“Біз бұл нәтижеге Елбасының тікелей қадағалауымен және Үкіметтің тиімді бағдарламаларының арқасында жеттік”, – дейді ОҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов.
Ана мен бала өлімі Оңтүстік медицинасының ең басты дерті еді. Соңғы жылдары облыста жақсы нәтижелерге қол жеткізіле бастады. Сөзіміз жалаң болмас үшін бұрнағы жылдармен салыстырып көрейік.
Мәселен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда облыста нәрестелер өлімі 6,6 пайызға, ал аналар өлімі 13,1 пайызға төмендеді.
Өткен жылмен салыстырғанда құрт аурушаңдығы 65,1-ден 61,0-ге немесе 6,3 пайызға, өлім-жітім көрсеткіштері 6,8-ден 5,8-ге немесе 14,7 пайызға төмендеді.
Қан айналымы жүйесінің аурушаңдығы өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 14,3 пайызға, өлім-жітім көрсеткіштері 42,9 пайызға, оның ішінде жүректің ишемиялық ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 36,7 пайызға азайды.
Қазіргі таңда қатерлі ісіктердің алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар – қатерлі ісіктерді ерте анықтау арқылы осы науқасқа шалдыққан аурулардың өмір сүру ұзақтығын жоғарылатуға, жұмыс істеуге қабілетін сақтауға бағытталып отыр.
2010 жылдың 9 айында өткен жылмен салыстырғанда, қатерлі ісік ауруларының асқынған түрлері 3,9 пайызға, ал өлім-жітім көрсеткіші 13,3 пайызға төмендепті.
Қатерлі ісікке шалдыққандардың 5 жылдық өмір сүру деңгейін жоғарылату көрсеткіші 5,9 пайызға өсті. Республика көлемінде бірінші болып, облыста асқазан-ішек жүйесінің қатерлі ісіктерін ерте анықтау бойынша скрининг-тексерулер жүргізілуде.
Осы мысалдар күрмеулі мәселелер толығымен шешілді деп айтуға негіз болмағанымен халқы көп облыс үшін жақсы көрсеткіш. Ал осы жақсылыққа жету жолы оңай болды ма?
2008 жылы қараша айында Оңтүстік Қазақстан облысына іссапармен келген Елбасы медицина саласы бойынша республикалық жиын өткізді.
Жүздеген отбасылардың тәтті тыныштығын ұрлаған атышулы ВИЧ инфекциясының беті бері қараған кез болғанымен облыс медицинасының су аяғы құрдымға кетіп тұрған уақыты болатын.
ВИЧ-тің екпіні талай білікті дәрігерлерге таяқ болып тиді. Талайы сотты болды. Біразы алдағы күндерден қорқып, ақ халатын шегеге ілді. Денсаулық саласының басшылығына шаш ал десе бас алатындар келіп, емханаларды “шошқақораға” теңеді. Ұйымдастырушылығы мықты талай басшы мамандар аудандарға “жер аударылды”. Жергілікті ұлттық кадрларға сенімсіздік білдіріп, білім, біліктілігі мықты болмаса да сырттан кадрлар шақырылды.
“Шығасыға иесі басшы” дейді халық даналығы. Ауыр зардаптарға жағдай туғызған жайттар Оңтүстіктің өзінде де болып жатты. Осындағы Медицина академиясы түлектерінің бір қайнауы ішінде, шикі маман болып шығатындығы республика өмірінен көрініс тапқан. Бұл оқу орнын бітіргендерге шүбәмен қарау көбейді, жұмысқа алуға тартынды.
Елбасы сол жиында облыста орын алған кемшіліктерді жіктеді. Еркінсігендердің, қу сөзден қуырдақ қуырып үйренгендердің екпінін басып, тәубесіне келтірді.
Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысындағы сол жұмыс сапары барысында денсаулық сақтау саласына басым бағыттар белгілеп, нақты тапсырмалар берді. Олар: ана мен баланың денсаулығын қорғау, құрт ауруы мен жүрек-қан айналымы ауруларынан өлім-жітім көрсеткіштерін төмендету, денсаулық сақтауды жүйелік өзгертудің қажеттілігі – адамдардың медицина ұйымы мен дәрігерді еркін таңдауына бағытталған мақсаттар болатын.
Қазір Елбасының берген тапсырмаларына қоса, облыс көлеміндегі маңызды және қажетті бағыттар: жарақаттанушылықтың алдын алу, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету, жедел жәрдем, паталогоанатомиялық, стоматологиялық және зертханалық қызметтерін дамыту бойынша жұмыс жандандырылып келеді.
Әрине, қанша жерден қаржы құйып ауруханалар мен емханаларды көгендегі қозыдай тізіп тастасаң да білікті басшының ұйымдастырушылық қабілетінсіз іс алға баспайды.
Медицина ғылымдарының докторы, Оңтүстікке келгенге дейін Алматы денсаулық сақтау департаменті мен Денсаулық сақтау министрлігінде табысты жұмыс істеген Жұмағали Исмаилов қордаланған мәселелердің кілтін таба білді. Барлық проблемаларды бір деммен тындырып тастамағанымен күрделі мәселелердің түйінін шешу жолдарын іздестірді. Оған және оның командасына оңай болмағанын білеміз. Бірақ, күңкіл-сүңкіл сөздерге қарай берсең жұмыс бітер ме?!
Жақында біз Жұмағали Қазыбайұлына жолығып, көңілдегі біраз сауалдарға жауап алған едік.
– Алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру үшін медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін білікті мамандар дайындау қажет, – дейді ол.
Облыстың бас дәрігері айтқандай, денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер аз емес. Денсаулық сақтаудың бюджеті 2005 жылмен салыстырғанда 2,4 есеге өсіп, 2010 жылы 37 305 млн.теңге құрап отыр. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне шығындар 30 пайызға өсіп, 33 947 млн. теңгеге жетті.
Бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметін жақсарту мақсатында амбулаториялық-емханалық ұйымдардың бір жанға шаққандағы қаржыландыру нормативі 2010 жылы 375 теңгеге өсті. Ал, 2005 жылы - 168 теңге болатын. Осының есебінен халыққа амбулаториялық-емханалық көмектің көлеміне денсаулық сақтау бюджетінен қаржы сомасы 2005 жылы 33 пайыздан 2010 жылы 42 пайызға дейін өсті.
Облыста соңғы 3 жылдың ішінде 27 денсаулық сақтау нысаны салынып, іске қосылды. Оның ішінде облыстық қан орталығы, кардиологиялық орталықтың хирургиялық ғимараты, залалсыздандыру орталығын атап айтуға болады. Үстіміздегі жылы Шымкент қаласында 360 төсектік облыстық балалар ауруханасы мен 120 төсектік перзентхананы іске қосу жоспарланып отыр. Биылғы жылдың өзінде денсаулық сақтау саласының 81 жаңа нысанның құрылысы, негізгі екпінді амбулаториялық-емханалық қызметке аудара отырып, жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 1 құрт ауруына қарсы аурухана, 36 дәрігерлік амбулатория, 2 аудандық емхана, 35 фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер бар.
Шымкент қаласының халқы болашақта 1 миллионға жететінін ескерсек, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша салынып жатқан ауысымына 500 адам қабылдайтын 2 емханадан үлкен үміт күтеміз.
2010 жылы 932 денсаулық сақтау ұйымдарының ағымдағы және күрделі шығындарына 41,1 млрд. теңге қаралды. Күрделі жөндеуді қажет ететін 91 мекеменің биылғы жылы 29-і жөндеумен қамтылды.
2010 жылы денсаулық сақтау саласы бойынша 87 нысанның құрылысына 7,5 млрд. теңге қарастырылған.
Облыстың медициналық ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бөлінген 3 919,0 млн. теңгеге сатып алынған құрал-жабдықтар медициналық ұйымдардың жарақталуын 33,9 пайыздан 40,8 пайызға өсуге мүмкіндік берді.
Ауылдық медициналық ұйымдарын 696 телефон желісімен қамтамасыз ету арқасында телефон желісімен қамтылу 53 пайыздан 95 пайызға өсті.
Шетелдік инвестициялық жобалар арқылы облыста 2 дәрігерлік амбулатория, 120 тесек-орындық перзентхана, ауылдық медициналық ұйымдар 50 жедел жәрдем автокөлігімен қамтамасыз етілді.
Ауылдық жерге жұмыс істеуге жіберілген медицина қызметкерлеріне әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Соңғы 3 жылда 234 жас маман, ал жыл басынан бері 107 маман ауылға орнығып, жұмыс істеп жатыр.
Ана мен бала денсаулығын жақсарту, олардың арасында өлім- жітім көрсеткіштерін төмендету – басты да өзекті проблемалардың бірі болуда.
Қазақстан бойынша біздің облыс бірінші болып акушерлік және неонатальдық көмек көрсетуді аймақтандыруды жүргізуде. Жүкті әйелдер мен жаңа туған балаларды тиісті деңгейлерге тасымалдау үшін жағдай жасалынды. Ауыр жағдайдағы әйелдер мен нәрестелерге қажетті көмек көрсете отырып, күнделікті мониторинг жүргізу жолға қойылды.
Тәжірибе алмасу мақсатында, 3 шілдеден 2 тамызға дейін №1 облыстық перинаталдық орталығында Литвадан келген жоғары білікті 5 маманнан құрылған мультидисциплинарлық команда көмек көрсетті. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасуда.
Ауыр апаттардың алдын алу мақсатында магистралды жолдарда жедел жәрдем көмектің бөлімшелері травматологиялық, нейротравматологиялық бригадалармен қамтамасыз етілді.
Облыс тұрғындарына сапалы стоматологиялық көмек көрсету мақсатында балалар емханаларында 28 тіс-гигиенисі штаты енгізіліп, Шымкент қаласының 11 мектебінде жаңадан тіс гигиенасы бөлмелері ашылды.
Ағымдағы жылы алыс және жақын шет елдерден кардиохирургиялық бейіндегі мамандар тартылып шеберлік сыныптар өткізілді. 2010 жылдың 9 айы ішінде ашық жүректе 181 операция, сондай-ақ 315 коронарлық артерияны стенттеу операция жасалынды.
Облысымызда денсаулық сақтаудың маңызды инновациялық технологияларының бірі – телемедицина енгізіліп, кеңінен тарауда. Бүгінде 6 ауданның науқастарының облыстық және республикалық орталықтарда кеңес алуға мүмкіндіктері бар.
Халық денсаулығының төмен деңгейі өзекті мәселе болып қалып отыр. Оның себептері ауруларды алдын алу және саламатты өмір салтын қалыптастырудағы білімдерінің жеткіліксіздігі, қоршаған ортаның, ауыз су және тамақтанудың қолайсыз жағдайлары.
Аудан, қалаларда материалдық-техникалық базасы жарақталған, білікті мамандармен қамтамасыз етілген саламатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары ашылды.
2010 жылы елімізде Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілді. Бұл жүйе менеджмент пен кадрларды даярлауға аса назар аударуды, медициналық ұйымдарда жоғары кәсіби және сапалы жұмысты ұйымдастыруды талап етеді.
Медициналық қызметке қол жеткізу мен сапасын жоғарылату – денсаулық сақтау саласының бірінші кезектегі міндеті болып табылып, оны ары қарай жақсартуға ат салысу қажет.
“Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты 2010 жылғы 29 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын 72 жасқа дейін жеткізуді мақсатты индикатор ретінде айқындап берді.
“Бұл мақсатқа жету үшін, облыстың денсаулық сақтау саласының алдында әлі көптеген міндеттер тұр. Күрмеулі мәселелерді шешуде облыс әкімі Асқар Мырзахметов үлкен қажырлылық танытуда. Адамның ең үлкен байлығы – денсаулық. Соны бағамдап, медицина саласына ұдайы көмектесіп келе жатқаны үшін дәрігерлер қауымы облыс басшысына рахмет айтады”,-дейді Ж.Исмаилов.
Медицинадағы жетістік – аймақтардың даму көрсеткішімен айқындалады
– Денсаулық сақтау саласы бойынша ірі ғылыми орталықтар Алматы, кейін Астана сияқты ірі қалаларда ашылды да барлық басымдылықтар сол жерде болды, – деп сөзін сабақтады Жұмағали Исмаилов. – Әсілінде, денсаулық сақтау көрсеткіштері аймақтардағы жағдайдан байқалады. Сондықтан, аймақтардың бәсін арттырмай, бәсекеге қабілетті етпей, денсаулық сақтау саласы көтерілмейтінін өмірдің өзі дәлелдеп келе жатыр. Ірі қалалардағы орталықтар шетелдегі ғылыми-зерттеу институттары секілді ауру мүшелерді ауыстырып салу сияқты күрделі жұмыстармен айналыса берсін, бірақ жоғары технологиялық әдістерді аймақтарда іске асыруға жағдай жасалынуы керек. Онсыз біздің сала жүйелі түрде көтерілмейді.
Мәселен, біз кардиологиялық орталықта жүрекке ота жасау ісін бастадық. Нәтижесіз емес. Жақсы. Ал бұрын осы операция Алматы, Астана қалаларында ғана жасалатын.
Елбасымыз 2006 жылы аймақтардағы медицина орталықтарын жандандыру жөнінде Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Осы мақсатқа 27 млрд.-тан астам қаржы бөлінді. Енді осы жұмыс әрі қарай жалғасса, халыққа оңды болар еді. Республика бойынша туылған әрбір төртінші бала Оңтүстікте дүниеге келеді. Зерттеу барысында қайтыс болған балалардың төрттен екісінде жүрек ақауы бар екендігі анықталды.
Сондықтан, біз мақсатты түрде балалар кардиохирургиясын дамытуды қолға алып, соған дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Алғашқы операциялар сәтті өтті. Келер жылы тұрақты жолға қойылады. Дайын мамандарды Астанадан шақыртып жатырмыз. Себебі, жаңа салаға өзімізден маман дайындауға кемінде 2-3 жыл керек. Алайда, дайын маманмен шектелмей, өзіміздің дәрігерлерді шетелдерде оқытуға, тәжірибе алмасуға жіберіп жатырмыз. Сонда төрт-бес жылдан соң облыстың өз мамандары дайын болады.
Менің айтып жатқаным бір саладағы нәтижелер. Негізінде, қатерлі ісік аурулары, құрт ауруы, сүйек, буын аурулары және жалпы хирургия сияқты дерттерге дауаны аймақтардың өзінде табуға қол жеткізу – науқас жандарды әрі-бері сабылудан құтқарып қана қоймай, өңірлердің медицинасын жаңа көкжиектерге көтерер еді.
Алматыдағы сияқты ғылыми-зерттеу институттарына ауыз ашып қарап отыра бермей, шетелдердегі мықты орталықтармен тікелей жұмыс жүргізуге мүмкіндіктеріміз бар. Мәселен, Израиль, Ресей мемлекеттерімен қоян-қолтық жұмыс жасауға қол жеткіздік. Литвалық дәрігерлер Қазақстанға алғашқы сапарын Оңтүстіктен бастады. Олардың медицинасы – Еуроодақтың көрсеткіштерімен тең. Бізден артықшылығы, халықаралық стандартқа 20 жыл бұрын кірген.
Абай бабамыз айтқандай, “ондай болмақ қайда” демей, олардың іс-тәжірибесін өзіміз үйренуіміз керек. Сонда аздаған жылдардан соң Қазақстан медицинасы ірі қалаларда ғана емес, аймақтарда да үлкен табыстарға жететін болады.
Оңтүстіктің бас дәрігерінің тұжырып айтар ойы осы.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.