“Отбасы – алтын діңгек” атты республикалық байқау өз мәресіне жетті
Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті мен Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен Қазақстан халқы тілдерінің ХІІ республикалық байқауы ерекше атап өтуге тұрарлық. Аталмыш фестиваль аясында көптеген шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі “Отбасы – алтын діңгек” атты отбасылар арасындағы республикалық сайыс.
Фестивальдың мақсаты – ұлттық салт-дәстүр мен қазақы тәрбиені бойына сіңірген, балалары қазақ мекептерінде оқитын, өнерлі де өнегелі отбасылардың үлгісін дәріптеу десек, сайысқа еліміздің әр өңірінен қалалық, облыстық деңгейдегі байқаулардан іріктелген 15 отбасы қатысты. Қатысушыларды “Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаев бастаған қазылар алқасы бағалады. Алғашқы құттықтау сөзде Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров Тіл фестивалі аясындағы ең соңғы шара осы отбасылар сайысы екендігін айта келе, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Халқымыздың әдет-ғұрпын, дәстүрін, тарихын қастерлеп жүрген 15 отбасының өнерлері үш бөлім арқылы көрініс тапты. Оның алғашқысы таныстыру бөлімі. Мұнда отбасылардың тіл байлығы мен мәдениетіне, дауыс мәнеріне, сахнада өзін-өзі ұстауына баса мән берілді. Ал екінші бөлімі “Ұяда не көрсең...” деп аталатын үй тапсырмасы болатын. “Халқың қандай десең, салтымнан біл!” демекші, салт-дәстүрден халықтың мінез-құлқы, үлгі-өнегесі, зейін-зердесі, даналығы мен шешендігі, ұлттық көзқарасы көрінетіні баршаға мәлім. Бұл бөлімде осы талаптар орындалып, отбасының өзіне тән ерекше сипаттары көпшілік алдында насихатталды. Соңғы бөлімде ұлттық құндылықтар мәдениетіне ерекше мән берілген екен. Мұнда үлгілі отбасылар мемлекеттік тіл мен ата-бабаларымыздың ізімен ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасқан ұлттық салт-дәстүрдің ұстанымдарын көрсетті.
Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені Ақтөбе облысынан келген Жәмековтер әулеті, 1-орынды ақмолалық Дүнгеновтер әулеті, 2-орынды Алматы облысынан Сембаевтар әулеті” жеңіп алып, 3-орын Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Дүйсеқұловтар әулетіне бұйырды. Жүлделі орынға ие болған отбасылар дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болса, қалған отбасылар алғыс хаттармен марапатталды.
Жұлдыз БАЙДІЛДА, ЕҰУ студенті.