12 Қазан, 2010

Журналистерге арналған семинар

570 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астана қаласы “ЖҚТБ алдын алу және оған қарсы күрес орталығының” ұйымдастыруымен “АҚТҚ/ЖҚТБ (Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышы/Жұқтырылған қорғаныш тапшылығы белгісі): стигматизация және дискриминацияға қарсы күрес” атты журналистерге арналған семинар-тренинг өтті. Оған Алматы, Астана, Қарағанды және Петропавл қалаларынан келген отызға жуық журналист қатысты. Осыдан жиырма тоғыз жыл бұ­рын Африка жерінде пайда болған АҚТҚ вирусы және оның одан әрі өршіген түрі ЖҚТБ-мен күресу ісі күшеймесе, кеміген жоқ. Астана қа­ласы “ЖҚТБ алдын алу және оған қарсы күрес орталығының” би­ылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлім­демесіне сәйкес республика бой­ынша АҚТҚ белгілерімен 15 151 адам тіркелсе, оның 340-ы 14 жасқа дейінгі балалар екен. Со­ның ішінде ЖҚТБ есебімен тір­­келген 1151 адамның 875-і ЖҚТБ салдарынан қайтыс болған. Бұл республика дең­гейіндегі көрсет­кіш­ті құраса, 2010 жылдың 1 қыр­күй­е­­гіндегі статисти­калық мәліметке сәйкес, Астана қа­ласы бойынша 358 адам АҚТҚ бел­гісімен тіркеуде тұр. АҚТҚ жұқтырғандардың ішінен қырық және одан жоғары жастағы ересектердің көптеп кездесетіні бай­қалып отыр. Бұл ересектердің АҚТҚ/ЖҚТБ мәселелері туралы ақпараттардан бейхабар екендігін көрсетеді десек, аталмыш вирусты жұқтырғандардың көпшілігі өзде­рінің бойында осы дерттің белгілері бар екендігін білмейтіндігі анық­талды. Бұл вирусты жұқтырғандар стигма және дискриминация ар­қы­лы індетті тоқтата тұруға, дәр­і­ге­р­­лерге көріну арқылы індет салда­рын жеңілдетуге, қолдау мен ем­делуге, адекватты күтім жасалып, ви­­­русқа қарсы жағдай жасалуға мүмкіндігі бар. Айта кетелік, атал­ған індетпен қарсы күресті жүз пайыз мемлекет қаржыландырады. Халық пен билік арасындағы көпір саналатын журналистердің бұл шараға арнайы шақыры­лу­ын­дағы мақсат – АҚТҚ/ЖҚТБ атау­­ларын бұқаралық ақпарат құрал­да­рында әдептен озбай қолдану. Се­минарды ұзақ жылдар бойына ме­ди­цина саласында қалам тартып, баспасөз беттерінде АҚТҚ/ЖҚТБ мәселелерін жиі көтеріп жүрген алматылық журналист, ЮНЕСКО медиатренері Марина Максимова жүргізді. Ол өз кезегінде БАҚ-та жиі қолданысқа түсіп, штамп сөз­дерге айналып кеткен “ СПИД – ХХІ ғасыр індеті” және “на­шақор” сөз­дерін басқа сөздермен алмас­ты­рып жазудың дұрыcтығын айтты. Мәсе­лен, “нашақор” сөзінің ор­нына есірткімен әуестенушілер не­месе есірткі тұтынушылар сөзін ұсынса, ВИЧ және СПИД сөздерін бір ұғым ретінде қолданудың жөні жоқтығын атап өтті. Себебі, бұл ста­­тустағы адамдар үшін ол сөздердің ауыр жа­за екені кеңінен талқыланды. Сон­дай-ақ семинарда Астана қаласы “ЖҚТБ алдын алу және оған қарсы күрес орталығының” бас дәрігері Ерік Мазанұлы бастаған бір топ дәрігерлер мен “Құқық” қоғамдық қорының директоры Ольга Нико­лае­ва сынды мамандардың ВИЧ/СПИД атауларына қатысты жасаған баяндамалары тыңдалды. Психологтар мен СПИД орта­лы­ғының бас дәрігерлері қатысқан семинарға арнайы АҚТҚ жұқпалы вирусын алып жүрген кісі ша­қы­рылып, журналистердің сауал­да­ры­на жауап алынып, аталмыш дертке шалдыққан адамдар туралы бей­некөріністер көрсетілді. Жұлдыз БАЙДІЛДА, Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті.