09 Қазан, 2010

ПАРЛАМЕНТ «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті

646 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Сайлаушы сөзі

АСЫҚСАҚ ТА АПТЫҚПАЙЫҚ

Елбасының осы сөзін қаперімізде ұстасақ, кез келген мәселенің иін қандырып, байыппен шешуге болады

Бір топ Мәжіліс депутатының Петропавл қаласын Қызылжар деп атау жөнінде Үкімет басшысына сауал жолдауы облыстың қоғамдық-саяси өмірінде  әрқилы  пікір тудырды. Мәлімдемені қос­таушылар да, үзілді-кесілді қар­сылық білдірушілер де, бейтарап көзқарас ұстанушылар да баршы­лық. Бір сөзбен айтқанда, біраз­дан бері  негізгі тақырыптың тұз­ды­ғына айналып келе жатқан мәселе ешкімді  бей-жай қалдыр­мағаны анық. Шыны керек, мұн­дай  тосын әрі асығыс шешім­ді жұртшылық еш күтпеп еді. Петропавл шаһарының ежелгі атауын қайтару жайы өткен ға­сырдың 90-шы жылдары қозғала бастаған болатын.  Ол кездері негі­­зінен ауызекі деректерге, түрлі болжамдарға сүйеніп келсе, бүгінде бұлтартпас айғақтар, мұрағаттық құжаттар жеткілікті. Көп жазылғандықтан, оған тоқта­лудың қажеті бола қоймас. Дуалы ауыздардан шыққан, беделді мін­беден айтылған талассыз  шын­дық неге қолдау таппай қалды? Әңгіме осы төңіректе өрбімек.  Бір қызығы, сауал Парламент тө­рі­нен, халық қалаулылары атынан жасалса да, көпшілік ұлтжанды азамат ретінде танитын Жарасбай Сүлейменов  дау-дамайдың орта­сында қалды.  Жерлесіміздің бар жазығы депутаттық сауалды оқып бергенінде десек, жаңылысамыз. Оған төменде тоқталатын бола­мыз.  Сөз арасында мәлімдемеден жеке адамның ұстанымын іздеу­дің, саяси шамшылдыққа телудің еш қисыны жоқ екенін айта кеткен жөн. Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев  бір топ қазақ тілді  БАҚ басшыларына берген сұхбатында (2008 жылғы 29 мамыр)  елді ме­кен атауларын өзгерту жергілікті әкімдіктермен, мәслихат депу­таттарымен, жұртшылықпен бірі­гіп ақылдасып шешетін мәселе екенін қадап айтқан болатын. Өкінішке қарай, үндеуге қол қойған депутаттардың бірде-біреуі  мұндай қадамдарға бармағаны осы жолы да аңғарылып қалды. Облыстағы беделді азаматтар­дың бірі, халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық бөлім­ше­сінің төрағасы Кәрібай Мұсыр­ман “Артық  қыламыз деп тыр­тық қылып алмайық” деген мақа­ла­сында   (“Солтүстік Қазақ­стан” га­зеті, 25 қыркүйек)  алдымен қолданыстағы заңдарға түзетулер енгізейік, депутаттар қатарын  мемлекетшіл азаматтар­мен толықтырайық, іске сосын білек сыбана кірісейік деген ұтым­ды уәж айтады.  Ол “Қол­даныс­тағы  заңнама бойынша  қала атауын өзгерту  құзыреті өзге емес, дәл осы қалалық мәслихат депутат­тарына берілген. Мәжіліс депу­тат­тары сауал жолдаған Премьер-Министрдің ондай құ­зыреті жоқ. Сондықтан оған рес­ми сауал жолдап, буынсыз жерге пышақ ұрғанша,  Парламент мүшелері  “Қазақстан Республи­касының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы”  Заңға өзгеріс енгізіп, оно­мастиканың осындай күрмеуі  қиын түйіндерін  төмен­нен емес, жоғарыдан шешуді заңдастырып алулары керек” деген тұжырым жасайды. Демек, өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалды, демографиялық жағдайды, жұмсалатын қаржылық шығындарды ескерместен  төбе­ден ұрғандай депутаттық сауал­мен шешеміз деу қоғамды дүрлік­тіргеннен басқа ештеңе әкелмей­ді. Петропавл қалалық мәслиха­тының  “Нұр Отан” ХДП депу­тат­­тық фракциясы да осы ұста­нымда. Фракцияның отырысында Пар­ламент тарапынан аталмыш мәселенің назарға ұсынылмағаны, ешбір жерде талқыланбағаны, қоғамдық пікірдің зерттелмегені ашық айтылды. Кей басылымдар ағаш атқа теріс мінгізіп жүрген  қалалық мәсли­хаттың депутаты Жанкелді Тәжин ағамыздың ұлтжанды­лы­ғына талай рет куә болға­нымыз бар. Оның әріптестеріне  тоқтау салып, мәселенің мәсли­хаттың күн тәртібіне енгізілуіне жол бер­меуі – ерлікпен пара-пар. Бәз­бір қазақ журналистері теріс­кейдегі қазақ зиялыларының “на­мыс­сыздығына” қарадай күйініп, жерден алып жерге салғанша, өңір­ге атізін салып, жергілікті жағ­­даймен жете танысса, әлде­қайда ұтымды іс болар еді. Аудан аттарының түгел қазақ­шалануы, бір жылда екі қазақ мектебінің ашы­луы  “намыссыз” қандаста­ры­­­ның арқасында екенін білер еді. Орысша ақпараттардың же­тім­­­сіздігі де  Петропавл қала­сының атын ауыстыруға үлкен кедергі келтіріп отырғаны жасы­рын емес. Бұл бағытта атқарылып жатқан іс-шаралар жеткіліксіз. Облыс тұрғындары арасында түсіндіру, ұғындыру мақсатын көздейтін саяси, идеологиялық жұмыстарды жан-жақты жүргіз­бейінше, түрлі қарсылықтардың, текетірестердің бола беретіні анық. Жете ойлас­тырылмаған шешімдер қабыл­даудың ақыры сәтсіздікке ұрын­дыратынын  Мәжіліс депутат­тарының сауалы анық байқатты. Сенат депутаттары Тасбай Симамбаев пен Анатолий Баш­маковтың мәлімдемелері жайлы бірер сөз. Әркім өз ойын айтуға құқылы десек, оларды өз көз­қа­растары үшін жазғыруға болмас. Алайда, Тасбай Қабашұлының кей уәждерімен келісу қиын. Мысалы, қала аты өзгерсе, басқа ұлт өкілдері ауа көшеді деуі еш ақылға сыймайды. Тарихи әділеттілік орнамай қоймайды. Алайда, оған жетудің оңай еместігін бабаларымыз әлде­қашан ұқтырып кеткен. Атамыз қазақ “сабыр түбі – сары алтын, сабырлы жетер мұратқа” деп текке айтпаса керек. Елбасы­ның “Асық­сақ та аптықпайық” деген ұла­ғатты сөзін жадымызда ұста­сақ, кез келген мәселенің иінін қан­дырып, байыппен шешуге болады. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы. _________________________

