09 Қазан, 2010

Екібастұздықтар саны күн сайын көбейіп келеді

618 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Көмірлі қалада жолсапарда болғанымызда өндірісті өңірдің әлеуметтік тыныс-тіршілігіне де үңіліп, қалалық перзентхана үйіне де атбасын бұрғанбыз. Өткен жолы жазғанымыздай, Эрнест, Нэлли және Вилен деген үшемдер дүниеге келген еді. Бауы берік болсын! Сәбилер көбейе берсін! деген тілектен кейін біз осы аурухананы басқарып отырған жоғары санатты акушер-гинеколог, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлнәр НыҒмет­жановамен әңгіме өрбіткен болатынбыз. – Перзентханада ана мен бала денсаулығын сақтауға арналған акушер-гинекологиялық жүйенің барлық түрі бар. Біздің өңір өзіңіз білесіз, аса ірі өндірістік-өнер­кә­сіп­тік аймақ және бұған қоса Екі­бас­тұз қаласы аумағына қарасты ау­ыл­дарымыз бар. Әрі қатарлас тұрған Баянауыл ауданына да көмек көр­сетіледі. Жаңа туған жас нәрестелер мен аналарға арналған интенсивті жедел жәрдем көрсетілетін 2 реа­ни­мациялық бөлім бар. Ал “Қауіп­тен алыс ана” ұйымының Бүкілә­лемдік бағдарламасы еліміздегі денсаулық сақтау реформасының аясында, Бірыңғай ұлттық денсау­лық сақтау жүйесі бағдарламасы бой­ынша енгізілді, яғни бұл пер­зент­хана қызметінің көрсеткіштерін екі есе көтеруге ықпалын тигізді. Мы­салы, тіліміз тасқа дейік, он жыл уақыт ішінде перзентханада бір­де-бір ана өлімі болған жоқ. Сон­дықтан об­лыс бойынша “Үздік ем­деу-сауық­тыру стационары” де­ген серти­фи­катқа да ие болдық. Бұл жетістік біз­дің дәрігерлердің өз ісі­не жауап­тылықпен қарауынан, ана мен бала алдындағы, жалпы біз­­дің қоғамның байлығы сана­ла­тын ұрпақты сақ­тауды, өздеріне жүктелген жауап­кер­шілікті нақты сезінгеннен деп ойлаймын. Елбасы өз Жолдауында 2020 жылы ана мен бала өлімін 2 есе азайту туралы атап көрсетті. Міне, бұл мақсаттар – бізге тап­сырылған сенім, оны ор­ындау – парыз. Биылғы жартыжыл­дық­тың қорытындысы бойынша, өңірде ба­ла өлімі азайғаны бай­қал­ды. Өйт­кені, қазіргі заман талабына сай әйелді босандырудың жаңа тех­нологиясын енгіздік, 500 грамм жә­не одан да салмағы аз нәрес­те­лерді арнайы камераларда күтіп, жетіл­діріп шығаруға мүмкіндігіміз бар. Жалпы, біздің перзентхана 1987 жылы пайдалануға берілді. Пер­­­­зентхана 140 орынға есептел­ген. Осы аралық ішінде 60 мыңдай екібастұз­дықтар өмірге келсе, жыл сайын, ай сайын екібастұздықтар саны көбейіп келе жатқанына қуа­намыз. Босан­дыру бөлмесі, жүкті әй­­елдер пато­логиясы бөлімі, гине­ко­логия бөлімі, нәрес­телер пато­­логиясы бөлімі барлығы да бұл күндері жаңа заман үлгісіндегі ме­дициналық құрал-жабдықтармен жабдықталды. Әлі есімде, 1997 жылы осы пер­зентхананы басқаруға келгенде көп­­­­теген берешек қарыздарымен қа­­­­был­дап алуға тура келген бола­тын. Сөйтіп, еңбек және қаражат тәрті­­бінің жоғары деңгейін қайта қа­лып­тастырып, нақты қызмет жасаудың арқасында бұл жұмысты да ең­сер­дік. Биылғы жылы қазіргі заман та­лабына сай 25600,0 мың тең­­ге көлемінде медициналық жаб­­дық­тар алдық, ал өткен жылы “Жол кар­тасы” бағ­дарламасы бойынша 23030,0 мың теңгеге