12 Қазан, 2010

Теміртауда мақпал түн

796 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
І.Жақановтың жаңа туындысы осылай аталады. Қазақ сал-серілері мен ақын-ком­позиторларының өміртарихы мен өнернамасын түбірлеп-талдап зерттеуші ұлт руханиятының жоқшысы, жазушы Илья Жақановтың “Теміртауда мақпал түн” атты эссе-новеллалар жинағында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кесек рухани бекзат болмыс-бітімі, ішкі жан дүниесінің сырға, нұрға толы байтақ әлемі, сын­шылдық сарабдалдығы, сұлулыққа деген көзқарасы, терең көркемдік дүниетану даналығы жан-жақты сипатталған. Әсіресе, қыран текті, тұлғасы асқақ Елбасының Теміртау періштесіне деген мөп-мөлдір, тап-таза махаббаты, қиял мен арманға бай іңкәр-құштар тебіренгіш жүрегі, сайыпқырандық, сұңқарлық қасиеттері Илья Жақановтың “Теміртау түні” дейтін лири­калық эссесінде мей­лінше ынтызарлықпен жырланған деуге болады. Енді “Теміртау түні” әнінің туу тари­хынан сыр шертейік. Ел мен жердің шынайы жыршысы, жалынды жаршысы, нақтылы айтқанда, ұлттық рух, елдік сана, ой-парасаттың биігінде самғайтын саңлақ Илья Жақанов 2001 жылдың қоңыр күзінде Теміртау шаһарына жолы түсіп, Арқаның ардагер азаматы Тілеукен Смағұловтың ақ дастарқанының басында берекелі, келелі кеңес құрады. Түйдек-түйдек ой толғаныс­тарын ұлттық тарихқа, ұлт мәдениетіне қатысты өрбітеді. Әр­қай­сысы дастанға лайық Арқаның “Жиырма бес”, “Екі жи­рен”, “Қара­кесек”, “Әупіл­дек”, “Ләйлім”, “Бал­қади­ша”, “Қорлан”, “Дударай” сынды ой-сезім мен асыл сөздің орайлы жара­сымынан туған таң­ғажайып әндерді көкке өрлетеді. Соны­мен қатар ғасыры­мыздың да ақ маржан әуезді әндерін де сұңқылдатады. Қайран, ақ текеметті алашымның теле­гейдей толқыған құдіретті әндері-ай дерсің! Әли­хан Бөкейханша айтқанда, “адамның ет-тамыр, сүйек-сүйегін қоз­ғайды, бәрін ері­теді, елжіретеді...” Иә, теміртаулық Тілеу­кен Смағұлов үйінде шырқалған әндердің көркемдік әсерлілігінен көрікті ойлар өрістеп-өрбіп, Теміртау тарихы тұтасымен әңгіме өзегіне айналады. Теміртаудың бастапқы аты – Самарқан екен. Бірде Отан соғысынан кейін Қазақ­стан Үкіметінің басшысы Нұртас Оң­дасынов КСРО Ауыр өнеркәсіп министрі Тевосянның қабылдауында болады. Мақсат – Самарқан қалашығын Қазақстан Магниткасына ай­нал­дыру. – Сіз бұл қаланы “Самарқан” дейсіз, ә? Өзбекстанда әйгілі Са­марқан қаласы бар емес пе? – деп Тевосян оқыс сауал қояды. Сонымен министрдің салиқалы ұсынысымен “Теміртау” атаныпты дейді. Теміртаудың жұл­дыздары жылтыраған мақпал түнінде сал­та­натты мәслихаттың гүлі, дария көңіл, мырза пе­йілді Тілеукен Сма­ғұлов Ел Президентінің жас­тық ша­ғын, алға басым­паз, өршіл талабын, Қа­зақ­стан Магниткасында құю машина­сының шо­йыншысы, аға горновойы, 1-ші домнаның диспетчері, сонан соң ұйым­дастырушылық еңбегі, бастамашылдық істері жайлы нақ-нағымен келістіре әңгімелейді. Елбасының сонау бір балғын, балауса шағындағы өнегелі өмір суреттерін тізбектейді “Біздің шешей айтушы еді” деп: Құралай, Отырсың жанды сұрамай, Мәнісін айтшы, қалқам, бұл