Бұған дейін Қазақстан құрамасымен өткізген екі матчында да тең нәтижені қанағат тұтқан Бельгия үшінші ойынында жеңіске қол жеткізді. Қазанның 8-і күні Астананың “Астана-Арена” жабық стадионында өткен бұл екі құраманың Еуропа біріншілігінің іріктеу турнирінің үшінші турындағы кездесуі 0:2 есебімен, яғни “қызыл перілердің” 3 ұпай алуымен аяқталды.
Қалай дегенде де, әзірге екі жақ күшінің ара салмағы тең емес еді. Шынтуайтына келгенде, кәрі құрлықтағы нағыз ортаңқол құрамалардың бірі болып саналып жүргенімен, біз әлі тап осы Бельгия шендес елдердің футболшыларымен жан алып, жан берісетіндей қайтпас шайқасқа түсе қоятын шамаға жеткен жоқпыз. Бүгінгі күннің айғақты ақиқаты осындай. Сондықтан, былай қарағанда, біздің жігіттер екі голды да тосыннан жіберіп қойғандай көрінгенімен, ол шын мәнінде күштінің күмпиюмен де диірмен тарта алатынын дәлелдеп бергендей болды. Әдетте мықты командалар қандай бір тепе-тең ойында да титтей ғана мүмкіндіктің өзін мүлт кетірмей жатады. Сол себепті де ол – мықты. Оның үстіне қарсылас қақпасына тап осы матчтағыша шабуыл жасаумен тең ойынның өзіне үміт арту қиындау еді.
Расы керек, жұма күнгі кездесу басы бельгиялықтардың қолға бірден ойын тізгінін алып алуынан басталса да, одан көп қауіптене қоймап едік. Ал біраздан кейін біздің жігіттер таразы басын тең ұстауға ұмтылып, қонақтар дарбазасына жөңкіле лап қойғаннан кейін көңілге тіпті ұтыстың да төбесі қылқиғандай көрінген. Осы тұстары Сергей Хижниченко мен Нұрбол Жұмасқалиев екеуі бірінен кейін бірі ұтымды шабуыл ұйымдастырып, арғы алаңның төрінде атой салып жүрді. Сондай мезеттердің бірінде Нұрбол қақпашының қарсы алдында алған добын қақпадан асыра атып жіберді. Келесі кезекте бельгиялықтардың қауырт жасаған қарсы шабуылдары біздің қақпаның жанына жетіп үлгергенімен, доптар Андрей Сидельниковтің қолымен кері қайтарылып жатты. Бірінші тайм да осылай қай жақтың таза басым екенін байқатпаған күйі аяқталды. Бірақ көңілге күп қалдырған бір нәрсе болды. Ол жігіттеріміз қаншама шабуыл жасап, бұрыштама добын беру жөнінен 3-1 деген баланспен алда тұрса да, қарсыластар қақпасы шеңбері шеніне дәл соққы беруде 0-4 есебімен артта қалып қойғандары еді. Анығында, біздікі шуылы көп болғанмен, қол жеткені шамалы тірлік болды да шықты.
Ойынның екінші бөлігін бельгиялықтар аса қауіпті бастады. Сөйтіп, тура соққыларын ақыры голға айналдыра білді. Бұл жерде олардың бас жаттықтырушысы өте сәтті алмастыру жасағанын айта кетуіміз керек. “Қызыл перілердің” тайм басында Воссеннің орнына алаңға шыққан Марвин Огуньими атты дебютант шабуылшысы көп ұзамай екі доптың да авторы атанды. Бұл голдың екеуі де біздің қорғаушылардың анық қателігі мен шеберліктерінің кемшіндігі салдарынан соғылды. Екеуінде де допты тез қауіпсіз тұсқа қарай жөнелтудің орнына қорғаныс шебінің ойыншылары абдырап, ауыр қозғалды да қалды. Екеуінде де алғашқы соққыны қақпашы қайтарып бақты. Бірақ екеуінде де допты өзінің алдынан көп асыра алмады. Сондықтан ол біздің орашолақ қимылды қорғаушыларымыздың жайбарақат тұрып қалған сәттерін өте тиімді пайдаланған қарсыластар бір-біріне пас бере отырып, соңғы соққыны тыңнан қосылған ойыншыға жасатып үлгерді.
Адалын айтсақ, осы ойында ойыншыларымыздың орынсыз қателіктерге ұрынуы көрер көзге көп болды. Болмаса, бір рет ескерту алған қорғаушы Александр Кислицынның екінші мәрте тәртіп бұза тұрып, төрешінің ойынды тоқтатуына соншама наразылық көрсетіп несі бар еді? Бұл бассыздық оның алаңнан қуылуына апарып соқтырды. Осыдан кейін есепті теңестіру жөніндегі үмітті біржола жерлеуге тура келді. Енді оның орнына есепті ұлғайтып алмасақ жарар еді, деген қауіп туды. Бір тәуірі, осы екі голдан кейін меймандар аса көп жанталаса қойған жоқ. Ал қалыпты ырғақпен біткен матчта әдепкі есеп сол күйі сақталып қалды.
Осы жеңіліс Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Бернд Шторктің бұдан арғы қызметінің тағдырын шешіп те кеткен шығар. Олай дейтініміз, оған жыл соңына дейін қалайда 3 ұпай алу міндеті қойылған болатын. Ал келесі қарсылас бүгін “Астана-Арена” алаңының төрінде еліміз командасымен шеберлік салғастыратын Германия құрамасы екенін, осымен іріктеу турниріндегі биылғы кестенің тәмам болатынын ескерсек, Б.Шторк мырзада көп үміт қала қоймаған сияқты. Оны тек ойда жоқта бола қалатын “керемет” қана құтқара алады. Ал ондай ғажайып бола қалса, ол осы жолы тағы бір ескерту алған команда капитаны А.Карпович пен А.Кислицынсыз өтеді.
Осы күні іріктеу турнирінің барлық топтарында кезекті турдың ойындары ойналды. Біздің “А” тобында Германия Түркияны, Австрия Әзірбайжанды өз алаңдарында 3:0 деген бірдей есеппен тізе бүктірді. Басқа топтардан Белградта Сербияны тізе бүктірген Эстонияны, өз алаңында Словакияны ұтқан Арменияны айрықша атап өтуге болады. Бұл ойындардың екеуінде де 3:1 деген есеп тіркелді. Бұдан бөлек Ресей құрамасы Ирландияны сол жақта 3:2 етіп ұтып қайтты (есеп тіпті 3:0 болып тұрған). Ал әлемнің “ең соңғы” чемпионы – Испания Мадридте Литва құрамасынан 3:1 есебімен басым түсті. Осы екі арада Украина құрамасы Киевте Канада командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 2:2 деген тең есепке келісті.
Серік ПІРНАЗАР.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.