды. Олар­да 45 жылқы, 43 мүйізді ірі қара, шамамен 50 қой бар еді. 29 желтоқсанда еркектерді Охотничиға қарай айдадық, қараңғы түсе қазақтар таяғын көтеріп, “Райымбек” деп айқайлады. Савенков, Черкашин үшеуіміз бәрін қырып таста­дық. Қазақтарға 200 патрон жұмсадық. Тірі қалғандарды қы­лышпен шаптық” дейді. Осындай сорақылықтарды бастан кеш­кен халқымызға ендігі жерде ел бір­лігін ойлау, тәуелсіздікті баян ету басты мәселе. Басқосуда ауыл шаруа­шы­лығы­ның айтулы ардагері, Еңбек Ері Жолсейіт Молдасанов, ел ағасы Әріп Сыбанбаев, Тынышбек Ал­ма­­бековтер сөз алып, осындай халық­тық іс­ке қайрат көрсеткен азамат­тарға ілтипат танытты. Жас­тарға ата­лы­қ ақылдарын ай­тып, Ел­басы­ның ел бір­лігі жөніндегі сөздерін осын­дай нақты іс­пен жүзеге асыру қажет­тігін назарға сал­ды. Ал Парламент депу­тат­тары Жан­сейіт Сәр­сенқұлов, Зағипа Балиева, Қай­рат Сә­дуа­­қасов, Конститу­циялық кеңес мүше­сі, белгілі заңгер Ілияс Бақтыбаев ел аза­мат­­тарының жақсы бас­тамасына қолдау көрсетіп, алдағы уақытта ұрпақтар сабақ­тас­тығын жалғас­тыру, ата-дәстүрді ұмыт­пай, өнеге болар үрдісті үкілеп отыру жа­йын қоз­ғап, өздерінің әркез ауыл жұрты­мен қанат­тас жүретінін жеткізді. Бұл шара­ның ал­дында көргені көп, көңілге түйгені мол ғалым Көшінбай Ора­за­лы­ұлы­ның танымдық баян кітабы жария­ланған бола­тын. Онда ел тарихы­ның қилы кезең­дері, өңір тарихы қамты­лып, ұлттық салт-дәс­түрі­міздің озық үлгі­лері, этнография­лық құн­дылықтар, жұрт ара­сында айтылып жүр­ген аңыз-әңгіме­лер, қалың қазаққа аты мәлім Нұрсапа Сайбыр­ұлы, көрнекті ар­хи­­тек­тор, Алматы қаласын­дағы опера театры­­ның, бұрынғы үкімет үйінің, неке са­ра­йының, өзге де ғимарат­тардың негізін сал­ған Нұрғазы Оразымбет­ұлы және Мэлс Сы­банқұлов, басқа да ғы­лым, өнер қайрат­керлері туралы мәлімет­терді жи­нақ­тап, жас ұрпақ өзінің қайдан шық­қанын біліп жүрсін деп ататек тари­хында жазып кеткен еді. Міне, осындай ел бірлігіне ұйытқы бо­лар кейінгі ұрпақпен алдыңғы толқын ара­сын жалғастыратын игілікті шараның соңғы сөзін аудан әкімі Аян Айтжанов айтып, ол: кітап рухани құндылық болса, тектіліктің үлгісін көрсеткен бабаларға қойылған монумент ұрпақтардың тәу ететін орнына айналады. Бұл жұмыстың тиянақты орын­далуы қиянда жатқан ауыл жұртының ел бірлігін әспеттеудегі өнегелі ісі деп білуіміз керек. Мұндай үрдіс әр ауылда жалғасын тауып жатса, жастар арғы-бергі тарихты танумен қатар, сол жол­мен жүруге ұмтыла­ды. Біз елдік істі өз күшімен атқарған үлкен-кішіге шын ниетімізді білдіре оты­рып, монументтің айналасын көгалдан­дыруға, өзге де аз-кем жетіспеушілігіне қол ұшымызды созатын боламыз, деді. Халықтық істің соңы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев­тер әулеті мен оның өнерлі шәкірт­терінің концертіне жалғасты. Сүлеймен МӘМЕТ.