13 Қазан, 2010

Ынтымақтастыққа өзара мүдделілік

509 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия Корольдігі тағының мұрагер ханзадасы Филиппті қабылдады. Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда, индустрия және инвестиция мәселелері бойынша пікір алмасылды. Ханзада Филипп – қазіргі Бельгия Королі Алберт ІІ-нің үлкен баласы. 1992 жылы әкесі таққа отырғанда оған Брабатант герцогы деген ресми атақ беріл­ген. Ханзада Оксфорд универ­си­тетінің колледжін, артынан АҚШ-тың Стэнфорд универ­си­тетін бітірген. 1988 жылы осы университеттің саясаттану ма­ман­дығы бойынша магистрі дәре­жесін алған. ­Ханзада Филипп елдегі сая­си-әлеуметтік мәселелерге тығыз араласып тұрады. Ол 1988 жылы Бельгиядағы түрлі тілдер ара­сындағы кикілжіңдерді өзара реттеуді көздейтін қор ашқан. Кешегі кездесуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тақ мұра­герінің Қазақстанға осымен үшінші рет келіп отырғанын атап өтіп, осы жолғы сапарында өзі­мен бірге бір топ бельгиялық іс­керлерді ала келгеніне ризашы­лығын білдірді. Өзара байланыс­тарды тереңдету мен ынтымақ­тас­тықты арттыра түсуде олар­дың келулерінің маңызы зор, деді Қазақстан басшысы. Одан әрі Президент өзінің 2006 жылы Брюссельге жасаған сапарын, онда Король Альберт ІІ-мен кездескенін еске алды. Сол сапарында Елбасына Бельгия­ның жоғары наградасы тап­сырылған еді. Президент сол ілтипатты да ризашылықпен есіне түсірді. “Сіздің сапарыңыз менің 25-26 қазанда Бельгияға жасайтын ресми сапарымның қарсаңында болып отыр. Сіз осында және Алматыда жоғары лауазымды адамдармен, іскер топ өкілдері­мен кездесіп, екіжақты қарым-қа­ты­насты тереңдете түсудің перспек­тиваларын қарастыратын боласыз”, –  деді Елбасы осы орайда. Өзінің жауап сөзінде ханзада Филипп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Бельгия Королі Альберт ІІ-нің сәлемін жеткізді және жылы жүзді қабылдауға ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, ол бельгиялық іскер топ­тардың Қазақстан экономика­сына қызу араласқысы келетінін мәлімдеді. Біз Қазақстанның даму қарқынына қызығушылық­пен қараймыз. Сондай-ақ біз Прези­дент Н.Назарбаевтың ел эконо­ми­касын әртараптандыру мен индус­трияландыру жөніндегі бастамала­рын жоғары бағалай­мыз. Біздің кәсіпкерлеріміз Қа­зақ­стан эконо­микасына араласу­ға мүдделілік танытып отыр. Олар, әсіресе, денсаулық сақтау мен зиянсыз энергетика сала­ларына аралас­қысы келеді,  деді тақ мұрагері. Жақсыбай САМРАТ.