15 Қазан, 2010

Өнім өтімділігі – өрлеу өрісі

626 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Елбасының тікелей тапсырма­сына сәйкес қазақстандық тауар­ларға басымдық беру бағытындағы ізденістер жылдан-жылға ширай түсіп келе жатқандығы мәлім. Бұл шараның ел экономикасының тез нығаюына, төл өндірістің тың серпінмен өркендеуіне ықпалы зор екеніне көз жетіп отыр. Жаңаша дамудың осы маңызды бір қырын одан әрі қарқынды жүргізуде бірқатар өзекті мәселелер шешімі табылуы да қажет. Қарағандыда өткен Қазақстан тауар өндіруші­ле­рінің “Қазақстандықты таңдаймыз” республикалық форумында бұл жөнінде жан-жақты сөз қозғалды. Аталған жиынның алғашқысы да өндірісті өңір орталығында ұйымдастырылған болатын. Екінші рет оның қайта таңдап алынуы кездейсоқ емес. Облыс ел индус­трия­сының негізін құрайтын өнер­кәсіптік тұрғыдан аса қуатты өңір­лердің бірі және индустриялық-инновациялық дамудың көш ба­сында танылып келеді. Аймақта қа­зақстандық үлесті арттыру бой­ын­ша жұмыстарды үйлестірудің жи­нақталған тәжірбиесі бар. Сондай-ақ, “Қазақмыс” корпорациясы мен “Арселор Миттал Теміртау” компа­ниясы сияқты алыптар орналасқан. Екеуінің, әсіресе, “Қазақмыстың” отан­дық тауар өндірушілер мен қыз­мет көрсетушілерге қолдауы көл­дей. Мұның алдындағыдай осы жол­ғы форум да оның атсалы­суымен ұйымдастырылды. Онда Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, облыс әкімі Серік Нығ­метов атап өткендей, іргелі эко­номикалық табыстарға қол жеткі­зуге отандық өнімнің өтімділігінің өсуі елеулі әсер етпек. Жергілікті тауар өткізушілердің бәсекелестік қабілетін күшейтуге, өз қызмет­терін жандандыруға мүмкіндіктері уақыт өткен сайын кең. Үкімет жанынан қазақстандық мазмұнды дамыту жөнінде сараптау кеңесі жұмыс істей бастады. Енді осыған байланысты мәселелер жиі қара­лады. Тауарлар сату мен қызметтер көрсетуде қазақстандық үлесті үл­кейту үшін жаңа заңнамалық ере­же­лер қабылданды, құқықтық негіз жасалынды. Кеден одағы шарттары ескеріліп, өзгертулер, толықты­ру­лар енгізілді. Тапсырыс көздері кеңейтілді. Сонымен бірге жер қойнаулары мен табиғат байлықтарын игерумен шұғылданушы шетелдік компания­ларда қазақстандық үлес деңгейін көтеру, осы үлесте қөрсетілетін қызмет түрлерінен гөрі нақты өнім көлемін салмақтандыру қажеттігін айналып өтпеске болмайды. Жал­пы, бұдан былай қарай мемлекет қолдауына сүйене бермей тауар өндірушілердің өз белсенділіктерін күшейтуі керектігі көңіл мазалауға тиіс. Сырттан сапалы әрі арзан заттар мен құрал-жабдықтар көбі­рек келуі мүмкін шақта бәсеке­лес­тікке дайын болу мәселесі тіреліп тұр деп айтуға болады. Сөз кезегінде “Қазақмыс” кор­порциясы ЖШС басқармасы төр­ағасы Эдуард Огай баян еткендей, “Қазақстандықты таңдаймыз” бағдарламасын іске асыруда тарап­тармен өзара тиімді серіктестік-қарым-қатынастар орнатылған. Оның айтуынша, ағымдағы жыл­дың сегіз айында отандық өнім­дерді қолдану көлемі 67 млрд. тең­гені құрауы соның айғағы. Оларды сатып алу ұлғая бермек. Мұнымен корпорацияда құрылған арнаулы департамент айналысады. Ондағы мамандар Қазақстанның барлық өңірлеріндегі 55 ірі кәсіпорынды аралап шығып, қажетті өнімдерді қалап қайтыпты. Бұған қоса ком­панияда электронды сатып алулар жүйесіне тіркелу тәртібін түсінді­ретін электронды тендерлердің өткізілу көрсетілімі ұйымдастырыл­ған. Биыл 600-ге жуық отандық тауар өндірушілер осынау өндіріс ошағының аталған жүйесіне қаты­суға шақырулар алды деді ол. Жи­налғандарға және құлаққағыс қы­лынғандай корпорацияның алдағы 7 жылдық жұмыс бағдарламасымен қай-қайсысының таныса алуына мүмкіндігі бар. Соған сәйкес өздері өткізбек өнімдер көлемін белгілеп, тапсырыстарды нақтылап, атқары­л­мақ істерді алаңсыз бағдарлай алады. Бірінші форумда “Қазақмыс” басшыларының отандық тауар өндіруге ынта танытушы шағын және орта бизнес топтарына қар­жылық, яғни жеңілдетілген несие беру арқылы көмек көрсету жө­нін­де айтқан сөздері жерде қалмапты. Павлодардағы “Қазэнергокабель” АҚ директоры Дмитрий Цымбаль сондай қолдау арқылы алюминий кабелін шығару күрт ұлғайғанын қуана жеткізді. Мұндай қамқорлық шапағаты “Қарағандырезино­тех­ника” ЖШС-ге де тиіпті. Резина бұйымдарын өндіру жыл басынан бері 2 есеге өскен екен мұнда. Инно­вациялық өнімді шығару үшін бірлескен кәсіпорындар құру, отан­дық кәсіпкерлерді қаржыландыруға жәрдемдесу мақсатында ынтымақ­тастықты нығайту, жоғары білікті қазақстандық мамандар даярлау, қазақстандық өндірушілер игеру үшін тауарлар тізбесін жасау бағы­тындағы іс-шаралар тартымды бола түсері талассыз. Бұл кеңес жұмысы “Металлур­гия және металл өңдеу”, “Мәшине жасау, тау-кен шахталық құрал-жабдықтар”, “Құрылыс индустрия­сы”, “Технологиялық химия және резинотехникалық өнімдер”, Эл­ек­тро­техникалық құрал-жабдықтар мен материалдары тақырыптары бой­ынша бес секцияда жалғасты. Отан­дық кәсіпорындар өкілдері қызмет кезінде туындайтын мәсе­лелерді талқыға салып, ынтымақ­тас­тықты беріктіруге бағытталған ой-ұсыныстарды бөлісті. “NaDLoC” жергілікті мазмұнды дамыту жөнін­дегі ұлттық агенттігі АҚ әзірлеген “Интернет порталы”, “Өндірушілер мен жер қойнауын пайдалану бой­ын­ша операциялар жүргізуде қол­да­нылатын тауар, жұмыс және қызмет түрлерінің реестрі” ақпарат­­тық жүйе­сі мен ережелері таныстырылды. Әу баста әр істің көз қорқы­та­тын­дығы белгілі. Өндірісте қазақ­с­тандық үлесті арттыру солай кө­рін­се де, ұмтылыс екпіні оны ұм­ыт­тырғандай. Отандық өнім өтім­ділігі өрлеу өрісі екені қазір кім-кімге түсінікті. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.