Көшпелі отырыс көкжиегі

ЕҢБЕК КОДЕКСІ: ЖАҢА ТАЛАПТАР МЕН МІНДЕТТЕР

Орал қаласында осындай тақырыпта өткізілген дөңгелек үстелге Сенаттың Әлеуметтік мәдени даму  комитеті бастамашы болды

Еңбек жөніндегі заңдылықтар­ды орындау әрі оны ұдайы жетіл­діріп отыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Мұның бас­тауында республикада бұған дейін қабыл­данған Еңбек кодексі тұр. Нақты еңбек ұжымдарында еңбек жөнін­дегі осы бас құжаттың іске асы­рылуы қандай деңгейде?  Пар­ламент Сенатының депутаттары оған Батыс Қазақстан облысы еңбек ұжымдарының мысалында көз жеткізді. Өңірге қарасты өндірістік кәсіпорындарда Сенат депутат­тарымен болған кездесу­лерде жоғарда аталған мәселе әңгіменің басты арқауына айналды. Жұмыс күнінің екінші бөлігінде күн тәртібінде тұрған мәселеге байланысты дөңгелек үстел мәжілісі өткізіліп оны  Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы А.Бижанов қысқаша кіріспе сөз сөйлеп ашты. –Бүгінгі басқосу Батыс Қазақ­стан облыстық әкімдігі және “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалымен бірігіп өткізіліп отыр. Мұндағы басты мақсат – Еңбек кодексін іске асыру және оны жетілдіру жөніндегі міндеттерді бірлесіп талқылау,–деді Ақан Құсайынұлы. – Аталмыш кодекс халықаралық еңбек ұйымдарының ұсынымда­рына сәйкес қабылданған. Бұл ірге­лі құжат елімізде еңбек қаты­нас­тарын өркениетті түрде дамытуға алғышарт жасайды. Сонымен бірге бүгінгі нарықтық экономика мен еңбек рыногы жағдайында бұл бағыттағы құқықтық қатынастарды одан әрі дамыту мәселесі де өзекті. Бұл талаптар республикадағы 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасынан да нақты көрініс тауып отыр. Өмір де, еңбек жөніндегі қа­рым-қатынастар да бір орында тұрмайды. Бүгінде Парламентте қаралып жатқан “Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы да осындай өміршең де өскелең талаптардан туындады. Бүгінгі айтылған ұсы­ныс­тар мен талдаулар айтылған же­рінде қалмайды. Көп кешікпей Сенатта қаралады. Бұл соның ал­дын­дағы дайындық іспеттес. Еңбек ко­дексінің оңды тұстары қандай? Олқы тұстары неде? Осы сауалдар төңірегінде сіздерді ашық пікір алысуға шақырамын. Дөңгелек үстел мәжілісінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов сөйлеп, өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен оның әлеуметтік-экономикалық дамуы­ның кейбір қырлары жөнінде әңгімелеп берді. Бұдан кейін  Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комите­тінің мүшесі О.Рахманбердиев өз пікірін ортаға салды. –Әлемдік қаржы дағдарысы көптеген жұмыс берушілердің қызметкерлер санын қысқартуына, еңбек жағдайын өзгертуіне, еңбекақыны уақытында төлемеуіне әкеліп соқтырды. Бұл өз кезегінде еңбек қатынастары жүйесіндегі бірқатар қайшылықты жағдайларды туындатты. Осы ретте кәсіподақтар қызметкерлер құқықтарын қорғауға белсене араласуға тиіс. Айталық, қосымша жұмыс ауқымы көбейсе де, қызметкерге еңбекақы қосыл­майды. Сондай-ақ, өндірістегі жазатайым оқиғалар, шетелдік жұмысшылар санының көптігі, аяғына дейін пайдаланылмаған еңбек демалыстары жөнінде ретке келтіретін мәселелер аз емес. Жастарға ерекше назар аудару қажет. Жұмыс берушілер олардың еңбекақысын төлеуде көптеген әділетсіздіктерге жол беріп жүр. Кәмелетке толмағандар үшін заңнамамен белгіленген кепілдіктер қарастырылмайды. Сонымен бірге, жоғары оқу орындары, соның ішінде техникалық және кәсіптік мектеп түлектерін жұмысқа орна­ластыру жүйесі де мәз емес.Бүгінгі күні көмір, металлургия, көлік және құрылыс салаларында жұмыс­шы мамандар тапшы. Оның басты себебі – аталған мамандықтар жастарды қызықтырмайды. Аталған саладағы мамандарды қайта даярлау жүйесі де сұраныстарға сәйкес келмей отыр. Туындаған проблемаларды заңды түрде реттеу үшін де Еңбек кодексіне өзгерістер енгізу қажет,– деп түйін жасады О.Рахманбердиев. Яғни, ендігі жерде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі мен өндірістік кәсіпорындардың өзара байланыстарын орнықтыратын уақыт жетті. Оның бастауына кәсіби стандарттар мен біліктіліктің ұлттық жүйесін қалыптастыру ісі негіз болуға тиіс. Дөңгелек үстел кезінде оған қатысушыларды еңбекке тарту және орналастыру жүйесін жетіл­діру шаралары туралы Бас мемле­кет­тік еңбек инспекторы, Еңбек жә­не халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі бақылау және әлеумет­тік қорғау комитетінің төрағасы С.Би­сақаев хабардар етті. Талқылау барысында сонымен бірге, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орын­басары С.Сүлеймен, “Қаз­Арма­Пром” ЖШС бас директоры С.Качало, КПО б.в. компаниясы тәуелсіз кәсіп­одағының төрағасы Т.Кенесов сөз сөйледі. Дөңгелек үстелді қорытынды­лай келіп, Ақан Бижанов Еңбек кодексі талаптарын орындау әрі оны одан әрі жетілдіруге қатысты нақты әрі сындарлы ой-пікірлер білдір­гендері үшін кездесуге қаты­сушыларға ризашылық білдірді. Сондай-ақ ол дөңгелек үстелде айтылған барлық ұсыныстар мен талдаулар Еңбек кодексіне қажетті түзетулер енгізу кезінде пайдала­нылатынын атап көрсетті. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал. Суретті түсірген Рафхат Халелов. ____________________________

Тағзым

ЖАҚСЫ БАСТАМАНЫҢ ЖАЛҒАСЫ

Астанада Парламент Мәжі­лісінің ұйымдастыруымен жылдағы дәстүр бойынша кіші футболдан белгілі мемлекет және қоғам қай­раткері, заң шығарушы органның төменгі палатасының алғашқы спикері болған Марат Оспановты еске алуға арналған турнир өтті. Оның ашылу және жабылу сал­танатында Парламент Мәжілісі Төр­ағасының орынбасары Вла­димир Бобров, Марат Оспановтың ұлы Ар­сен Оспанов, Мәжіліс ап­параты бас­шысының орынба­сары Саты­бал­ды Дәулеталин, Қазақстан халқы Ассам­­блеясы Төрағасының орын­басары Ералы Тоғжанов сөз сөй­леп, Марат Тұрдыбекұлының елі­мізге сіңірген еңбегі, осы жарыстың мән-ма­ңызы жөнінде өз ойларымен бөлісті. Ал екі күнге созылған турнирге Президент Әкімшілігі, Парламент Мәжілісінің депутаттары мен аппарат қызметкерлері, Премьер-Министр Кеңсесі, “Нұр Отан” ХДП, “Егемен Қазақстан” газеті мен “Хабар” агенттігінің коман­далары қатысты. Турнир екі топқа бөлінген алты команда арасында қызықты да тартысты өтті. Бұ­­лардың бәрі жа­рысқа жақсы да­йындалып, тек бас жүлдеден ға­на үмітті екен­дерін көрсетті. Деген­мен, Пар­ламент Мәжі­лісінің ко­ман­­дасы фи­налда турнирдің был­тырғы жеңім­пазы Президент Әкім­ші­лігінің ойын­шы­­ларын ұтып, бас жүл­дені жеңіп алса, үшін­ші орын­­­ды жартылай финалда Үкімет Кеңсесінің командасын жеңген “Хабар” агенттігінің өкілдері иеленді. Турнир соңында төмендегі номинациялар бойынша жақсы өнер көрсеткен ойыншыларға дипломдар табыс етілді. Ең үздік қорғаушы атағы Тимур Тәшім­баевқа (Пре­зидент Әкімшілігі), ең үздік қақпашы дипломы Ромин Мә­диновке (Парламент Мәжілісі) берілсе, турнирдің үздік шабуыл­шысы болып “Хабар” агенттігінің өкілі Сәрсенбек Балабекұлы атан­ды. Ал Парламент Мәжілісі аппараты басшысының орынба­сары Сатыбалды Дәулеталин Марат Оспановтың отбасының атынан турнирдің үздік ойыншысы атағына ие болды. Дастан КЕНЖАЛИН. Суретте: турнирдің жеңімпазы — Парламент Мәжілісінің командасы. Суретті түсірген Аманқұл ДҮЙСЕНБАЕВ. ____________________________________

Ізденіс іздері

КАРНЕГИ ҚОРЫНЫҢ ӨКІЛДІГІ АШЫЛАДЫ

Жақында Сенаттың Халық­аралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуа­ныш Сұл­тановтың Карнеги қоры­ның өкілі Мар­та Олкоттпен кез­де­с­уінде Қазақ­стан мен осы қор ара­сындағы ынты­мақтастықтың бұ­дан былайғы мәселелері талқы­ланды. Кездесу барысында Қазақстанда аймақтық өкілдік ашудың келешегі қозғалды. М.Олкоттың айтуынша, Астанада мұндай орталықтың ашы­луы Бейжіңде, Мәскеуде, Бейрутте, Брюссельде жұмыс істейтін фи­лиал­дар арасындағы өзара іс-қимыл үшін жаңа мүмкіндіктер беретін болады. Бұл өз кезегінде аймақтағы елдер үшін ғана емес, әлемдегі басқа мемлекеттердің сарапшылар қоғам­дастығының табысты ынты­мақтас­тығы үшін де жағдай жа­сайды. Қ.Сұлтановтың пікірінше, ай­мақтық орталықтың қызметі қазіргі заманның өзекті мәселелерін са­рап­тамалық зерттеулер тұрғысынан зор ықылас туғызады, деп хабар­ла­ды Қазақстан Республикасы Парла­менті Сенатының баспасөз қызметі. _________________

Мәселенің мәнісі

ИПОТЕКАҒА ШЫРМАЛДЫҚ

Ал тығырықтан шығудың қандай да бір амал-тәсілі жоқ па?

Соңғы жалпы отырыста Мә­жіліс депутаттары кейбір заң­намалық актілерге ипотекалық кредит беру және қаржылық қыз­мет­терді тұтынушылар мен инвес­торлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қа­рады. Заң жобасы туралы баян­дама жаса­ған Қаржы нарығын және қаржы ұйым­да­рын реттеу мен қадағалау агент­ті­гінің төрайымы Елена Бах­мутоваға сұрақтар көп қойылды. Енді ше... Қазір қоғамы­мыз­да алған ипотекалық кредитін қайтара алмай, кепілге қойған баспана­ла­рынан айрылып, ай­далада қаңғып қалып жатқан отбасылар жоқ емес. Ондай­лардың зар илеп табатыны жалғыз депутаттар. Халыққа жаны ашып, жүрегі ауыратын депутаттар заңдарды жетіл­дірейік, ол халық­тың мүддесін қорғайтын болса екен деп шырылдайды. Депутат Зейнолла Алшым­баев: “Апыр-ау, бізде ипоте­калық кредитті төлей алмаудың кесірінен халық қана жапа ше­гетіні несі, кредитор да тәуе­келге барғаны үшін зиян шегуі керек емес пе? Қарап отырсақ, Америкада бас-көз демей кредит тарата берген қар­жы­лық ұйым­дардың өздері жарылып кетті, ал біздегілердің бәрінің де қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, жапа шеккен тек халық болды, бұл қалай? Банк те тәуекелдің талайын тарту керек еді ғой”, – деген еді, оған баяндамашы мардымды жауап бере алмады. Депутат Айгүл Соловьева осын­дай қысылтаяңнан қалай шығуға болады, сіз маман ретінде қандай ұсыныс жасар едіңіз дегенді бір емес, екі рет сұраған еді, бірақ Бахмутова ханым ол сұрақтан аттап кетті. Оның сөзі “Банктер кәсіпкерлік субъектісі, біздің оған билігіміз жүрмейді”, дегенге сая берді. Осы сөздің өзін ол бірнеше рет қайталады. “Би­лігіңіз жүрмесе, билік жүргізе алатын, халық мүддесін қорғайтын заң дайын­дамайсыз ба?” деген сұрақ та жауапсыз қалды. Ақырында депутат Нұртай Сабильянов: “Сіз осы елдің, ха­лық­­тың, мемлекеттің емес, банк­­­тердің мүддесіне лобби жа­сап тұр­ған сияқтысыз ғой”, деген айып­тауға дейін барды. Бірақ одан да айылын жиған Е.Бах­мутова ханым болған жоқ. Заң жоба­сының бәрібір өте­тініне оның сенімділігі темірдей екені көрініп тұрды. Ақыры сол кісінің дегені бол­ды, спикердің: “Ай­тылған мә­селелер екінші оқы­лым­ға әкел­генде ескерілсін”, де­ген жұқа­ла­туымен заң жобасы бірінші оқы­лымда мақұлданып кетті. Жақсыбай САМРАТ. __________________

