09 Қазан, 2010

Бақылау бекеттеріндегі белсенділік

674 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
“Нұр Отан” ХДП Ақмола облыстық филиа­лында 118 партиялық бақылау бекеті құрылған. Оның 45-і өзіне жүктелген міндеттерді ойдағыдай аяқтап отыр. Жұртшылық көңілінен шыққан жаңа құрылымдар – “Жол картасы”, “100 мектеп, 100 аурухана”, “Ауыз су”, “Тұрғын үй құрылысы”, “Индустриялық-инновациялық үдемелі даму”, “Ұлттық денсаулық сақтаудың бірыңғай жүйесі”, “Нұрлы көш” мемлекеттік бағдарламаларының талапқа сай орындалуына сүбелі үлес қосуда. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету салаларында да бақылау бекеттерінің қызметі халықтың сенімді жанашыры ретінде танылып отыр. Партиялық жұмыстың санқырлы шараларына баспасөз өкілдерін кеңінен қатыстыру қызметтің жариялылығы мен тиімділігін арттыруға септігін тигізгендігін атап өткен жөн. Партияның Көкшетау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлібек Баймағамбетов басқарған комиссияның құрамында жуырда бірнеше маңызды нысан­ның жұмысымен танысқан едік. Өңірде заманалық технологиямен кірпіш өндіру жобасын қолға алған “ENKІ” ЖШС бөлінген 7 милли­ард теңге қаражаттың 6,2 миллиард теңгесін игеріп үлгеріпті. Құрылыс жұмыстарына 105 адам тартылған. Олар ірі зауытты белгіленген кес­теге сай алдымыздағы қараша айында пайдалануға береміз деп отыр. “Жол картасы” бағдарлама­сы­мен Ақан сері атындағы мәдениет колледжіндегі, №3 қазақ мектеп-кешеніндегі, “Огонек”, “Жұлдыз” мектеп-балабақшаларындағы, по­литехникалық колледждегі күрделі жөндеу жұмыстары сапалы аяқта­лып, оқушылар мен бүлдіршіндерді қуанышқа бөледі. Мұндағы бақы­лау бекеттері мемлекет қаржысы­ның мақсатты жұмсалуына, жоба­лық талаптардың сақталуына, азаматтарды “Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар” бөлімі арқылы жұмысқа тартуға ерекше көңіл бөлетіндігі оң мысал ретінде атап өтілді. Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.На­зарбаев “Нұрлы көш” мем­лекеттік бағдарламасын орындауда “Нұр Отанға” айрықша тапсырма бергені белгілі. Осыған байланысты облыстық филиал Көкшетау қала­сының іргесіндегі жаңадан салын­ған ауыл жағдайын бақылауда ұстауда. Мұнда бір жылдың ішінде жалпы аумағы 20 мың шаршы метрді құрайтын екі пәтерлік 138 үй қатарға қосылды. Онда 276 отбасы қоныстануы тиіс болса, қазір Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстаннан келген 221 отбасы тұрып жатыр. Осындағы партиялық бақылау бекетінің төрағасы Мей­рамбек Қиықовтың айтуынша, жаңа үйге кіргісі келетіндер жоқ емес. Мәселе, жобалау және қаржы құжаттарының нақты жағдайларды толық ескермей жасалғандығында болып отыр. Мамандар “Нұрлы көш” ауылы төртінші категориялы тұрғын үй тобына жататын көріне­ді. Яғни, мейлінше арзан құрылыс материалдары мен жабдықтары пайдаланылған. Осының салдары­нан өткен қыста қалыпты жылу қам­тамасыз етілмеген және әлгі жо­бада қора-қопсы, отынхана, кі­ре­беріс жаппа тұрғызу қарасты­рыл­маған болып шықты. Сапаның төмендігінен үйдің нақты бағасына қатысты арыз-шағымдар түсуде. Партиялық бақылау бекеті арнайы мәселе көтеріп, тиісті орындардың қосымша қаржы бөлуін, бас мердігер “Көкшетаустрой ПСК” ЖШС қосалқы құрылыстарды салумен бірге, оны 10 жыл бойы қалыпты жағдайда ұстауға кепілдік беруін қадағалауда. “Нұрлы көш” ауылында еңбек­ке жарамды 491 адам болса, оның 249-ы тұрақты жұмыспен қамта­масыз етілген. Бауырларымыздың бірқатары әлеуметтік жұмысқа тартылса, 47 адам наубайханашы, авто­грейдерші, оператор, слесарь, ті­гінші, аспаз, медбике мамандық­тарына тегін оқытылуда. Биыл ауылдың 130 баласы мектепке бар­ды. Оларға тегін ыстық тамақ ұй­ым­дастырылған. Алдағы кезде ба­ла­бақша салу мәселесі де көтері­луде. Ауыл мен облыс орталығы бағытында автобус қатынасы қамтамасыз етілді. Полицияның учас­келік инспекторы мен фельд­шер ұстау қажеттілігі де шешімін табады деп күтілуде. Көкшетау қаласында денсаулық сақтаудың ұлттық бірыңғай жүйесі 12 бақылау бекетінің назарында ұсталуда. Олардың белсенді жұмы­сы облыстық филиалдың партия­лық бақылау комиссиясында жақ­сы қырынан атап өтілді. Бақылау бекеттері Көкшетау қаласында ғана жоғары білікті 100-ден астам дә­рі­гердің жетіспейтіндігін анықтаған. Сондай-ақ, жекелеген медицина мекемелерінде дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры жасалмағандығы, олардың бағасы негізсіз көтеріл­гендігі, жеңілдіктердің сақталмай­ты­ны, бірыңғай ұлттық жүйе та­лаптарының бұрмаланатыны дабыл етіп көтерілуде. Бурабай ауданындағы 11 бе­кет­тің (комиссия төрайымы Әсел Иса­баева) 9-ын аудандық мәсли­хат­тың, 1-ін облыстық мәслихаттың депутаттары басқарады. Бұл аталған құрылымның ықпалдылығын арттыра түскені анық. Осыған байланысты көптеген мысалдар келтіруге болады. Биыл өзінің 80 жылдығын атап өткелі отырған педагогикалық колледжге жөндеу жұмыстары жүргізілуінде, сахна киімдерінің алынуында партия белсенділерінің айтарлықтай үлесі бар. Қатаркөл ауыл шаруашылығы колледжі мен Зеленобор мектеп гимназиясында “Жол картасы” қаржысының мақсатты жұмсалуы үнемі бақылауда ұсталды. Сондай-ақ, нұротандықтардың араласуы­мен “Шабыт СТ” ЖШС құрылыс­шы­л­ардың өтелмей келген еңбек­ақы қарыздарын төлей бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақ­стан халқына арнаған биылғы Жол­дауында қолға алынған жа­сам­паз жобалардың маңыздылығына назар аудара келіп: “Нұр Отан” ХДП үшін 2020 Бағдарламасын орындау жұмыстың басты өзегіне айналуы тиіс”, деп атап көрсетті. Қазақстанның жаңа экономикалық өрлеуін қамтамасыз етуде партия­лық бақылау бекеттері жауынгер құрылымға айналғанын жоғары мысалдар дәлелдейді. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.