09 Қазан, 2010

“Неміс мәшинесі” несімен мықты?

823 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
12 қазанда Астанада футболдан Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстан-Германия құрамалары кездеседі Кезінде орыс журналистерінің аузымен айтылып, неміс жұрты үздік командасының балама атауы ретінде жалпы әлемге тарап кеткен осынау теңеудің астарында талай мән жатыр. Бүгінде Жер шарында өзіне кезекті шешуші шайқастағы қарсылас болып Германия құрамасы тап келгенде, жүректері дір ете түспейтін бірде-бір бапкер, бірде-бір футболшы жоқ шығар, сірә! Ал “мәшине” деген атаудың өзі барлық тетіктерінің қозғалысы бір мезгілде бірімен-бірі үйлесіп жұмыс істейтін, қимыл барысында қате­ліктерге жол бере қоймайтын тұтас механизм деген ұғымды білдіреді. Бұл ретте осы “мәшине” атауын арқалап жүрген ақ-қара жейделі жігіттер ұжымының аса бай тарихы төңірегінде өте көп сыр шертуге болар еді. Айтатыны жоқ, неміс халқы осы кезге дейін бүтін дүниеге әр кезеңдері футбол деген өнердің жетілген үздік үлгісін ұсынған жұлдыздардың қаншама шоғырын сыйлады. Олар, әлбетте, неміс фут­болы мен спортының намысы мен арына айналып, әлденеше жеңісті жолдардың жалауларын желбіретті. Соның арқасында “бундестим” қазірге дейінгі 19 әлем чемпионаты финалдық бөлігінің 17-сіне қатысты. Осының өзі де ғаламат көрсеткіш! Германия бұл жөнінен тек барлық біріншіліктердің бұйым­тай­шысы бола білген Бразилия сайыпқырандарын ғана алдына салып, итальяндармен бірге екінші-үшінші орындарды бөлісіп тұр. Ал тұрақты табыс биігінен көріну жөнінен екеуін де шаң қаптырып кетеді. Бұл үшін қазірге дейінгі жаһандық жарыстарда 3 мәрте топ жарған немістердің соның сыртында 4 күміс, 4 қола медальдің иегері атанып, жүлденің ұзын санын 11-ге жеткізгенін, олармен салыстырылып отырған әлемнің 5 дүркін чемпионы Брази­лияның содан бөлек 2 күміс, 2 қола, барлығы 9 медаль, 4 дүркін жеңім­паз Италияның бұдан басқа 2 күміс, 1 қола, жалпы жиыны 7 медаль алғандарын айтсақ та жеткілікті. Немістер әлем чемпионатына 1934 жылы Италияда өткізілген екінші додадан қатыса бастады. Осында олар үшінші орын үшін таласта Чехословакия құрамасын тізе бүктіріп, ең бірінші жүлделері – қола медальді қанжығаға байлады. Бұл Италия мен Германияда фашистік режім орнап, Гитлер мен Муссолинидің бір-бірімен арқа-жарқа болып тұрған кезең еді. Расы керек, сондықтан екі елдің серкелері бір-бірімен финалда кездесуге қатты құштар-ақ болған. Дегенмен, бұл жолы орындалмаған арман тура 20 жылдан кейін, 1954 жылы Швей­царияда өткен бесінші чемпионатта “қайырын берді”. Бірақ, немістер қосымша матчта Швейцариядан 1:4 есебімен жеңіліп, топтан шыға алмай қалған әлемнің сол кездегі екі дүркін чемпионы – Италиямен емес, жаһанның келесі бір екі мәрте жеңімпазы Уругвайды (бұған дейінгі 4 біріншілікте осы екі құрама ғана чемпион атанған) жартылай финалда 4:2 етіп жолдан шығарып тастаған “сиқыршы мадьярлармен”, яғни Венгриямен алтын тәжді таласқа салды. Мұнда топта түріктер командасын 4:1 есебімен ұтып, осы венгрлерден 3:8 есебімен күйрей жеңіліп, ширек финалда югослав­тарды – 2:0, жартылай финалда Австрияны 6:1 есептерімен ұтқан немістердің жолы болып кетті. Ба­сында мадьяр марқасқалары 2:0 есе­бімен жеңіп тұрғандарымен, соңынан 3 доп жіберіп алып, алтын медальдан қағылды. Жалпы, чемпио­нат­тың ең тамаша командасы ретінде вен­грлер танылғанымен, ақтық ай­қаста жеңіске лайықты өнер көр­сет­кен немістер еді. Сондықтан бұл құ­ра­маға финал өткен