Қабан өз кезінің ірі ақыны, ол он бес жасынан бастап айтысқа түскен. Ақындығымен қоса, ағалары Ескелді, Балпық сияқты сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем, қол бастаған батыр болған деседі.
Қабан жырау жайлы біз ең алғаш рет ұлы ғалым Мұхтар Әуезовтің айтыс ақындарын жан-жақты талдаған атақты мақаласынан оқып едік, онда ол кісі: “Шынында Жанақ, Сүйінбай, Шөже, Түбек, Майкөт, Қабан, Құлмамбет, Жамбыл сияқты талай елдерге атақтары жайылған ақындарды алсақ, солардың өмір бойы қолданған негізгі ақындық жанры көбінесе айтыс екенін білеміз. Бұлар ұзақ өмір жасаған ақындар болумен қатар, барлығы да айтысқа ерте араласып, он бес-он алты жастарынан ақындық өнерлерін бастайды. Олардың ел жадында сақталып қалған ірі айтыстарынан басқа, әрбір ойын-сауық, айт пен тойда, ас-мерекеде жас-желең, қыз-келіншектермен қағысып айтысқан”. Осы пікірін өте әділ, дәл айтылған ғылыми тұжырым деп білеміз, ақындардың асыл мұрасының қыруар мол болғаны дау тудырмаса керек. Амал не, соның бәрі де дер кезінде хатқа түспегендіктен, ұмыт қалған. Ел аузында жатталып қалғанының өзі бірден-бірге, атадан балаға ауысқандықтан көркемдігі төмендеп, ұйқас-ырғағы бұзылып, бұл күнге жұрнағы жеткен десек, қателесе қоймаспыз. Енді үлкен жырау Қабанға сөз берсек, ол:
Шірімес алтын жерде жатқанменен,
Оқ тимес ажалсызға атқанменен.
Жаманға сөз, жалқауға таяқ өтпес,
Астарлап қаншамалап айтқанменен.
Өткен күнде белгі жоқ қанша айтсаң да,
Қызыққа бір күндері батқанменен, – десе бұл нағыз терең ойдан тамыр тартқан нәзік көңілдің туындысы дер едік, өйткені көп жасап, көпті көрген қарт жырау өз басынан өткерген нешеме қилы уақиғадан жүз тармақ таратып, тайға таңба басқандай өз көкейін анық-ашық жеткізеді. Осы бір шумақ өлеңдегі әрбір сөз, әрбір жолда шымырлаған шындық жатыр, ұрпақтан-ұрпаққа көнермей, тозбай, сын-сипаты бұзылмай, сол күйінде жететін асыл мұрат жатыр. Ол – үлкен жүректің арман-тілегі, асыл өсиеті.
Асанұлы Қабылиса (Қабан) XVІІІ ғасырда өмір сүрген. Асан артықша бай болмаған, өзіндік ауқаты бар кісі көрінеді. Мал-дәулет жинамаған, “елде бар болса, ерінге тиеді, жалпыда бар болса, жалқы аштан өлмейді” – дейді екен. Бұл кісінің туған жері Сыр бойы көрінеді. Ол жақтан Жетісуға 1767 жылы көшкен деп көрсетеді шежірешілер.
Қабан жырау – өз кезінің биік ақыны. Атамыз небір ұзақ батырлар жырын таңды таңға соғып, жатқа айтады екен. Кейде бұл дастанның көлемділігі сондай, айлап жырланатын көрінеді. Соншама мол дүниені бірде-бір рет кідіріп-мүдірмей еркін толғайтын болғандықтан “жырау” аталыпты. Өз айтқаны болмаса, кісі тіліне көнбейтін, ержүрек, батыр да қайсар болғандықтан “Қабан” атаныпты. Жыраулық поэзияның түп қазығы ақыл-нақыл екені елге аян. Осы себепті Қабан жыраудың да шығармашылық туындылары көбінесе жақсылық пен жамандықтың ара-қатынасын саралауға құрылған. Ақын өзінің “Бәріңдағы тыңдаңдар” атты өлеңінде:
Болыңдар тіршілікте тату, тәтті,
Бір күні барамыз ғой көр аузына.