Жаңа жоба жайында

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ

мәселелері бойынша заң жобасының таныстырылымы өтті

Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің ұйымдастыруымен “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасының таныстырылымы өтті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Аталған заң жобасы Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2009 жылғы 5 мамырдағы №1232 тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді және мемле­кеттік тұрғын үйге иелік ету саласында тұрғын үй заңнамасын жетілдіруге бағытталған. Таныстырылымды комитет төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов жүргізіп, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының орынбасары Николай Тихонюк заң жобасы бойынша баяндама жасады. Жергілікті атқарушы органдар беретін тұрғын үйлер қызметтік тұрғын үйге және қызметтік тұрғын үйге теңестірілген тұрғын үй деп бөлінеді. Бұл ретте, олардың құқықтық мәртебесінде елеулі айырмашылықтар белгіленген. Қызметтік тұрғын үйді пайдалану тетігін айқындайтын “Тұрғын үй қатынастары тура­лы” 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңның бапта­рының дәлелсіз тұжырымы азаматтардың әр түрлі елді мекендерде қызметтік тұрғын үйді жеке меншігіне алу фактісіне алып келді, себебі, оларды тағайындау заңда және өзге заң­намалық актілерде көзделген қызметтік тұр­ғын үйді пайдалану тәртібіне сәйкес келмейді. Апатты тұрғын үйлерден азаматтарды жергілікті атқарушы органдар салған тұрғын үйлерге көшіруге қатысты заңнамалық актілерде олқылықтар бар, өйткені, жергілікті атқарушы органдар салған тұрғын үйлер мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қоры болып табылады. Заңға сәйкес тұрғын үй әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтарға кезек ретімен ғана беріледі. Демек, апатты тұрғын үйлердегі азаматтарды көшіру үшін салынған тұрғын үйлер осы азаматтарға бөлінбеуі мүмкін, дейді Н.Тихонюк. Тұрғын үй заңнамасындағы жоғарыда көрсетілген олқылықтарды жою мақсатында заң жобасында мыналар көзделеді: мемлекеттік тұрғын үй қорын коммунал­дық тұрғын үй қоры (жергілікті атқарушы органдардың қарамағындағы тұрғын үйлер), мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қоры (мемлекеттік кәсіпорындардың қарама­ғындағы тұрғын үйлер) және мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қоры (жергілікті атқарушы орган­дардан басқа, мемлекеттік мекемелердің қа­рама­ғындағы тұрғын үйлер) деп аражігін ажырату; мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан қызметтік тұрғын үй беру шарттары мен тәртібін нақтылау; мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жекешелендіру тәртібі мен шарттарын анықтау; апатты үйлерден азаматтарды көшіру проблемасын шешу. Қызметтік тұрғын үй берудің тәртібі мен шарттарын нақтылау және оларды мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан ғана беру жергілікті атқарушы органдардың тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық проблемаларын және қызметтік тұрғын үйлерге билік ету мен пайдаланудағы жүктемені болдырмайды. Мемлекеттік тұрғын үй қорының жаңа секторын – мемлекеттік мекемелердің қара­ма­ғындағы тұрғын үй қорын құру мемлекеттік мекемелердің бар қорын заңнамалық деңгейде бекітеді және осындай қордың ұлғаюына және тұрғын үй беру арқылы мемлекеттік орган­дардағы білікті кадрларды тұрақтандыруға, мемлекеттік қызметшінің беделін арттыруға ықпал етеді. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жекешелендірудің тәртібі мен шартын белгілеу заңнамадағы осы мәселе жөніндегі кемшіліктің орнын толтырады. Тұрғын үйге мұқтаждар есебінде есепте тұрған және мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алған азаматтардың тізімін интернет-ресурс­тарында орналастыру мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй бөлудің жариялылығын қамтамасыз етеді. Жоғарыда көрсетілген түзетулер, бірінші кезекте, тұрғын үй қатынастарында халықтың мүдделерін қорғайды. Мем­лекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жекешелендіру жағдай­лары, мемлекеттік мекемелерде қызметтік тұрғын үй алу және коммуналдық тұрғын үй қоры мен мемлекеттік кәсіпорын­дардың қорынан қызметтік тұрғын үйге теңестірілген тұрғын үйді кезек ретімен алу мүмкіндігі, апатты тұрғын үйде тұратын азаматтардың мемле­кеттік тұрғын үй қорынан жеке меншік­ке тұрғын үй алуы туралы халықты құқықтық ақпараттандыру мұқтаждарды тұрғын үймен қамтамасыз еткен кезде әлеуметтік әділдіктің артуына мүмкіндік береді. Заң жобасы бірқатар заңнамалық акті­лерге: Қазақстан Республикасының Аза­маттық кодексіне, “Тұрғын үй қатынастары туралы”, “Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы”, “Қазақстан Республика­сының қаржы полициясы органдары туралы”, “Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы”, “Қазақстан Республика­сының әділет органдары туралы”, “Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшеле­рі­нің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы”, “Прокуратура туралы”, “Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлері туралы”, “Өрт қауіпсіздігі туралы”, “Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедекте­ріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы”, т.б заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. ________________

Еркін елдің ертеңі

БАЛА БАТЫРДЫ НЕГЕ МАРАПАТТАМАСҚА?

Дана халқымызда “Болар бала­ның бетінен қақпа, белін бу, жақсы ағаның жеңінен тартпа, жолын қу” деген сөз бар. Ал бізде бүгінде атпалдай азаматқа бергісіз батыл­дыққа барып жүрген, үрімдей болса да үйірдей қиындықтың алдын алып жүрген өскіндерімізге құрмет көрсету мәселесінің мән-жайы қандай? Менің бұл мәселені көтеруіме Ал­маты облысы, Райымбек ауданы­ның Шалкөде ауылында орын алған мына бір оқиға себеп болды. Жандос Ілияс есімді 11 жасар жасөспірім тілсіз жау жалмаған үйдің ішінен 5 жасар баланы аман-есен алып шы­қан. Өзі тетелес жасөспірімдер түгілі, есі кірген естінің де есі кетіп тұрған сәтте өзін сабырға жеңдіріп, батыл­дыққа бастап қара түнек жайлаған, алаулары қайнаған оттың ортасынан жас баланы аман-есен алып шығып, ата-анасына тапсырған. Меніңше, бұл нағыз батырлық. Жас та болса бас бола білгеннің на­ғыз белгісі. Осындай жастар ертеңгі еліміздің тірегі де, жүрегі де. Нағыз отансүйгіштік осы жастардан шыға­ды. Сондықтан ілуде бір болатын мұндай жағдайды біздер, аға буын өкілдері көңілден тыс қалдыр­мауымыз керек. Одақтың тұсында Тимуршылар, батыр бала Болатбек деп ән айтып, соларға ұқсап бағуға тырысып, үлгі тұтып өстік. Меніңше, Жандос Ілияс тәуелсіз Қазақстанның Тимуры мен Болатбегі деуге әбден лайық. Себебі, ол ерлік жасады және ол өз ерлігіне сай марапатқа да ие болуы керек. “Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы” Заңның 1-бабына сәйкес, “Қазақ­стан Республикасының азаматтары жемісті мемлекеттік, қоғамдық, шығар­машылық қызметі, еңбектегі және жауынгерлік ерліктері үшін, олардың республикаға сіңірген еңбегінің танылуының белгісі ретінде мемлекеттік наградалармен мара­патталады делінсе, аталған заңның 19-бабына сәйкес, азаматтар адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайларда (суға кету, өртке душар болу, дүлей апаттар кезінде) көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін “Ерлігі үшін” медалімен наградталады делінген. “Ерім деген елім болмаса, елім деген ер қайдан шықсын” деген дана халқымыз. Олай болса, неге осы Жандос Ілиясты аталған заңның 19-бабына сәйкес “Ерлігі үшін” медалі­мен марапаттамасқа? Себебі, ол ерліктің бүгінгі өскелең ұрпаққа тәрбие берудегі идеология­лық мәні зор. Берік БЕКЖАНОВ, Мәжіліс депутаты.