гинеколо­гия­лық бөлмеге, екі реанимация бө­лі­міне жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілді. Барлық бөл­­­ме­­лер жиһазбен қамта­масыз етілді. Мемлекетіміздің қол­дауымен шала туылған нәрес­те­лерді күтіп жеткізу үшін жаңа тех­нология “Ку­росурф ” препараты ен­гізілді. Пер­зентханадағы неона­толог-дәрі­гер­лер, гинеколог-аку­шер­лердің бі­лік­тілігі арқасында бала өлімінің саны азайып келеді. – Шалғайдағы ауылдарда тұра­тын аналарға қалай көңіл бөле­сіздер? – Ана мен баланың денсау­лы­ғының жақсаруына көңіл бөлу – ол менің бірінші дәрігерлік әрі об­лыс­тық мәслихаттың депутаты ре­тін­дег­і міндетім. Біздің қаланың өн­дірісті өңір болған соң эколо­гия­лық жағдайы белгілі. Әрине, бұл адам денсаулығына зиянын тигіз­бей қоймайды. Мәслихат отырыс­тарында осы мәселеге орай көкейге түйген ойларымызды айтып та жү­реміз, біздің өтінішімізге сай әкім­дік тарапынан нәтиже де шыға­ры­лады. Қалада болсын, ауылда бол­сын жүкті болған аналар дәрігер­лердің бақылауында, есепте тұрады. Ешкім оны көзден таса қалдыр­майды. Өйткені, ана мен баланың аман-саулығы біз үшін ең маңызды мәселе. Емханалардағы әйелдер кеңесі бөлімі арқылы тексерілуден өтіп, бізге өмірге сәби әкелу үшін түседі. Қалалық әкімдік тарапынан да ана мен бала денсаулығы үнемі бақылауда болады. Толғақ хабары жеткен уақыттан бастап, бала өмірге іңгәлап көзін ашқанға дейін жедел жәрдем қызметтері, акушер дәрігерлер, медбикелер сол келіп түскен ана мен бала өмірі үшін қол­дан келген медициналық кө­мектің бәрін жасайды. – Ал бірыңғай ұлттық денсау­лық сақтау жүйесіне байланысты не айтар едіңіз? Дәрігерлер жаңа жүйеге үйренісіп қалған да болар ендігі? – Әрине. Жоғарыда айт­тым ғой, біз басқа уақытта білім ал­дық, оқыдық деп. Ал қазір, әрине, жаңа технология, ерекше медицина заманы келді. Сондықтан да біз бұл жүйені өзіміздің перзентхана ұжы­мы болып қолдаймыз. Бір ерек­ше­лігі, ол алдындағы жүйеге қара­ған­да медициналық қызметкерлердің жұмысын дифференциалды түрде бағалауға мүмкіндік береді. Таңдау құқығы адамның өзінде. Жалпы, біздің перзентхана әртүрлі ұлт өкіл­дері бас қосқан ұжым. Өзге ұлт өк­іл­­дері де қазақ тілін үйрене бас­та­ды. Мен өз қызметімде үнемі әріп­­­тестерімнің, дәрігер қыздарымның қолдауын сезініп жүремін. Жоғары санатты дәрігер Д.Сейсембаева, Т.Санжаревская, босану бөлімінің меңгерушісі Л.Даллакян, Н.Әбді­баев, нәрестелер реанимациясы бөлімінің меңгерушісі Н.Никкель және басқа дәрігерлерге күн-түнгі қиын да қызықты еңбектері үшін рахмет айтамын. Өмірге сәби кел­генін көру, ананың қуаныштан жыла­ған шат күлкісі, ұл ма, қыз ба деп терезеден естілген дауыстар олар үшін мәңгілік құлақтарында жаңғырып қалады деп ойлаймын. Қатарынан, міне, үш жыл болды, жас маман дәрі­герлер қата­рымызға қосылып жатыр. Олардың барлығы қолдау қаражат­тарын алып, пәтер­лер­мен қамтамасыз етілді. Би­ыл біздің перзентханамызға Се­мей­ден оқу бітірген 2 жас дәрі­­гер келді. Оларды үйретіп, қамқорлық жасау – енді біздің міндетіміз. Әңгімелескен Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы, Екібастұз қаласы.