Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Иран Ислам Республикасы Парламентінің Төрағасы Әли Ардашир Лариджанимен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Мәжіліс Төрағасы Парламентке келген мәртебелі мейманды жылы шыраймен қарсы алып, Қазақстан мен Иран арасындағы байланыстарға тоқталды.
Иран Парламентінің Төрағасы екі елдің қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Алдағы уақытта мұнай мен газ саласында және құрылыстар жүргізуде жаңа жобаларды бірлесе атқаруға болатынын айтты. Біздің елімізде Иранның бірқатар компаниялары жұмыс істеп жатыр.
Кездесуде тараптар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, желтоқсан айында Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті жөнінде пікір алмасты.
Мәжіліс Төрағасы 2011 жылы Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына жетекшілік ететінін, ислам елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға басты назар аударылатынын айта келіп, елімізде 2011 жылы 7-ші Ислам экономикалық форумын өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Кездесу соңында Әли Ардашир Лариджани Мәжілістің құрметті қонақтар кітабына тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды.