Қостанайға қойылған ақынның асқақ ескерткіші көңіл түпкіріндегі талай ойды түртіп оятты.
Қостанай қаласында әлемдік поэзия асылдарының бірі Александр Пушкинге ескерткіш қойылды. Қалалық әкімдік үйі алдындағы гүлзарда бір қолына қаламын, бір қолына кітабын ұстап, өзі сүйген алтын күзде шабыттана өлең оқып ақын тұр. Қаланың қақ төріне орналасқан Пушкин ескерткішін көрші екі ел арасындағы тарихи және мәдени байланысты кеңейтіп, жаңғырта түсу мақсатымен Ресей Жазушылар одағы сыйға тартыпты. Өткен жылы қараша айында дәл осындай бір ескерткішті ресейліктер ақын бабаларының отаны африкалық Эритрея республикасында да орнатыпты.
Пушкин ескерткішінің ашылу салтанатына қала басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Жас таланттар өлең оқыды. “Дабысым Ресейге кетер жалпақ...” деп ақынның өзі айтқандай, Пушкин поэзиямен бірге жасайтын әлемдік тұлға. Оның ескерткішінің өлкемізде болуына ешкімнің таласы жоқ. Бірақ мұндай ескерткіш облыста жоқ та емес еді, ақын атындағы кітапхана, көше де бар. Ал ұмыт қалып бара жатқан өз ұлтымыздың ұстындары дер едік. Қостанай қаласынан Шоқанның ескерткішін орнатады дегенге біраздан бері елеңдеген жұрт сенуден қалды.
Айтпақшы, Қостанайда бюджет қаржысын шығармай орнатылып жатқан “олжа ескерткіш” тек Пушкиндікі ғана емес. Осыдан бірер жыл бұрын Напалеон, Жанна д Арк, Чарли Чаплиннің мүсіндері облыс орталығынан орын тепкен еді. Оларға да қазынаның көк тиыны шығын болмапты, бір байшыкештің көңіл-күйінің, қаланың көркі туралы қиялының жемісі екен.
Ұлтымыздың рухани үш тірегі Абай, Шоқан, Ыбырай болса, соның соңғы екеуінің кіндік қаны Қостанай жерінде тамған еді. Екеуіне де туған жерден көз қуантып, көңіл тоғайтатындай еңселі мүсін бұйырмай келеді. Рас, Ыбырай атамыздың Торғай кентінде және Қостанай қаласында ескерткіші бар. Алайда өткен ғасырдың ортасында орнатылған бұл ескерткіштердің әбден тозғаны да көрініп тұр. Оның үстіне уақыт сипатына қарай мазмұнына да, пішініне де бүгінгі ұрпақтың көзімен қарасақ, артық болмас еді. Жұрт осылай ойлап, арман мен қиял жетегінде жүргенде Ыбырай Алтынсариннің Қостанай қаласының орталығында тұрған ескерткішін мектептің алдына ысырып тастап, орнына әлеуетті прокуратура өзіне үй салып жатыр...
Қасиетті Қостанай топырағының халқымызға берген бірегейлері тек Шоқан мен Ыбырай емес. Әріден қозғасақ, Қара қыпшақ Қобыланды, Шақшақ Жәнібек, беріден қайырсақ Ахмет пен Міржақып, Бейімбет, Елдес, Ілияс, қазақ театр өнерінің үш бәйтерегі Серке, Елубай, Қапан және Мәриям апа бастаған ақындар легін, аты дүниеге мәшһүр ғалымдарды тізіп жалғастыра беруге болады. Соның ішінде Қостанайға келгендерге ұялмай көрсететін тек Ахаңның өзінің атындағы университет алдында қолына қаламын ұстап, алысқа қарап елінің бүгінін емес, ертеңін ойлап отырған еңселі қола мүсіні ғана. Теміржол вокзалының алдындағы Биағаның бір уыс болып отырған ескерткіші уақытысында талай сынның нысанасы болса да әйтеуір шүкірлік еткізгендей. Бірақ бұл көңілді тоқмейілсітпейді. Қызыл империяның кезінде өз топырағында туған асыл перзенттері түгіл, халқымыздың дінін де, тілін де ұмытып кете жаздаған Қостанайда тәуелсіздігіміз үшін басын бәйгеге тіккен немесе рухани тірегіміз болған тұлғаларға қанша ескерткіш қойылса да артық етпейді. Өйткені, үнсіз тұратын ескерткіштердің айбыны да бар, айтары да көп...