қаланың атымен “Берн кереметі” деген айдар тағылды. Бұдан кейінгі екі чемпионатта сәтсіз өнер көрсеткен ГФР құрамасы 1966 жылы Англияда алаң иелерімен соңғы шайқасқа шықты. Ойынның негізгі мерзімі 2:2 есебімен тең аяқталды. Ал қосымша уақытта ағыл­шындар екі доп соғып, алғаш және әзірге соңғы рет әлем чемпионы атанды. Осында британдықтар салған күмәнділеу үшінші голды арбитр Гот­тфрид Динт пен кеңестік лайнсман Тофик Бахрамов санап жібермегенде, матчтың қалай бітетіні белгісіз еді. Немістер 1970 жылы Мексикада өткен дода қорытын­ды­сында да жүлдесіз қалған жоқ, тағы қола медальға қол жеткізді. Бұдан кейін 1974 жылы Германияның өз жерінде өрнек тізген чемпионатта не­містер екінші мәрте әлем чем­пионы деген мәртебеге ие болды. Мұнда Голландия жасағы нағыз чемпионға тән өнер көрсеткенімен, ақтық сында алмандар алдында абдырап қалды. Есеп – 2:1! Ал Германия құрамасының сол тұстағы құрамы шынында да ғаламат еді. Сол сапта сайран салған Зепп Майер, Франц Беккенбауэр, Ханс-Георг Шварценбек, Пауль Брайтнер, Ули Хенесс, Берти Фогтс, Герд Мюллер сынды саңлақтардың есімдерін атап шығудың өзі біздің көңілімізді марқайтады. Тап осы жолғыдай жұлдыздар шоғырын герман таң­даулы тобы бұған дейін де, бұдан кейін де бір ұжымның ұясына ұйыстыра алған жоқ. Келесі біріншілікті құр жіберген немістер 1982 және 1986 жылдары тағы финалға дейін жетіп, күміс медальға қол артты. Олардың үшінші рет жаһан жеңімпазы атануы 1990 жылға тұспа-тұс келеді. Осы жолы Италияда өткен чемпионатта неміс командасы мұның алдындағы біріншілік финалында Аргентина құрамасына жіберген есесін қайтара білді. “Бундестим” 2002 жылы алғаш рет Азия құрлығында орын алған дүбірлі дүрмекте тағы күміс медальді олжалады. Оның есесіне 2006 жылы өз елі – Германияда адым жазған аламанда үшінші орыннан артыққа бара алмады. Биыл жазда өткен чемпионатта тағы да қола жүлде қолға қонды. Сол кезеңдерде Германия Еуропа біріншіліктерінде үш рет топ жарып үлгерді. Бұл жеңістер 1972, 1980 және 1996 жылдары тіркелді. Тағы үш рет – 1976, 1982 және 2008 жыл­дары күміс медальға қол жеткізді. Өткен ғасырдың 70-ші жыл­дары Франц Беккенбауэр шабуылға сәтті қосылып кетіп тұратыны арқылы тазалағыш-қорғаушы рөлі жөнінде ұғымды қатты өзгертіп, әлемнің ең мықты қорғаушыларының біріне айналды. Құрамада ойнаған 62 матчында 68 доп соққан Герд Мюллерге “гол соққыш мәшине” деген атау таңылды. Олардың сол кездері бастап беріп кеткен үлгілі үрдістерін соңыра Карл-Хайнц Руммениге, Лотар Маттеус, Руди Феллер, Томас Хесслер, Юрген Клинсманн, Матиас Заммер және Юрген Коллер сынды әлем футбо­лының жұлдыздары жарасты жалғастырды. Ал қазір Филипп Лам, Бастиан Швайнштайгер, Михаэль Баллак, Мирослав Клозе, Лукас Подольски, Какау және Месут Өзил сынды ойыншылар көпшіліктің назарына ілігіп жүр. Германия құрамасын 2006 жылдан бері белгілі маман Йоахим Лев жаттықтырады. Ол – неміс футбол мектебінің классикалық өкілі. Ал “неміс футбол мектебі” деген  ұғым ең алдымен ойынды темірдей тәртіпке, соңғы тері сорғалап түскенше алаңда барын салып ойнауға, іс-қимылдың өте жатық үйлесімділігіне, қорғаныста аса мұқият әрекет етуге, допты әріптеске барынша дәл беруге бағындырып ұйымдастыру дегенге саяды. Бір кездері ағылшын футболы­ның жарық жұлдызы Гарри Линекер әзіл-шыны аралас: “Футболды 22 адам ойнайды, бірақ қашанда немістер жеңеді”, – деген еді. Бұл сөздің тап осы жолы қаншалықты орындалатынын алдағы сейсенбіде өтетін кездесу көрсетеді. Серік ПІРНАЗАР. Астана.