Дүниеде ешбір қатер жуымайды,
Әркім ие боп жүрсе өз аузына.
Басына бәле адамның тілден болар,
Сол тілден ұрынады өз дауына.
Әр адам өз аузына ие болса,
Әділдің жолығады қорғауына, – дейді.
Расында, бар істің тетігі тілде екені ешқандай дау тудырмайды. Тілден келетін пайданы да, зиянды да ата-бабамыз жақсы білген. Сондықтан да: “Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады”, – деген. Ұлықман хакім мен Дәуіт пайғамбар біраз уақыт дос болып жүріпті. Дәуіт Ұлықманды ғылымның неше алуан түрімен сусындатып, бір күні сынамаққа мал етінің ең тәтті жерін алып келіңіз депті. Ұлықман қойды сойып, тілін алып келіпті. Енді бірде мал етінің ең ащы жерін алып келіңіз депті. Ұлықман қой сойып, тағы да тілін алып келіпті. Дәуіт сұрапты: “Жақсысын әкел десем де, жаманын әкел десем де тек тілді әкеле бердіңіз” – депті дейді діни кітаптардағы бір аңыз. Әрине, бұл әңгіменің жалғасы бәрімізге белгілі, ендеше оны айтып жатудың қажеті жоқ шығар дейміз.
Жыраудың жыр-толғауларын топтап, айтыстарын іріктеп, зерттеуші Төлен Қаупынбаев “Қабан жырау” атты кітап шығарып, ел алдында үлкен еңбек жасады. Осы еңбегінде жыраудың 1733 жылы туып, 1824 жылы дүниеден өткенін айтады.
Қабан атамыздың бір пара өлеңдері тәлім-тәрбиелік мән-мағынаға ие. Екінші сөзбен айтсақ, халықтың терең пәлсапалық ойы мен педагогикасы қатар аралас айтылатыны байқалады. Ақынның тауып айтқан, дер кезінде толғаған мұндай асыл дүниесі көнермейді. Бүгінде де өз мағынасын жойған жоқ. Ол:
Тіл алсаңдар шырағым,
Өсек сөзді елеме!
Үйір болғың, шырағым,
Жақсы сөзге өнеге.
Тіршілікте сыйласқың
Дүние қайтып келе ме?
Дүниеге сенім жоқ,
Мінерсіз бір күн кемеге.
Айтар әркім білгенін,
Сөз ғып оны немене?!
Қағыспай халқым тек жүрсін,
Онан пайда өне ме?
Өсек-аяң сөз болса,
Жуытпағың денеңе.
Әділдің озар адымы,
Адал жан шығар төбеге, – десе елдің арасын ала тайдай бүлдіретін өсек-аяң екені айдан анық. Қазіргі заманда біреулер нанын өсекпен тауып жеп жүр десек, артық айтқандық болмас, ал діни кітаптарда “Күнәнің бірі кісінің арасына сөз тасу” депті.
Ондай жан бұл жарық дүниеде де, бақи дүниеде де қиналмақ. Біздің бүгінгі сөз етіп отырған Қабан жыраудың би мен бекке, болыс пен старшынға зіл тастап, төбесінен төніп әділетсіздігін айтқан талай-талай маржан жырлары болған-ақ шығар. Амал не, соның көбі біздің қолымызда қазір жоқ. Алайда қарт жыраудың көпті береке-бірлікке, ынтымаққа шақырған толғаулары мол:
Елі-жұртым, сізге айтам,
Бірлікті бол шырақтар.
Бірлікті жерде ырзық көп,
Жетерлік онда мұрат бар.
Ауызбірлік жоқ жерде,
Қиянатты қият бар,
Ұят-иман басы дер,
Имандыда ұят бар, – деп толғаса, халықты шариғат арқылы ауызбірлікке шақырғаны көрініп тұр. Сонымен бірге көп көріп, көп жасаған, көп тоқыған, мол тәжірибе жинаған абыздың өсиетін біз де бар жанымызбен құптай түсеміз.