Орыс поэзиясының пайғамбары Александр Пушкин ескерткіші сөз жоқ, тамаша өнер туындысы. Мәскеулік мүсіншінің қиялымен қырналған ақынның шалқыған шабыты ескерткішке қараған адамның көңілін ұшқан құстың қанатына байлағандай, еліктіріп, аспандатып әкетеді. Қостанай қалалық мәдениет басқармасының бастығы Әбдібек Бажақов: “Ресейлік жазушылардың сыйлығы қаламыздың көркін еселендіре түсетін болды. Бұл жас ұрпаққа керек” деді ескерткіш ашылғанда. Иә, шенеуніктің сөзінің жаны бар, біздің айтып отырғанымыз да жас ұрпақ тәрбиесі үшін. Қостанайда келесі ескерткіш кімдікі болар екен деген ой келеді. Шоқанның ескерткішіне қаржы жоқ дегенді естіген едік. Ал қаржы тапқандар атасына мүсін қоям десе де, мазар салам десе де Қостанайда жер жетеді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
* * *
“БҰҚАРАҒА БАС ИЕР, ТАПЖЫЛМАС МЕНІҢ БАР ЗАҢЫМ”
Қостанайда белгілі айтыскер ақын, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенованың мерейтойына арналған айтыс болып өтті. Оған сахнаға Әсиямен үзеңгілес шығып, халықтың хас өнерін көтеруге атсалысқан Әселхан Қалыбекова, Жаниба Қарасаева, Серік Құсанбаев, Әлфия Орманшиналармен қатар, кейінгі қуатты толқын өкілдері Мұхтар Ниязов, Айбек Қалиевтер келді. Сонымен қатар бұл айтысқа ақын апаларының ізін қуып келе жатқан қостанайлық жас таланттар Марғұлан Осанов пен Салтанат Өтелбаева та қатысты. Әзілдеп отырып, ақиқатты шымбайға батыра айтқан бұл айтыстан өлең-жырға шөліркеп отыратын қостанайлықтар рухани ләззат алып тарасты. Төрт жұп боп айтысқан ақындарға қазылар алқасы таразылаған сыйлықтармен қатар, мерейтой иесі Әсия Беркенованың жүлдесі де тапсырылды.
Ертеңіне жұртшылық Әсия Беркенованың “Бұқараға бас иер, тапжылмас менің бар заңым” атты кешіне жиналды. Онда мерейтой иесіне облыс басшылығының, замандастарының құрметі көрсетілді. Облыстық филармония мен Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының әртістері Әсия Беркенованың өлеңдері мен толғауларын орындады.
Кеш соңында сахнаға Әсияның өзі шықты. Көп қырлы талант иесі Әсия Әйіпқызының суырып салма ақындығымен қатар, жезтаңдай әншілігі де қостанайлықтарға жақсы мәлім. Ол қазақ композиторларының әндерін орындады. Бұл кеште көрермендер Әсияның ұлы Аян Айдынғалиевтің де өнерін тамашалады. Әншілік ана сүтімен берілген Аян Абайдың әндері мен орыс романстарын орындады.
Қостанай.
__________________________
ЕЛ АРДАҒЫНА АРНАЛДЫ
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында “Ш.Уәлиханов мұрасы әлемдік тарих контексінде” деген тақырыппен халықаралық форум өткізілді. Ғылым кеңістігінде жарық жұлдыздай жарқырап ағып өткен ғалымның 175 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл шара барысында оның халқымыздың тарихи мұрасын қалыптастырудағы ұшан-теңіз еңбегіне лайықты баға берілді.
Сондай-ақ форум аясында Түркия елімен және іргедегі Омбы қаласымен он-лайн конференция өткізілді. Онда да халқымыздың аса талантты ұлының өлмес, өшпес мұрасы туралы құнды пікірлер ортаға салынды. Форум жұмысына Шоқанның “Халық кемеліне келіп өркендеу үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет” деген ұлағатты сөзі өзек болды.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.
__________________________
ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, “ХУАНХАЙ!..”
Ризван Цинаев басқаратын “НАР-ТРАНС” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыс орталығы ғана емес, Екібастұз, Ақсу қалаларындағы жолаушылар тасымалын көлікпен қамтамасыз етіп келеді. Тіпті, алдағы уақытта облыс орталығындағы автобус паркінің барлық автобустарын жап-жаңа көліктер ауыстыратынын айтады. Расында да, соңғы кездері қалалық автобус бағыттарында терезелері ашылмайтын, экологиялық жағынан таза емес, соңдарынан қою түтіні бұрқылдайтын, қала көшелеріне арналмаған ебедейсіз автобустар жүре бастаған еді, енді, бұлардың орнына жаңа автобустар келді. Қытайда жасалған “Хуанхай” маркалы бұл көліктер еуропалық стандарттарға сай екен, салонында 35 орын бар. Көршілеріміз солтүстіктің қысына шыдамды етіп шығарған көрінеді. Бір “Хуанхайдың” бағасы 13 миллион теңге тұрады. Қазір қала көшелерінде осындай маркалы қытайлық 17 автобус жүр. Әрі сәнді, әрі ыңғайлы.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.