қалай? – дейтін сырлы, жайдарман қайырмасын шығандата шырқағанда оттай лаулап, қорғасындай балқып, қаздай қалқып күмбірлетіп кетуші еді дейді. Лирикалық прозаның шебері Илья Жақанов Тілеу­кен Смағұловтың мына бір лала лебізін жайып салады: “Нұрсұлтан домбырамен Арқаның кең тынысты ән­дерін кербез сезіммен керіл­тіп шыр­қағанда: “Үстіне оқалы шапан, басына үкілі бөрік кигізсе, баяғының серісі болып шыға келер еді”, – деп қызығушы едік”. Әлқисса, Теміртаудың мақпал түні де адамзаттың маңдайлысы да, таңдайлысы да арыстан туған Нұре­кең­нің үні де, Самарқан ай­дынының торғын самалы да композитор Илья Жақанов­тың сыр тұнған жүрегін жойқын қуатпен тебірентті-ау. Елбасының болмысын­дағы, бойындағы, ойындағы керемет қасиеттер шиыршық атқан тол­ғаныспен ағытылды-ау. Жас наушаның “Вес­на на заречной улице”, “Разные судь­бы” фильміндегі ән­дерді сылқым сезіммен, шалқар шабытпен шырқайтынын өзгеше ықыласпен, түзу ниетпен, дұрыс пиғылмен қабылдады. Композитор Илья Жақановтың ой-қиял дүниесін көк дауылдай қозғап, жүрегіне Құс жолындай сайраған терең із қал­дырды. Соны бір әуелеген әуезді сурет­терді түйсік-қуатымен көргендей кейіпке бөленді. “Теміртау әнінің” көркемдік құрылымы, шумақтық желісі тақта-тақ­тасымен өрілді. Композитор көңі­ліндегі суреттер ақын Қасымхан Бег­мановтың сөзімен өрнектелді. Сөйтіп, “Теміртау әні” өнер өлкесіне шарықтап қанат қақты. Бұл – ізгілік пен көркемдіктің әні! Романтикалық лепке толы алаулаған жастық дәуреннің сағынышты сазы! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың өзі Илья Жақанов әндеріне ізет-ілтипаты өзгеше екендігін осынау еңбек­тің өн-бойынан көреміз. Мәселен, “Жай­лаукөл кештері” – “Сол өткен күндері­міз­дің сырға толы сәулелі белгісі екен ғой”, “Жастық шағымыздың асқақ ро­ман­тикасы”. (Нұр­сұлтан Назарбаев) Ол Илья ағамыздың “Толағай”, “Алматы ке­шінде” әнін толқыта шырқаса, “Еділ-Жа­йы­ғын” ардақтайды. Мақтымқұлының “Биік таулар, бойшаңмын деп шіренбе” термесін домбырасын балбырата шертіп, қоңырлатып орындауы қандай десеңізші! Жазушы-композитор һәм зерттеуші Илья Жақановтың суреткерлік мәнері – нені жазса да лирикалық толғаныспен иненің көзінен өткендей ғып өрнектеп жеткізеді. Бұл орайда “Толағай”, “Алматы кешінде”, “Жаңаарқа самалы” дейтін эссе-новеллаларында әрқайсысы бір-бір әлем төлтума әндерінің қалай туын­дағаны, қалайша орындалғаны, ел, жер тарихымен сабақтастығы сыршыл­дықпен әңгімеленеді. Жаны жомарт қас жақсының өзі Илья Жақанов бұл жаңа кітабында аспандағы аққуға әнін қосқан Игілік Омаровтың, Қайрат Байбосыновтың, Сәуле Жан­пейісованың орындаушылық шеберлігіне, академик Евней Бөкетовтың Біржан салдың “Ләйлім” әнінің тарихына бай­ланысты Шоқан Уәлихановтың тарихи-мәдени деректемелеріне зейін аударады. Жинақтай айтқанда, композитор-жазушы Илья Жақанов “Теміртауда мақ­пал түн” атты шығармасында Елбасының рухани келбетін ұлттық рух, елдік сана, ой-парасат биігінде кемелдікпен толғаған. Серік НЕГИМОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.