Айтулы жырау тыңдаушысын алыстан орап, тереңнен тербеп баурап алады. Бір артықшылығы, Қабанның толғауларында ұйқас үшін бос тұрған жолдар кездеспейді. Тағы бір ерекшелігі –шығармасының бәрі де оқушысын ойлануға, бос жүріп, бос қыдырудан, уақытты бос өткізуден сақтандырады. Қабанның тарыдай нәрседен таудай, теңгедей істен тебінгідей дүние тудыратын ақындық құдіреті аса ірі талант екендігін де мойындауымыз керек. Ол:
Тамшыдан теңіз зорайып,
Тарыдай тастан зорайып,
Бірігіп үлкен тау болмақ,
Аз сөзден шатақ молайып.
Бара-бара зорайып,
Ұлғайып түбі дау болмақ, –деп толғаса, ел-жұртты елірмеліктен, өркөкіректіктен сақтандырып, кішілік пен кісілікке шақырып тұр. Жамандық атаулы аяқ астында жақсылық жолы – қия тас. Оған жетуге ердің ері, егеудің сынығы керек дейтіндей. Халқымызда “тамшы тас теседі” деген ұлағатты сөз бар. Бар нәрсенің түбі сол бір болымсыз нәрседен басталмақ. Қабан ақынның ендігі бір керемет туындысы “Бақыт қайдан келесің?” және “Бақыт қайда барасың?” деп аталатын қарапайым тіршілік көзінен алынған драмалық тартысқа толы, бас-аяғы жұп-жұмыр әдемі дүниесі дер едік. Бір қызығы, келе жатқан бақыттың жолы кетіп бара жатқан бақыттың жолымен қарама қайшы. Ынтымағы қашқан елден кетіп бара жатқан бақыт, ынтымағы жарасқан елге келе жатады. Қариясын сыйламас, дүниені ойламас жерден қашқан бақыт, қариясын сыйлаған, ертеңгісін ойлаған жерге келе жатыр. Қабанның бұл туындысының қымбаттығы сонда, кім-кімге де түсініктілігінде ғой дейміз.
Біз жоғарыда Қабанды ешкімнен жеңілмеген дедік. Бізге ол кісінің үш айтысы ғана жеткен. Біріншісі, жастау кезінде ол Құмаршамен айтысып, оны жеңген. Одан кейін Таужан қызбен сөз сайысына түскен, осы айтыста арабша, парсыша, шағатайша сөзі көп, ол сөздің терең мағыналары бар. Өзінше бір әлем, өте күрделі айтыс. Ал үшіншісі бір қызбен қағысқаны да:
Өлеңді айта алмайсың кешеулесең,
Болар ең Қабан ақын мені жеңсең.
Алдыңа ақын болсаң сал айтайын,
Жұлдыздар төбеңдегі нешеу білсең? – деген қыз сөзіне Қабан:
Өлеңді айта алмаймын кешеулесем,
Болар ем Қабан ақын сені жеңсем,
Жұлдызды төбедегі кім санапты,
Көп жатқан шалқасынан сен білмесең, – депті.
Тағы бір жақсы қасиеті артында өз ұрпағынан шашасына шаң жұқпас ақындар өсіп-өніпті. Олар: ұлы ақын Сүйінбаймен жеңілуді білмеген Сарыбас. Осы екеуі де Қабан жыраудың туған жиені. Бұл турасында Кенен ақсақал былайша толғайды:
Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын,
Бас иген ұлы жүзде тәмам ақын.
Атағың үлкен еді-ау Қабан жырау,
Жамбылдың айтқан сөзі есте тұр-ау.
Жиені Сарбас ақын сөйлерінде,
Әдеті мұртын қағып, құлақ бұрау.
Бұл жағдайды Сүйінбай да, Сарбас та мойындайды, оған кейінірек тоқталамыз. Атақты суреткер, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов “Қабан өлең айтар алдында немесе айтысқа түсетінде ащы айқайға салады екен. Өзімен қағысуға, ұстасуға келген қарсылас ақынның зәре құтын сөйтіп алады екен” дейді. Ал ел сөзіне құлақ салайық:
Өлеңге қырғын туған Қабан ақын,
Маңына қандай адам бара алатын.
Айтыссам деп келгендер дауысын естіп,
Астынан алты қырдың жоғалатын.
Астынан алты қырдың жоғалатын,
Айтысса тырнадай боп тоналатын.
Ауылынан таңнан шыққан байғұс ақын,
Қармалап қараңғыны оралатын.
Бар жерде Қабан жырау жол алатын,
Адамдар нені ексе – соны оратын.
Алланың ақ жолында – ақ домбыра,
Мінетін жайтаңдаған баран атын, – деген осы үш-ақ шумақ өлеңменен-ақ халық Қабан жыраудың барлық ішкі-сыртқы бейнесін, жан-дүниесін тайға таңба басқандай етіп, ашық, айқын көрсеткен деп білеміз. Әсіресе, оның дауысындағы ғажайып сиқырлы саздың құдіретін қалай дөп тауып айтқан десеңізші.
Қабанның соншама ұшқыр, соншама алып ақын болғаны жайлы Мырзатай Жолдасбеков кеңінен толғай келіп: “Қабан кезінде өте ірі жырау болған, айлап айтса таусылмайтын ұзақ эпостарды, замана жайында терең толғауларды жырлаған. Өкініші, соның ешқайсысы да сақталып бізге жетпеген, Сыпыра жырау тәрізді, Қабанның есімі өзінен кейінгі ақындардың аузынан түспеген. Сүйінбай жасында Қабанның көшінен жеті күн қалмай ілесіп жүріп, батасын алса керек”, – десе бұл жағдай шын мәнінде болған деп білеміз. Өйткені, Сүйінбайдың отты да, ойлы, найзағайдай өткірлігі бәрі-бәрі атақты нағашысына тартқаны анық.
Қабан жырауды қолына ту етіп ұстаған ғажап ақынның бірі – Бақтыбай. Ол ақынның аузынан түспейтін себебін де өзі айтады:
Жасымда жетім болып безіп кеттім,
Қаңғырып айдаланы кезіп кеттім,
Түсімде Қабекеңнен өлең алып.
Нәсіпке бай болатын кезікпеппін.
Расында, Қабан атамыздың шәкірттері өте мол. Бір қызығы, заңғар атасын пір тұтқан ақынның бәрі де аузына құс тістеген жүйріктер, шашасына шаң жұқпаған саңлақтар екені баршаға мәлім.
Біз бүгін даңқты ақынның жоғарыдағы айтқан кітабын оқи отырып, ішімізден қатты өкіндік. Өйткені, биік таланттың бізге жеткен дүниелері қатты жүдеп жеткен екен. Ал шынында өзінің айтқанындай болып, аумай-айнымай хатқа түссе, әрбір қазақтың қолынан түспейтін асыл мұра болғандай екен. Осы ойымыз дәлелді болу үшін біз оның көп өзгеріске түспей жеткен “Үркінде, үркін үркінде” атты өлеңін оқып көрейік:
Үркінде, үркін, үркінде,
Өтеді дүние бір күнде.
Тыңдап отыр, шырағым,
Мен саламын бүлкілге.
Жігіт болсаң майда бол,
Тал жібектей үлпілде.
Барыңа қыл қанағат,
Не береді құр тілге.
Алпыс күн атан болғанша,
Бура боп бір күн зіркілде,
Көзіңді жұм да жауға шап,
Ажалды өлер іркілме.
Кешегі өткен заманда,
Ердің құнын татқан көп.
Ашуланып бір түнде, – деп атамыз бәріміздің ішімізге ақ шуақ түскендей сергітеді. Бұл өлеңді оқыған сайын оқи бересің.
Қабан жырау халқын бар жанымен емірене-елжірей сүйген заңғар талант. Оның туындысы бәрімізді биік парасаттылыққа, ынтымақтастыққа, имандылыққа шақырады. Атамыздың толғауларын оқыған сайын бойымыздағы мінімізді айнадан көргендей боламыз. Сол олқылығымызды жөндегіміз, көңілімізді ағартқымыз, тазартқымыз келеді. Ақын осындай алабөтен ерекшелігімен ірі, оның өлеңдері інжу-маржан сияқты, сондықтан да ол өз халқымен бірге ұзақ жасай бермек.
Өмірәлі ҚОПАБАЕВ,
Сәрсенбі ДӘУІТҰЛЫ.