Қайсар ӘЛІМ.
Кларажан!
Жазған хатың қолыма 20.07.1994 күні тиген еді, кезінде жауап қайыруға мұршам болмады, сол үшін өзіңнен кешірім сұраймын. Амандығыңды біліп қуанып қалдым, біз де есен-сау күнделікті күйбелеңмен жүріп жатқан жай бар. Ұсынған кітабыңды қызыға оқып шықтым. Қазақ елінің ХІХ ғасырдан бері көріп келген аянышты күнін, өткен тарихи кезеңдерді қозғап, шынайы деректерді құжаттармен келтіре дәлелдеп, барлығын ой елегінен өткізіп жазып шығу бұл үлкен көл-көсір еңбек, бір диссертацияға тұрарлық еңбек деп білуіміз керек. Әлі де болса толықтырып жалғастыру артықтық қылмас (Хат иесі мұнда Ақмола қаласынан 1993 жылы шыққан “Ауылым – атамекенім” деп аталатын өлкетану жазбалары кітабын айтып отыр – Қ.Ә.). Бұл кітап ел-жұрт үшін, әсіресе қаулап өсіп-өркендеп келе жатқан ұрпақтарымыздың көзін ашып, ой-өрісін кеңейтіп, санасын қозғап оятуына өте қажет. Айналайын Клара! Өзгелерді білмеймін, жазылған кітап қадірін бағалаймын. Өмірде қасіретті көп шеккен апаңның көңілін босатып, көз жасын бір төктірдің, саған үлкен рахметімді айтып, алыста болсаң да құшағыма алдым! Жемісті еңбегіңмен құттықтаймын! Қаламың жүйрік, ұзақ өмір сүр, денің сау болсын. Даниярым былдырлап сөйлейтін болып келеді, “қолғабысын” әжесіне артып жатыр. Барлық жазушылық тіршілік әзір тоқтап тұр. Жаннатқа жәрдем бермесем, күн кешу оңайға түспейтіндей болып тұр, бәріне көнуге бел байлаған кісімін ғой. Бәрімізге Алла қуат берсін! Жуырда аз күнге Тәшкен, Шымкент барып, Динарамның немерелерін, өзімнің шөберелерімді сүйіп келдім. 5 қыркүйекте Павлодарға құдалықпен, қайнымның баласын үйлендіруге барып, келін түсіріп келдім. Менің 1989 жылдан бері сапар шегуім осылай өтті. Қазір қыс қамындамыз, Жаннат жұмыста, Іңкәрім 6 класта үздік оқиды, басқа балаларым: Нұрлан, Ерлан үй-ішімен амандықта. Өзімнің денсаулығым бұрынғыша. Гипертонияны дәрімен күтудемін. Кларажан! Біз жаққа қашан келесің? Қожа туралы (Хасен (Қожа) Қошанбаев – Қазақ КСР Жеңіл өнеркәсіп халық комиссары лауазымына дейін көтерілген. 1915 жылы М.Дулатовтың “Бақытсыз Жамал” романы бойынша қойылған спектакльді ойнаған атбасарлықтардың қатарында болды – Қ.Ә.) деректерді қалдырма, сенен басқа аруақтарды еске алатын кім бар. Балаларыңа тегіс сәлем. Сәлеммен сүйдім, Гүлнәр апаң Міржақыпқызы Дулатова. 28.09.1994 Алматы.Аяулым менің, Гүлекем!
Сенің сонша бауырмалдық сезіммен, жүрегіңнің ең жылы түкпірінен толғана жазған хатыңды алып, жоғалтқан туысқаныммен енді табысқандай күй кештім. Өзіңдей жанның құшағында болуды, түсінген адам армандаған болар еді-ау. Қалған аз ғана өмірімізде құшағымыз жазыла көрмесін деп тілегеннен басқа не айтармын. Бізді табыстырған Қожа мен Міржақыптың, Биға мен Ғайнижамалдың аруақтары болар (Қожаның зайыбы – Биға, Міржақыптың зайыбы – Ғайнижамал – Қ. Ә.). Мен жазушы да, тарихшы да емеспін ғой. Ел табанында қалған азаматтардың деншілігінің басқа тілдің тәрбиесіне көшкеннен бері намыссыздығы көбейіп бара жатқаны жаныма батып жүргендіктен, әйтеуір, халқымыздың басынан өткен шындықтарды білгенімше хабарлай берейін деген мақсат еді. Жоғары бағалағаныңа көп рахмет. Осы кітап үшін елдің жалтақ та, жасқаншақ басшылары бойларын тартып, сақтана қарайды. Шығару үшін кедергі де аз болған жоқ. Құдай абұйыр бергенде кітаптың қажеттілігі күн сайын артуда. Бір кітапты осы елді зерттеуші америкалық, Россия тарихынан дәріс беретін “Индиана” штатының “Блюменг” университетінің оқытушысы облыстық кітапханадан жалына сұрап әкетіпті. Госпожа Поль Микаэла “Белгісіз Тың” тақырыбына докторлық диссертация қорғайтын көрінеді. Өзің көрген Аскеніме апарып тастаған кітаптың бір бумасын омбылық аспиранттар әкетіпті. Осы елдің естілері де қажеттігін түсіне бастаған тәрізді. Ал енді өзіңе хат жазғаннан кейін көп ұзамай Қожаның (Хасен (Қожа) Қошанбаев. – Қ.Ә.) “жауапты ісін” осы облыстың КНБ-сіне жіберткенін хабарлады. Алматы азаматтарына алғысым шексіз. Саналы азаматтар қашанда болады ғой. Энциклопедияның қалыңдығындай 5 том. Сол мекеменің арнаулы бөлмесінде отырып танысуыма мүмкіндік жасады. Қажетті жерлерін көшіріп те алдым. Түрме заңымен түсірілген суретін алуыма да рұқсат етті. Қазір бар білгеніммен қосып жазу үстіндемін. Әлі талай толықтырулар болады ғой. Амандық болса қысқа қарай барып қалармын. Ала барамын ғой (Кейін, 1997 жылы Ақмола облыстық “Қаламгер” шығармашылық бірлестігі жарыққа шығарған өзінің “Қиылған ғұмырлар” кітабы туралы айтып отыр – Қ.Ә.). Қазір де барар едім, қолына қарап отырған Гүлнәрім сырқат болып, емделуге Алматыға кетті. Жол да күн сайын қымбаттап, жағдайды ауырлатып барады. Ұлдар өз отбасындық қана болып тұр. Шихабаддинім МАДИ-дің аспирантурасында оқып, техника ғылымының кандидаты болып келген еді. Қазір инженерлік-құрылыс институтында доцент. Болатым милиция жағында подполковник, аздаған немерелер бар. Өзім жалғызбасты Гүлнәріммен тұрамын. Аскенім – ең кенжем Алматының Абай атындағы мемлекеттік университетінде сабақ беріп жүр. Бастың амандығына тәубе айтып жүріп жатқан жай бар. Балалар әкесінің фамилиясында – Махановтар. “Ауылым – атамекенімде” жазылған. Сәлеммен сүйдім, Клара сіңлің Әмірқызы. 09.10.1994 Ақмола. Клара апайды көзіміз көрді. Басынан үнемі ақ орамал тастамай, қазақы оюлы қамзол киіп, күлімдеп жүретін. “Егеменге” де жиі соғып, шығармашылық жоспарымен бөлісетін. Белгілі өлкетанушы 2002 жылы 78 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Арқа өңіріндегі ел мен жер атауларының білгірі, мейірбан ана, зиялы жан “Ауылым – атамекенім”, “Қиылған ғұмырлар”, “Атақоныс ақиқаты”, “Аманат” кітаптарының авторы еді. Осы деректі дүниелерінің айтар ойы да, көздеген мақсаты да ең бір көкейкесті мәселелерді қозғауымен құнды болатын. Ол – ежелгі қазақ ауылдарының аттарын және отаршылар күштеп өзгерткен өзен-көл атауларын қайта орнықтыру, төңкеріске дейінгі халық тағдыры, ел бейнесі, тәуелсіздікке аман жеткен ұрпақ тамырының тереңге тартқаны, т.б. ұлттық мүдделер жиынтығы іспеттес еді. Қазақтың осы қос ұлтжанды қызының мына шағын хаттасуларынан-ақ біраз жәйтті аңғарып, келелі ой түюге болады. Сонысымен құнды бұл жазбалар... Екеуін таныстырып, табыстырған да қиямет-қайым тағдырластық теперіші. “Х. Қошанбайұлы жайында деректер іздей жүргенімде “Қазақстан әйелдері” журналының 1993 жылғы 12-ші санынан М. Дулатовтың қызы Гүлнәр Дулатованың “Тағдырластар” деген деректі әңгімесіне кезіктім. Онда Биға Қошанбай келінінің де (Х. Қошанбаевтың зайыбы) аты жүр екен...” деп жазған К. Әмірқызы, кейін Алматыға әдейі барып Гүлнәр апаймен кездесіп, өз нағашысы Х. Қошанбаев туралы біраз деректерге қанық болады. Осының бәрін “Қиылған ғұмырлар” кітабында жазып кеткен екен. Жарықтық Клара апай елеусіз жүріп те елдік шаруа тындыра алыпты-ау! Астана.